• Басты
  • JOB FAIR- 2019: Шетелде білім алған мамандарға сұраныс қандай
14 Тамыз, 2019 14:02

JOB FAIR- 2019: Шетелде білім алған мамандарға сұраныс қандай

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «JOB FAIR- 2019» бос орындар жәрмеңкесі өтті. «JOB FAIR-2019» – бұл, жұмыс берушілер мен ізденушілердің кездесетін тиімді алаңы. Іс-шараға 80-нен астам жұмыс беруші қатысты, олар таныстырылымдар мен воркшоптар және де шеберлік класстарын жүргізді.

JOB FAIR- 2019: Шетелде білім алған мамандарға  сұраныс қандай | Strategy2050.kz

Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы экономиканың түрлі секторлары: мұнайгаз саласында, ІТ-саласында, ғарыштық және өнеркәсіптік инжиниринг, білім және ғылым саласында, медицина және басқа да салаларда жұмыс істейтін 10 000-нан астам мамандарды даярлап шығарды.2019 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 600-ден аса жаңа түлек бітіріп шығады.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари Президенттің тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер  енгізіліп жатқанын атап өтті.

«Жұмыс беруші  қажетті маманға тапсырыс береді. Осы шарада студент, түлек және «болашақтық» бас қосқан. Жұмыс беруші оларға өздері қандай маман қажет екенін түсіндіреді. Елдегі ірі компаниялар тапсырыс береді, олардың қажеттілігіне орай мамандар дайындалады», - деді Р.Биғари.

Сондай-ақ, ол атап өткендей, қазір маман қажет деп қана қоймай, нақты кім қажет екені суреттеледі.

«Ғылымға келетін болсақ, нақты мамандар қажет. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесінде құр дәрігер емес, ал дәрігер анестезиолог қажет. Жұмыс берушінің талабы ескеріледі. Сол үшін басым бағыттардың бағдарын өзгертіп жатырмыз», - деді ол.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президентінің міндетін атқарушы Ғалия Досмұхамбетова бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша  12 мың түлек оқып шыққанын айтты.

«Бізде бақылауда жұмыссыз тұрған  38 түлек бар, қалғанының барлығы жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда үшжақты келісімдер  бойынша жұмысқа орналастырылды. Қалған жұмыспен қамтылмай қалғандар жұмыс берушіге тіркелмей,  өз еркімен оқуға түскендер. Біздің орталықтың түлектермен жұмыс істейтін бөлімі жұмыспен қамту үшін осы сынды жәрмеңкелерді өткізеді. Биыл жаңа форматта өткізіп жатырмыз. Қазір басты мақсат  жұмыспен қамту емес,  біліктілікті өзгерту  болып отыр. Осы орайда біз елдің үздік агенттіктерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Ғ.Досмұхамбетова.

Сонымен қатар, ол еңбек жолын сәтті алып келе жатқан, тәжірибесі мол түлектер лектор ретінде де өздерін сынап көреді.

«Осы орайда біз елдегі ең ауқымды компаниялардың бірі – «Самұрық-Қазынамен» ынтымақтастық орнаттық. Бүгінгі таңда еңбек нарығында маңызды талап мәліметтерді сараптау болып табылады. Барлық жұмыс берушілер мәліметтерді зерттеу арқылы қызметке алуды дәстүрге айналдырып жатыр», - деді ол.

Сонымен қатар, Ғ.Досмұхамбетова еңбек нарығында жұмыс беруші жаңа талаптарды қойып отырғанын айтты.

«Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ  жұмыс беруші ретінде шетелдік дипломның болуы жеткіліксіз дейді. Қосымша қасиеттер қажет. Кейбір жұмыс берушілер дипломға талап қоймайды. Қазір біз болашақтықтардан тұратын пул дайындап жатырмыз. Олар қосымша қасиеттерді  дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр. Қайта ұйымдастырудың алдында тұрмыз», - деді ол.

Өз кезегінде Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің  ғылыми жұмыс және интернационалдандыру бойынша ректор орынбасарының  міндетін атқарушысы Әлімжан Бекмағамбетов мамандарды жұмысқа алу кезінде өңірдің ерекшелігі ескерілетінін атап өтті.

«Біз өңірдің ерекшеліктері мен елдегі жаңашылдықтарды ескереміз. Біздің өңір аграрлық болған, қазір индустриалды аграрлыққа айналды. Биыл интернационалдандырудың даму қарқыны өсіп тұр. Біз көп бағыттар бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Ә.Бекмағамбетов.

Сондай-ақ, ол индустрияға жаңа технологиялар енгізіліп жатқан кезде маманға қойылатын ең басты талап бейімделгіш болуы екенін атап өтті.

«Маман жаңашылдықтарға талдау жасай алатын қасиеттерге ие болуы керек. Үштілділікке келетін болсақ, көп студенттер шетелде білім алуға ұмтылғанымен, оны жүзеге асырған кезде туған елін сағынып, патриоттық сезімі ұлғая түседі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да соған көзделген еді. Гарвард университетінің зерттеу нәтижесінде  өз мансабын құру  сәттілігінің  15  пайызы ғана дипломына қатысты екені белгілі болды. Әрі қарай көп еңбектену керек. Қалған 85 пайызы адамның эммоционалдық интеллектіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, уақытты үнемдеуіне тікелей қатысты болып отыр», - деді Ә.Бекмағамбетов.

Сонымен қатар, ректор орынбасарының міндетін атқарушы айтып өткендей, қазіргі цифрлық буынға ЖОО-лар бейімделуі керек.

Сондай-ақ, ол жұмысқа келетін мамандардың жалақысына қатысты құрылымдық трансформация жүргізілгенін атап өтті.

«Біз барлық құрылымдарды зерттей келе, өзгеріс, трансформация болмай, алға қарай жылжу болмайтынын түсіндік. Бұл экономикалық қағидаға да қатысты. Осы орайда,  біз тиімсіз жұмыс істейтін құрылымдарды жою   есебінен жаңа оқу жылында  басқаша қадам жасалатын болады. Бізге мамандар конкурстық  жолмен жұмысқа орналасады. Бәсекеге қабілетті мамандар таңдалатын болғандықтан, әр келуші маманның тың идеясы мен жұмыс стратегиясы болуы керек. Көрсеткіштерді арттыру бойынша көзқарасы болуы керек», - деді Ә.Бекмағамбетов.

Сондай-ақ, ол жақында Қостанай облысына Премьер-Министр Асқар  Маминнің келуі жоспарланып отырғанын  айтты. Сол кезде осы мәселелер қарастырылатын болады.

Ал, жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген Алтынбек Медетхан Францияда білім алған.

«Мен Франция университетінің бірінде «Электроника, электроэнергетика және автоматика» мамандығын тәмамдадым. «Абай-Верн» Франция мен Қазақстан елшілігінің арасындағы екіжақты бағдарлама болып табылады. Қазір Францияда тағылымдамадан өтіп жатырмын. Сол аяқталған соң бірден жұмысқа тұрып кетсем деген ойым бар. Бүгін энергетикалық компанияларды қарастырып жүрмін. Машина жасауға қатысты компаниялар да қызықтырады. Шетелде оқығаннан кейін және инжиниринг саласында  3 жыл еңбек өтілім болғандықтан еңбекақымнын орташадан жоғары болғанын қалаймын», - деді ол.

Сондай-ақ, ол жас маман қиындықтарға мойынсұнбай, оны мүмкіндік ретінде қабылдау қажеттігін айтты.

«Адам тек жалақыға ғана қарамауы тиіс. Ол тұлға ретінде үнемі даму жолында болуы керек. Өзінің компаниясы мен еліне  үлес қосу жолында жұмыс істеуі керек», - деді ол.

Жәрмеңкеге халықаралық университеттерден шамамен 500-ге жуық түлек қатысты.

Аягөз Құрмаш

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды