• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақмыс Корпорациясы: Сатып алулардағы қазақстандық үлес 67% дейін көбейді

Қазақмыс Корпорациясы: Сатып алулардағы қазақстандық үлес 67% дейін көбейді

10 Ақпан, 2014 15:32
2013 жылы Қазақмыстың сатып алуларындағы қазақстандық үлес 67% дейін көбейді.

Компаниядан хабарлағандай, «Казахмыс корпорациясы» ЖШС 2013 жылы тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындап, қызметтер көрсетуге 223,8 млрд. теңге жұмсады. Соның ішінде тауарлар сатып алуға 105,7 млрд. теңге, жұмыстар орындап, қызметтер көрсетуге 118 млрд. теңге бөлінген. Қазақстандық кәсіпорындар (СТ-КZ сертификаттарын есепке алғанда) 150,5 млрд теңгенің тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін ұсынған. Осылайша, есепті кезеңде, алдыңғы жылғы көрсеткіш - 62 пайызбен салыстырғанда, 2013 жылы қазақстандық үлес көлемі 67 пайызды құрады.

2013 жылы тамақтандыру саласында қызмет ететін отандық тауар өндірушілермен ынтымақтастық жанданды. Өткен жылы осы санаттағы компаниялардан 4,2 млрд теңгенің өнімдер мен қызметтері сатып алынды.

«Жезқазғансүт» ЖШС-мен жалпы сомасы жылына шамамен 97 млн теңге болатын Жезқазған өндірістік алаңының қызметкерлері үшін сүт өнімдерін жеткізу жөнінде ынтымақтастық туралы шарт жасалды.

Тағы бір аймақтағы сүт өнімдерін өндірушіге көмек көрсетілді. Осылай Қазақмыс «Балқашсүт» ЖШС-не жазғы маусымда сүтті салқындатып, ал қысқы уақытта оны жылытып отыратын арнайы жүйесі бар, сыйымдылығы 16 000 литр болатын сүт тасымалдағыш көлік сатып әперді. Мұның арқасында сүт жинастыру және тасымалдау тиімділігі артатыны сөзсіз.

Қазақмыстың өндірістік алаңдарындағы жұмыскерлердің тамақтануын жақсарту мақсатымен, олардың күнделікті рационына жезқазғандық «Баян компаниясы» ЖШС-ң құрамында пектині бар шырындары мен сусындары қосылды. Кәсіпорын 2013 жылдың қорытындысы бойынша 139 млн теңгенің өнімдерін жеткізген болатын. Аталмыш компания жаңадан 40 жұмыс орнын аша отырып, өзінің өндірістік қуаттылығын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Айта кетерлік жайт, тамақтандыру ісін ұйымдастыру саласында қызмет ететін кәсіпкерлерге көмек беру «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету жөніндегі көпжылдық жоспарының бір бөлігі болып табылады. 2013 жылы Жезқазған аймағы мен Балқаш қаласындағы Кәсіпкерлер мен өнеркәсіпшілердің Қауымдастығы мен Одағына қатысушы кәсіпорындармен жалпы сомасы 22 млрд теңгеге 650-ден астам келісімшарт жасалды. Аталмыш бірлестіктердің құрамына 92 кәсіпорын кіреді, оларда 4500-ден астам адам жұмыс істейді. Соның ішінде 2500 адам жұмыс істейтін 42 тауар өндіруші бар. 2013 жылы Қауымдастықтың қатысушылары 204 жаңа жұмыс орнын ашқан.

 

 

Барлық жаңалықтар