• Басты
  • Орталық Азия мен Қытайдағы конституциялық реформа тәжірибесі
30 Тамыз, 2019 10:01

Орталық Азия мен Қытайдағы конституциялық реформа тәжірибесі

Конституция – кез-келген мемлекетте заң билігі мен құқық үстемдігін орнататын басты құжат. Мемлекеттің іргелі құндылықтары мен бұлтармас қағидаттары осы Ата заңда көрсетіледі. Дегенмен, заман дидарының өзгеруі жағдайында конституциялық реформа жүргізу халықаралық тәжірибеде қалыптасқан жағдай. Халықаралық қауымдастықтағы белгісіздік пен тұрақсыздық, сауда текетіресі мен санкциялық соғыстар, жалпы цифрландыру үрдісімен келген қоғамдық өзгерістер заңнамалық құжаттарға түзетулер енгізіп отыруды талап етеді. Азия аумағындағы бірқатар мемлекеттер заман бетбұрысына қарай бірқатар баптарын қайта қарастырған екен.

Орталық Азия мен Қытайдағы конституциялық реформа тәжірибесі | Strategy2050.kz

Орталық Азия аумағы бойынша Қырғызстанда соңғы  конституциялық өзгертулер 2017 жылы енгізіліп, Президенттің бірқатар өкілеттілігі бөлінген еді. Тәжікстанның Басты заңы 1994 жылы қабылданып, 1999, 2003, 2016 жылдары толықтыру жасалды. Өзбекстанда да 1992 жылы қабылданған соң 5 рет түрлі бапқа түзету енгізілген екен. Тәуелсіз Қазақстан да жаңа технологиялық дәуірдің сын-қатерлері мен сұраныстарына сай болу үшін сындарлы кезеңде әлеуметтік-экономикалық және рухани модернизацияны қолға алды. Оған қажетті бағдарламалық негіз толығымен қалыптасқан. Елімізде Ата заң күні жыл сайын 30 тамызда мемлекеттік деңгейде атап өтіледі. Қазақстан Конституциясы өз өміршеңдігін көрсетіп, заманның беталысына сәйкес толықтырулар енгізіліп келеді.

 Азаматтардың да қоғамдық қатынастарда Конституция нормаларына жүгінуі, өз бостандықтары мен құқықтарын қорғауы артты. 1998 жылы ҚР Конституциясының 19 бабына, 2007 жылы депутаттарды сайлау туралы, 2011 жылы ҚР Президентінің өкілеттілігі туралы өзгертулер енгізілді.

2017 жылғы конституциялық реформаға сәйкес, ҚР Президенті бірқатар өкілеттілігін атқарушы және заң шығарушы орган арасында теңдей бөліп, олардың дербес шешім жасау мүмкіншіліктерін кеңейтті. 2019 жылы Қазақстандағы ең маңызды саяси оқиға - биліктің ауысуы Конституцияға сәйкес орын алды. Конституцияның 48-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі ел Парламенті Сенатының Төрағасына өтті. Қ. Тоқаев 2019 жылғы 20 наурызда халыққа ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті. 2019 жылғы 20 наурызда Үкіметтің бастамасы бойынша Конституциялық Кеңестің оң қорытындысымен Республика Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Республика Конституциясының 2-бабына өзгерістер енгізілді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан болып ауысты.Биылғы жылғы Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының талаптарына қатаң сәйкестікте өтті.

Осы орайда көршілес Қытай Халық Республикасындағы соңғы конституциялық реформалар да сарапшылар тарапынан қызығушылық тудырады. Бүгінгі ҚХР басшылығына Аспан мандаты берілмесе де, алдағы «жүзжылдықтар» межесі мен қытайлық арманға жетуде мықты, тұрақты орталық билік қажет екендігін ҚХР-дағы конституциялық өзгерістер аңғартып отыр. 2018 жылы 11 наурызда Қытай депутаттары жабық дауыс беріп, ҚХР Конституциясына өзгертулер қабылдады. ҚХР БХӨЖ(Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы) 13-шақырылымы 1-сессиясында Конституцияда қатталған иероглифтер соңғы 14 жылда қайта қаралды.

Атақты реформатор Дэн Сяопин кезінде «Taoguang yanghui yousuo zuowei» («өз мүмкіндігін жасыру, орайлы сәтті пайдалану») принципін ұстанған Қытай жаңа дәуірде саяси-экономикалық амбицияларын ашық жариялай бастады. Ал, Қытай сияқты алпауыттың Басты заңын түзету ішкі саяси реформа ғана емес, халықаралық қатынастар жүйесіне ықпал ететін оқиға. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қытай Конституциясының күшіне енуінің 30 жылдығындағы баяндамасында: «Еліміздің қазіргі Конституциясы 1949 жылы уақытша рөл атқарған «Қытай халық саяси мәслихат кеңесінің ортақ тұғырнамасы» мен 1954 жылғы мемлекеттік І халық құрылтайының 1-сессиясында қабылданған «ҚХР Конституциясынан» бастау алады» деп атап өтеді.

Қолданыстағы Конституция 1982 жылы бекітіліп, әлеуметтік-экономикалық модернизациямен қатар бес жыл сайын түзетіліп отырған. Осы кезеңдегі конституциялық реформа экономикалық сипатта болды. ҚКП ОК соңғы ұсыныстары ҚХР мемлекеттік басқару саласындағы жүйелі бетбұрыс деп есептейміз. Өйткені, Қытайдағы кез-келген шешімнің он рет өлшеніп, бір рет кесілетіні белгілі. Төраға Си Цзиньпин «Қытай Конституциясының кейбір бөлігін қайта қарастыру – мемлекет өміріндегі айтулы оқиға, жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализмді іске асыруда ҚКП ОК қабылдаған маңызды шешім» деп атап өтті.

2018 жылы 25 ақпанда «Синьхуа» агенттігінде жарияланған 21 ұсыныстың ішінде халықаралық қауымдастық ҚХР Конституциясының 79-бабы, 3-тармағына ерекше назар аударды. Осы тармақта «ҚХР Төрағасы мен Төраға орынбасарының өкілеттік мерзімі ҚХР БХӨЖ өкілеттігімен бірдей, қатарынан екі мерзімнен аспайды» деп жазылса, жаңа редакцияда «ҚХР Төрағасы мен Төраға орынбасарының өкілеттік мерзімі ҚХР БХӨЖ өкілеттігімен бірдей болады» делінген. Яғни, қос мерзімдік шектеу алынып тасталады. ҚХР басшыларының өкілеттілігі Дэн Сяопиннен кейін тұңғыш рет «нысанаға» алынып отыр. Қарапайым есепке салсаңыз, Си Цзиньпин 2023-жылдан кейін төрағалық қызметін заңға сәйкес жалғастыра алады. Қытай Конституциясындағы басқа түзетулердің мазмұны төмендегідей:

Кіріспе, 7 тарау. Қытай халқы марксизм-ленинизм, Мао Цзэдун идеялары, Дэн Сяопин теориялары, «үш өкілдік»(三个代表) идеясымен қоса, дамудың ғылыми концепциясы және Төраға Си Цзиньпиннің Жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализм туралы идеяларын басшылыққа алатыны айқындалды. Яғни, Мао Цзэдун мен Дэн Сяопиннен кейін Си Цзиньпиннің есімі мен ой-идеялары Конституцияға қосылады. «Үш өкілдік» идеясы қойылғанымен, Цзян Цземин, Ху Цзиньтаоның есімдері мемлекеттік құжаттан орын алмаған еді. ҚХР Төрағасы, ҚКП ОК Бас хатшысы, Орталық Әскери кеңестің Төрағасы Си Цзиньпиннің Конституцияда таңбалануы партиядағы ғана емес, мемлекеттегі билігінің түбегейлі күшейетінін көрсетеді.

Кіріспе, 10-тарау. Қытай ұлтының ұлы өрлеуіне (Zhonghua minzu weida fuxing) еңбек еткен патриоттардың есімдері бірегей патриоттық фронтқа қосылады. Яғни, социалистік модернизацияға үлес қосқан барлық демократиялық партиялар, халықтық ұйымдар мен социализм құрылысшыларының есімдері ұлықталады. Осылайша, ҚХР басшылығы социалистік құрылыстың дұрыс бағытта келе жатқанын растап, қытайлық ерекшелігі бар социализмді нығайтуды табанды жалғастырады.

Кіріспе, 12-тарауы. «Адамзаттың тағдыры ортақ қауымдастығын құру»(renlei mingyun gongtongti) идеясын қосу ұсынылды. Бұл Қытайдың жаңа жаһандық ықпалдасу концепциясы. ҚХР басшылығы сауда-экономикалық, энергетикалық, дипломатиялық байланыстарда «бейбіт қатар даму», «өзара пайда жеткізу», «жеңіске бірге жету» принциптерін ұстанатынан жариялады. «Бір белдеу – бір жол» инициативасы да осы мақсатты ұстанатыны жиі айтылады. Өйткені, әскери бюджеті мен экономикалық ықпалының артуына орай алыс-жақын елдерде алаңдаушылық туындап отыр. Бұл – халықаралық қауымдастық сенімін орнықтырып, Қытайдың оң имиджін қалыптастыруға арналған қадам.

1-бап, 2-тармағы. «ҚКП жетекші рөлі қытайлық ерекшелігі бар социализмнің айқын сипаты» деп көрсетіліп, ҚКП мемлекеттік биліктегі орнына басымдық берілді. ҚКП ОК – Қытайдағы ең жоғарғы мемлекеттік орган. Тәртіпті тексеру жөніндегі Орталық комиссия, Орталық әскери кеңес сынды маңызды органдар Орталық комитетке бағынышты болғандықтан, оның мемлекеттік биліктегі жетекші рөлі сөзсіз артады. «Синьхуа» мәліметі бойынша 2016 жылдың соңында ҚКП мүшелері 89 млн. 447 мыңға жеткен. Египет, Вьетнам халқының санымен шамалас (https://www.statista.com/statistics/281378/number-of-chinese-communist-party-ccp-members-in-china). Коммунистік партия мүшелерінің өсімі 2016 жылмен салыстырғанда 0,3%-ға түскен екен. Сондықтан партия мүшелерінің саны мен сапасын арттыру көзделіп отыр.

4-бап, 1-тармағы. Алдыңғы нұсқада «Ұлттар арасындағы социалистік теңдік, бірлік және өзара көмек қатынастары орнатылды және нығаяды» деп берілсе, жаңа редакцияда «Ұлттар арасындағы социалистік теңдік, бірлік және өзара көмек пен гармониялық қатынастар орнатылды және нығаяды» деп көрсетілген. Ху Цзиньтао ұсынған «гармониялық қоғам» өзектілігін жоғалтпай, қытайдың ұлттар саясатын іске асыруда өзекті идеяға айналуда. Қытай алдағы уақытта 55 аз ұлттарға қатысты саясатын жаңа сипатқа көшіретіні белгілі.

Жалпы, ҚХР құрылған уақыттан әр кезеңдегі төрағаларының өзіндік басқару ерекшелігі бар. Мао Цзедун – республиканы құру мен мәдени революция, Дэн Сяопин – реформалар және ашықтық саясаты, Цзян Цзэмин – тұрақтылық пен даму, Ху Цзиньтао – гармониялық қоғам құруды алға қойса, Си Цзиньпин «Жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализмді» іске асыруға белсенді кірісті. Қытай арманы әлем арманымен қаншалықты үйлесетіні маңызды сұрақ болмақ. Қытайлық ерекшелігі бар демократия мен батыстық демократия үйлесім таба ма? Қалай болғанда Си Цзиньпиннің ішкі және сыртқы саясаттағы жобалары ұзақ мерзімді және ауқымды. Сондықтан алдағы кезеңге келесідей болжамдар жасауға болады:

Біріншіден, Си Цзиньпин 2012 жылы бастаған «жолбарысты соғу, шыбынды қағу» антикоррупциялық кампаниясы аяқталған жоқ. Жазалау функциясын атқарған ҚКП Тәртіпті бақылау комиссиясы арқылы партия қатары тазартылып, 1 млн. 300 мыңнан астам адам жазаланды(https://www.bbc.com/russian/news-37749287) Конституциялық өзгертулерге сәйкес, Тексеру комиссиясы Қытай Парламентіне бағынышты жеке мемлекеттік орган ретінде құрылады. Ендігі кезекте жемқорлықпен күрес акциясы жалпымемлекеттік масштабта жүзеге асады деген сөз. Сонымен қоса, мемлекеттік қызметкер жұмысқа қабылданған уақытта жаңа Конституцияға адалдық антын қабылдайтын болады.

Екіншіден, 2013 жылы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» инициативасы – көлемді инфрақұрылымдық жобаға айналуда. 2017 жылдың қаңтар-қараша аралығында Қытай кәсіпорындры «Белдеу мен жол» бойындағы 59 елге 12,37 млрд $ тікелей инвестиция салған. Қазірге дейін 160-қа жуық мемлекет пен халықаралық ұйым қолдап, 600 млрд инвестиция құйылды, Азия инфрақұрылымдық банкі құрылды(http://www.akorda.kz/ru/events/intervyu-telekanalu-cctv). Қытайдың ішінде осы инициативаның шығынына қатысты сын-пікірлер де жоқ емес. Бірақ Қытай инициатива арқылы жаңа имидж орнатуды көздейді. XXI ғасырда жаһанданудың желі шығыстан соғады дейтін болсақ, ол «Белдеу мен жол» арқылы іске асады. Сондықтан Си Цзиньпин инициативаның архитекторы ретінде оның табысты орындалуына ары қарай күш салады.

Үшіншіден, Қытай 2023 жылы ҚКП 100 жылдығы, 2049 жылы ҚХР-дың 100 жылдығына орай мемлекеттің социалистік модернизация жоспарын белгіледі. Мәселен, 2020 жылы орташа дәулетті қоғам құру, 2020-2035, 2035-2050 жылдары социалистік модернизацияланған заманауи держава құру межесін қойды (http://www.xinhuanet.com/politics/19cpcnc/2017-10/24/c_1121849894.htm). «Сяокаң» қоғамын құрып алған соң, Қытай аймақтық және жаһандық саясатта өз мақсат-мүддесін батыл қорғайтын державаға айналмақ.

Конституция – ел тұтастығы, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың негізгі тұтқасы. Конституция нормаларын сақтау, оның құқықтық ережелерін бұлжытпай орындау арқылы көрсетілген елдер өз дамуын қамтамасыз етуде. Мемлекетті жүйені нығайту үрдісі - мемлекет пен қоғамда тұрақты жүргізілетін және экономикада, саясатта, рухани өмірдегі өзгерістерге сәйкес өзгертулер мен толықтырулар енгізіп отыратын үздіксіз іс-әрекет. Бұл конституциялық құқықтық қатынас субъектілерінің, халықтың, әлеуметтік топтардың, мемлекеттің, оның органдарының күш-талпынысын қажет етеді. Жалпы конституциялық реформалар жүргізілгенімен, Орталық Азия елдері мен жеке қарастырылған Қытай Халық Республикасының заңнамасындағы өзгертулер мен толықтырулардың айырмашылығы үлкен.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды