• Басты
  • «Жастар кадрлық резерві» жобасы жастардың қызметке тұруына көмектеседі
26 Шілде, 2019 18:34

«Жастар кадрлық резерві» жобасы жастардың қызметке тұруына көмектеседі

Биыл «Жастар кадрлық резерві» жобасына 10 жыл толды. 2009 жылы бастау алған бұл жобаға Елбасы Н.Назарбаев ұйытқы болып, мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық салада заманауи және тиімді менеджерлердің жаңа буынын қалыптастыру міндеттерін жүктеген болатын. «Болашақ» қауымдастығы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранты аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен оныншы мейрейтойлық «Жастар кадрлық резерві» жобасын бастады.

«Жастар кадрлық резерві» жобасы жастардың қызметке тұруына көмектеседі | Strategy2050.kz

Жоба 19 бен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Еліміздің барлық өңірлерінен жас үміткерлер қатысады деп күтілуде. 10 жыл ішінде 15 мыңнан астам жас осы жобаға қатысып, оның 4 мыңнан астамы Қазақстан Республикасының парламентінде, орталық мемлекеттік органдарда және ауқымды ұлттық компанияларда іс-тәжірбиеден өтіп, қызметте өсуіне мүмкіндік алған.

Үш кезеңнен тұратын байқаудың бірінші кезеңінде яғни, 26 шілде мен 5 қыркүйек аралығында өтінім қабылдау басталады. Өтінім беру жобаның ресми сайтында http://jastar-reserv.kz/ жүзеге асырылады. 17-25 қыркүйек аралығында өтетін әңгімелесу кезеңіне 51 адам іріктеліп алынады. 

«Қазірдің өзінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлық белсенді жастарды жобаға қатысу үшін өтінім қалдыруға шақырамын. 5 қыркүйекке дейін өтінімді қабылдаймыз. 16 қыркүйек күні қорытындысы белгілі бола бастайды. Іріктеліп алынатын 51 адам Нұр-Сұлтан қаласында тренингтерге қатысатын болады. Содан кейін ғана іс-тәжірибеден өтуге жіберіледі. Жақында біз парламент сенатымен меморандумға қол қойдық. Біздің қатысушылар парламент сенатында да тәжірибеден өтетін болады», - деді «Bolashaq» Қауымдастығының атқарушы директоры Демесінова Лаура.

Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Жапал Долиев осы жоба арқылы ауылда жүрген қарапайым жас жігіттің өмірінің қалай өзгергенін баяндап берді.

 «2008 жылы осы жоба туралы естіп, құжаттарымды өткізгенмін. Өзім Оңтүстік Қаақстан облысындағы ауылданмын. Ауыл баласы осы жоба арқылы бірден орталық мемлекеттік органға тәжірибеден өтіп, қызметтте көтерілуіне мүмкіндік алды. Жас мамандарды ауылға қалай алып келеді, деген оймен өзімнің жобамды ұсынып көріп ем, өттім. Сөйтіп 2009 жылы бірінші кезеңде бүкіл Қазақстан бойынша 32 адам іріктелдік. Сол 32 адам 7-8 ай көлемінде Астана қаласында болдық. Өзім Президент академиясында, Мәдениет, ақпарат министрлігінде тәжірбиеден өттім. Сол жерде жүріп Монополияға қарсы агенттікте жұмыс орны бар екенін естіп, онда бағымды сынап көруге тырысып, құжат тапсырып көрдім. Осы жоба қарапайым ауыл баласының өмірін күрт өзгертті. Ауылда мал бағып жүріп, армандайтынбыз. Осы «Жастар кадрлық резерві» арқасында ауқымды мемлекеттік органға жұмысқа тұрдық», - деді Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Жапал Долиев.

Бір қызығы осы жобаны биыл қаржыландырып отырған мекеме, яғни «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жоба менеджері Шырын Тіленшиева да осы жобаның түлегі болып шықты. Оған бұл жоба қызметке тұруға көмектескен. Шырын Тіленшиева да ауылдан шыққан. Ол Алматы облысы, Панфилов ауданы, Шолақай ауылының тумасы.

«Осы жылы «Жастар кадрлық резерві» жобасы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның гранттық қаржысы арқылы жүзеге асады. Аталмыш жоба маған да кезінде үлкен өмірге жолдама берген. Жалпы алғанда 2019 жылы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы еліміз бойынша 108 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға грант бөлді. Бөлінген гранттардың жалпы қоры 3 млрд теңге. Ал, қазір біздің гранттың байқауға қатысқан 16 жобаның нәтижесі шықты. Қазіргі уақытта 15 үкіметтік емес ұйым – 450 млн теңгенің жобасын жүзеге асырады», - деді Шырын Тіленшиева.

Брифингте «Nur Otan» партиясына қарасты Талдау, болжау және стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары, осы жобаның түлегі  Евгений Кочетов та өз ойымен бөлісті.

«Бұл жастардың арманы мен мақсатына көмектескен ең сәтті жоба болып отыр. 2009 жылы осы шара басталғанда  мен де қатысып, шәкірт атандым. Өз кәсіби бағытын іздеп жүрген жастарға «Жастар кадрлық резерві» жобасына қатысуға кеңес берер едім. Сонымен қатар бұл кәсібін өзгертуге батылы бармай жүрген жастар да осы жобада бағын сынап көруге болады»,  -  деді Евгений Кочетов.

Естеріңізге сала кетейік,аталмыш жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның грантымен қаржыландырылып отыр. Бұл орталық үкіметтік емес ұйымдарға, қоғамдық ұйымдарға, қоғамдық қорларға, қайырымдылық ұйымдарының, жастар ұйымдарының жобаларына грант бөлумен айналысады.  Мемлекеттік гранттар туралы ақпаратты орталықтың сайтынан (https://cisc.kz/kz) және арнайы әлеуметтік желілерінен (cisc_official, инстаграм) біле аласыз.

Ұйымдастырушылар мен жобаға қатысушылар «Жастар кадрлық резерві» жобасы жастардың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына, өмірлік және кәсіби біліктілігін арттыруға, әлеуметтік-экономикалық, саяси тұрғыда өсіп-жетілуіне ықпал ететінін айтады.

Айдана Абдрахманова

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды