Сараптама

Латын қарпіне көшу – уақыт талабы

Посткеңестік елдер тәуелсіздігін алған соң, дербес тілдік саясат жүргізе бастағаны белгілі. Әрине, алғашқы жылдары әлеуметтік-экономикалық мәселелер алдыңғы қатарда тұрды. Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі Конституцияда айқындалып, арнайы заңдар мен нормалар қабылданды. Уақыт өте келе, халық санының өсімі, ішкі-сыртқы миграция, жаңа буынның қалыптасуы мемлекеттік тілдің қолданысын жаңа деңгейге көтерді. Мәселен, «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілгендей, егемендік алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 %-дан асты. Бүгінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды.
Нұр-Сұлтан18 Шілде , 14:47

Тарихқа көз жүгіртсек, 1929 жылы М.Ататүрік араб қарпіне негізделген османлы­­ әліп­­биін латын қарпіне ауыс­­тырды. Түркітілдес Әзірбайжан латын әліпбиіне көшу үшін он жыл бо­­йы кириллицаны қолданыста ұстады. Шығыстағы Қытай XX ғасырдың басында ежелден келе жатқан иероглифтік жазуына реформа жасап, қарапайым түрі - «байхуа» үлгісін бекітті. Күрделі жазу Қытай экономикасына кедергі келтіретін фактор ретінде қарастырылды. ҚХР құрылған соң, 1958 жылы ҚХР атаулар ресми латын транскрипциясы ретінде «пиңин» енгізілді. Бүгінде әлем халықтары Қытай иероглифтерінің оқылуы мен дыбысталуын осы латын транскрипциясы арқылы біледі. Көршілес Өзбекстанда да латын қарпі мемлекет пен қоғам өміріне еніп, тілдік реформаның оңтайлы үлгісін көрсетіп отыр. Төмендегі картадан байқағанымыздай, әлемнің ауқымды және бірқатар дамыған бөлігі латын графикасын пайдаланады.   

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру немесе көпшілік айтатындай «оралу» мәселесі қоғамда көптен бері қозғалып келеді. Себебі, 1929-1940 жылдары қазіргі Қазақстан аумағында латын графикасы қолданылған еді. Латын әліпбиін қалыптастыру жаһан жұртшылығына жарияланбағанымен, ондаған жылдар бойы мемлекет басшылығы, зиялы қауым ортасында пісіп-жетіліп барып қоғам назарына ұсынылды.

Отандық сарапшылар, бұл табан астында туындаған шешім емес, таразыға тартылған қадам екенін айтады. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру туралы ең алғаш рет ресми түрде 2012 жылы 14 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұзақмерзімді бағдарламасында айтты. Елбасы қазақ тілінің рухани негіз және біріктіруші фактор ретіндегі орнына тоқтала келіп «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» деп латын қарпін талдау мен көшудің жалпыхалықтық үрдісін бастап берді.

Яғни, 13 жыл аралықта латын қарпінің жаңа үлгісін жасау, мемлекет өміріне енгізу, оқыту мен маман дайындаудың жолдарын кезең-кезеңімен шешу міндеті қойылды. Бұл міндеттер мен тиісті органдарға берілетін тапсырмалар Жолдауларда көрініс тауып отырды. 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауда мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейтіні, қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскені, соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінгені ерекше айтылды. Яғни, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге тиісті материалдық-техникалық базаның орныққанын байқаймыз.

2018 жылғы 10 қаңтарда мемлекеттік тілді насихаттау, қосымша тілдерді оқыту мен латын графикасына көшудің бірқатар проблемалары айтылды. Атап айтқанда, Жолдауда терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындатуда латын әліпбиі маңызды орын алатыны көрсетілді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау міндеті қойылды. Дегенмен, орыс және ағылшын тілдеріне де ерекше орын берілетіні белгілі. Қазақ тілінің ықпалы артуы жағдайындағы орыс тілінің мәртебесі талқыланып келеді. Алайда, мемлекет басшылығы мен қоғам өкілдері орыс тілінің өз маңыздылығын жоғалпайтынын айтады.

Жолдауға сәйкес, 2016 жылдан орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылса, 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндері ағылшын тіліне көшірілді.  Жалпы, 2018 жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша 7393 мектеп болса, 3797- қазақ тілінде, 1312 – орыс тілінде, 29- басқа тілдерде, 2255 – аралас тілде білім береді. Қазақтілді мектептердің ең көбі Түркістан облысы – 705, Алматы – 441, Шығыс Қазақстан – 344 және Жамбыл облысында – 314 шоғырланған.

ҚР Тұңғыш Президентінің 2017 жылы 26 қазандағы  «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» № 569 Жарлығы шықты. Ол бойынша Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшудің жоспары жасалды. Атап айтар болсақ,  2018-2020 жылдары нормативтік-құқықтық актілер жетілдіріліп, жаңа қаріпте жазу ережесі, латын графикасына аудару қосымшалары енгізіледі. 2021-2023 жылдары – мемлекеттік және жергілікті органдар қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерді латын графикасына аудару, құжаттар мен куәліктер жаңа қаріпте беріледі. 2024-2025 жылдары – орталық мемлекеттік және жергілікті органдардың, мемлекеттік БАҚ, білім беру ұйымдарының іс-қағаздарын латын графикасына ауыстыру жоспарланған.  Яғни, кейбір шет елдік ақпарат құралдары жазып жүргендей бұл 10-15 жылға дейін баратын созылмалы үрдіс емес.

Латын графикасына көшу жұмысы ҚР Президенті Қ.Тоқаев тұсында сабақтастық тауып отыр. Қ.Тоқаев республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында  «Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – рухани жаңғырудың ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі» деп төтесінен тоқталды.

Сарапшы С.Есіркеповтің пікірінше, қазақ тілінің латын қарпіне көшуі шет елдегі қандастарымыздың қазақ тіліне қайта қауышуына немесе ақпарат алмасу ісінің жеңілдеуіне септігін тигізеді. Тарихи себептермен Қытай, Түркия, Өзбекстан, Еуропа және әлемнің көптеген елдерінде өмір сүруші қазақтар кириллицада жазылған қазақстандық ақпарат ресурстарын қолдана алмайды. Яғни, латын графикасына көшу арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақстандықтармен ортақ ақпараттық кеңістік құруға, еліміздегі мәдени-рухани үрдіске жұмылдыруға, қарапайым азаматтардың коммуникациясын жеңілдетуге жол ашылады.

Әрине, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтып, тілдің қолданыс аясын кеңейтпей, латын графикасына өтудің тиімділігі туралы айту ерте болады. Тілдің имиджін қазіргі қоғам мен жастардың сұранысына сай жаңартып отыру қажет екендігі сөзсіз. Өйткені, тіл – жанды организм. Ол заманауи терминологиямен де байытылып отыруы тиіс. Бүгінгі таңда Үкімет отырыстары, Мәжіліс пен Сенат жиындары мемлекеттік тілде өтеді, мемлекеттік органдардағы іс-қағаз жүргізу де қазақ тіліне көшті. Латын графикасына көшкен бірқатар республикалық және облыстық басылымдар, электрондық БАҚ бар. Халық күнделікті тұрмыста өзара хат-хабар алысқанда латын графикасымен қазақша жазуды дағдыға айналдырып келеді. Қалалардағы мемлекеттік және жеке мекеме атаулары, дүкен-сауда орталықтарының атаулары да латын қарпімен қатар жазылуда.

XXI ғасырдағы латын қарпіне көшудің мақсат-міндеті де айрықша. Қазіргі тіл коммуникация, ағартушылық құрал ғана емес, ақпараттық технологияның тілі. Төртінші өнеркәсіптік революция жаңа ғасырда басталды және ол цифрлық революция негізінде жүзеге асады. К.Швабтың пікірінше, оның басты сипаттары – кең таралған, шағын өндірістік құралдар, жасанды интеллект және оқытушы машиналар. Осы жаһандық үрдістен қалмау үшін ағылшын тілін игерудің, латын қарпіне ауысудың ықпалы бар деп есептейміз. Латын графикасына көшу қазақ тілін халықаралық дәрежеге шығаруға, ақпараттық технология арқылы халықаралық кеңістікке кірігуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе түбі бір түркі дүниесімен мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуге жол ашады. Осы кешенді үрдіс кезең-кезеңімен орындалса тиісті нәтижесін беретіні айқын.

Олжас  БЕЙСЕНБАЕВ




Яндекс.Метрика