• Басты
  • Ұйғыр диаспорасы Қазақстанға дән риза
15 Шілде, 2019 18:50

Ұйғыр диаспорасы Қазақстанға дән риза

Ұйғырлар – Қазақстандағы ең ауқымды этностардың бірі, халық саны бойынша орыс, өзбек, украиндардан кейін төртінші орын алады. Ұйғыр халқы барлық Орталық Азия мемлекеттерінде өмір сүреді. Алайда, басым бөлігі Қазақстанда оның ішінде, Алматы қаласы мен облысында тұрады. «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, кәсіпкер Долқунтай Абдухалилдің айтуынша ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрады. Оған негіз де жоқ емес. Бүгінде аталмыш диаспора Қазақстанда тілі мен салт-дәстүрін сақтап, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік тыныс-тірішілігіне атсалысып келеді.
Ұйғыр диаспорасы Қазақстанға дән риза

«Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» ҚБ Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастыруға атсалысатын, қайырымдылық шараларына белсенді үлес қосатын диаспоралардың бірі. Осы бағытта сіздер тарапынан өткен және осы жылы қандай ірі іс-шаралар атқарылды?

– Жалпы біздің орталық қайырымдылық мәселесіне ерекше назар аударады. Оған мысалдар көп-ақ. Солардың ішіндегі ең ауқымдысын айтсам, мысалы, Қарағанды облысында, Алматы қаласының Қарағайлы ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 10 миллион теңгеден астам қаржылық көмек, сондай-ақ азық-түлік және киім-кешектерді жібердік Өткен жылы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында үш бірдей (қожайындары қазақ, ұйғыр және орыс) үй өртеніп кеткенде Орталық жанындағы Жігітбасылар кеңесінің ұйымдастыруымен халықтан қаржы жиналып, қираған үйлер қалпына келтірген болатынбыз. Соныме қатар, “Нураний  анилар” кеңесінің  төрайымы Гүлжахан Муратованың жұмыстарына  ерекше тоқталғым келеді. Өйткені алтын жүректі анамыз жыл сайын ораза айында Алматы облысының бірнеше  ауданындағы  тұрмыс-тіршілігі нашар отбасыларды аса қажетті азық-түліктермен  талмай, жалықпай қамтамасыз етіп келеді.  2019 жылы ол кісі Талғар ауданының Гүлдала ауылынан жер алып, үлкен үй салып, оған  үй-күйсіз, көпбалалы тоғыз ананы 30 баласымен  орналастырды. Мейірімді анамыз  қиын жағдайға тап болған аналар мен балалардың тамақ, киім-кешек проблемаларын да өз қаражаты есебінен көтеріп жүр. Мұндай шынайы, үлкен қамқорлыққа ие болған көпбалалы аналардың қатарында – қазақ, ұйғыр, орыс, кәріс, өзбек ұлтының өкілдері бар. Олар қайырымды жан Гүлжахан ананы өз анасы ретінде құрметтеп, оған шексіз ризашылығын білдіреді. Қауымдастығымызда қайырымдылық жасап жүрген меценаттар мен демеушілер, кәсіпкерлер жетіп артылады.

Өткен жолы Түркістан облысының Арыс қаласында болған қайғылы оқиға бүкіл қазақстандықтардың жүрегін жаралап кеткені белгілі. Ә дегеннен  барлық қазақстандықтар соның ішінде біз де арыстықтардың қайғысына ортақтасып, көмек бере бастадық. Алғашқылардың бірі болып Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени  орталығының Түркістан облыстық филиалы, Шымкент қалалық ұйғыр этномәдени орталығы көмекке келіп, зардап шеккен 500 адамды жылы тамақпен қамтамасыз еткен болатын. Ең бастысы дер кезінде орталық жанында Арысқа жәрдем беру бойынша арнайы комиссия құрылып, оның төрағалығына Шаймардан Нурумов сайланды. Осы комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясының «Арыс, біз сіздермен» республикалық акциясы құрамында жетекші рөл атқарған болатын. Сол кезде бір апта ішінде ұйғыр қауымдастығынан 12 миллион теңгелік 65 тонна жүк, оның ішінде: азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары және тағы басқа көптеген қажетті заттар жиналып, Арысқа жіберілді. Одан бөлек, мыңдаған теңге берген меценаттардан бастап 200 теңге берген зейнеткерлердің үлесінің бар екендігін бас айта кетейін.

Сонымен қатар, өзім жетекшілік ететін Қазақстанға ғана емес, оның сыртына да танымал «Metall Prom Group» ЖШС еліміздің экономикалық дамуына тамшыдай болсын үлесін қосып келе жатқанын айта кетейін. Компания соңғы үш жылд 144 миллион теңгені құрайтын, ал, 2019 жылдың бірінші жартысында 3,6 миллион теңгені құрайтын  әртүрлі қайырымдылық көмек көрсетті. Оған қоса, тұрмыс жағдайы нашар 1000 отбасыны азық-түлікпен  қамтамасыз етіп, 150 баланы жаздық демалыс лагерлеріне жібердік. Екі жыл бұрын отбасылық жағдайы нашар 66 оқушыны елордамызда өткен  халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесіне апарып, халықаралық көрмені тамашалауына  мүмкіндік туғыздық. Әр жыл сайын көмекке зәру жандарға, соғыс және еңбек ардагерлеріне көмектесіп, балалар алаңдарын жасауға, спорт жарыстарын ұйымдастыруға демеушілік етіп келеміз.

– Қазақстанның ұйғырлар қауымдастығы еліміз, әсіресе Алматы бойынша ең үлкен диаспоралардың бірі. Қауымдастықтың мақсаты қандай? Қандай жұмыстар атқарасыздар?

Ауыз толтырып айтатын атқарған шаруаларымыз жетерлік. Алайда, алдағы уақытта да қауымдастықтың арқалар жүгі мен орындауға тиіс міндеттері жетерлік. Еліміздегі этномәдени бірлестіктерімен қатар  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Шаймардан Нурумов төрағалық ететін Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының атқарған қыруар шаруалары мен өзіндік үлесі туралы айтар болсам, еліміздегі халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді көзіміздің қарашығындай сақтап, нығайту, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, тілімізді, мәдениетімізді және ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, дамыту жолында аянбай еңбек етуде. Еліміздің тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  жылдағы дәстүрлі Жолдауларын, ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бергі асыл арманы - "Мәңгілік ел" ұлттық идеясында,"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" атты стратегиялық маңызға ие мақалаларында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолында этномәдени бірлестік жанындағы ғалымдар, суретшілер, әдебиеттанушылар, дәрігерлер, спортшылар, ханым-қыздар, жігітбасшылар, Аналар кеңестері, Ұйғыр тілінде білім беретін мектептер ассоциациясы, Қазақстан ұйғыр жастары бірлігі, Кәсіпкер әйелдер клубы, «Жанан»қоғамдық қоры жоспарлы және қарқынды жұмысымен ерекше белсенділік танытып жүр.

Ұйым құрамында қандай тұлғалар бар?

Құрамымызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, есімдері елімізге және оның сыртына танымал ғалымдар, жазушы-ақындар, журналистер, кәсіпкер-меценаттар, Алматы қалалық маслихаттың депутаты тағы басқа да салалардың көрнекті өкілдері бар.

Сонымен бірге, әртүрлі салаларда еліміздің өркендеуіне жан-жақты дамуына айтарлықтай үлесін қосқан азаматтарымыздың есімдерін ұлықтап, мерейтойларын өткізу дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағымен бірге қазақ әдебиетінің қарашаңырағы – Жазушылар үйінде салтанатты түрде атап өтілген Қазақстан ұйғыр әдебиетінің дамуына қомақты үлесін қосқан көрнекті қаламгерлер -  Жамалидин Босақовтың 100 жылдық, Шайим Шаваевтың 80 жылдық мерейтойлары, биыл Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтімен бірге Қазақстан ғылымының майталманы, Қазақстан ұйғыртануының 70 жылдығына және белгілі ғалым, қоғам қайраткері Ғожахмет Сәдвақасовтың туғанының 90 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған «Қазақстан және Орталық Азиядағы ұйғыртану: өзекті мәселелер мен бүгінгі жетістіктер» тақырыбындағы халықаралық ғылми конференция сөзіме нақты дәлел.

Қазақстанға ғана емес дүниеге танымал ғалымдар,  дәрігерлер,  өнер  майталмандары, суретшілер,  кәсіпкерлер тағы басқа да  саланың мамандары да бар. Білімді, талапты, талантты жастарымыз – дәрігерлер Исамдун Харамов, Сухраб Жапаров және  режиссёр Азиз Зайиров “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған “Қазақстандағы 100 жаңа есім ” жобасында жеңіске жеткен.

– Ұлттар достығын басты орындардың біріне қоятын Қазақстанның игі саясатын игіліктеріңізге қалай жұмсап жатырсыздар? 

– ҚР бірінші президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ»,-деп тарихқа құрметпен қарауға шақырған болатын. Отанымыздың басынан өткен сондай қайғылы оқиғалардың бірі – қуғын-сүргін, аштық оқиғалары еді.  Кеңес Одағы тұсында "Қызыл террор" зұлмат зардабынан Жетісуда мыңдаған ұйғыр ұлтының өкілдері де  кінәсіз қырғынға ұшыраған болатын. Өткен жылы осы қайғылы  оқиғаға байланысты орталық жанында арнайы комиссия құрылып, оның 100 жылдығын еске алу бойынша үлкен жұмыстар атқарылған еді. Сол мақсатта Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Лавар, Қорам ауылдарында, Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу селосында мыңдаған адамдардың қатысуымен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу іс-шаралары өткізілген. Сол шарада өз замамында қызыл террордың зардабын тартқан Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Абдулла Розыбақиев, Исмайил Тайиров секілді мемлекет және қоғам қайраткерлері жөнінде де әңгіме айтылып, тарихан сыр шертілді.

Тұңғыш президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен биылғы жылдың “Жастар жылы” деп жарияланғанына байланысты орталық жанындағы Қазақстан ұйғыр жастар бірлігі ҚХА жанындағы “Жарасым” республикалық жастар ұйымы, “Нұр Отан” партиясы жанындағы “Жас Отан” жастар қанаты секілді елімізге танымал жастар ұжымдарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып жатыр.

Қауымдастығымыздағы жастар мемлекетіміздің стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру, халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді нығайту мәселелерінен бөлек қайрымдылық шараларын да жиі өткізіп келеді. Оған бір мысал, өткен жылы жастар бірлестігінің көркемөнерпаз эстрадалық және фольклорлық ансамбльдердің, жеке әншілердің қатысуымен концерттерді ұйымдастырып, одан түскен қаражатты ауыр дертке шалдыққан үш нәрестенің ата-анасына тапсырған болатын.

Қазақстан 2025 жылға қарай кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшуді жүзеге асырады. Осы мақсатта сіздердің үлес қандай болмақ?

Қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің латын  жазуына көшуі – тәуелсіз еліміздегі үлкен тарихи  маңызға ие құбылыс әрі дұрыс шешім. Біз, қазақстандық  ұйғырлар, бұл шешім  мемлекет деңгейінде қабылданған  күннен бастап, латын әліппиіне көшуге бел будық. Мұның өзі – бұл екі халықтың ежелден  тамыры бір, бауырлас  екендігін белгісі деп ойлаймын. Латын әліпбиіне Қазақстандағы ұйғыр тілін көшіру бағытында Орталық бірнеше ғылыми конференциялар өткізді. Ол конференцияларда ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мұғалімдер бас қосып, латын әліпбиіне көшу мәселелері талқыланды. Соңында мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне негізделген нұсқасы жасалып, бекітілді.

–  Ұйғыр тілін, дәстүрін ұмытпай дәріптеу мақсатында қандай шараларды қолға аласыздар?

–    Біздер халқымыздың мәдени  дамуына, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді сақтап, дамытуға да көңіл бөліп келеміз. Соныың айғағы ретінде жақында ғана Наурыз мерекесіне  байланысты Алматыдағы Достық үйінде біздің Алматы қалалық филиалы “Әткән чай Fest” фестивалін ұйымдастырдық. Ол шараға орталығымыздың барлық филиалдарының, оңтүстік астанадағы 38 этномәдени бірлестіктің өкілдері, шетелдік қонақтар да қатысқан еді. Келгендере ұйғырдың еткен  шайының 5 түрі, түрлі-түсті тағамдары қазақ, ұйғыр,  орыс  тілдерінде  таныстырылып, олардың шипалы  қасиеттері, дайындау әдістері туралы  мәліметтер берілген.

Сол күні іс-шараға жиылған қауым «Ататюрк», «Казачья Слава» ансамбльдерінің, «Азия Плюс» продюсерлік орталығы мүшелерінің, Алматы қаласы А.Розибақиев атындағы №153 мектеп-гимназиясы көркемөнерпаздар ұжымының, сондай-ақ басқа да халық таланттарының ән-күй, билерін, есімдері елімізге және оның сыртына танымал сүретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалаған болатын. Көрмеге қойылған ұлттық тағамдар және еткен шай көрмесін көріп, дәмін татып көрді.

Қазақ пен ұйғыр халқының тамырымыз бір, қайғымыз бен қуанышымыз ұқсас, өмірдің сан мыңдаған сынақтарын сүрінбей өтіп келе жатқан бауырлас халықтармыз. Қазақстандағы ұйғырлар, жергілікті толерантты саясаттың арқасында тіл, ділін ұмытпай, сақтап келе жатыр. Қазақстанда тұратын ұйғырлар ең бақытты ұлт. Өйткені біздерге еліміздегі барлық этностар сияқты тілімізді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді сақтап, дамытуға кең  мүмкіндіктер беріліп келе жатыр. Қазіргі уақытқа дейін академиялық мәртебеге ие мемлекеттік театрымыз, республикалық қоғамдық-саяси “Уйғур авази” атты газетіміз, Шығыстану институты қарамағында Ұйғыртану  орталығымыз,  ұйғыр тілінде білім беретін 67 мектебіміз жұмыс істейді. Одан бөлек жеке газет-журналдарымыз да жарық көріп жатыр. Оған шектеу жоқ. Біз Қазақстанға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Осы орайда Қазақстанның дамуына бір кісідей талмай үлес қосамыз.

- Сіздің орталықтың ерекшелігі қандай?

- Орталық өз жұмысы барысында халықтың ауызбіршілігі, қоғамдық келісім мәселелеріне ерекше мән береді. Осы мақсатта жігітбасылар және ханым-қыздар, аналар кеңестері, ақсақалдар алқалары негізгі күш болып есептеліп, игі істер атқарып келеді. Өйткені өз арамызда жеке, отбасылық, тұрмыстық келіспеушіліктер немесе араздықтар  тек солардың тікелей араласуымен, ақыл-кеңес беруімен ғана шешіледі. Кейбір мәселелерде біздің заңгерлеріміз медиация тәсілін тиімді пайдаланып келуде. Жалпы адамдарды бір-бірімен татуластыруда, ынтымақтастыруда бұл тәсілдің маңызы өте зор.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Жарлығына сәйкес биыл қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы биіл елімізде салтанатты түрде атап өтілетіні белгілі. Осы орайда биыл 1 қазанға дейін осы мерейтойды дайындау және өткізуге арналған жалпыреспубликалық жоспар бекітілуі тиіс. ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланған бұл шараға республикалық ұйғыр этномәдени орталығы да дайындалу үстінде.

Айдана Абдрахманова


ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды