• Басты
  • Өңірлер: Алматы облысы 223,5 млрд теңге инвестиция тартты
18 Шілде, 2019 12:57

Өңірлер: Алматы облысы 223,5 млрд теңге инвестиция тартты

Алматы облысында есепті кезеңде ет өндіру – 3,5, сүт - 4,8, сусындар - 13, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, фармацевтика, дайын металл бұйымдары 20 пайызға өскен. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар алдында есеп берді. Жарты тоқсанда Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қалай ілгерлегені туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Өңірлер: Алматы облысы   223,5 млрд теңге инвестиция тартты

Жыл басынан бері Алматы облысына  223,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 5,5% құрады, соның тең жартысына жуығы – шикізаттық емес секторда. Жалпы көлемнің үлесінде бюджетік емес инвестиция 80%-ға  жеткен, ал оның 24 млрд. теңгесі – шетелдік инвестиция.

«Экономикаға Трансұлттық компанияларды тарту жұмысы жалғасуда. Республикада олардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан 16 жобаның тоғызы біздің облыста. Олардың екеуі өткен жылы іске қосылса, биыл тағы екі нысан пайдалануға беріледі», - деді Амандық Баталов.

Атап айтқанда, майлау материалдарын шығаратын, қуаттылығы жылына 100 мың тонналық ресейлік «Лукойл» компаниясы  және Біріккен Араб Әмірліктерінің қоспа жем шығаратын, қуаты жылына 60 мың тонналық «Феникс» зауыты (инвестиция – 4,8 млрд. теңге, 87 жұмыс орны).

Облыс басшысы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы тоғыз басымдықты да назардан тыс қалдырған жоқ. Олардың қатарында суармалы егіншілікті дамыту, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, ет-сүт мал шаруашылығын дамыту сияқты маңызды бағыттар бар.

Сонымен қатар, облыс әкімі Амандық Баталов Индустриалды инновациялық даму, «Нұрлы жер», «7-20-25», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестік жол картасы», «Еңбек» бағдарламаларының орындалу барысына кеңінен тоқталды.

«Сол сияқты шағын және орта бизнестің облыс экономикасына қосып отырған үлесі де аталып өтілді. Бұл сала жалпы өңірлік өнімнің 27,3%-ін құрап отыр. Бүгінде өңірде 123 мың ШОБ субъектісі болса, онда 245 мың адам еңбек етіп жүр. Ал олар шығарған өнім мен көрсетілген қызметтің жылдық көлемі 1,3 трлн. теңгеден асқан», - деді облыс әкімі.

Амандық Баталов өз баяндамасында жол жөндеу, ауыз сумен, газбен қамту мәселелері жайлы да айтып берді.

Сонымен қатар Жастар жылына қатысты қолға алынған шаралар, «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалуы, халықтың әл-ауқатын көтеру қадамдары, білім мен денсаулық, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шаралары туралы да кеңінен баяндады.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматы облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі - 2,9 %, ауыл шаруашылығы – 3,2%, құрылыс жұмыстары - 1,4%, бөлшек сауда тауар айналымы 3,7%-ке өсіп, 364,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Облыс әкімі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономиканың тұрақты өсуін сақтауға бағытталған сайлау алдындағы бағдарламаны іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.

Өз баяндамасында Амандық Баталов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі ілгерілету мақсатында Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларына сәйкес тоғыз басымдық бойынша алдағы міндеттерді жіктеп айтып берді.

Соның ішінде елді индустрияландыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлікті өркендету, тұрақты макроэкономикалық ортаны қалыптастыру, бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігін арттыру, өмір сапасын жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін нығайту, аймақтарды дамыту, мемлекеттік басқару тиімділігін және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселелеріне ерекше тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытудың негізгі басымдықтарын атап көрсетіп, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Елбасының бастамасымен қолға алынған ИИД, жұмыспен қамту, тұрғын үй және басқа да салалардағы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды одан әрі жалғастырып, іске жаңа серпінмен кірісуді тапсырамын. Сонымен қатар Арыстағы құрылыс нысандарындағы жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындауды, істі қарқынды түрде жүргізуді құрылыс басқармасынан талап етемін», - деді А. Баталов.

Сондай-ақ, облыста бюжет саласының 106 мың және шағын және орта бизнес пен кәсіпорындардың 100 мыңдай қызметкерлерінің жалақылары өсті.

 Ал атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына көшуге байланысты облыста АӘК алатындардың саны 7 есеге өсіп, 11,4 мыңнан 40,4 мың отбасыға артты, ал көмекке тағайындалған сома 2,5 млрд. теңгеден 23,2 млрд.теңге ұлғайтылды.

Облыс басшысы өз сөзінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент әлеуметтік қолдау шараларының айқын әрі ашық процедураларын белгілеуді, анықталған алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық көріністерін аяусыз жазалауды тапсырғанын атап өтті.

«Бірінші жартыжылдықта АӘК алып отырған еңбекке қабілетті тек 5 мыңға жуық азамат қана жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Сондықтан халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға тартумен жүйелі айналысуымыз керек. Және көмекке мұқтаждығын қолдан жасап отырғандардың жолын кесіп, АӘК төлемін нағыз мұқтаж жандар алатындай ретке келтіруге тиіспіз», - деп атап өтті А. Баталов.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жүйесін жақсарту да аса маңызды екені айтылды. Мәселен, облыста 68,5 мың мүгедек жан тұрады, оларды оңалтуға бөлінетін қаржы 2015 жылы бір млрд. теңгеден биылғы жылы 3,3 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Мүгедектердің ішінде 18,8 мың адам өзінің еңбекке қабілеттілігін сақтап қалған болса, соның 13,9 мыңы жұмыс істейтіндер қатарында.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғаммен кедергіз араласуын арттыру жұмысын жалғастыруымыз керек», - деді облыс әкімі А. Баталов.

Алматы облысында тұрғын үй кезегінде 48,4 мың, ал жер учаскесіне 136,8 мың адам кезекте тұр.

Биылғы жылы мұнда 784,5 мың шаршы м. тұрғын үй пайдалануға беріледі, соның 101,2 мың ш.метрі «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша ұсынылмақ. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша 751 отбасын баспаналы ету жоспарланған.

Оның  айтуынша, «7-20-25» бағдарламасымен екінші деңгейлі банктерге 421 өтініш беріліп, соның 215-і мақұлданған. Банктермен жұмыс жүргізіліп жатыр, несиелеу аумағы кеңейтілді, 245 адамнан тұратын сапалы пул қалыптастырылды, соның 133   баспананы Талдықорған қаласынан алғысы келеді.

« Қазіргі кезде бұл іспен бірнеше ауданның әкімі ғана түбегейлі айналысып келеді. Мысалы, Алакөл ауданы 17 жеке тұрғын үй, Көксу ауданы 32 пәтерлі үй мен 10 жеке үй салып жатыр. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен тұрғын үй алғысы келетіндер көп. Бірақ, салынып берілетін үйлер жоқтың қасы. Сондықтан барлық аудан, қала әкімдері тұрғын үй құрылысына білек сыбана кірісуі тиіс. Оған қоса 2%-тік тұрғын үй займдары механизмдерімен жұмыс істейтін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды, бұл ретте Алматы облысына 4,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл да өте тиімді бағдарлама. Әкімдерге жергілікті жерлерде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - деді А. Баталов.

Сол сияқты көп балалы отбасыларды баспанамен қамту бағдарламасымен пәтер сатып алу баяу жүріп жатқаны сынға алынды.

«Үйлердің салынуын күтпей-ақ, дайын үйлерді сатып алып, баспанаға мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамтысақ деген ойымыз болатын. Қазіргі кезде 492 пәтердің тек 68-і ғана сатып алынды. Қалай осыншалықты баяу, салғырт жұмыс істеуге болады?! Тұрғын үймен қамту мәселесінде ісі өнбеген әкімдерге нақты шара қолданатын боламын!» - деді облыс әкімі.

Алматы облысының экономикасына 223,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіштің өсімі 5,5 %-ті құрады, ал жыл соңына дейін 624 млрд. теңгеден асады деп болжануда.

Сондай-ақ 2025 жылға қарай инвестиция көлемін облыс 2,5 есе арттырып, 1,6 трлн. теңгеге жеткізуі тиіс.

Бүгінгі күні облыс қоржынында жалпы құны 5,6 трлн. теңге болатын 283 жоба бар, оның 83-і биылғы жылы іске қосылып, соның нәтижесінде 5,5 мың жұмыс орны құрылмақ.

«Жаңа инвесторларға өңірдің инвестициялық, туристік және IT мүмкіндіктері мен тартымдылығын, әлеуетін таныту үшін «ЖетісуИнвест» форумын өткізуіміз керек. Облысқа инвестициялар тұрақты тартылуы тиіс. Мен әкімдерге айтып отырмын. Президент әкімдердің жұмысы инвестиция тарту көрсеткішіне қарап бағаланатынын ескертті. Осыны аудан, қала басшыларының назарына қайталап саламын», - деді облыс басшысы А. Баталов.

Сонымен қатар, халқының 80%-і ауылдық жерлерде тұратын Алматы облысының экономикасы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына тікелей байланысты. Өңірдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі биылғы жылы 3,3% өсіммен 750 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Ал Жетісудағы ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция негізгі капиталға тартылған инвестицияның 8,5 %-ін құрап отыр.

«Бұл республикадағы 3,2%-тік көрсеткіштен жоғары болғанымен, аграрлық аймақ ретінде бұдан да ауқымды жұмыстар атқаруға тиіспіз», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Алматы облысында Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобалар бар. Мәселен 2018 жылы полуфабрикаттар өндіретін «Маревен Фуд» зауыты іске қосылған болатын. Алда картоп өңдейтін «Фарм Фритс» және ұсақ мал етін тереңнен өңдейтін «Бауманн» жобаларын іске асыру міндеті тұр.

Облыс басшысының айтуынша, биылғы жылы аймақта ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерінің экспорты 3%-ға өсіп, 82,5 млн. АҚШ долларын құрайтын болады, 4 мың тонна ет экспорттау, соның ішінде 2 мың тонна ірі қара етін экспортқа шығару жоспарланған.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу, жер кадастрі жүйесін цифрландыру туралы тапсырма берген еді. Осыған байланысты айтсақ, облыста түгендеу жұмыстары 2015 жылдан басталып, барлығы 496 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерлер анықталды.

Соның 363 мың гектары пайдалануға беріліп, 120,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Цифрландыру ісі қолға алынып, оған 500 млн. теңге бөлініп отыр.

«Өңірде жасалып жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу және цифрландыру ісін сапалы және өз уақытында аяқтауымыз керек. Сол сияқты су ресурстарына, сумен қамту инфрақұрылымдарына, ирригациялық жүйелерге түгендеу жасау оларды жөндеуге, қайта жаңғыртуға, құрылысын жүргізуге, суармалы жерлерді айналымға енгізуге нақты жоспарлар жасап, іске кірісуге мүмкіндік береді. Бізде бұл жұмыстар жүріп жатыр, құжаттандыруды аяқтадық. Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму Банкінің қаржысы есебінен қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. 2023 жылға дейін 138 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, соның 40 мыңы биылғы жылдың үлесінде болуы тиіс. Жер – өндірістің ең басты факторы. Бұл мәселеде тиімді жұмыс істемей ауылды дамыта алмаймыз», - деді А. Баталов.

Сонымен қатар, 2010-2018 жылдары Алматы облысында Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 58 жаңа кәсіпорын іске қосылып, тоғыз мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Бағдарламаның арқасында экономикадағы өңдеу секторының үлесі 20% дейін өсіп, бұрын соңды өңірде болмаған жаңа – фармацевтика саласы жанданды. Алда шикізаттық емес сектордың экспортымен айналысу міндеті тұр.

Амандық Баталов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін толыққанды пайдалану туралы айтқанын еске салды.

Басым жобаларға қолжетімді несие беру бағдарламасымен облыста бүгінгі күні небары бес ғана жоба банктердің мақұлдауын алса, тағы үшеуі қарастырылу үстінде.

Облыс әкімі бұл көрсеткіштің Жетісу өңірі үшін тым аз екенін сынға алып, орынбасары Б.Манзоровқа, кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдеріне «қарапайым заттар экономикасы» бойынша жұмысқа белсене кірісу керектігін қатаң ескертті.

Президент жүктеген міндеттердің бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Өткен жылы облыста 26 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, іс жүзінде 31 мыңнан астамы ашылды.

««Еңбек» бағдарламасының тиімділігін көтеруіміз керек, сапалы, тұрақты жұмыс орындарын құруға жұмыс істеуге тиіспіз. Тұрғындардың кірісі артса, табысы өссе, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға зор септігі тиеді. Сондықтан облыстық басқармалар басшыларына, аудан, қала әкімдеріне тұрақты жұмыс орындарының құрылуына бағытталған нәтижелі шараларды қолға алуды тапсырамын», - деді А. Баталов.

Аягөз Құрмаш

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды