• Басты
  • Білім беру жүйесін жаңғырту міндеттері
25 Шілде, 2019 15:56

Білім беру жүйесін жаңғырту міндеттері

Елімізде білім беру саласын сапалық жағынан жақсарту, оны басқару мен қаржыландыру, құқықтық-заңнамалық базасын орнату бойынша қыруар жұмыс атқарылды. ҚР Заңдары, даму тұжырымдамалары, Елбасының Жолдаулары мен стратегиялық құжаттарында жоғары білім беру саласының адами капиталды дамытудағы айрықша орны көрсетілген. Әсіресе, оқу орындарын автономдық басқаруға көшу, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау, қағазбастылықты азайту, оқу ақысын реттеу, жаңа формацияның басшыларын даярлау, ғылым мен білім қаражатын ұлғайту мәселесі жиі көтеріліп келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында осы бағытта бірқатар маңызды шаралар қабылданды.
Білім беру жүйесін жаңғырту  міндеттері

ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз қызметіне кіріскелі бірнеше ұлттық университет басшылары мен осы салаға жауапты министрлерді қабылдап, оқу орындарындағы олқылықтар мен оны дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді. Себебі, әлемдік нарықтағы мамандықтарға деген сұраныс пен оқу орындарының арасындағы бәсекелестіктің артып келе жатқаны анық. Мәселен, көршілес Қытайдың ЖОО әлемдік «ақыл орталықтарымен» иық тірестіре бастады. «Жэнмин жэбао» газетінің хабарлауынша, құрлықтық Қытайдың 6 университеті британдық Times Higher Education (THE) компаниясының рейтингісі бойынша әлемнің үздік 100 оқу орны қатарына енген.

Бұл рейтингті әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам ғалымдар анықтайды екен. Қытай ЖОО қатарында Цинхуа университеті, Бейжің университеті, Фудан университеті, Қытай ғылыми-техникалық университеті, Шанхай көлік және Чжэцзян университеттері бар. Цинхуа ниверситеті қытайлық оқу орындарының ішінде алғашқы, ал әлемдік тізімде 14-орын алған.  «Бір белдеу, бір жол» инициативасы аясында мемлекеттердің өзара студентпен алмасу көлемі де артып келеді. Сондықтан, қазақстандық оқу орындарының бәсекелік қабілеті, тиімді басқару мен мамандардың сапасы өзекті бола түспек. Қазіргі кезеңде қазақстандық ЖОО модернизациялаудың негізгі 3 мәселесі алда тұр: тиісті қаражат бөлу, нарыққа тән оқу орындары мен бағдарламасын жасау, оқу орындарын тиімді басқару жүйесін орнату.

Білімге берілетін қаражат

Биылғы жылы елімізде ғылымға бөлінетін қаражат ЖІӨ 0,13 % ғана құраған, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 2,5 %-ға жеткен. Президент  ғылымға бөлінетін қаражаттың тиімділігі өте төмендігін атап өтті. Мамандардың айтуынша, ғылымға бөлінетін ақша ЖІӨ 1,5 %-дан төмен болса, толыққанды нәтиже бермейді. Осы мәселені ескере отырып, дайындалып жатқан білім мен ғылымды дамыту бағдарламасында қос салаға бөлінетін қаражатты ЖІӨ 5 пайызына дейін жеткізу міндеті қойылды

Сарапшы Р.Ошақбаевтың пікірінше «Мұғалімнің мәртебесі мен беделіне қатысты қаншама заңдар қабылдасақ та, негізгі мәселе еңбекақы болып қалатынын ұмытпау керек. Бұл мәселені тек еңбекақыны көтеру арқылы ғана ретке келтіруге болады».

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдары көрсеткен қызметтердің көлемі 505732,1 млн. теңгені құрады, соның ішінде 81,5%-ы бюджет есебінен, 16,0%- халықтан түскен қаражат есебінен, 2,5% - кәсіпорындар қаражаты есебінен орындалды. (http://stat.gov.kz/official/industry/62/statistic/5) Білім саласының әр сатысындағы қызметтің ауқымы төмендегі кестеде көрсетілген. Білім саласына берілетін қаражатты арттыру арқылы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқытушылардың имиджін нығайтуға болады. Ол туралы ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылы 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында арнайы тоқталды. Білім беруге қатысты айтылған негізгі міндеттер:

1. Кәсіби білікті мамандар тапшылығы, түлектердің еңбек нарығының талаптарына сай келмеуі.

2.«Педагогтың мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындап, жыл жыл соңына дейін аяқтау. Мұғалімдер Заңның игілігін көруі қажет.

3. Отандық ғылымның дамуына лайықты көңіл бөлу.

Нарық пен үдерістің үдесінен шығу

Білім берудің түйткілді сұрақтары Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында да қозғалды. Технологиялық өзгерістер мен енгізілген инновациялар өмір бойы жаңа дағдыларды игеруді талап етеді. 2025 жылға дейін Қазақстанның еңбек нарығына 2 миллионға жуық жастар шығады. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев жұмыс берушілердің талабы мен әлемдік үдерістерге сәйкес жоғары және арнайы-кәсіптік білім беру саласын модернизациялау жұмыстарының басталғанын айтты. Сол мақсатта алдағы үш жылда 180 алдыңғы қатарлы колледж және 20 ЖОО нығайылатын болады. Қысқасы, білім беру бағдарламасы бүгінгі нарық пен болашақтағы экономиканың сұранысын толығымен ескеруі тиіс. Өйткені, Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс білім мен дағдыларға деген талапты күшейтіп келеді. Осы орайда Президент Үкіметке 2025 жылға дейін 10 мың маңызды саланың мамандарын дайындап, әр облыста жұмыс орнын ашу Картасын құруды тапсырды.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, ҚР ЖОО студенттердің саны 2018 жылы 542 458 адам, оның ішінде 292231 адам әйелдер. 2008 жылы олардың саны 633 814, әйелдер – 369 745 болған. Ондағы оқытушы профессорлардың саны 2008 жылы 37 814 болса, 2018 жылы 38 275-ке жеткен. 2011-2014 жылдары ол көрсеткіш 40 мыңнан асып жығылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 124 оқу орны бар. Оның 41 – Алматы, 14 – Астана қаласында орналасқан. Ал, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әрқайсысында 2 оқу орындары бар. 

Елбасы Н.Назарбаев биыл Жастар жылының салтанатты ашылуында «Назарбаев университетінің» үлгісінде аймақтарда оқу орындары болуы керек деген еді. Оңтүстік аймақты Жібек Жолындағы ғылыми-интеллектуалдық орталыққа қайта айналдыру үшін халықаралық дәрежедегі оқу орны салынуы тиіс. Мұндай университет Түркістан облысының ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, қысқасы, түркі әлемінің заманауи мамандарын дайындайтын білім мен инновацияның хабына айналатын еді.

Сарапшы Н.Қиясовтың ойынша, Гонконг ғылым және технология университетінің әлемидік үздік 10 университет қатарына ену үшін 10 жыл және Гарвардтан 10 есе аз қаражат жұмсалған екен. Энергия, талантар мен ресурсты үйлестіре отырып, 10 жыл ішінде әлемдік дәрежедегі зерттеу университетін қалыптастыруға болады. 

Конкурспен іріктеу – жаңа талап

Биылғы жылы 17 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына жауапты жаңа басшы А.Айтмағамбетовты қабылдап, ұлттық университеттердің ректорларын конкурстық негізде Үкімет қаулысымен тағайындау туралы нормативтік құжат дайындауды тапсырды. Сонымен қоса, жаңадан әзірленіп жатқан Білім саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да талқыланды. Біз білетіндей, елімізде 10 ұлттық статустағы жоғары оқу орны бар. Олар:

-Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

-Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

-Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті

-Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет

-Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

-Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы

-С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті

-Қазақ ұлттық аграрлық университеті

-Қазақ ұлттық хореография академиясы

-Қазақ ұлттық өнер университеті

Ал, мемлекеттік университет ректорларын сайлау процедурасы 2016 жылы енгізілген еді. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректорларына ашық конкурс жарияланып, Республикалық комиссия өткізген қабылдау процедурасынан кейін жауапты министрлік тиісті кандидаттарды бекіткен еді.

Конкурс талаптары бойынша үміткерлер жоғары білімді, басшылық лауазымдағы өтілі 5 жыл, жұмыс тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі және оқу орнын дамыту жөніндегі өз бағдарламасын ұсынуы тиіс болды.  Бұл Үкіметтің алдағы бес жылға арналған білім мен ғылымды түбегейлі реформалаудың шешімі боларына сенім мол. 

Қорытынды

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық өзгерістері кезінде, білім мен ғылымды реформалау міндетті шаруа. Ұлттық білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісін кешуде.  Сондықтан, көптеген мемлекеттер үшін, өзінің білім беру жүйесінің модернизациясында дұрыс бағыт таңдау мәселесі тұр. Елімізде реформаның оңтайлы іске асуына көп жағдайда әкімшілік кедергілер, сыбайлас жемқорлық пен парақорлық, қағазбастылық кедергі келтіріп отырады. Айтылатын ойлар орынды болғанымен, орындалуы ойдағыдай болмай жататыны белгілі.

Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен кездесулердегі сөздерінде білім беру және жастар мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Еліміздің жоғары білім беру жүйесі жетістіктерге қол жеткізіп, кезең-кезеңімен іске асатынына соңғы шешімдер мүмкіндік береді.

Олжас Бейсенбаев

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды