• Басты
  • Қазақ қаламгерлері Вице-Премьерге бірқатар ұсыныстарын жеткізді
6 Қыркүйек, 2019 12:17

Қазақ қаламгерлері Вице-Премьерге бірқатар ұсыныстарын жеткізді

Нұр-Сұлтан қаласында зиялық қауым өкілдері, ақын-жазушылар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаевпен кездесті. Кездесуге жазушылармен қатар ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та келді.
Қазақ қаламгерлері Вице-Премьерге бірқатар ұсыныстарын жеткізді

Жиынды ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев бірден жазушыларға сөз берді.

«Әдебиет, мәдениет қайраткерлерінің мемлекет пен қазақстандықтар үшін орны үлкен. Халықтың мұңын да зарын да сіздер жақсы білесіздер. Кеше ғана Азия елдері жазушыларының форумы өтті. Осы сәтті пайдаланып сіздермен кездесудегі мақсатымыз әдебиет саласын дамыту, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауын іске асыруға қатысты ұсыныс, талап-тілектеріңізді тыңдау үшін шақырдық», - деген министр ақын-жазушыларға сөз кезегін ұсынды.

Вице-Премьерден кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Нұр-Сұлтандағы Абай көшесінің бойынан Қаламгерлер аллеясы ашылатынын жеткізді.

«Жазушыларға арнайы аллея ашуға орын белгілеген ұйымдастырушыларға рақмет. Енді сол аллеяда Абай атамыздың ескерткішін қойсақ деген ұсынысым бар. Ал енді Президентіміз Қ.Тоқаевтың жолдауына келер болсам, ондағы қазақ тілін ұлттаралық қарым-қатынас тіліне айналдырып, рөлін күшейту бастамасын қолдаймын. Өздеріңіз білесіздер мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанымен, қазіргі таңда қай тіл ұлтаралық тіл ретінде үстемдік құрып тұрғанын. Сондықтан бұл өте өзекті мәселе. Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын, Ұлы Абай ақынның 175 жылдығын аста-төк мерейтой ретінде емес, тарихи, әдеби тағылым мол іс-шара ретінде ұйымдастыру туралы көзқарасымен де келісемін», - деді ол.

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Әнес Сарай  әдебиет саласындағы өзекті мәселеге тоқталып, Президент Жолдауындағы бейбіт шеруге қаланың шетінен емес арнайы көрнекі орын беріп, халықтың ойын жеткізуіне мүмкіндік беру керек деген ұстанымды қолдайтынын айтты,

«Президент Тоқаевтың Жолдауында  халыққа өз ойын ашық айтуға рұқсат беруі көңілімнен шықты. Халықтың айтатын жері, оларды тыңдайтын құлақ болмағандықтан халық шаршады.Өркениетті елде ойын ашық айтқаны үшін қолын қайырмайды, тыңдай біледі. Сондай-ақ  отандық жазушылардың қаламақы мәселесі күйіп тұр. Қандай мемлекеттте тұрамыз?! Осында отырған қаламгерлердің бәрі тәуелсіздіктен бері қаламақы көрмеді. Ол тұрмақ, қазір бір парақ анықтама алу үшін ақы сұрайды.Том-том кітаптарды тегін жазып жатырмыз. Мемлекетіміз қаламгерлерге тым болмағанда 1 млрд теңге бөле алмайды ма?», - деді жазушы Ә.Сарай.

Ал ҚР Вице-Премьері Бердібек Сапарбаев биыл жазушыларға 2 миллиард теңге бөлінгенін айтты.

Айта кетейік, жиынға Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов, жазушы драматург Дулат Исабеков, жазушы, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,Төлен Әбдік, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Бексұлтан Нұржекеев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те қатысты.

Ақын Олжас Сүлейменов Қазақстанның жазушылық әлеміндегі қазіргі жағдайына байланысты өз ұсынысын айтты.

«Президенттің Жолдауында ұлттық компаниялардың төрттен бір бөлігі қысқаратыны айтылды ғой. Бір компанияның бюджетін алып, Кеңес Одағы кезіндегідей Мемлекеттік баспа комитетін құрайық. Кезігнде осы арқылы кітапты басып шығару және тарату жүйесі болды. Бұдан мемлекетке де кітап басып шығарудан пайда түседі. Қазіргі таңда жеке авторлар тек шығындалады. Өзім соңғы рет 1990 жылы қаламақы алған едім. 250 мың рубль. Сол кезде ол ақшаға Желтоқсан оқиғасына қатысқан студенттерге 8 пәтер әпердім. Ал қазіргі қаламақы қандай?! Біз дамуды қаласақ, біз ақылды адамдарға арқа сүйеуіміз керек. Тек ақылды адамдар ғана әдебиет тудыра алады», - деді Олжас Сүлейменов.

Сөз соңында ол мәдениет пен әдебиет дамыған кезде ғана экономикалық өсім болатынын алға тартты.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында әдебиет, өнер қайраткерлерін қолдау мәселесіне ерекше назар аударып, Үкіметке әдебиет, мәдениет саласының қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, міндетті әлеуметтік жеңілдіктер беруді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Жиын соңында Нұр-Сұлтан қаласынан қаламгерлер орталығын ашу мәселесі қаралды.

Айдана Абдрахманова


ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды