• Басты
  • Қ.Тоқаев: Негізгі мақсат – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту
16 Шілде, 2019 11:05

Қ.Тоқаев: Негізгі мақсат – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінен кейін алғаш рет үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Үкімет мүшелері, яғни министрлер, мегаполистер мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік орган басшылары қатысқан жиында бірқатар мәселелер қаралды. Президент алдында өз саласы бойынша ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, ҚР Халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ҚР Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров және ҚР премьер-министрі Асқар Мамин есеп берді.

Қ.Тоқаев: Негізгі мақсат  – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту | Strategy2050.kz

Қаралған мәселелердің қатарында: әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, ол туралы ҚР премьер-министрі Асқар Мамин, ақша-несие саясаты туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, индустриальды-инновациялық даму туралы ҚР Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрі Роман Скляр, әлеуметтік-экономикалық мәселелер туралы  ҚР Халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев және агроөнеркәсіп секторының мәселелері туралы ҚР Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров есеп берді.

Сондай-ақ, өткен аптада ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында халық тұтынатын тауарлар өндірісі яғни, «қарапайым заттар экономикасы» мәселелері қаралатынын, әкімдердің есеп беруге дайын болуы керектігін,  «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытудың және жұмыспен қамтамасыз етудің маңызды құралы екендігін, соған сай жобалардың бәрі өңірлерде іске асырылатынын, әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керектігін баса айтқан болатын.

Жиында ең алдымен жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары қаралды.

«Құрметті үкімет мүшелері, шақырылған шенеуніктер, бүгін біз үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысын өткізіп жатырмыз, біз бірқатар мәселелерді қарастырамыз, нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары қаралады. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында экономикалық өсім, инфляция бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, экономикалық өсім 4,1 пайызды, инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,4 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 11,7 пайызға өсті. Енді осы жетістіктерімізді еселеуіміз керек. Қолда бар мүмкіндіктерді, потенциалды толық пайдаланып, тиісті жұмыстарды талқылап, алдағы жоспарларды анықтайтын боламыз. Осы оң экономикалық көрсеткіштер – халықтың тұрмысына да оң ықпал етеді», - деді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы сөз алған ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин негізгі капиталға инвестициялар көлемі 20 пайызға өсетінін жеткізді.

«Алғашқы жарты жылдықта Қазақстан экономикасының өсімі 4,1 пайызды құрады. Негізгі капиталдарға инвестиция көлемі 11,7 пайызға өсті, оның ішінде жеке инвестиция көлемі – 13 пайызға жоғарылаған. Енді 2025 жылға қарай негізгі капиталға инвестициялар көлемін 20 пайызға өсіріп,  еліміздің ішкі жалпы өнімін 30 пайызға жеткізуді көздейміз. Қазақстан экономикасының өсім қарқыны өнеркәсіп және құрылыс салаларының арқасында жеделдеді. Бізде экономика өсімінің негізгі көздеріне  құрылы, транспорт, сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық  салалары жатады. Көмір өндіру  5,1 пайызға, ал, шикі мұнай өндіру 2 пайызға төмендеді», - деді А.Мамин.

Сондай-ақ, Асқар Мамин 2019 жылдың соңына дейін Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілетін құлағдар етті.

«Енді осы жаңа мемлекеттік бағдарлама үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетін болады. Біз алдымызда 500 мектеп тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 100-ден астам мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен салынатын болады. Оның ішінде мемлекеттік жеке кәсіпкерлік механизмі бойынша 3 мыңға жуық жаңа балабақша ашылып, 2021 жылы мектептерде, колледждер мен ЖОО толығымен жаңа оқыту бағдарламаларына көшіп, сонымен бірге, шағын мектептерде білім беру сапасын жақсартуға, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жоюға ерекше көңіл бөлінетінін жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ техникалық білім беруді экономика қажеттіліктеріне бағыттау үшін колледждерді трансформациялау және жұмыс берушілердің сенімгерлік басқаруына беру жұмыстары басталғанын айта кетейін. Енді, болашақта еліміздің 390 колледжіне халықаралық WorldSkills стандарттары мен модульдік бағдарламалары енгізіліп, колледждер жүйесін нарық талабына қарай оңтайландыру басталатын болады. Студенттерді  жатақхана орнымен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына қарай 75 мың орын жатақхана қолданысқа беріледі, оның 8 мыңын биыл беру жоспарда», - деді ҚР премьер-министрі Асқар Мамин.

Үкімет басшысы ғылым саласының тиімділігін арттыру үшін ғылымды қаржыландыру мен басқарудың жаңартылған жүйесі енгізіліп, жаңа жүйе бөлінетін қаражаттың ашықтығын және тиімділігін көрсететінін жеткізді

Сондай-ақ, Асқар Мамин Қазақстанда шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттің кірістер базасына берілетіні туралы айтты.

«2019 жылдан бастап, жергілікті бюджеттің кірістер базасына шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы енетініне байланысты инвестицияны белсенді түрде тартып, кәсіпкерлікті дамытатын өңірлер жергілікті бюджеттегі қосымша салықтан түскен түсімді алатын болады», - деп түсіндірді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне тоқталып, Үкімет басымдықтарының бірі – сапалы жұмыс орындарын құру болып саналатынын да айтты. Болашақта ел үкіметі демографиялық өсімді ескере отырып, жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін түсіру мақсатында 2025 жылға дейін 2,7 млн азаматты жұмыс орнымен қамтуды қолға алады. Осы орайда инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі Үкімет үшін маңызды болатынын жеткізді ол.

2025 жылға дейін екі миллионнан астам азамат жұмысқа орналасады

Мамин үкіметтің басымдықтарының бірі жоғары сапалы жұмыс орындарын құру екенін атап өтті.

«Жұмыссыздық деңгейін 4,8%-дан 4,5%-ға дейін төмендету үшін халықтың демографиялық өсуін ескере отырып, 2025 жылға дейін 2,7 млн. қазақстандық азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Сондықтан инвестиция тарту арқылы жұмыс орындарын құру мәселесі үкімет үшін ең маңызды болып табылады. Ұлттық еңбек нарығын жүйелі түрде жаңғырту шаралары қабылданады», - деді ол.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин инфляция мен жұмыссыздық деңгейі жоспарланған дәлізде қалғанын мәлімдеп, әлеуметтік шараларды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан экономикасының өсімі бірінші жартыжылдықта орташа айлық жалақының 9%-ға ұлғаюы орын алғанын жеткізді.

«Халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті. Сондай-ақ, осы жылдың алғашқы бес айында сыртқы сауда айналымы 3,3%-ға өскен. Мемлекеттік бюджеттің кірісі алты айда 4 триллион 370 миллиард теңге сомасында орындалды, бұл жоспардағыдан 148 миллиард теңгедей астам. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша мемлекеттік бюджеттің шығыстары 6 триллион 342 миллиард теңгені немесе жоспардың 99,6 пайызын құрады. Инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде, ал жұмыссыздық 4,8 пайызды құрады, 186 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 128-і - тұрақты жұмыс орындары», - деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.


Халықтың табысының артуы бизнес-қауымдастықтар арасында кеңінен қолдау тапты, деп жалғастырды ол. Қазіргі уақытта жалақысы төмен 1,1 млн жұмысшының орташа жалақысына 31%-ға үстеме қосылды, көтерілді.

Сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек мөлшері артып, 5,2 млн. адамның табысына оң әсерін тигізетін шаралар қолданылды, деп қосымша атап өтті ол.

ҚР Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша Ұлттық қордың активтері 58,2 миллиарды құрады.

«Жыл басынан бері жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық Банктегі клиенттердің валюта шоттарындағы қалдықтардың азаюы нәтижесінде 28,2 млрд. долларға дейін төмендеді. Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд. АҚШ долларын, жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд. долларды құрады», - деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы.
 

Сондай-ақ, ол 2019 жылдың басынан бері теңгенің нығаюы 0,2% болғанын да айтып өтті.

«2019 жылдың бірінші жартыжылдығында инфляция жылдық көрсеткіште 5,4% деңгейінде қалыптасты, бұл ағымдағы жылғы 4-6% мақсаттық дәліз ішінде сақталды деген сөз. Базалық бағам 9,25%-дан 9%-ға дейін төмендеді, ұлттық валютаның айырбас бағамы сыртқы және ішкі факторлар ықпалымен қалыптаса отырып, жыл басынан бері 0,2%-ға нығайды», - деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Қ.Тоқаевпен болған үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склар Қазақстанда 2019 жылдың соңына дейін 118 мың пәтер салынатынын мәлімдеді.

«Ағымдағы жылдың соңына дейін елімізде 118 мың пітерлі тұрғын үйлердің құрылысы жоспарланып отыр, оның ішінде 48 925 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үйдіғ құрылысын уақытылы аяқтау мақсатында құрылыс алаңдарына тиісті инженерлік коммуникацияларды жүргізу үшін 81,7 млрд теңге (213 млн. АҚШ доллары) бөлінді. «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасының берген тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу қарастырылған», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склар.
 

Оның айтуынша, жеті жыл ішінде 40 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев спикерлердің назарын банк секторындағы мәселелерге, қиын жағдайға тап болған азаматтардың тұтыну кредиттеріне қатысты қарыз жүктемелерін төмендету шараларын жүзеге асыруға назар аударып, сонымен қатар коммуналдық қызмет көрсету және тұрғын үй қорын басқару мәселелері бойынша тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдардың көптігіне де тоқталды.

Ел Президенті Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің баяндамасына тоқталып, өз тапсырмасы бойынша Арысқа қажетті қаржы бөлінгенін де жеткізді. Уақыт тапшылығына байланысты қажетті жұмыстарды қысқа мерзім ішінде аяқтау керектігін баса айтты.

Тоқаев Қорғаныс министрлігіне әскери қоймаларды көшіру жұмыстарын шұғыл түрде бітіру қажет екенін де мәлімдеп, Арыстағы жарылысқа кінәлілердің барлығын жазалауды тапсырды. Ол әскери ведомствоға бақылауды әлсіреткені және жарылысқа жол берілгені үшін Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялап, оқиғаны зерттеу үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын да жеткізді.

Спикерлердің баяндамаларын тыңдаған Мемлекет басшысы Үкіметтің, Ұлттық банктің және өңірлер әкімдерінің жұмыстарына оң баға беріп, бағдарламалық құжаттар мен сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылу тиімділігін арттырудың қажеттілігін сөз етті.

Сондай-ақ, ел басшысы ауыл шаруашылығы саласы инвесторлар үшін аса тартымды емес болып келгенін, жалпы инвестиция көлемі бойынша ауыл шаруашлығына шетелдік инвестицияның 1 пайызы ғана құйылғанын айтты. Қазақстаннның бұл сала бойынша ауқымды мүмкіндіктері бар екенін ескеріп, агросаланы дамытудың нақты шараларын қабылдауды айтты. Сонымен қатар Қ.Тоқаев «КазАгро» холдингінің жұмысын сынға алды. Оның айтуынша холдинг шығыны өткен жылы 120 млрд теңгеден асып кеткен. Қ.Тоқаев әрбір холдинг, әрбір ұлттық компания мемлекетке тек пайда ғана әкелу керектігін да сөз етті. Енді ол алдағы екі ай ішінде осы мәселелер бойынша үкіметке тиімді, нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Мемлекет басшысы білім беру саласы бойынша білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасына, ауыл мен қала мектептерінің білім сапасы айырмашылығына, саладағы білікті кадрларға қатысты бірқатар талаптары мен ұсыныстарын айтты.

«Көтерілген мәселелердің барлығы аса маңызды. Үкімет пен әкімдердің жұмысының негізгі мақсаты – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту. Жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалар, ең алдымен, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан, осындай аса жауапты міндетті жоғары деңгейде атқаруымыз керек. Бұл, ең алдымен, егемен еліміздің бүгіні үшін аянбаған ата-бабалардың ісін жалғастыру деп түсінуіміз қажет. Асқар Ұзақбайұлы Мамин басқарып отырған Үкімет алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілетті. Кәсіби деңгейі жоғары, мүмкіндіктері мол. Біз бұл күрделі кезеңнен де абыроймен өтеміз. Оған мен кәміл сенемін», - деді Қ.Тоқаев.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы 2019 жылдың 30 қаңтары күні сол кездегі ҚР президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен болатын. Ол кезде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз ету үшін шаралар анықталды. Назарбаев әкімдерге әрбір өңір үшін даму жоспарын әзірлеуді тапсырып, банкроттық рәсімдерін жеңілдетудің маңыздылығын атап өткен болатын.

Айдана Абдрахманова

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды