• Басты
  • Президент Жолдауы – жаңа мақсат-міндеттер
27 Тамыз, 2019 12:26

Президент Жолдауы – жаңа мақсат-міндеттер

2019 жылы 10 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттер-парақшасында 2 қыркүйекте Халыққа Жолдауы жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл Мемлекет басшының өз қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы Жолдауы болмақ. Оның тақырыбы қандай және алдыңғы Жолдаулардан несімен ерекшеленуі мүмкін екендігін төмендегі материалда талқылаймыз.

Президент Жолдауы – жаңа мақсат-міндеттер | Strategy2050.kz

Жалпы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының жолдаулары 1997 жылдан бері халық назарына ұсынылып келеді. Осы уақытқа дейін Парламент Палаталарының жиынында, тікелей эфир арқылы және республикалық басылым беттерінде барлық саны 23 Жолдау жарияланған екен. Қазақстан Республикасының ішкі-сыртқы саясатының концепциясы, институционалдық негізі, басымдықтары Елбасы жолдаулары, ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламаларына сәйкес айқындалып келеді. 1997 жылы 16 қазанда «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» тақырыбындағы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Стратегиясында Елбасы жаңа мыңжылдықтағы межелі міндеттер туралы өз ой-пікірімен бөліскен еді. Жолдаудың мемлекет назарын нақты басымдықтарға аударатыны, үкіметті осы міндеттер мен стратегияларды шешуге және ұйымдастыруға бағыттап отыратыны осы құжатта айтылды.

Мемлекеттің ұзақмерзімді 7 басым бағыты айқындалып, ауыл проблемасы, кедейшілік пен жұмыссыздық мәселесі қозғалды және 1998 жылға арналған Үкіметке нақты тапсырмалар берілді.  Бұл құжаттың өткенді екшеп, алдағы бағыт-бағдарды айқындап отырудағы маңыздылығы түсіндірілді. Расында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған реформалар мен түйткілді мәселелерді түсіндіру бойынша Президенттің Жолдауы елеулі рөл атқарып келді. 

1998, 1999 жылғы Президент жолдауларының қыркүйек айында жарияланғаны белгілі. Жолдаудағы басымдықтар сол кезеңдегі халықаралық қарым-қатынастар мен ел ішіндегі өзекті саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани мәселелермен де тығыз байланысты. Мәселен, 1998 жылы Н.Назарбаев Үкіметке Экономикалық саясат жөніндегі кеңесті құруға тапсырма берді. Әлемдегі қаржы-экономикалық дағдарыс, банк жүйесіндегі сын-қатер, валютаның құнсыздануы жаңа экономикалық саясатты қалыптастыруға тікелей әсер етті.

Себебі, 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржылық дағдарыс бүкіл әлемді шарпып өтті. «Азиялық жолбарыстардың» күрт дамуы кейін аймаққа кері ықпалын тигізіп, негізінен Тайланд, Индонезия, Малайзия мен Оңтүстік Корея экономикалары құлдырай түсті: қор биржасы төмендеп, инфляция өсті, корпоративтік қарыз көлемі өсті, корпорациялар банкротқа ұшырады. Осындай жағдайдың алдын алу, себеп-салдарымен күресу мақсатында өзін «Азиялық барыс» ретінде таныта бастаған Қазақстанның алдағы іс-қимылдары жұртшылыққа ұсынылған Жолдауда айтылып жатты.

Жалпы, «Алдымен экономика, сосын саясат» деп айтылғанымен, алғашқы онжылдықтарда мемлекет пен қоғам өміріндегі өткір саяси мәселелер Елбасы жолдаулары мен баяндамаларында ашық айтылды. 1998 жылғы Жолдауда демократизация мен саяси либерализацияның негізін құраушы 7 элемент ерекше аталды. Ол – әділ сайлау, саяси партиялардың рөлін күшейту, Сенат пен Мәжіліс қызметінің барынша тәуелсіз болуы, азаматтық қоғам құрудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін нығайту, соттың кәсіби дәрежесі, ашық, тәуелсіз және цензурасыз ақпарат құралдарын қалыптастыру еді.

Осы жиында алғашқы рет ҚР Президенті өз орнын босатқан жағдайда, Парламент Сенаты Төрағасының Президент міндетін атқаратыны мәлім болды. Қазақстан тура 20 жылдан кейін дәл осы шешімге сәйкес, мемлекеттік биліктің ауысуын қамтамасыз етті. Біз білетіндей, ҚР Конституциясының 48 бабы 1 тармағына сәйкес,  Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді

1999 жылғы Елбасы Жолдауы  ең қысқа жолдаулардың бірі деп айтуға болады. Себебі аталған құжатта тарих пен тәуелсіздік, XXI ғасырдың үнқатулары, ауыспалы әлемдегі қауіпсіздік мәселелері қарастырылды. Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрі, көк түрік қағанаты, Қытай мен Византия арасындағы көшпенділердің терең мәдениеті мен шаруашылығы, Солтүстік Еуразия даласындағы халықтың қалдырған мұрасына көңіл бөлінді. Алтын Орда, Ақ Орда мен Көк Орда, Абылай хан билігі, Кенесары ханның тәуелсіздік үшін күресі, Алаш қайраткерлері мен кейінгі зұлмат жылдарының ұлт пен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі анық айтылды. Елбасының осы нұсқауларына сәйкес «Мәдени мұра», «Тарих толқынындағы халық» бағдарламалары қолға алынғаны белгілі. Алыс-жақын мемлекеттердің мұрағаттарында жасырынып жатқан құнды жәдігерлер мен ақтаңдақтар ашылып, ғылыми айналымға енгізілді, көпшілік назарына ұсынылды.   

Жыл өткен сайын Жолдаудың форматы мен тақырып аясы да трансформацияланып келді. 2018 жылғы 10 қазан – Төртінші өнеркәсіптік революция, 2017 жылғы 31 қаңтар – Қазақстанның үшінші жаңғыруы: бәсекелік қабілет, 2015 жылғы 30 қараша – Реформалар, өсім мен даму тақырыптарына арналды. Кейінгі жылдардағы жолдаулар бастапқыдағы «2030 Стратегиясы» мен 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясының жекелей даму бағыттарына арналып келеді.

Президенттің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы тікелей әлеуметтік мәселелерге арналды. Халықтың табысы, тұрмыс сапасы, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат  сұрақтары алғашқы жылдардан қозғалып келеді. Дегенмен, халықтың тұрмысы жаңа деңгейге көтерілген сайын уақыт талабына сай шешімдер қабылдауды қажет етеді. Барлық Жолдауларда өзгермейтін құндылықтар – халықтың әл-ауқаты, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім, халықаралық қауіпсіздік пен көпвекторлы ұстаным, тату көршілік және әріптестік қарым-қатынас.   

Ал, ҚР Президенті Қ.Тоқаев қыркүйек айындағы жолдауын есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату мәселесіне арнағалы отыр. Яғни, дәл қазіргі кезеңдегі кезек күттірмейтін міндеттер күн тәртібіне қойылып отыр. Президент кеңесшісі Е.Қарин бұл құжатта мемлекет пен қоғамның әртүрлі саласына қатысты бірқатар маңызды инициативалар мен шешімдер айтылатынын жеткізді. Мұндай тақырыптың қозғалуына «Тұлпар-Тальго» поезында жолсеріктер зорлық-зомбылық көрсеткен ақтөбелік тұрғынның оқиғасы, сот шешімінің әділетсіздігіне байланысты қоғамдағы наразылық себеп болды. Еліміздің батыс және басқа да өңірлеріндегі есірткі бизнесі және басқа да қылмыстық топтарды құрықтау операциялары мемлекеттің белсенді іс-қимылын көрсетеді.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көбеюі жалпы адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын көрсетеді. Бүкіл әлемде әйел азаматтар жасына, қызметіне, нәсілі мен ұлтына қарамастан зорлық-зомбылыққа ұшырауда. Соңғы зерттеулерге сәйкес, әлемдегі 15 жас және одан үлкен әйел азаматтардың шамамен 30%-ы өз өмірінде серігі тарапынан күш көрсету немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың денсаулыққа тікелей әсері, психологиялық,  экономикалық және әлеуметтік салдары туралы халықаралық ұйымдар көтеріп келеді. Шет елдік ғалымдар зорлық-зомбылық физикалық, адами тұрғыда ауыр соққы және әлеуметтік капиталдың құнсыздануына әкелетінін айтады.

Тиісінше, әлемнің көптеген елдері саяси және әлеуметтік салаларда арнайы шаралар қолдануда. Жақын арада қабылданған Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) әйелдер мен қыз балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарын жою бойынша жеке нысаналы индикаторды қамтиды. Бұдан басқа, 2011 жылы БҰҰ Статистика комиссиясы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты сипаттайтын бірқатар статистикалық көрсеткішті бекітті. БҰҰ мүше-мемлекеттер осы көрсеткіштер бойынша есеп беріп отырады. Осындай және басқа да өзекті сұрақтар қыркүйектегі Президент жолдауында қарастырылуы ықтимал. Нәтижесінде ана мен бала денсаулығы, әйел азаматтарға көрсетілетін зорлық-зомбылық, педофилия бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілуі мүмкін деп есептейміз.   

Президент аталған түйткілді мәселелерді мемлекеттік деңгейде қарастырып, Үкімет пен тиісті органдарға нақты тапсырмалар береді. Ең бастысы, мемлекеттің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, өзара сенім орнатуға талпынысы деп айтуымыз керек. Жақында құрылған  ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы да осы мақсатты көздейді. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр, ал Кеңестің алғашқы ресми жиыны 6 қыркүйекте өтеді.

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында да Елбасы Н.Назарбаев та Үкімет пен партия мүшелеріне проблемаларға келгенде үнсіз қалуға болмайтынын, жауапкершілікті қолға алып, халықпен кездесу керектігін, мәселелерді орнында шешу керектігін айтты. Республикадағы мәслихаттардың келесі сайлауы партиялық тізім бойынша өткізіліп, оған жастарды көбірек тарту мақсаты қойылып отыр. Бұл жастар жылындағы азаматтардың өзара диалогы мен қоғамдық ашықтыққа жаңа мүмкіндіктер береді.    

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды