• Басты
  • Ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысы
29 Тамыз, 2019 09:24

Ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысы

29 тамыз – Қазақстан тарихындағы елеулі даталардың бірі. Себебі, дәл осы күні Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде ғана емес, әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілік алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, ядролық қарудан бас тарту жөніндегі маңызды шешім қабылдады. 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы аталған күнді «Дүниежүзілік ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» ретінде жариялады. Саналы әрі шынайы таңдау жас мемлекет үшін үлкен жеңіс еді, сонымен қоса ішкі әлеуметтік-экономикалық модернизациясын табысты жүргізуге және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін жасауға жол ашты.
Ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысы

Тарихи таңба

Ядролық сынақтардың тарихы – бұл зор қасіреттің кезеңі. 1945 жылдан бастап жер бетінде сыналған 2000 ядролық жарылыстың салдарынан адамзаттың едәуір бөлігі зардап шегіп, ол ұлттық-мемлекеттік шекарадан асып, айналадағы тіршілік атаулы, адамдардың денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік-экономикалық дамудың ортақ проблемасын тудырды.  Еліміздің аумағында атмосфе­ра­лық, жер үстілік және жер астылық әскери және «бейбітшілік мақсатында» делінген барлығы 500-дей сынақтар өткізілген.

Сол кезеңді еске ала отырып Елбасы Н.Назарбаев: «Бәске ұзақмерзімді ұлттық қауіпсіздік тігілді. Таразының бір басында, өзіміздің әскери қуатымыздың ресурсы ретінде ядролық әлеуетті сақтап қалу, ал екінші басында өзіміз үшін ядролық қарусыз болашақ таңдап, одан бас тарту арқылы бүкіл жер жүзіне біздің мақсатымыз күшімізді қару-жарақ жинаумен      дәлелдеу еместігін көрсету тұрды» дейді. 1989 жылы 28 ақпанда Қазақстанда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Аталған үкіметтік емес ұйым халықаралық деңгейде антиядролық саясаттың негізін қалап, ядролық қарусыздану, оны таратпау және бақылауға қатысты мемлекет пен қоғамды жұмылдырып, ядролық әлеуетті сақтап қалу, шет елдік жауапты ұйымдардың назарын аударды. Қазақстан жалпы ядролық қарусыздану бағытында тәуекелге барып, жою қуаты аса жоғары ядролық сынақ алаңын жапты.

2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының төртінші сессиясы өтіп, 64/35 Резолюциясын бірауыздан қабылдаған соң, 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып бекітілді. Аталған Резолюция бейбіт және ядролық қарудан азат әлем құру мақсатында барша азаматтарды ядролық қарудың сынақтары мен оның салдары, кез-келген ядролық қаруды таратпау жөнінде белсенді үгіт-насихат жүргізуге шақырады.

Дәл осы резолюцияның бастамашысы 1991 жылы Семей полигонын жапқан Қазақстан Республикасы болды. Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні алғаш рет 2010 жылы өткізіліп, жыл сайын сипозиум, конференция, көрме, ақпараттық бағдарлама форматтарында ұйымдастырылып келеді. Ядролық қаруды сынауды тоқтатудың негізгі құралы 1996 жылы 10 қыркүйекте қабылданған «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт» болып саналады. Қазіргі уақытқа дейін 184 мемлекет осы Шартқа қол қойып, олардың 168-і ратификациялаған. Шарт толық күшіне енуі үшін ядролық потенциалы едәуір үлкен мемлекеттер оны ратификациялауы тиіс

Сарапшылардың пікірінше, Семей полигонының жабылуы Қытай Халық Республикасындағы Лоб-Нор сынақ алаңын, АҚШ-тың Невада штатындағы ядролық сынақ полигонын, Ұлыбритания мен Францияның мұхиттардағы полигондарды тоқтатуына себепкер болды. Бірақ әлемдегі ядролық сынақ алаңдарының жұмысы толық тоқтаған жоқ, бүгінде осындай қару шығаруға техникалық мүмкіндігі жеткілікті елдердің саны 40-қа жетіп отыр. Жыл өткен сайын олардың саны кейбір мемлекеттерде төмендегенімен, бірқатар елдерде көбейгенін аңғарамыз. Атап айтқанда, 2014 жылы ядролық қару саны Ресейде – 8000, АҚШ-та – 7300, Ұлыбританияда – 225, Франция – 300, Қытай – 250, Пәкістан – 100-120, Индия – 90-110, Израиль – 80, Солтүстік Корея – 6-8 болған еді. 2019 жылғы көрсеткішті төмендегі кестеден салыстыруға болады. Оның ішінде жедел іске қосуға жарамды ядролық қару Ресейде(1600), АҚШ(1920), Ұлыбритания(160) және Францияда(290) бар.

Семей полигоны – Кеңес Одағы аумағындағы ядролық сынақтар өткізілген ең үлкен полигондардың бірі. Қырық жыл уақыт аралығында полигонда 465 ядролық қару сынағы өткізілген екен. Полигонның жалпы аумағы 18 300 шақырымды құрағандықтан, алапат жарылыстар, одан тараған радиация алыс-жақын елді-мекендердің тұрғындарына, климаты мен табиғат жағдайына ауыр зардабын тигізді. Радиация салдарынан өлім-жітім көрсеткіші жоғарылап, түрлі патологиямен туған балалар саны күрт артты. 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында тұңғыш ядролық сынақ жасалса, 1962 жылға дейін атмосфера қабатында 113 жарылыс жасалған. 1961-1989 жылдар аралығында жарылыстар негізінен жер астында өткізіліп отырған.Кейбір деректерге сүйенсек, ядролық сынақ нәтижесінде жалпы саны бір жарым миллион қазақстандық радиациядан зардап шеккен, тұтас бір буын ядролық сынақтардың салдарынан денсаулықтарынан айырылған. 

Халықаралық Түркі академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Ахметовтің айтуынша: «ХХ ғасырда жаппай қырып-жоятын ядролық қарулар тек АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция секілді елдердің ғана уысында болса, бүгінгі таңда ондай тажал қару шығаруға техникалық мүмкіндігі жеткілікті мемлекеттердің саны 40-қа жетіп отыр және олардың арасында экономикалық тұрғыдан әлсіз елдер де баршылық. Бұл  қай тұрғыдан болсын, өте қауіпті сын-қатер екені дау туғызбайды. Өйткені, түптің-түбінде ол  күллі өркениет пен адам баласының тегіс жойылып кетуіне апаратын тұйық та қатерлі жол». 

Тәуелсіз Қазақстан осындай мемлекеттердің барлығымен теңгерімді байланыс орнатып, сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанады. Ширек ғасыр бойына Қазақстан әлемдік саясатта бейбітшілік пен өзара ынтымақтастықты қолдап келеді. Еліміздің бейбітшілік саясаты белгілі дәрежеде беделге ие болып отыр. Қазақстанның 1991 жылдан бергі әлемдік қауымдастыққа кірігуі және оның жетекші елдермен дипломатиялық байланыстар орнатуы маңызды фактор болып саналады. 

Қазақстан Кеңестік кезеңнен қалған шекара, ядролық қару, ішкі тұрақтылық мәселелерін уақытында әрі тиімді шешкен соң, өзара сенім мен татулыққа негізделген қарым-қатынасқа жол ашылды. Еліміз тәуелсіздігін алған уақыттан бастап өзін бейбітшіл мемлекет екендігін, саяси, экономикалық және өзге мақсаттарға жету құралы ретіндегі соғыстан немесе соғыс күштерімен қауіп төндіруден бас тартатынын, қалыптасқан шекараларды бұзбау, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптерін ұстанатынын жариялады. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуын және әлемдік қауымдастықты осыған шақыруын барлығы ыстық ықыласпен қарсы алды.

Мәселен, Қазақстанның алапат қарудан бас тартуынан кейін көршілердің күмәні сейіліп, 1992 жылы 3 қаңтарда Қазақстан-Қытай ресми дипломатиялық қарым-қатынасы орнады. 1993 жылы қазанда Қазақстан-Қытай бірлескен декларациясына қол қойылып,  Қытай Қазақстанға қатысты ядролық қаруды қолданбауды, күш қолданудан немесе күш қолдану қаупін туғызудан бас тартуға міндеттенген соң, екіжақты сенімді ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнату мәселесі біржола келісілді.

Қазақстан ядролық қарусыздану мәселесін ширек ғасырдан артық уақытта табанды түрде көтеріп келеді. Дегенмен қазіргі халықаралық қатынастарға жоғары деңгейдегі даму динамикасымен бірге күрделі көпқырлылық тән. «Қырғи-қабақ соғыс» пен биполярлық жүйе тарих қойнауына кеткеннен кейін, оның орнына көпполярлық жүйе келді. Қазіргі қалыптасу үстіндегі жаңа халықаралық жүйе өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Қазір жаңа тұрақсыздық пен қақтығыстар заманы орын алып отыр. Әлем әлі де ядролық қарудан толық тазара қоймағандықтан, Қазақстан БҰҰ қабырғасында, аймақтық және жаһандық ұйымдардың мінберінде ядролық қауіп-қатерді азайту, ашық және бейбіт қарым-қатынасты нығайту жөніндегі тың бастамаларын ұдайы ортаға салып келеді.

Елбасы ядролық қаруды таратпау жөніндегі ой-пікірлерін 2012 жылғы 29 тамыздағы «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде; 2015 жылы 29 қыркүйектегі БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде; сондай-ақ 2018 жылғы 19 қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысында сөйлеген сөздерінде ортаға салды. Ал, 2016 жылы 31 наурызда жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесті БҰҰ ресми құжатына айналды. Ол Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және бақылау жөніндегі қайраткерлік қызметін көрсетеді. Оның бір жемісі ретінде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын атауға болады. Мәртебелі қызметті Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып атқарды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Н.Назарбаев алдағы болашақта ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін келесідей ұсыныстар айтты:

Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату.

Екінші. Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолдану механизмін әзірлеу.

Үшінші. Әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетін нығайту.

Төртінші. Халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты қайтару.

Бесінші. Ядролық қарудан азат аймақтар құру.

Алтыншы. Жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейту. 

Қазіргі дәуірде Соғыссыз әлем құрудың кең ауқымды бағдарламасы туралы өзінің Манифестінде баяндады. Бұл құжатта басты қағидат ретінде соғыста жеңімпаз болмайтыны,  ғылыми табыстардан келетін қауіп-қатердің алдын-алу,  мемлекеттер арасындағы талас-тартысты бейбіт үнқатысу мен сындарлы келіссөздер арқыл шешу ұсынылды. Елбасы бұл орайда ядролық қауіпсіздіктің жаһандық жүйесі АӨСШК, ЕҚЫҰ, Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымы және басқа да өңірлік бірлестіктердің әлеуетін толық іске қосуы тиіс деп санайды. 

XXI ғасырдың басындағы Қазақстан өзінің мүдделерінен тыс әлемдік, аймақтық мүддені жоғары қоя отырып, халықаралық инициатор, көрші, бауырлас елдерді тұрақты қолдаушыға айналғаны сөзсіз. Сондай-ақ, алыс-жақын елдердің дәнекершісі, бітімгерлік, шебер дипломатиялық қызмет орнатқан аймақтық белсенді ел болып қалыптасты. Бірақ осы жетістіктердің барлығы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі түбегейлі шешімдерден бастау алатыны сөзсіз. 1990 жылдардың басында еліміздің аумағындағы мұнай-газ және кен орындарының мол қоры, оның географиялық орналасуы және дербес мемлекетке айналуы көптеген мемлекеттердің қызығушылығын тудырды.

Алайда, алыс-жақын елдерді Қазақстандағы ядролық қарудың болуы алаңдатпай қоймады. Жауапты кезеңде жас мемлекет аймақтық ядролық державаға айналу қиялына беріле қойған жоқ.  Қазақстанның бұл тарихи қадамы ядролық қарусыз аймақ құрып, бейбіт атом өндірісіне жол ашты. Осылайша Қазақстан ядролық арсенал бойынша әлемдегі төртінші елден қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың көшбасшысына  айналды. Қазақстан ядролық таратпау процесінің сырттай бақылаушысы емес, тікелей бастамшысы, жаһандық қауіпсіздіктің іргелі ұйымдастырушысы деуге толық негіз бар.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды