• Басты
  • Қазақстанның іскер әйелдерін қолдау шаралары қандай
28 Тамыз, 2019 18:05

Қазақстанның іскер әйелдерін қолдау шаралары қандай

ҚР Статистика комитеті қазақстандықтардың 52 пайызы, яғни 9 миллионнан астамы әйелдер екенін, елдегі жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қыз-келіншектер қалыптастыратынын, еліміз бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 1 540 592 болса, оның 648 128-іне әйелдер жетекшілік ететіні туралы мәлімет келтірді. Сонымен қатар шағын және орта бизнесте 3 миллионнан астам қызмет етсе, оның 1 миллионы қыз-келіншектер. Қазақстандағы экономиканың сауда саласында 313 102 әйел, ауыл шаруашылығында 53 461 әйел және өнеркәсіпте 34 мың әйел тер төгіп жүр. Осындай ауқымды әлеуетті ескере отырып, Елордада Қазақстанның Іскер әйелдер кеңесінің V конгресі өтті.
Қазақстанның іскер әйелдерін қолдау шаралары қандай | Strategy2050.kz

ҚР Атамекен кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі құрылған сәттен бастап 5 жыл ішінде 1500-ге жуық оқыту шараларын өткізген. Оған еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын 10 мыңнан астам іскерлік қабілеті бар әйелдер қатысқан екен. Іскер әйелдер кеңесінің өткен жылғы басты жетістігі деп –  Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құрғандығын атаса болады. Себебі осы қор арқылы екінші деңгейлі банкпен келісімге келіп, әйелдердің бизнесін шағын несиелеу мүмкіндігіне қол жеткізген. Екіжақты меморандумның арқасында өткен жылы 3 миллиард теңгенің микро несиелеу бағдарламасы іске қосылып, 340 бизнес жоба жүзеге асқан.

ҚР Атамекен кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанованың айтуынша, кеңес іскер әйелдерді жан-жақты қолдап, оның ішінде олардың бизнесін экспортқа шығаруға мүмкіндік бермек.

«Біздің мақсатымыз қыз-келіншектеріміздің бизнесін тек Қазақстан ішінде, өз өңірінде ғана дамытуға көмектесу емес, экспортқа шығу мүмкіндіктеріне де демеу білдіреміз. Экспортқа шығару жоспарын осы жылдан бастап қолға алдық. Қазіргі таңда Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен биылдан бастап қыз-келіншектердің 200-ге жуық бизнес өнімдеріне экспортқа шығаруға мүмкіндік тудыруға ықпал етеміз», - деді Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова.

Іскер әйелдер кеңесінің V конгресіне еліміздің 17 өңірінен бизнес тізгінін ұстаған ханымдар келген екен. Онымен қоса Біріккен Араб Әмірлігі Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида аль-Ауади бастаған делегация және Түркияның әйелдер кәсіпкерлігін дамыту одағының жетекшісі Илжу Тугбахан арнайы қонақ ретінде қатысты. Шетелдік қонақтар өз елдерінде әйелдер бизнесінің ерекшеліктері, мемлекеттік қолдау, инвестициялық мүмкіндіктер туралы тәжірибелерімен бөлісті.

«Кеңес құрылған бес жыл ішінде біраз шаралардың басын қайырдық. Соңғы уақытта кеңесіміздің ұйымдастыруымен Азия даму банкі қолдап, ауылдық кәсіпкер әйелдердің қаржылық, кәсіпкерлік сауатын арттыру мақсатындағы оқыту жобаларын қолға алдық. Еліміздегі 7 өңірде 350-ге жуық әйелдерге оқыту семинарларын өткіздік. Әрбір қатысушының жобасын кәсіпкерлер палатасы мен Еуропа қайта құру және даму банкі демеу білдіретін болады», - деді Ләззат Рамазанова.

Түркияның әйелдер кәсіпкерлігін дамыту одағының жетекшісі Илжу Тугбахан ханымның айтуынша, ол Қазақстанға алғаш рет келіп отырғандықтан екі ел арасындағы кәсіпкерлік ынтымақтастықтың болашағы зор. Оның сөзінше келешекте екі тарап бірігіп атқаратын шаралар көп болады. Бүгінгі қадам бастамасы ғана екен. Конгресте Түркия мен Қазақстан әйелдер кеңесі бірлесіп атқаратын бірнеше жобаларды талқылау жоспарда бар көрінеді.

«Мен кәсіпкерлік негіздерін Америкадан оқып келіп, Түркияға келген соң Каппадокияда ең үлкен отельдің негізін қаладым. Қазіргі кезде ол еліміздегі ең жоғары сервисті ұсынатын беделді отель. Біздің Түркиядағы әйелдер кеңесі әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетеді, сол саламен айналысады және мүмкіндігі шектеулі жандарға, бизнес иелеріне демеушілік танытады. Тағы да айта кететінім, осы шараға қатысуға шақырту жіберген Атамекен ҰКП Әйелдер кеңесіне алғысым зор. Бұл менің Қазақстанға оның ішінде ел астанасына алғаш рет келуім. Қазақстандағы әйелдер кеңесімен бірге атқаратын шараларым өте көп. Соның алды екі ел арасындағы сауда саласымен айналысатын әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Қазіргі мақсатымыз сатылым көлемін ұлғайтып, әйелдерге қатысты жеңілдіктерді енгізуді қарастыратын боламыз. Қазіргі таңда екі ел арасындағы сатылым мөлшері 2 миллиард долларды құрап отыр. Болашақта бұл көлемді 5 миллиардқа дейін жеткізу мақсатымыз бар», - деді Илжу Тугбахан.

Қазақстан Республикасы Атамекен кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова кеңестің 2020-2021 жылдар аралығындағы жоспарымен бөлісті.

«Жоспарымызда пилоттық облыстарда ауыл және қала әйелдерін қолөнерге оқыту мақсатында шеберлік сағаттар өткізу, «Ұлы дала елі» қолөнершілері форумын өткізу, елді мекендердегі әйелдер мен балалардың қолайлы өмір сүру инфрақұрылымының стандарттарын дайындау, отбасылық бизнесті дамыту және үйден жұмыс істеу шараларының нормасын реттеу, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, дамыту сонымен қатар ауыл-аймақтағы кәсіпкер қыз-келіншектерге оқыту-семинарларын өткізу сияқты бірқатар 100-ге жуық шараларды іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деді Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова.

Іскер әйелдер кеңесінің V конгресіндегі ең басты шара – әйелдер кәсіпкерлігін жан-жақты қолдайтын Қарарға қол қойылуы. Ол бойынша мемлекеттік органдар, халықаралық даму институттары және қаржылық ұйымдар, бизнес қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қыз-келіншектердің кәсіпкерлігін қолдаудың нақты тетіктері мен кешенді шаралары қалыптасады.

Айдана Абдрахманова

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды