• Басты
  • Маңғыстау облысы білім беру жүйесіне бірқатар өзгеріс енеді
23 Тамыз, 2019 10:30

Маңғыстау облысы білім беру жүйесіне бірқатар өзгеріс енеді

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше аталған өңір республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда туу көрсеткіші жағынан алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Маңғыстауға көшіп келушілер саны да күн санап артып келеді. Сол себепті өңір үшін мектеп құрылысының мәселесі бірінші кезекте. Жоспар бойынша алдағы алдағы бес жыл ішінде бала саны 138 мыңнан 212 мыңға дейін артатындықтан, аудан, қала әкімдіктерімен жобалық қуаты 16400 орынды құрайтын 21 мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр.
Маңғыстау облысы білім беру жүйесіне бірқатар өзгеріс енеді

Осы мақсатта Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов аудан, қала әкімдеріне мектеп құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын уақытылы дайындап, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларымен бірлесіп қаражат көздерін қарастыру мәселелерін шешуді тапсырды.

Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлерінің кезекті «Келешекке – кемел біліммен!» атауымен өткен тамыз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірдің білім беру саласын жетілдірудің жолдарын талқылап, нақты тапсырмалар берді.

«Білім сапасын көтеріп, мұғалімдердің біліктілігі мен оқулықтардың сапасына және білім беру ұйымдарын заман талабына сай материалдық қорлармен жабдықтауға ерекше көңіл бөлу мақсатында, білім басқармасы арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастыру арқылы мұғалімдерді кәсіби тұрғыда дамыту жолдарын қарастыруды тапсырамын. Барлық деңгейдегі әкімдер – 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде мектеп оқушыларын толықтай оқулықпен қамтамасыз етуі тиіс. Қоғамдық, кәсібіне қатысты емес шараларға мұғалімдерді тартуды тоқтатңыңыздар. Президенттің де тапсырмасы осы. Сондай-ақ экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына, білім басқармасына, аудан, қала әкімдіктеріне мектептерді кезең-кезеңімен арнайы кабинеттермен, оның ішінде компьютерлер, мультимедиалық және пәндік кабинеттермен жабдықтау үшін қаржы көздерін қарастыруды тапсырамын», - деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

Әкімнің айтуынша, облыстағы басты маңызды мәселелердің бірі – түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы және олардың мамандық бойынша өз орынын таба білуі. Бұл тұста өзекті мәселе – жастардың мамандықты дұрыс таңдамауынан туындағандықтан облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне мектеп оқушыларының қабілетіне және нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды ескере отырып, ерте бастан кәсіби бағдар жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Алдағы уақытта жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе облысқа қажетті сұранысқа ие мамандықтар тізімі анықталып, 5-10 жылдық болжам бойынша, жаңа мамандықтардың атласын дайындалмақ.

«Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шаралар балабақшадан бастап әр білім ордасында өткізіліп, білім беру ұйымдарында берілген тәрбие туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға үйретіп, ұлттық құндылықты дәріптегені жөн. Осы орайда жаңа оқу жылынан бастап дарынды мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне Әбіш Кекілбаев атындағы 20 шәкіртақы тағайындалатынын айта кеткенім жөн. Сонымен бірге облыстық білім басқармасы және аудан, қала әкімдері білім беру ұйымдарына ұлы Абайдың атын беру жөнінде ұсыныстарын дайындасын», - деп облыс әкімі облыстық білім басқармасы және аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді.

Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраны мектептерде балаларға үйретуге назар аударғандықтан, Маңғыстауда ұлттық өнерді насихаттау мақсатында оқушыларға арналған домбыра үйірмелерін көптеп ашуды көздейтін «Домбыра-дастан» жобасын жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде маңғыстаулық оқушылар мектеп бітірген кезде кем дегенде 10 күйді үйреніп шығуы тиіс.

«Балабақшаға кәсіби біліктілігі мен білімі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету басты назарда. Себебі қазір олардың қажеттілігі байқалады. Қазіргі таңда өңіріміздегі балабақшаларда жоғары білімді және жоғары санатты тәрбиешілердің үлесі жеткіліксіз. Білім басқамасы, аудан, қала әкімдері осындай жағдайларды болдырмау үшін бұл сұрақты үнемі бақылауда ұстап, баланы ерте жастан дамыту, мектепалды даярлықтың сапасын арттыру, кадрлардың кәсіби біліктілігін көтеру шараларын ұйымдастыруды басты назарға алсын», - деді әкім.

Осы орайда педагог қызметкерлерінің Маңғыстау облыстық Тамыз конференциянда білім саласының үздіктері ҚР «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы директорының орынбасары Айдос Агдарбекұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің марапаттарын бірқатар мұғалімдерге табыстады.

Сондай-ақ облыста үздік мектептер де марапаттан тыс қалмады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, жалпы білім беретін мектептердің қызметін бағалау мақсатында «Орта білім беретін үздік ұйым» атты дәстүрлі облыстық конкурс грантын комиссияның шешімімен конкурста үш мектеп иеленді.

Ақтау қаласындағы ІТ-лицей жеңімпаз атанып, аталмыш мектеп 16 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Ал екінші орынды жеңіп алған Білім-инновация лицейі мектебі 10 миллион теңге көлеміндегі сертификат алса, үшінші орынды Қарақия ауданы Құрық гимназиясы иеленіп, мектеп 8 миллион теңге көлеміндегі сертификатты иеленді. Аталмыш грант қаржысы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалатын болыпты.

Статистикалық мәліметтере сүйенсек, облыстағы 100-ден астам жалпы орта білім беретін мектепте 100 мыңға жуық бала оқиды. Алдағы 5 жылда салынатын 21 мектеп 20 мыңға жуық оқушыларды қамтымақ.

Айдана Абдрахманова

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды