• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ж. Оспанов: Қазақстан халқына Жолдауы – елдің стратегиялық құжаттарындағы тапсырмаларды орындаудың жалғасы

Ж. Оспанов: Қазақстан халқына Жолдауы – елдің стратегиялық құжаттарындағы тапсырмаларды орындаудың жалғасы

5 Ақпан, 2014 16:48
Қазақстан халқына Жолдауы – елдің стратегиялық құжаттарындағы тапсырмаларды орындаудың жалғасы, деді «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Басқарушы директоры Жарқынбек Оспанов.

«Мемлекет басшысының әр жылдардағы жолдауларын аса үлкен қызығушылықпен мұқият оқып, танысып келемін. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған жылдар ішінде талай сындарды кезеңдерді бастан кештік және сол кезеңдерге сай салиқалы құжаттар қабылданды. Олардың барлығының көздеген мақсаты ортақ – ел экономикасын нығайту, сол арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Сондықтан елді бір мақсатқа үндейтін «Қазақстан 2050» Стратегиясын басшылыққа ала отырып, дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолында күш біріктіруіміз керек», - деді Ж. Оспанов.

Тағы бір ерекше маңыз аударарлық мәселе – «Мәңгілік ел» идеясы.

« Өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, балабақшадан бастап осы идеяны санаға сіңдірген абзал. Ұлт көшбасшысы осы бағдарды анықтап бергендіктен, бізге тек білек сыбана жұмыс жүргізу ғана қалды», - деді ол.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Басқарушы директоры  Жарқынбек Оспановтың пікірінше, Мемлекет басшысының Жолдауында халқымыздың денсаулығына қатысты жаңашыл жәйттер де кең көрініс тапқан. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді зерттеу қажеттігі де шешімін көптен күткен өзекті мәселе.

«Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керектігі де айтылған. «Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» деген сөздер көптің көкейінде жүргені анық», - деді Ж. Оспанов.

 

Барлық жаңалықтар