Өңірлер

Президент тапсырмасы: Ақтөбе облысы халықтың әл-ауқатын жақсартып жатыр

Ақтөбе облысында Президенттің халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі барлық тапсырмасы орындалып жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин барлық сала бойынша бірінші жарты жылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан19 Шілде , 10:37

Аймақ басшысы  Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсат-міндеттеріне тоқталып, алдағы уақытта облысымызда атқарылатын нақты жұмыстар туралы кеңінен айтып өтті.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсімін және халықтың тұрмысын жақсартуға баса назар аударды. Бұның барлығы Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды Бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясын жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдауға бағытталған. Осы орайда Ақтөбе облысы өз міндетін табысты орындап келеді. 1-ші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңіріміздің барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсті. Жыл аяғына дейін қарқынды өсімді қамтамасыз ететін боламыз, - деді аймақ басшысы.

Атап өтейік, қазіргі таңда Ақтөбе облысының өнеркәсіп саласы 105,1%,  ауыл шаруашылығы 104,4%, инвестиция 102%, тұрғын үй  құрылысы 113,1%, құрылыс 102,3%, көтерме және бөлшек тауар айналымы 104,2% құрап отыр.

Сонымен қатар, облыс әкімі өз баяндамасында халықтың табысын арттырып, кірісін көбейту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталып өтті.

Облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 11,7%-ға өсіп, 140 мың теңгеге жетті. Елбасының тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 70 мыңнан астам ақтөбеліктердің ең төменгі еңбекақысы 1,5 есеге өсті. 1 маусымнан бастап 70 мың бюджеттік қызметкерлердің жалақысы орташа 30%-ға дейін көбейді.

Облыстың жеке секторлардағы 32 мыңнан астам қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 15%-ға артты. 

«Қазіргі таңда нарықтық қатынастарға байланысты бағаның өсуіне жол бермеу өте маңызды. Облысымызда инфляция деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен 102,2% құрады. Сондықтан, әрбір аудан және Ақтөбе қаласының әкімдері, салалық басқарма басшылары аталған тұрақтылықты сақтап, осы тапсырманы орындауы тиіс. Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі таңда облыста 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жылдың аяғына дейін қосымша 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын боламыз. Қабылданып жатқан шаралар жұмыссыздықты 4,8% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
 

Тағы бір маңызды бағыт бюджет кіріс бөлігінің өсу қарқынын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта облысымызда жергілікті бюджеттің кірістері 106,8%-ға орындалып, бөлінген қаражат 99,4% игерілді. Жылдың соңына дейін 100% игеру жоспарлануда.

Соңғы кездері қоғамдық мәселеге айналған — жеке баспанасы жоқ 9 мың ақтөбелік көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қолға алынбақ. Ағымдағы жылы оларға 1200-ден астам пәтер беру жоспарланып отыр.

«Облысымыз тұрғын үй құрылысы бойынша да республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға 1 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй немесе 8,7 мың пәтер беріледі», - деді әкім.
 

Облыс басшысы өз баяндамасында индустриалық даму, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, автомобиль жолдары, су, газбен жабдықтау, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, тұрғын үймен қамту, білім, спорт, денсаулық сақтау салалары бойынша да кеңінен тоқталып, қала, аудан әкімдері мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар,  облыс әкімі Оңдасын Оразалин  «Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесі аясында өңірдегі әрекет етуші және инвестициялық жобаларды жүзеге асырушы инвесторлармен кезекті кездесуін өткізді.

  Жиын барысында аймақ басшысы Ақтөбе облысы инвесторлар үшін қызмет етуге өте қолайлы аймақ екенін атап өтті.  

« Өздеріңізге белгілі, жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы экономика секторына инвестиция тарту жұмыстары жергілікті биліктің жұмысында ерекше басымдық болып табылатынын атап өтті. Біздің тарапымыздан осы бағытта жұмыс күшейтілетін болады. Өңірдің қолда бар әлеуетін және қолайлы инвестициялық ахуалын ескере отырып, салалық басқармаларға, «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ-ның өңірлік өкілдігіне, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ға Ақтөбе облысына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды, сондай-ақ осы фронт-офис алаңын пайдалана отырып, инвестициялық жобалардың кедергісіз іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді облыс әкімі сала басшыларына.

Атап өтейік, инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу үшін құрылған «Protecting Business and Investments» жобасының фронт-офисы өңірімізде екінші жыл жұмыс істеп келеді.

Жобаның басты мақсаты -инвесторларды кәсіпкерлік қызмет аясында кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау, сондай-ақ инвестициялық бизнес-климатты жақсарту болып табылады.

Фронт-офис ашылған сәттен бастап инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша 24 келісімге қол қойылды.
Жиын соңында аймақ басшысы өңірімзге инвестиция тарту жұмыстарына жергілікті билік барынша жан жақты қолдау көрсетіп, ерекше басымдық танытатынын атап өтті.

Сонымен қатар,  облыс әкімі Оңдасын Оразалин Стамбұлдық делегацияны бастап келген Түркияның Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы Басқарма төрағасы Вахит Йылдырымды қабылдады.

Кездесу барысында аймақ басшысы түркиялық компаниямен облысымыз арасындағы екі жақты байланысты одан әрі нығайту бағытында көптеген жұмыстар атқарылатынын атап өтті.   

« Біздің аймағымыз үшін Түрік компаниясымен бірлескен индустриялық аймақ құрудың пайдасы өте зор. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, шетелдік инвесторлар үшін Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы өте қарқынды, тартымдылығы жағынан мүмкіндігі көп өңір. Бұл өз кезегінде аймақтың дамуына мүдделі әлеуетті инвесторларды тартуға көп мүмкіндік береді. Келешекте «GOSB» компаниясымен өзара ынтымақтастық жөнінде қол қойылған меморандум біраз игі бастамаларға жол ашады деп сенемін. Біз өз тарапымыздан аталған жобаларды қолдауға және орналасатын орындарымен қамтамасыз етуге толықтай кепілдік береміз», - деді Оңдасын Оразалин.
 

Еске сала кетейік, бүгін облыс әкімдігінде «Ақтөбе» ӘКК-ы мен Түркияның Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы (GOSB) арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Gebze – Түркиядағы ең үлген индустриялық аймақ, онда әлемдік компаниялардың 40%-ы шоғырланған. Экспорттың жылдық көлемі – 29 миллиард долларды құрайды. Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы (GOSB) Стамбұл мен Қожаелі қалаларының шекарасындағы Гебзе провинциясында орналасқан. 1986 жылы құрылған. Аймақ резиденттері машина құрастыру, IT саласы, азық-түлік дайындау, пластмасса, электроника және тағы басқа өнімдері шығарумен айналысады.

Кездесу соңында аймақ басшысы түрік компаниясына өз алғысын білдіріп, аталған жобаларға жан жақты қолдау көрсету үшін «Ақтөбе» ӘКК мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. 

Аягөз Құрмаш 

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика