• Басты
  • Ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдыратын бағдарламалар
25 Шілде, 2019 12:41

Ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдыратын бағдарламалар

Мемлекеттік бағдарламалар әр тұрғынға несие алып, өз кәсібін ашуға зор мүмкіндік жасап жатыр. Аймақтарда, ауылдарда мемлекеттік несиенің көмегі арқылы кәсібін ашқан тұрғындар жетерлік. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдыратын  бағдарламалар

Тек биылдың өзінде маңғыстаулық ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттен 821 миллион теңгенің қолжетімді несиесі берілген. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен осыған дейін 746 миллион теңге бөлінді. Ауыл кәсіпкерлерін қолдау мұнымен шектелмейді. Бұған қоса Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өз қаражатынан ауылдық жобаларға 150 миллион теңге бөлді.

Аталған қор төмен процентпен ауыл тұрғындарына несие ұсынып келеді. Ауыл жобаларын қаржыландыру тиімді шарттармен жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында  кәсіпкер боламын деген жұмыссыз азаматтарға, кәсібін әрі-қарай кеңейтемін деген бизнес иелеріне 6 процентпен  несие алу мүмкіндігі бар.

Маңғыстау облысында осындай мемлекеттік қолдауға ие болып отырған кәсіпкерлермен жүздестік.

Мұнайлы ауданы Баянды ауылының тұрғыны Амангелді Өскенов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 4 миллион теңге несие алып, бес боталы түйе сатып алған. «Айбек» шаруа қожалығы күніне екі мезгіл жеті түйе сауып, 15-20 литр сүт алады. Мейрамханалар мен көрші-көлемге дайын шұбаттың литрін 600 теңгеден сатып отыр.

«Біз кішкентайымыздан түйемен өскен адамдармыз. Оның бабын білеміз. Несие алғанға дейін де өз күшімізбен кәсіпті ақырындап бастап кеткен болатынбыз. Қазір бәрі жақсы, алған малдарымыз өсіп жатыр. Пайдасын көріп, шұбатын ішіп отырмыз. Малымыз өзінің жем-шөбін де ақтайды. Жұмыс істеймін деген адамға табылады. Малдың пайдасы мол. Тірлік еткен адам нанын табады», - дейді Амангелді Өскенов.

Жұмыссыз адам несие алу үшін аудандық Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Бастау бизнес» жобасының курсынан өтуі керек. Өз кәсібін жаңадан бастап жатқандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі.

«Ауылда кәсіпкерлікпен айналысатындарға 4, 6, 12 миллион теңгеге дейін несие береміз. Берілетін несие көлемі жобаның мақсатына байланысты. Қор тарапынан мал мен құс өсіру бойынша «Игілік» несие өнімі, кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Кәсіпкер», сүт қабылдау бекеттерін дамытуға арналған «Бірлік», тауарлы сүт фермаларын құру және кеңейту бойынша «Ырыс» несие өніміміз бар», -  дейді  Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалындағы несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүйсенбаева.

Маңғыстау өңіріндегі бес аудан да бұл бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда филиалда жалпы сомасы 300 млн теңгеге жуық жобаны несиелеу өтінімдері қарастырылуда. 

Ауыл шаруашылық бизнес түрлерімен қатар, Қор ауылда іске асырылатын басқа да кәсіпкерліктерді қаржыландырады. Ең бастысы – бұл қызметтер ауылды жерлерде көрсетілу керек.

Осы бағдарламамен ауыл кәсіпкері атанған Куватовтар отбасы да кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатарында. Олар Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында мал шаруашылығын емес, типографиялық бизнесті дамытып отыр.

«Өткен жылы кәсіп ашуға бел будық. Ол үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» несиелеу бағдарламаларына жүгіндік. Осыған дейін жолдасым екеуміз типография ісімен айналысатын едік. Қордан 5 жылға 3 миллион теңге қаржы алып жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау білдіріп жатқанда ісімізді неге дамытпасқа?! Қазір кең форматты баспа аппаратын алдық. Алғашқыда айналдырып кету оңай болған жоқ. Жарнаманы күшейтудің арқасында жұмыс жанданды. Баспа аппараттарын көбейтіп жатырмыз», - дейді Маржан Куватова.

Несие сомасы бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатта игерілу керек. Несиенің тиісті бағыт бойынша пайдаланылуы қадағаланады.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен Маңғыстау облысында тағы бір бағыт қаржыландырылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында «Сыбаға» несиелік өнімі бар. Несиелер етті бағыттағы ірі қара мен ұсақ мал басын, техника мен құрылғыларды, мал азығын сатып алуға беріледі.

Оның ерекшеліктері мен жаңалықтарына тоқталсақ, берілетін несие көлемі – 12 млн. теңгеге дейін, мерзімі 7 жылға дейін. Сонымен қоса 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Осы уақыт аралығында шаруаңызды аяғынан тік тұрғызып алуыңызға мүмкіндігіңіз бар.

«Маңғыстау өңірінде қойды экспортқа шығарып отырмыз. Ауыл кәсіпкерлері несиелік қаржының арқасында ұсақ мал алып, оны бордақылап, екі жылдан кейін етін тапсырады. Бұл несиеге қол жеткізу үшін шаруашылықтың 150 гектар жері, қорасы болуы міндетті», - дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалындағы несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүйсенбаева.

Мәселен,   Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы «Астық» шаруа қожалығының басшысы Дулат Жақыповқа Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 4 процентпен 15 жылға 50 млн 500 мың теңге жеңілдетілген несие берілді.

Шаруа бұл қаржыға еуропадан 52 бас симментал тұқымды ірі қара мен жаңа беларусь тракторын сатып алды. Енді асыл тұқымды малы мен жаңа техникасы бар Дулат шаруашылығын одан әрі дамытпақ. 

Ал, Ақмола облысының жергілікті тауар өндірушілері «Ырыс»  Мемлекеттік бағдарламасы бойынша сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отыр.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»  АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметовтың айтуынша биыл қаржыландыру сомасы 155 млн теңгеге дейін артқан.

Бұрын жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға көмек көрсетілген болса, қазір бөлінген бұл қаражатқа мал шаруашылық кешенін салуға, мал мен техника, сиыр сауатын аппараттарды тоңазытқышымен қосып сатып алуға болады. Несиені беру мерзімі 10-нан 12 жылға дейін ұзартылды.

Несие бойынша жылдық сыйақы үстемесі 6%-ті құрайды, жылдық тиімді сыйақы үстемесі 6,4 %-тен аспайды. «Ырыс»  бағдарламасының шарттарынан бөлек, кепілдікке қатысты да өзгеріс бар. Бұрын несие алушының кепілдікке жылжитын немесе жылжымайтын мүлкі қойылса, енді несие есебінен сатып алынған техникалар мен құрылғыларды қосымша кепіл зат ретінде қоюға болады.

Сондай-ақ,  Павлодар облысының Малыбай ауылының тұрғыны Руслан Құрманов Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 9 500 000 теңге несиеге қол жеткізіп, оған 380 бас қой сатып алған.

Ірі қараға қарағанда шығыны аз деп есептеген шаруа, қой өсіргеннің тиімділігі мен артықшылықтары көп дейді. Осылайша, атакәсіппен айналысуға бел буған Русланның алға қойған жоспарлары да үлкен. Сіздің де жеке шаруашылықпен айналысып, табысқа кенелуге мүмкіндігіңіз бар. 

Қорыта айтқанда, мемлекет Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ауылдағы азаматтардың кәсіппен айналысуына барынша жағдай жасап, мол мүмкіндіктер беріп отыр.

Аягөз Құрмаш 

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды