• Басты
  • Сенаторлар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты
22 Тамыз, 2019 10:41

Сенаторлар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты

Парламент Сенатының депутаттары өңірлерге сапарлап жүр. Мәселен, Парламент Сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесіп, өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы, халықтың жағдайын жақсарту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, агроөнеркәсіптік кешен, жол инфрақұрылымы мен ауыл-аймақтарды абаттандыру сияқты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Сенаторлардың сапары туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Сенаторлар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты | Strategy2050.kz

Облыстық сотта сенаторлар сот жүйесін әрі қарай жаңғырту, өңірдегі сот төрелігінің әділдігі сөз болды. Сондай-ақ сот ісін жүргізудегі жаңа технологиялардың қолданылуы, оның ішінде қылмыстық істерді қарауды электрондық нұсқаға көшіру тәжірибесімен танысты.

 Ішкі істер департаментінің жұмысымен танысу кезінде құқық қорғау органдарын реформалау, кадр жетіспеушілігі, халықтың сенімділігін жоғарылату, қызметкерлерді әлеуметтік және материалдық қамтамассыз ету мәселелері көтерілді.

Сенаторлар Ақтөбе әкімі Мавр Абдуллинмен де кездесіп, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жоспарлар барысымен танысты. Көп балалы отбасылар мен басқа да жағдайы төмен азаматтардың тұрғылықты жерлеріне барып, сұрақтарына жауап берді. Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар шағын және орта бизнес кәсіпорындарын аралаған депутаттар қияр, қызанақ өсіріп отырған жылыжайға барды.

Ондағы жаңа технологиялар барысын көріп, ұжыммен кездесті. Ақтөбедегі жаңа үй құрылысының комбинатын аралау барысында депутаттар үйді тұрғызуға арналған панель құрылғысымен танысты. Жаңа өндіріс орнының қуаттылығы – жылына 50 мың шаршы метр. Өнім жасау кезінде алдыңғы қатарлы инновациялық технология пайдаланылады.

Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев өңірде құрылыс әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Тұрғын үй салуға пайдаланылатын материалдардың дені облыс кәсіпкерлерінен шығып отыр.

Жергілікті компаниялар құрылыс заттарын жасауда, үйді салуда тәжірибесі мол. Қазіргі кезде аймақта силикатты керамикалық кірпіш шығаратын 6 зауыт қарқынды жұмыс істеуде. Кездесуде Қазақстан өнімдерінің әлемдік нарыққа шығуына барлық мүмкіндігі бар екенін де сөз болды.

«Рухани жаңғыру» мен Жастар жылының жариялануы аймаққа үлкен серпіліс бергені көрініп тұр. Ақтөбе Жоғарғы политехникалық колледжде өткен кездесуде сенаторлар мұнай, автомобиль, ауыл шаруашылығы, IT-технология сияқты мамандықты оқып отырған жастарға кешенді қолдау, білім, денсаулық сақтау, қолжетімді баспана, кәсіпкерлікті дамыту сияқты басты бағыттар бойынша жасалып отырған бағдарламаларды түсіндіру аясында кездесу өткізді.

Депутаттар оқу ордасының студенттерге жасалған материалдық-техникалық жағдайын жоғары бағалады. Әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда жатақханамен қамту, мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік-психологиялық қызмет сияқты сұрақтар да шешімін тапқаны айтылды.

Сондай-ақ, білім саласындағы өзгерістер, мұғалімдердің жалақысын көтеру, ұстаздар мәртебесін жоғарылату сияқты тақырыптарда әңгіме қозғалды.

Сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова Шымкенттегі жұмыс сапары аясында атаулы әлеуметтік көмек арқылы үйінен тігін цехін ашып, оны дөңгелетіп отырған Тілләгүл Қарсыбаеваның шаңырағында болды.

"Күміс алқа" иегері Тілләгүл Тасболатқызы сенаторға қалай шағын кәсіпке келгенін әңгімеледі. Мемлекеттен берілген қаражатқа тігін машиналарын сатып алып, жұмысын бастаған.

 Кездесу барысында А.Жарылқасынқызы мемлекеттік қолдау шараларының аясында көп балалы отбасылар жаңа мүмкіндіктерге ие болатынын айтып өтті.

Жалпы, Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмекті алуға 68 мың отбасы құжат тапсырып, оның 40 мыңға жуығына әлеуметтік көмек тағайындалған.

Сонымен қатар, Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті.

Депутаттар әр тұрғынына 100 мың теңгеден беру бойынша жұмыс барысын, қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сапар барысында шаһардағы жаңа стадионды қайта ретке келтіру мәселесі де көтерілді. Депутаттар облыстағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді.

Ордабасы мен Түлкібас аудандарына барғанда субсидиялау, ауыл шаруашылығына несие бөлу, мал өнімдерінің бағасын түсіру сияқты маңызды мәселелер көтерілді.

Сайрам ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде мұғалімдер мәртебесін көтеру, комуналдық төлемдер құны, әлеуметтік медициналық сақтандур туралы сөз болды.

Ал Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болды.

Сенатор институттың тыныс-тіршілігімен және материалдық-оқу базасымен танысып, бірінші курс курсанттарының казармаларын, спорт және оқу-жаттығу кешендерін аралады.

Т.Мұқашев Құрлық әскерлерінің Әскери институтының тарихи мұражайында болып, институттың және әскери мамандарды даярлау ұстаханасының тарихы мен дамуына қатысы бар бірегей құжаттар мұрағатымен танысты.

Одан басқа, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы әскери институттың басшылығымен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті.

Кездесу барысында Төлеубек Мұқашев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзіне кеңінен тоқталып, Қазақстан Республикасының Президенті көтерген проблемалық мәселелерді талқылады.

Сенатор институттың оқытушы-профессорлар құрамының назарын жоғары білім беру сапасын және жастардың патриоттық тәрбиесін арттыру қажеттілігіне аудартты.

Сондай-ақ, Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кездесіп, Парламенттің өткен сессияда атқарған жұмысын, қабылдаған заңдары туралы айтты.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы В.Головатюкпен кездесуде Парламент пен мәслихаттар арасындағы қарым-қатынас мәселелері сөз болды.

Әрі қарай Д.Мусин «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының аппарат қызметкерлерімен кездесу өткізіп, азаматтарды қабылдау өткізді. Тұрғындар сенаторға түрлі көкейкесті сұрақтарын қойып, жауап алды. Өскемен қаласының әкімі Ж.Омармен бірге 200 орынға арналған балалар ауруханасының құрылысын барып, тексерді.

 Қала басшысы бұл нысан бойынша қаржылық мәселелер бар екенін жеткізді. Сенатор оны жеке бақылауына алатынын айтып, мәселені жан-жақты қарастырды.

Аягөз Құрмаш 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды