Инвестициялар

Визасыз режим Қазақстанды инвестициялық тартымды елге айналдыра ма

Қазақстан Республикасында инвестициялық тартымдылық пен қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру үшін ҚР Ішкі істер министрлігі визалы-миграциялық режимді либерализациялау бойынша бірқатар шаралар қабылдап жатыр.
Нұр-Сұлтан22 Шілде , 19:27

Ал, осы уақытқа дейін Қазақстан 61 елмен визасыз режім орнатып үлгерді. Оның ішінде: біржақты тәртіп бойынша әлемнің 45 еліне  миграциялық қызмет органдарында тіркелмей-ақ 30 күнге дейінгі визасыз режим орнатылған. Сондай-ақ екі жақты негізде 19 елмен келісімдер жасалды. Оның ішінде: Әзірбайжан, Аргентина, Бразилия, Оңтүстік Корея, Куба, Біріккен Араб Әмірліктері, Сербия, Тәжікстан, Түркия және Эквадор елдеріне 30 күнге дейін, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Ресей және Украина елдеріне 90 күнге дейін визасыз режим орнатылған, сонымен қатар Қазақстан азаматтары Гонконгта 14 күнге дейін визасыз жүре алу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, қазақстандықтар Грузияда 1 жылға дейін, Арменияда 180 күнге дейін визасыз бола алады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше еліміздегі «Халықтың көші-қоны туралы» Заң бойынша Қазақстанға келген шетел азаматтары Қазақстан Республикасына келгеннен кейін бес күн ішінде тіркелуге міндетті болып саналады.

Ал, тіркеу  процессі келесі жолдар арқылы жүзеге асырылады:

-  экономикалық дамыған және әлеуметтік тұрақты 56 мемлекеттің азаматтары мен азаматшалары, сонымен қатар барлық шетелдіктер - Қазақстан Республикасына кіру кезінде Шекара қызметі арқылы тіркеледі;

 - виза арқылы кірушілер (тіркеу мекенжайы шақырту жасаған кезде тағайындалады және шекарадан өту кезінде іске қосылады)

- Визалы мирациялық порталы арқылы немесе Электронды үкімет порталы арқылы электронды түрде тіркелу, ал, тіркеу картасы қабылдаушы тараптың электрондық пошта мекенжайына жіберіледі;

- қабылдаушы тараптың көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшесіне жеке өтініші бойынша тіркелу, онда тіркеу туралы куәліктің көшірмесі де беріледі.

Ал, электрондық визасы бар шетелдіктер көші-қон қызметінде тіркелу процессінен босатылады.

Осы, яғни 2019 жылдың басынан бастап Қазақстанда пилоттық режимде шетелдіктерге электронды форматтағы бір реттік визаны рәсімдеу механизмі енгізілгенін айта кетейік. Сонымен, электрондық виза Визалық-көші-қон порталы (www.vmp.gov.kz) арқылы рәсімделеді. Электрондық виза қазақстандық тараптың көші-қон қызметінің бөлімшелерінде рәсімделетін шақыру негізінде шығарылады. Туристік электрондық визалар 117 мемлекеттің азаматтарына, бизнеске және емделуге арналған визалар - 23 мемлекетке беріледі.

Виза алушының паспортына мынадай талаптар қойылады:
- түпнұсқа шынайылығы және иесіне тиесілі екені күмән тудырмауы тиісті, ескертпелер, жазбалар, тазартулар мен түзетулер, жыртылған немесе тігілген парақтары болмағаны жөн;
- кем дегенде 2 бос парағы болуы керек;
- қолданылу мерзімі сұрау салынатын визаның әрекет ету мерзімі аяқталғаннан бастап 3 айдан ерте аяқталмауы тиіс;
- мерзімін ұзарту туралы белгілері болмауы керек.

Сонымен қатар, жол жүру құжатын (паспортты) ауыстырған кезде электрондық визаны қайтадан алу керек. Электрондық визадағы және жеке басын куәландыратын жол жүру құжатындағы ақпараттар арасында сәйкессіздік болған сәтте-ақ, электрондық виза жарамсыз деп танылады және бұл Қазақстанға кірерде кіргізуден бас тартуға себеп болуы мүмкін.
Көші-қон қызметінің мәліметінше, шетелдіктер Қазақстанға тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларының бақылау пункттерінен ғана электронды виза арқылы кіре/шыға алады. Мемлекеттік шекарадан өтіп, елде болған кезінде шетелдіктің паспорты және қағазға басып шығарылған электрондық визасы қолында болуы керек.
Электрондық визасы бар шетелдіктер көші-қон қызметтері органдарында тіркелуден босатылады. Қабылдаушы тұлғалар шетелдіктердің келген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде олар жайлы көші-қон қызметтерін хабардар етуі талап етіледі.

Қазақстанның визалы-миграциялық порталында электронды виза алу үшін нұсқаулық:

- электрондық виза ресімдеу үшін шетел азаматы веб-порталда тіркелуі тиіс (www.vmp.gov.kz);

-  Ондағы «электрондық виза» бөліміне бас сұғып, шақыруды растағаны жөн;

- электрондық виза алуға қойылатын талаптармен танысқаны абзал;

- және шақыру нөмірін енгізіп (нөмірді шақырушы тарап жібереді) және төлқұжат деректерін толтырады;

- шақыруды растағаннан кейін,  электрондық визадағы ақпарат пен  жеке басын куәландыратын жол жүру құжатындағы ақпараттың сәйкестігін растауы тиіс;

- консулдық алымды онлайн режимде төлеу керек (төлемнен кейін порталдағы жеке кабинетке қайту маңызды болып саналады);

- электронды визаны басып шығару (виза жеке кабинетте қалыптасады);

- Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалаларының халықаралық әуежайларындағы паспорттық бақылау кезінде басып шығарылған электронды визаны ұсыну.

P.S. Әзірге Қазақстанға ең ұзақ визасыз режимді ұсынған жалғыз ел – Грузия. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Грузия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы осы, яғни 2019 жылдың алғашқы 2 айында-ақ 29%-ға артқанын мәлімдеген болатын. Өзара экспортты ілгерілету бойынша өткізілген жұмыс нәтижесінде тауар айналымы 10-нан 13 млн. АҚШ долларына артқан көрінеді. Қазақстаннан Грузияға ең көп экспортталатыны – бидай. Елдегі статистикалық мәліметке сәйкес Қазақстан Республикасы мен Грузия арасындағы тауар айналымының көлемі 2018 жылы 87 млн.АҚШ долларын құрап, 2017 жылғы көрсеткіштен 34,6%-ға артқан екен (64 млн.АҚШ доллары). 2018 жылы Грузияға экспорт 53,6 млн. АҚШ долларын құрап, ол 2017 жылмен салыстырғанда 38,5%-ға артық көрсеткіш көрсеткен (38,7 млн.АҚШ доллары). Ал, Грузияның елімізге импорты 2018 жылы 33,4 млн.АҚШ долларын құрап, ол көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 28,9%-ға артық болған (25,9 млн.АҚШ доллары).

Айдана Абдрахманова

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика