• Басты
  • Жарты жылда қанша қазақстандық Бірыңғай жиынтық төлем төледі
7 Тамыз, 2019 14:51

Жарты жылда қанша қазақстандық Бірыңғай жиынтық төлем төледі

2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналып Бірыңғай жиынтық төлем салығы енгізілген болатын. Бұл жаңалық – салық органдарында ресми емес жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеудің оңайлатылған тәртібін іске асырады. Сонымен қатар аталған азаматтар Бірыңғай жиынтық төлем арқасында еліміздің медициналық және зейнетақы жүйелеріне қатысуына қосымша мүмкіндіктер тудырады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Абулхатин Strategy2050.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Бірыңғай жиынтық төлем режимінің қалай жүзеге асырылғаны туралы мәлімет берді.
Жарты жылда қанша қазақстандық Бірыңғай жиынтық төлем төледі

- Ерболат Махамбетұлы, Бірыңғай жиынтық төлем мөлшері туралы айтып беріңізші?

- Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері республикалық маңызы бар қалаларда, ел астанасында және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын тұрғындар үшін ай сайын төлем 1 айлық есептік көрсеткіштің мөлшері көлемінде болады.  2019 жылғы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері - 2525 теңге. Ал,  елді мекен, аудан орталықтарында тұратын  тұрғындары үшін оның мөлшері 0,5 айлық есепті көрсеткіш көлемінде немесе 2019 жылға оның көлемі 1263 теңге болады. Сондай-ақ, Бірыңғай жиынтық төлем көлемі «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жыл сайынғы белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде болады.

- Бірыңғай жиынтық төлемді қалай төлеге болады және бұл қаражат қайда түседі?

- Бірыңғай жиынтық төлем қолма-қол ақшамен немесе банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы немесе «Казпошта» бөлімшелерінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының  банктік шотына ақша аудару арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, 2019 жылдың наурыз айынан бастап Egov порталы арқылы онлайн төлеуге мүмкіндік туды. Мемлекеттік корпорация өз кезегінде бірыңғай жиынтық төлемнің сомасын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және тиісті бюджетке төлеушінің тұрғылықты жері бойынша бөледі және аударады.

- Бұл төлем қаншалықты ерікті?

- Бірыңғай жиынтық төлем - әр тұлғаның қалауы бойынша ерікті түрде жүзеге асырылатынын айта кетейін. Бұл жүйеге қатысу, қатыспау әрбір жеке тұлғаның өз еркі. Егер оны жүзеге асырмаса, ешкім ешқандай әкімшілік-құқықтық шара қолданылмайды.

- Жаңа режим бойынша төлем жасауға қатысқысы келетіндерге қандай оңтайлы шаралар іске қосылды?

- Иә, азаматтар үшін жеңілдетілген тіркеу рәсімі жасалды. Салық органдарында ресми емес жұмыспен қамтуды тіркеудің жеңілдетілген тәртібінің басты мақсаты - өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалардың, адамдардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне қатысуын қамтамасыз ету.

- Аталмыш төлем түрі басталғалы бері қанша БЖТ төленгені туралы мәлімет бар ма?

- Осы, яғни 2019 жылдың 31 шілдесіндегі жағдай бойынша Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің саны 153 061 адамды құрады. Қалалар бойынша олардың саны  - 60 392 адам болса, ауылдық елді мекендерде - 92 669 адам. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 455,6 миллион теңгеге 256 772 төлем жасалып үлгерген. Оның ішінде 104 122 төлемді Елордамыздың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары жасаған, оның жалпы сомасы - 262.9 миллион теңге. Ал, 152 650 БЖТ төлемі ауылдық елді мекендердің тұрғындарына тиесілі. Ол бойынша жалпы қаражат мөлшері 192.7 миллион теңге.

- Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғаларды есепке алу қалай жүргізіледі?

- Аталмыш жағдай туындаған кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке сәйкестендіру нөмірі негізінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің жеке жазбасын жүргізеді және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің жеке жазбаларын жаңартып отыратын болады.

- Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу механизмдеріне тоқталып өтсеңіз?

- Бұған қатысушылардың төлемі  дербес жүзеге асырылады. Алайда, үшінші тараптың жеке тұлғаның пайдасына, оның деректерін, «ААЖЖЖЖ» (айы мен жылы) форматында жүргізілетін күнтізбелік жылдың айын көрсетіп, төлем жасауға рұқсат етіледі. Мәселе мынада: банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар алынған БЖТ сомасын MT-102 форматындағы Электрондық төлем тапсырмаларымен Мемлекеттік корпорацияға аударады (төлем тапсырмасы). MT-102 форматындағы төлем тапсырысында жеке сәйкестендіру нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұлғаның туған күні, БЖТ төленген кезең (ай, жыл) көрсетіледі. Осылайша, БЖТ төлеу тетігі өте қарапайым. Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы Бірыңғай жиынтық төлемін екінші деңгейдегі банктер, «Қазпошта» филиалдары арқылы, сондай-ақ мобильді банкинг қосымшалары арқылы төлей алады.

- Қорытындылай келе, азаматтарға БЖТ төлеудің негізгі артықшылықтары туралы не айта аласыз?

- Бірыңғай жиынтық төлем жүйесіне қатысу тек ресми емес жұмыспен қамтылған азаматтардың қызметін тіркеуге ғана емес, сондай-ақ ол төлеушілерге көптеген мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Мәселен, олардың ресми жұмыспен қамтылғандар сияқты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Әлеуметтік қауіп-қатер туындаған кезде әлеуметтік жәрдемақы алуға (мүгедектік, асыраушысынан айрылу, жүктілік және босану, баланы асырап алу, 1 жасқа дейінгі бала күтімі) жол ашық. Сонымен бірге жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысады және жүйеде жұмыс өтіліне байланысты зейнетақы төлемін ала алады.

P.S. "Азаматтарға арналған үкімет" МК КЕАҚ жеке тұлғадан алынған Бірыңғай жиынтық төлем сомасынының 10% -ын – жеке табыс салығына (ЖТС), 20%-ын – әлеуметтік аударымдарға (ӘА), 30%-ын  – міндетті зейнетақы жарналарына (МЗЖ), 40%-ын  – міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға (МӘМС) аударымдар жасайды. Бұдан өзге де мәліметтер туралы  электронды үкімет Egov порталынан біле аласыз.

Айдана Абдрахманова

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды