Халықаралық интеграция

5 мыңға жуық қазақстандық Болгариядан жылжымайтын мүлік сатып алған

Эксклюзив
Қазақстан мен Болгария арасындағы дипломатиялық ынтымақтастық 1992 жылдың 5 мауысымында басталған болатын. Екі елдің де елшілігі белсенді жұмыс істеп жатқанын Болгариядағы Әулие Климент Орхидский атындағы София университетінің саясаттану профессоры, халықаралық санаттағы тренер-медиаторы Татьяна Дронзина баяндап берді. Қазақстан мен Болгарияның қазіргі ынтымақтастығына берілген сарапшылық көзқарасты Strategy2050.kz АА әзірлеген эксклюзивті сұхбаттан оқи аласыздар.
Астана қаласы30 Қазан , 13:24

-Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастық қандай дәрежеде дамып жатыр?

- Болгариядағы  Қазақстан елшілігі өте белсенді  жұмыс істейді. Мен олармен өте тығыз қарым-қатынасты ұстанамын. Соңғы жылдары Болгарияның Қазақстандағы елшілігі  де белсенді  жұмыс істеуге көшті.  Сауда атташесінің өткен мандаты бойынша Астана мен Алматы қалаларында болгар шарапы мен  ашыған болгар қиярлары  қайта пайда болды.  Сондай-ақ, жаңа келісімдер де орнатылды. Сот және құқық  органдары арасындағы ынтымақтастық келісімдері мен білім саласын дамыту  келісілді. Болгарияда  қазақстандық студенттердің  саны күн санап артып жатыр.  Шетелдік жетекшілеріне жүгінетін докторанттардың саны да  айтарлықтай көп. Қазақстанға да болашақта болгариялық студенттер оқуға келеді деп  үміттенемін.

-Болгариядағы қазақстандықтар туралы не айта аласыз?

-Нақты білетінім, 5 мыңға жуық  қазақстандық Болгарияда теңіз жағасынан  жер мен жылжымайтын мүлік  сатып алған. Оның ішінде, тұрақты  Болгарияда тұратындар мен жыл сайын  маусымға орай демалуға келетін  қазақстандықтар да бар.

-Халықтардың этномәдени ынтымақтастығы  қалай дамып жатыр?

-Қазақстандық фольклор құрамы мен әртүрлі мәдени ұйымдар  Болгария қалаларында  фестивальдерды өткізіп тұрады. Бұқаралық ақпарат құралдарының  көмегімен екі ел арасындағы достық насихат күшейіп, ынтымақтастық нығая түседі деген пікірдемін. Болгарияның   Орталық Азия елдерімен  ынтымақтастығын барлығы біле бермейді. Себебі, бізде Тәжікстан, Қырғызстан елдерінің елшіліктері жоқ. Сол үшін де бұл елдер туралы аз естиміз. Ал Қазақстанның  атауы Болгария үшін үйреншікті. Қазақстан елшілігі үнемі  әртүрлі шараларды өткізіп тұрады. Болгария халқы Қазақстан туралы, ондағы болып жатқан оқиғалар жайында хабардар. Болгар мен Қазақстан бизнес ортасы бойынша да қызығушылық танытып жатқандары баршылық. Бұл қарым-қатынасты оңтайлы бағалаймын, алайда әлеует әлі  де жоғары деп есептеймін. Барға қанағат демей, әрі қарай ынтымақтастықты тереңдетіп, жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

-Қазіргі күні  Қазақстан мен Болгарияның ынтымақтастығын кеңейтуге   қандай да бір  кедергілер бар ма?

-Елдер арасында ұлтаралық келіспеушілік жоқ. Болгария Еуропалық одақтың құрамында  болса, Қазақстан Еуразиялық одақтың құрамында. Осы орайда кедендік мәселелер сауданың дамуына әсер етеді. Алайда, бұл мәселе екі елдің де құзырында емес. Елдер  әртүрлі ұйымның құрамында болғандықтан, белгілі  тәртіптерді ұстанамыз.

-Екі елдің ынтымақтастығын тереңдету үшін не істеу керек,пікіріңіз?

-Бізде шығыс тілдерін меңгеру орталығында  қазақ тілін үйрену курсы  ашылды. Қазақстан елшілігі бізге арнайы аудитория бөліп,  қажетті әдебиетті де ұсынды. Қазақстанда болгар диаспорасына  болгар тілін үйрету Павлодар университетінде ұйымдастырылған. Болгар тілін меңгергісі келген кез келген азамат  барып қатыса алады. Бұл өте тиімді үрдіс, себебі, жастар осы жақтан болгар тілін үйреніп алса, Болгарияда оқуға түскен кезде  6 ай тілді меңгеруге қаржы төлемейді. Экономикалық тұрғыда екі елді дамыту үшін адамдарды тарту қажет. Мен Болгариядан ЕЫҚҰ шарасы мен Орталық Азия ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысына арнайы келдім. Сондай-ақ, Павлодарда дәріс оқуды жоспарлап отырмын.

-Сұхбатыңыз рақмет!

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика