• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мемлекет басшысы бірқатар мемлекет елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады

Мемлекет басшысы бірқатар мемлекет елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады

31 Қаңтар, 2014 14:19
Бүгін, 31 қаңтарда, ҚР Президенті бірқатар мемлекет елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Елбасы сенім грамотасын Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Масаеши Камохарадан, Пәкістан Ислам Республикасының Елшісі Шаухат Әли Мукадамнан, Оман Сұлтанатының Елшісі Саид бен Мохаммед бен Әли Әл-Барамиден, Нидерланды Корольдігінің Елшісі Хенри Хуберт Дриссерден, Ауғанстан Ислам Республикасының Елшісі Мухаммад Фарук Баркиден қабылдады», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтады.

«Сіздерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыздың басталуымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жемісті болуына сіздердің үлес қосатындықтарыңыз сөзсіз. Сіздердің жұмыстарыңыз жан-жақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы Елшілерге қарата.

Президенттің айтуынша, Стратегияның басты мақсаты – мемлекетіміздің әлемнің ең алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына ену.

Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаттағы өзінің бүгінге дейін қалыптасқан жолынан айнымайтынын айтты.

« Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 6 пайызға өсіп, 226 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 13 мың долларға жетті. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Кеден одағы экономиканың мүмкіндіктерін арттыра түсті. Бұл одақ халықаралық экономикалық қатынастар жүйесінде жыл өткен сайын бедел алып келеді», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру еліміздің экономикалық дамуына зор мүмкіндік ашатынын атап өтті.

 Сонымен қатар, Президент 2014-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты тұжырымдамасын мақұлдағанын айтты.


 

 

Барлық жаңалықтар