• Басты
  • Енді мемлекеттік сатып алуда жемқорлық пен қателікке жол жоқ
14 Тамыз, 2019 18:06

Енді мемлекеттік сатып алуда жемқорлық пен қателікке жол жоқ

2019 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу қызметінде 283 миллиард теңге үнемделген. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алудағы жемқорлықтың алдын-алуды, деңгейін төмендетуді, қатысушылар арасындағы бәсекелестікті қалыптастыруды қадағалайды. Осы орайда ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев және министрліктің мемлекеттік сатып алулар департаментінің директоры Сәбит Ахметов ҚР Үкіметінің баспасөз алаңында мемлекеттік сатып алудың және квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдерін жетілдіру шаралары туралы баяндады.
Енді мемлекеттік сатып алуда жемқорлық пен қателікке жол жоқ

ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев алдымен, мемлекеттік сатып алу қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету шараларына, өтпеген конурстар үлесіне тоқталды.

«Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуда әділ бәсекелестікті қалыптастыруға, жемқорлық қатерлерін төмендетуге тырысады. Сондай-ақ, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға да күш саламыз. Және де сәйкесінше жеткізушілердің де біліктілігінің сай болуын қадағалайтын боламыз. Бәсекелестікті арттыруға келер болсақ, 2018 жылы сатып алу конкурсының өтпей қалуы – бір қайнар көздің барлық мемлекеттік сатып алудағы шараларының 55%-ын құраған. Енді осындай жағдайдың алдын алу үшін 2019 жылдың қаңтарынан  бастап «Өтпей қалған мемлекеттік сатып алулар» туралы заң нормалары енгізілді. Ол бойынша өтпеген сатып алу конкурсы келісімшарт бойынша барлық нормаларды орындайтын жеткізушіні тапқанша қайта өткізіледі. Осы жылдың 7 айының қорытындысында бір қайнаркөзден өтпеген конурстар үлесі 7 пайызды құрап отырғанын көріп отырмыз. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8 есеге аз және мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемдеу 2019 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша 283 миллиард теңгені құрап отыр», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев.

Мемлекеттік сатып алудағы «интернет дүкен», «рамкалы келісім»

Қаржы министрлігі қабылдаған шараларға қарамастан, бір қайнаркөзден шағын сатып алулар үлесі әлі де жоғары. Сандармен айтар болсақ, бұл шамамен 306 миллиард теңгені немесе барлық сатып алулардың 11%-ын құрайды.

«Бұл дегеніміз - осындай заңнамалық мүмкіндік аясында жүзеге асырылатын сатып алулар, яғни тауарлар бойынша 100-ге дейінгі минималды есептік көрсеткіш және жұмыстар мен қызметтер бойынша 500-ге дейінгі есептік көрсеткіштер. Кейде біз тапсырыс берушілер бір сатушы көзден сатып алу үшін әдейі бөлшектеп, ұсақтап бөліп, сатып алатын жағдайлар кездеседі. Мәселен, кейбір тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу тапсырыс қызметтерін бірнеше бөлшектерге әдейілеп бөледі. Мысалы, бір былғары диванды сатып алу үшін, оның былғарысын, оған қажетті фурнитураны бір бөлек тапсырыс береді. Осындай келеңсіздіктердің алдын-алу үшін министрлік нормативтік талаптарды қайта қарап, «Интернет дүкен» түсінігін енгіздік. Ол жерде сатып алушы онлайн режимде белгілі бір тауарды тез әрі бәсекелестік негізде сатып ала алады", - деді ол.

Сонымен қатар министрлік енгізген  «Рамкалы келісім» тәсілі қатысушылар арасындағы бәсекелестікті қалыптастырып қана қоймай, тауарлар мен қызметтердің сатып алу мерзімін қысқартады. Соңында сатып алу қызметінің мерзімі 45 күннен, 3-5 күнге дейін қысқаратын болады. Вице-министр сөзінше, бұл тәсіл барлық Еуроодақ елдерінде қолданылады. Бұл көбіне мемлекеттік мекемелердегі жыл бойына тоқтаусыз жүргізіліп отыратын қызметтерге енгізіледі. Бұл уақытты ғана қысқартып қоймай, ол конкурсты өткізуге кететін шығындарды да қысқартады.

Мемлекеттік сатып алу қызметіндегі цифрландыру

Ал жемқорлықтың алдын-алу, мемлекеттік сатып алудағы ашықтықты қалыптастыру үшін министрлік мемсатып алудағы барлық қызметтерді электронды форматқа көшіруді қолға алмақ.

«Біз бұл істе адамның қатысуын барынша қысқартатын боламыз. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қатысушылардың «жұмыс тәжірибесінің электронды депозитариі» түсінігі де енгізіледі. Бұдан былай қатысушылардың жұмыс тәжірибесі ескерілетін болады. Бұл шара асыра сілтеушілікті болдырмауға бағытталған. Кейбіреулер порталға ілінген белгілі бір қызметпен оған дейін ешқашан айналыспаса да, кез-келген конкурсқа қатыса береді. Бұндай асыра сілтеушілік бірқатар кедерілерге алып келуі мүмкін", - деді вице-министр.

Қатысушылардың «жұмыс тәжірибесінің электронды депозитариі» ережесін министрлік жыл соңына дейін жетілдіріп, енгізбек. Бұл ереже әсіресе құрылыс саласында қатаң қолданылып, қатысушының жұмыс тәжірибесі ескеріледі.

Саланы цифрландыру шарасы - онлайн бақылауға мүмкіндік туғызды. Қазіргі уақытта ҚР Қаржы министрлігі 1,7 миллион мемсатып алу процедурасын онлайн бақылай алады. Ал, онлайн бақылауға дейін министрлік 100-деген процедураларды ғана бақылай алған. Онлайн бақылаудың арқасында мемсатып алу қызметтерінің 2 пайызында нормативтік-құқықтық акт талаптарын бұзу жағдайлары кезіккен.

Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік сатып алулар порталында электронды шағым түсіруге мүмкіндік туды. Бұдан былай үйден шықпай-ақ, ереже бұзған мемсатып алуға шағым түсіріп, оның статусын бақылауға болады. Дегенмен 2019 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысында бұл бойынша 17 мың шағым түсірілген. Ал электронды шағым тәсілі енгізілгенге дейін дейін 2 мыңдай шағым түскен екен.

ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар департаментінің директоры Сәбит Ахметов Квазимемлекеттік сатып алу қызметін реттеу, әділ баға қою мәселелері туралы баяндады.

«Квазимемлекеттік сатып алу бойынша қабылданған заң 2020 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұдан былай олардың әрекеттері заңмен реттеледі, 2020 жылдан бастап әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазір таңда оларды құқық қорғау орагандарының да тексеру құқығы бар. Ал, жоғары баға қою құйтырқылығына келер болсақ,  негізінен мұндай мәселе бәсекелестік болмаған жағдайда туындайды. Яғни, бағаны жоғары қою мүмкіндігі туады. Ал, бәсекелестік болса, ол қанша жоғары қойғанымен бәсекелестік бәрін реттейді. Сондай-ақ, негізінен мұндай проблема бір қайнаркөзден сатып алу кезінде де болады. Тағы да айта кетерлігі, жыл соңына дейін 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі ұсақ-түйек тауарларды онлайн дүкен арқылы сатып алу процессі енгізілетіндіктен әрі салада жүргізілетін цифрландыру арқасында жемқорлық мәселесі туындауын төмендетеді. Ал, жыл соңына қарай барлық процесстер автоматтандырылатынын ескерсек, сыбайлас жемқорлық азаятын болады", - деді ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар департаментінің директоры Сәбит Ахметов.

Қателіктерді тексеретін модератор. Ақылы вебпортал қызметі бюджетке 3,6 млрд теңге түсім түсірді

«Құйтырқы мақсаттағы кәсіби шағымданушылардың мәселесін шешу үшін ҚР Қаржы министрлігі шағымдарды ақылы етуді көздеп отыр. Алайда, әзірге ақылы шағымның құнын белгілеген жоқпыз. Мұндай тәсіл – Еуроодақ елдерінде, Армения, Грузия мемлекеттерінде кеңінен қолданылады. Дегенмен егер шағымданушылардың көрсеткен аргументтері раталған жағдайда оның төлеген шағымақысы қайтарылатын болады. Ал олай болмаған жағдайда шағым ақысы мемлекеттік бюджетке түседі.  Сонымен бірге вебпорталдағы қызметтерді пайдалану ақылы болғалы бері бюджетке потенциалды жеткізушілерден 3,6 миллиард теңге қаржы түсті», - деді ҚР Қаржы вице-министрі.

Бұдан былай электронды қаржы орталығы вебпорталдың сапасын арттыру үшін тәулік бойы қызмет істейтін  Call-орталық қызметін іске қосатын болады. Сондай-ақ, әрбір сатып алудың грамматикалық, техникалық қателіктері модератормен тексеріледі. Сонымен бірге вице-министр әділетті салық төлеу шарасы да қатаң қолға алынатынын жеткізді.

Қазіргі таңда ҚР Мемлекеттік сатып алу порталында 25 мың тапсырыс беруші тіркелген. Олардың жартысы әлеуметтік сала, атап айтқанда: білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, спорт, денешынықтыру саласындағы кешендер. Ал, жыл сайын Қазақстан Республикасында миллионнан астам мемсатып алу конкурстары өткізіледі.

Айдана Абдрахманова

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды