• Басты
  • Өңірлер: Сенаторлар мемлекеттік бағдарламалардың жұмысымен танысты
2 Тамыз, 2019 10:56

Өңірлер: Сенаторлар мемлекеттік бағдарламалардың жұмысымен танысты

Сенаторлар өңірлерге сапарын жалғастырып жатыр. Мәселен, Парламент Сенатының депутаттары Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Ақмола облысындағы жұмыс бабындағы сапары барысында бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Өңірлер: Сенаторлар мемлекеттік бағдарламалардың жұмысымен танысты | Strategy2050.kz

Депутаттар  Ерейментау ауданының Новомарковка ауылында болып, «Жаңа Береке» серіктестігінің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты.

Мекеме басшысы Айдар Нығметовтың айтуы бойынша, шаруашылықтың басты мақсаты – өндірілген кластерді - бұзаудан дайын өнімге дейін жеткізу және мемлекеттік бағдарламалар мен инвесторлар арқылы экспортқа шығу екенін атап өтті. Р.Әкімов мал шаруашылығы саласын дамытумен айналысатын серіктестіктің қызметіне оң баға берді.

Сенат депутаттары «Хамзе» шаруа қожалығының 400 бас симментал асыл тұқымды ірі қара малы бар сүт фермасында да болды. 2017 жылдың мамыр айында іске қосылған ферманы дамытуға 400 миллион теңге несие берілген болатын. Ферма директоры сенаторларды «Хамзе» ауыл шаруышылық сүт фермасының барлық жұмыс құрылымымен таныстырды.

Сенаторлар Ақсуат ауылындағы «Aizet Farms» серіктестігінде де болды. Мұнда «Агробизнес» бағдарламасы бойынша Аустралиядан 2200 бас асыл тұқымды Aberdeen Angus малы әкелінген болатын. Р.Әкімов аталған кәсіпкерлік субъектілерінің одан әрі табысты дамуы үшін оларға толықтай мемлекеттік қолдау болатынын, оның ішінде субсидиялар түрінде берілетінін айтты.

 Сенат депутаттары Д.Әдiлбеков және Р.Әкімов сол күні жұмыс сапарымен Аршалы ауданындағы Михайлов ауылдық округiне барып, ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерiмен кездесті.

Атап айтқанда, жеке инвестициялардың үлесi, еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, ауданның агроөнеркәсіп саласы бойынша мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыру мәселелерi қозғалды.

Сондай-ақ, депутаттар Дәурен Әділбеков пен Рашид Әкімов Ақкөл аудандық әкімдігінің ғимаратында орналасқан жұмыспен қамту орталығында және Open Space бетпе-бет кездесу кеңсесінде болды.

Сенаторлар жаңартылған әрі таяуда жабдықталған ғимараттың ерекшеліктерімен танысты. Мұнда шілде айында 86 мемлекеттік қызмет көрсетілді және 55 адам жеке қабылдауда болған еді. Open Space кездесу кеңсесі жеке бағаналы бірыңғай ашық кеңістік болып табылады.

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай,  мамандар мұнда туындаған мәселелер бойынша кеңес береді әрі құжаттарды қабылдайды. Адамдарға рәсімдердің сапалы әрі қолайлы болуы және қысқа мерзімде қажетті қызметтерді көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған.

Сенат депутаттары Smart Aqkol ахуалдық орталығында да болды. Онда қаладағы барлық кіші жүйелердегі деректер ақылды қаланы басқарудағы бірыңғай қорғалған тұғырнамасына жиналады. Жоғарыда айтылған белгі беру құралдары арқылы анықталған оқиғаларды тиісті сенсорлар бейне қабырғада көрсетеді.

70-тен астам интеллектуалды бейнебақылау камераларының жұмысы көрсетілді. Р. Әкімов пен Д.Әділбеков Ақкөл ауданына жұмыс сапарының соңында «Еңбек» серіктестігінде де болды. Директор К.Рақышев жалпы ауданы 1278 шаршы метр болатын майлы және дәнді дақылдардың тұқымдарын кептіру, тазалау және сақтау кешенін көрсетті.

Сонымен қатар, Дәурен Әділбеков пен Рашид Әкімов Ақмола облысының Степногорск қаласында болды. Сенаторлар сапар аясында «Kazakhaltyn Technology» серіктестігінің басшылығымен кәсіпорын жұмысының нәтижелерін талқылап, еңбек ахуалымен танысты.

Кездесу барысында кәсіпорын басшысы Семен Хан өндірісті кеңейту жөніндегі жоспарлар туралы хабардар етіп, жұмыс орындары қысқармайтынын атап өтті.

Жұмысшылар әңгіме барысында Степногорск-Заводской жолын жөндеу мәселесін шешу туралы сенаторлардан көмек сұрады.

Ақмола облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығы мекемесі филиалының Степногорск қалалық бөлімінде сенаторларға электрондық қызмет көрсету жұмыстары көрсетілді. Негізгі көрсетілетін қызметтердің барлық түрлерінен басқа, мұнда көлік жүргізу және көлікті қайта тіркеу құжаттарын тапсыру мүмкіндігі бар.

Сенат депутаттары сондай-ақ көп балалы Жарымбаевтардың отбасында да болды. Отбасы басшысы Асқар Жарымбаев «ЕПК-Степногорск» акционерлік қоғамында еңбек етеді.

Кәсіпорын мен Степногорск әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы биылғы меморандум аясында көп балалы отбасына үш бөлмелі пәтер бөлінді. Пәтер иелері 4 бала тәрбиелеп отыр.

Сенат депутаттары қалалық әкімдік ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «Қолжетімді әкімдік» кездесу кеңсесінде де болды. Аудан әкімінің орынбасары Досхан Әміринов тұрғындарды кедергісіз жұмыс істеуді дамыту мақсатында енгізілген кездесу кеңсенің жұмысымен таныстырды.

Өз кезегінде  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Бектұрғанов Қостанай облысындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысымен танысты.

Генерал Бәкіров атындағы жазғы сауықтыру лагерінде Рудный қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері демалуда. Сенатор жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру, тамақтану және демалу жағдайларымен танысты.

Сенатор С.Бектұрғанов сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерінде генерал Бәкірова балалар үйінің түлектерімен әңгімелесті. Балаларды одан әрі оқыту, олардың колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу, сондай-ақ жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.

 Сенатор әңгіме барысында жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау шарттары туралы айтты.

Ал, Парламент Сенатының депутаттары Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысындағы жұмыс сапары барысында Железин ауданының Башмачное ауылдық округіндегі «Agro Capital» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Мекеме басшысы Арман Қазымбетов депутаттарға суармалы жерлердің жағдайы және шаруашылықты одан әрі дамыту мәселелері туралы айтып берді. Сенаторлар Прииртышский ауылдық округіндегі «Неупокоев В.И.» шаруа қожалығының алқабында да болды.

Шаруа қожалығының басшысы Владимир Неупокоев көктемгі егіс жұмыстарының уақытында аяқталғанын айта келіп биыл Беларусь елінен жаңа тұқым себу кешенін сатып алғанын, жаңа техника ауыл шаруашығылығы жұмыстарында тиімді болып отырғанын атап өтті.

Қожалық жұмысшылары суармалы жерлермен де жұмыс істеуді көздеп отыр.

«БОЛАШАҚ-АГРО» серіктестігінің алқабында болған кезде шаруашылық басшысы Қуат Анафин суармалы жерлердің жағдайы туралы сенаторларды хабардар ете келіп, алдағы уақытта суармалы жердің аумағын 700 гектардан астамға дейін ұлғайту жоспары туралы айтты.

Депутаттар сумен қамтамасыз ету мәселелеріне және жергілікті халық бұрыннан суын пайдаланып келе жатқан Подстарое көлінің жағдайына назар аударды.

Сенаторлар Қазақстан мен Ресейдің шекарасындағы Өрлітөбе өткізу бекетінде болды. Депутаттар тексеру-өткізу бекетіндегі төлқұжаттарды, жүктерді тексеру-бақылау жұмыстарының барысымен танысты.

Сондай-ақ, Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысындағы сапары аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшылығымен және жедел құрамымен кездесті.

Сенаторлар кездесуде елдегі әлеуметтік-саяси жағдай, экономикалық және әлеуметтік салалардағы тұрақтылықты нығайту жөніндегі мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Сонымен қатар, конституциялық құрылысты қорғау, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ҰҚК-нің басым міндеттеріне қатысты мәселелер туралы да айтылды.    

М.Көбенов аймақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамыту үшін Павлодар облысының ерекшеліктерін (бай табиғи ресурстар, өнеркәсіп пен көліктің ірі нысандары, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, Ресейдің ауқымды аймақтарымен көршілес болу, көші-қон ағыны және т.б.) пайдалану қажеттігін атап өтті. 

Н.Нұрсипатов құқық қорғау органдары мен сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелерге тоқталды. Жастар арасындағы радикалды діни идеологияның алғышарттары, ықтимал қауіп-қатерлері мен таралу үрдісі туралы да айтылды. Еліміздің азаматтарын елге қайтаруға арналған «Жусан» операциясының маңызы ерекше аталып өтілді.

Кездесу соңында билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, әкімдіктердің, жергілікті өкілді органдардың, прокуратураның және құқық қорғау құрылымдарының қызметін үйлестіруді күшейту мәселелері қаралды. 

Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халықаралық терроризмге және діни экстремизмге тиімді қарсы іс-қимылды ұйымдастыруға қатысты Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттар бойынша жұмыс деңгейін арттыру қажеттігі атап өтілді.

Әңгіме барысында әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын арттыру мәселелері де талқыланды.

 

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды