Алматы әкімдігі алып-сатарлыққа қарсы заңнамалық тетіктерді пайдаланады

12 Ақпан, 2014 09:10
Алматыда ұлттық валюта курсының өзгеруіне байланысты арнайы мобильді топ қаланың негізгі сауда орындарындағы жағдайды бақылау бойынша тексеріс жүргізді.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, тексеріс қорытындысы бойынша бірқатар ірі сауда орындары, көтерме ұйымдар мен жанармай бекеттері өз қызметтерін негізсіз тоқтатқаны белгілі болды. Олар жағдайды пайдаланып, тауар көлемін шектеген немесе қымбатқа саудалаған. Бұл жайлы арнайы жиында Алматы әкімі Ахметжан Есімовқа хабарланды.

Осы орайда қала әкімі аудан басшылығы мен кәсіби басқармаларға  дүрлікпе тудырмауды тапсырды.

«Бірінші кезекте нан, дәрі-дәрмек пен өзге де тұтыну тауарларының бағасын бақылауда ұстау керек. Егер негізсіз баға өсімі фактілері анықталып жатса, біз мәселені қолға алып, жағдайды өз пайдаларына шешіп кетпеулері үшін алып-сатарлыққа қарсы заңнамалық тетіктерді пайдаланатын боламыз», - деді А.Есімов.

Жиынға бақылау және мәжбүрлеу органдары өкілдері де қатысты.

Сонымен қатар, Алматы әкімі күн сайын нарыққа сараптама жасауды, тамақ өнеркәсібіндегі негізгі кәсіпкерліктер жұмысын бақылауды қолға алуды, сонымен қатар халыққа тауар жеткізу мен азық-түліктің стратегиялық қорына «Алматы» ӘКК Тұрақты қоры жұмысын бақылауды тапсырды.

Айта кету керек, Алматы қаласы аудандарының сайтында тұрғындардың қала бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның негізсіз көтерілгенін хабарлауға мүмкіндік беретін арнайы айдарлар ашылмақ.

Барлық жаңалықтар