- Басты
- Жаңалықтар
- 6 шілде: Назарбаевтың өмірбаяны, еңбек жолы және үздік бастамалары
6 шілде: Назарбаевтың өмірбаяны, еңбек жолы және үздік бастамалары
Бүгін, яғни 6 шілде – елбасы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған күні. Ол осыдан 81 жыл бұрын Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. 1990 жылғы 24 сәуірден бастап 2019 жылдың 20 наурызы аралығында Қазақстан президенті қызметін атқарды. Осы орайда, елбасының балалық және жастық шағы, билік басына келуі, тәуелсіздік жылдарындағы елбасының еңбегі мен қабылдаған шешімдері, сонымен бірге оның үздік бастамалары туралы шолу материал дайындауды жөн көрдік.

Елбасының балалық және жастық шағы
1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды.
Нұрсұлтан Назарбаев тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.
Елбасы, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітаптарының бірінде былай деп жазды: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін. Менің ата-бабаларымның бәрі де Алатау баурайында өмір сүрген».
Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді.
«Миколаның» әдепкідегі таң қалуы кейіннен құрметке ауысып, қазақ Назарбаев пен украин Литошко арасындағы мызғымас достыққа ұласты. Нұрсұлтан Литошко отбасының жиі барып тұратын қадірлі қонағына айналды.
Днепродзержинскідегі бір жарым жылдық оқу мерзімі тез өте шықты.
1959 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесі (ВЦСПС) ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Сөйтіп, ол училище бітіргенде металлургтің қиын да күрделі мамандығын игеріп қана қоймай, Украинаның спорт шебері атанды.
960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.
Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кейіннен былай деп жазды: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді – тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім. Көп ұзамай тойымыз болды. Өзім екпінділер мен белсенділер қатарында жүргендіктен коллективіміз оны комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берді». Н. Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты.
Еңбек жолы: Назарбаевтың билікке араласа бастаған кезі
Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. 1984 жылы 44 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды. Ол КСРО-дағы одақтық республикалардағы ең жас премьер еді. Бірақ өзге әріптестерімен салыстырғанда жас екендігіне қарамастан, ол сол кездің өзінде кемеліне келген мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасты.
Өзінің жаңа қызметінің биігінен ол туған республикасының дамуында жіберілген қателік-қиғаштықтардың ауқымы мен олар тудыратын қасіретті толық сезіне алды. Ол Қазақстанның одақтық экономика үшін алып шикізат қорына айналып кеткенін көрді.
Тұтыну тауарларының 60 пайызы Қазақстанға өзге республикалардан әкелінетінін, қазақстандықтардың ең басты мұқтаждықтары бұрынғыша шикізаттық дамудың ыңғайына қарай өтелетінін аңғарды.
Ол өзімен бірге өзгелердің де ой-санасы ашылып, бүкіл ел ояна бастағанын байқады. Әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін «жылымық» кезең болғандай еді, бірақ республиканы Г.Колбин басқарған аз ғана жылда одақтық орталық өктемдік көрсетіп, қайта құрсаулап тастады. Бірақ уақыт ағынын тоқтату мүмкін емес еді. Өзгерістер пісіп-жетілді. Оқиғалар барған сайын жеделдей түсті.
КСРО-да 1989 жылғы көктемде алғашқы рет мемлекеттік биліктің ең жоғары органының баламалы негіздегі сайлауы болып өтті. Мәскеуде 1989 жылғы маусымда реформалардың қажеттігі, идеология мен экономиканың түйткілді мәселелері қызу талқыланған КСРО халық депутаттарының бірінші съезі болды. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Оған пленумға қатысқан 158 адамның 154-і жақтап дауыс берді.
Сол 1989 жылғы шілдеде Қарағандыда экономикалық қана емес, саяси мақсат көздеп, Семей полигонын жабу туралы талап қойған шахтерлер ереуілі басталды. Назарбаев ереуілшілердің талаптарын қолдады – ол адамдардың орталық ведомстволар монополиясына деген наразылығын жақсы түсінді. Дәл солар сияқты ол өзі де Қазақстанның экономикалық дербестігін, зардабы зор сынақтардың тоқтатылуын қалайтын.
Демократиялық үдерістер КСРО республикаларында жаппай еңбекшілер бірлестіктерінің құрылуына алып келді. Қазақстандағы ең алғашқы және мейлінше қатары қалың қозғалыстың бірі 1989 жылы құрылған, түпкі мақсаты Семей полигонын және Қазақстан аумағындағы өзге де сынақ орындарын жабуды көздеген «Невада – Семей» экологиялық қозғалысы еді. Бұл қозғалыс та Нұрсұлтан Назарбаевтың қуатты қолдауына ие болды. Барша қазақстандықтардан жаппай қолдау тапқан оның күш-жігері керемет табысқа жеткізді – халыққа қасірет әкелген Семей полигоны біржола жабылды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды.
1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, оның барысында Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады және Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімін өткізді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды.
Ардақты ұлын ұлықтаған ұлағатты ұлтымыз айнымас басшысының еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының қайта қабылданған Конституциялық заңы негізінде 2010 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы (Ұлт Көшбасшысы) мәртебесі берілді.
Елбасы жолы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы. Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасы ел өміріндегі тұтас дәуірді белгілейді.
Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.
Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды дәл осы азаматқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді.
Оның шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мемлекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи феномені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді.
Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Ұлт көшбасшысының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүниежүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине, мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы ойластырған саясат пен оның көшбасшылық сипаты Қазақстан экономикасын әлем бойынша экономикасы ең тез дамыған елдердің бірінің дәрежесіне жеткізді. Тұңғыш Президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында әлемдік қауымдастықта «Қазақстандық даму моделі» кеңінен таралды. Бұл модель терең ойластырылған бағыт бойынша біртіндеп және сенімді дамуға негізделеді.
Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы
Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесі) ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан
Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі.
Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау болып табылады.
Қауіпсіздік Кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін тиісті шешімдер мен ұсынымдарды әзірлейді және қабылдайды, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.
Партия төрағасы
Қазақстанның ең ірі, жетекші саяси партиясы – «Nur Otan». Оның Төрағасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 1999 жылы негізі қаланған партия өз қатарына миллиондаған қазақстандықты жинады. Партия еліміздің негізгі саяси күші саналады. 2012 жылдың 15 қаңтарында болып өткен ҚР Парламенті Мәжілісін сайлау барысында «Nur Otan». партиясы сайлаушылардың 80 пайыздан астам дауысына ие болды.
Партия өз қызметін бастаған жылдар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан халқын топтастырудың негізгі тетігіне айналды. «Nur Otan» – еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың басты бастамашысы және іске асырушысы. Қазақстанда қолдаушыларының саны көп саяси партия ретінде, «Нұр Отан» дамудың стратегиялық бағытын анықтау кезінде әрдайым халықтың пікіріне сүйенді, оның мүддесі мен қажеттілігін білдіріп отырды. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік билік пен қоғамды, Президент пен оның халқының екіжақты байланысы мен өзара іс-қимылының тиімді өзегіне айналды.
Қазақстанның қазіргі заманғы барлық табыстары мен жетістіктері елдің басты партиясы мен оның көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметімен тікелей байланысты екенін зор сеніммен айта беруге болады.
ҚХА басшысы
Жүз отыздан астам этнос өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін маңызды міндет этносаралық және конфессияаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту болып табылады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – біздің елімізде бейбітшілік пен келісімді қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Тәуелсіздік таңында құрылған Ассамблея өзінің маңыздылығы мен тарихи қажеттілігін көрсету ісінде Қазақстанның жаңа бірегей қоғамдық және мемлекеттік институтына айналып отыр.
Ел Президенті жүргізіп отырған саясаттың арқасында барша азаматтардың толеранттылығы мен құқығының теңдігі және бостандығы, Қазақстан халқының бірлігі нығая түсуде. Бүгінде біздің республикамыз түрлі этностар мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруінің үлгісін көрсетіп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениетін, тілін және дәстүрін дамытуға ұдайы зор көңіл бөліп келеді. Елбасының мұндай саясаты қазақстандық қоғамның тұрақтылығының іргетасы болып табылады.
ҚХА-ның беделі мен маңызы арта түсуіне бір дәлел – Мәжілістің 9 депутаты енді ұйымнан сайланатындығы. Ассамблея – Қазақстанның бірегей қоғамдық-саяси жаңашылдығының нәтижесі және қоғамды біріктірудің пәрменді құралы.
Ұлттық қор басшысы
Ұлттық қордың негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдайға тәуелділігін төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинақтау болып табылады.
Тиісінше, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.
Жинақтау функциясын орындау үшін Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгіленген, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшері шектелмейді.
Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуді, сондай-ақ экономикалық құлдырау немесе экономиканың өсу қарқынының төмендеуі кезеңдерінде экономикалық өсуді ынталандыруға және ұлттық ауқымдағы әлеуметтік мәні бар, өзін-өзі ақтамайтын жобаларды, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттерді пайдалануды болжайды.
Ұлттық қордың негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдайға тәуелділігін төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинақтау болып табылады.
Тиісінше, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.
Жинақтау функциясын орындау үшін Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгіленген, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшері шектелмейді.
Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуді, сондай-ақ экономикалық құлдырау немесе экономиканың өсу қарқынының төмендеуі кезеңдерінде экономикалық өсуді ынталандыруға және ұлттық ауқымдағы әлеуметтік мәні бар, өзін-өзі ақтамайтын жобаларды, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттерді пайдалануды болжайды.
Назарбаев университеті және мектептер, қордың төрағасы
Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жоғары басқару органы Жоғары қамқоршылық кеңес болып табылады, оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарады.
Жоғары қамқоршылық кеңестің құзыретіне Университеттің, Зияткерлік мектептер мен Қордың даму стратегиясын, жарғыларын; мүлікке билік ету тәртібін бекіту; Университеттің, Зияткерлік мектептер мен Қордың қамқоршылық кеңестерін қалыптастыру; Университетті, Зияткерлік мектептері мен Қорды қайта құру немесе тарату жатады.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қаласында өткен, Қазақтардың 1-нші Дүниежүзілік құрылтайының шешімі бойынша 1992 жылы 28 қыркүйекте құрылған. Осы құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Қауымдастықтың негізгі міндеті — шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес саласында байланыс жасау.
Сыртта жүрген қандастарымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінің барлық салаларына қатысты ірілі-ұсақты мәселелердің бәрімен тұрақты шұғылданып келеді. Қазақ диаспорасы шеңберінің ұлғаюы нәтижесінде алыс-жақын шетелдердегі ағайынмен сан-салалы байланыстарды жетілдіру жолдарын өз қызметінің негізгі өзегі деп біледі. Сондай-ақ республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу де Қауымдастық қызметінің бір саласы болып есептеледі. Тарихи отанына көшіп келген оралмандарға әлеуметтік қамқорлық жасап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Шетелдердегі қазақтардың мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.
Қазақтардың V Дүниежүзілік құрылтайының шешімімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы етіп қайтадан сайлау туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Назарбаевтың үздік бастамалары
Семей ядролық полигонының жабылуы – Семей халқының құтқарылуы
Назарбаевтың қазақ халқының игілігіне қабылдаған Ядролық қарусыз әлем туралы шешімі оның барлық шешімдерінің басында тұр. Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпау туралы бастамасымен Назарбаев тарихта қалады.
1991 жылдың 29 тамызында менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонының жабылғанын білесіздер. Біздің халқымыздың қалауымен Қазақстан аумағында ядролық сынақ полигонын жабу туралы актінің зор өркениеттік мәні бар. Қазақстан үшін бұл түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация түсініксіз ұғым емес еді. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Біздің еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең. Ядролық радиация даланы, өзен-көлдерді улады, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жойды Ядролық зұлмат сынақ аймағында тұрған бір жарым миллионнан астам қазақстандықтың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарына зиянын тигізді. Оның зардабы әлі күнге сезіліп келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыз әлем туралы халықаралық конференциялардың бірінде.
Қазақстан бейбітсүйгіштік индексі бойынша әлемнің 163 мемлекетінің ішінде 64-орында, ал ТМД елдерінің арасында бірінші орында тұр. Сондай-ақ ядролық қарудан азат ел болуға деген ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінде маңызды компонентке айналды. Елбасының Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімінен кейін Семей халқының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы қалыпқа түсті. Бұған дейінгі Семей сынақтарында бейкүнә адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған, 1963 жылдардағы аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған. Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.
Елорданы Астанаға көшіру – тарихи шешім
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Назарбаевтың ел астанасын Алатау баурайындағы Алматыдан Сарыарқа төсіндегі Ақмолаға ауыстыруы – қазақ үшін тиімді бастамалардың бірі. 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланды. 1998 жлдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған Астананың тұсауы кесілді. Назарбаев бұл шешімге келуінің негізгі себептерін атады. Біріншіден, Ақмола Қазақстанның қақ ортасында орналасқан, географиялық картада ол Қазақтанның барлық аймағына бірдей жақын, демек орталық бола алатын қала. Бұдан өзге тағы 32 өлшем бойынша таңдау Астанаға жасалды. Соның ішінде аса маңыздылары: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. 2019 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Астана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді.
«Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарлары
1997 жылы Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарын қазақ халқына жолдаған еді. Ондағы басым бағыттар: экономикалық дағдарыстан шығу жолдары, реформаларды аяқтау, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу, «Қазақстан барысын» қалыптастыру.
ҚР Тәуелсіздігіне 21 жыл толуына орай ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Сол кезде ол «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарының орындалуына тоқталып, «Қазақстан-2050» стратегиясы «Қазақстан-2030» стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы әрі жалғасы екенін айтты.
Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық. Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Қазақстан Каспий теңізінің айдынындағы ахуалды сенімді бақылауда ұстайды. Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның айтуынша, дамыған елдердің дені ұзақ мерзімді стратегиялар дайындап, әзірлейді. Елбасы Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында отыруы тиістігін қадап айтты. Дамушы елдер арасында бәсекелестік қатал болмақ. Соған орай, Нұрсұлтан Әбішұлы «күн астындағы орын» тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиістігін атап өтті.
Бәріміздің де туған жеріміз біреу - ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз, - деді Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялақ жоспары туралы сөйлеген сөзінде.
Назарбаевтың әлемдік бастамалары: ЕҚЫҰ төрағалық ету, Ислам және Шанхай ынтымақтастық ұйымдары, ЕЭО құрылуы
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің тәжірибелерін бөлісу мақсатымен, оның негізгі принциптерін басшылыққа алуға міндеттеме қабылдап, екі жақты тығыз байланыс орнатты. Қазақстан бұл ұйымға мүшелік етті. Ал 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалық етті. Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалығына бірден бел шешіп кірісіп кетті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті - ТМД елдерінен және мұсылман жұртының арасынан алғаш рет Қазақстанға сеніп тапсырылды. Бұл оқтға Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саясат сахнасында беделі арта түскендігін көрсетті. Ол: «ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайлану – еуропалық және әлемдік қауымдастық тарапынан зор сенімге ие болып отырғанымыздың арқасы»,- деген болатын.
2010 жылы ЕҚЫҰ Астанада өткізілген саммиті, 2011 жылы республикамыздың Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуі. Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндердің үш съезі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірнеше форумы өткізілді. 2017 жылғы ЭКСПО, 2017 жылғы 10 қыркүйекте елімізде Ғылым және технология жөніндегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бірінші форумы өтті. Шанхай ынтымақтастығы ұйымын, Еуразиялық экономикалық одақты, Сирия жөніндегі Астана сұхбат алаңын құру Елбасы Н.Назарбаевтың аса маңызды әлемдік бастамалары болып табылады.
Түркістан облысының құрылуы
2018 жылы 19 маусымда Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» заңға қол қойды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», - деген еді Назарбаев. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қадағалауымен Түркістан облысы дамудың жаңа кезеңінен өтіп жатыр.
Елбасының мәдени бастамалары: «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру»
Қазақ жерінде 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері бірлікте өмір сүріп жатыр. Қазіргі заманда діннің қоғамдағы маңызы жыл сайын арта түсуде. Осыны түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу бастамасын көтерді. Сол бастамасынан бері Қазақстанда 6 рет дін съездері өтті. Алғашқы съезд 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтіп, оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысқаны белгілі. Елбасының мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты нығайту жолындағы ерен еңбегі ескерусіз қалмақ емес.
2004 жылы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» атты стратегиялық бағдарламасы жасалды. Бағдарлама халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін; ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады. Бағдарламада төрт бағыт бар: ұлттық мәдениетке ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; археологиялық зерттеулер; қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстар; ұлттық әдебиет пен жазулар тәжірибесін ортақтастыру, кеңейтілген бейне және жұмыс қатарларын құру. Әр бағыт бойынша жылдар бойы ауқымды істер атқарылды.
2017 жылы 12 сәуірде Назарбаев Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жария етті. Бағдарлама аясында мемлекеттік тілді латын тіліне көшіру туралы жоба жасалды. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобалары аясында республикалық деңгейдегі шаралар өтті. Бұл шаралардың пайдасы - қазақ халқының руханиятын жаңғыртуға, төл тарихы мен мәдениетін сақтауға, ана тілін қастерлеуге, ұлттық идеологияны қалыптастыруға, ұлттық кодты сақтауға септігін тигізу.
-
Мектеп оқушылары арасында үздік ораторлар белгілі болды
-
ІІМ: Учаскелік инспектордың рөлі, құзыреті және халықпен кері байланыс
-
«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді
-
ЖИТС және АИТВ: Ауруды алдын-алу мен емдеу шаралары
-
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады
-
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция
-
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды
-
Astana Hub: IT-стартаптарды дамыту, оқыту және қаржыландыру
-
Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер
-
ЖОО-ларды қаржыландыру, академиялық адалдық саясаты және оқытушылар жалақысы
-
Елордада электр энергиясын беру және бөлу тарифі төмендетілді
-
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады
-
ДСМ: Елдегі эпиджағдай, ревакцинация, Pfizer жеткізілімі және балаларды вакциналау
-
Ауыл әйелдерінің форумы: Әйел кәсіпкерлерді қолдау шаралары және грант алған жобалар
-
QAZFORUM: Интернет сайттардың міндеті, «Инфодемия» мәселесі және «Фактчекинг» талабы

