• Басты
  • Қазақстандықтар несиесі қашан, қалай өтеледі?
27 Маусым, 2019 17:23

Қазақстандықтар несиесі қашан, қалай өтеледі?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлығына орай екінші деңгейлі банктерде, шағын қаржылық ұйымдарда тұтынушылық несиесі бар 443 мың қазақстандықтың несиесі кешірілетін болды. Онымен қоса банктер мен шағын қаржы ұйымдарында кепілдіксіз тұтынушылық несиесі бар барлық қазақстандықтар үшін 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімақылар алынып тасталады. Айыппұлдарды алып тастау процессі несие берген банктер мен шағын қаржылық ұйымдары есебінен іске асырылады. Осы мәселеге байланысты Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг аясында жауапты орган жетекшілері түсініктеме беріп, жоспарланған іс-шаралар туралы айтып берді.

Қазақстандықтар несиесі қашан, қалай өтеледі? | Strategy2050.kz

Сондай-ақ, несиелік қарызы 90 күннен асып кеткен азаматтардың барлық кепілдіксіз тұтынушылық қарыздары бойынша несие беруде және оған қызмет көрсету  кезінде алатын тұрақсыздық айыбын (процент по неустойке), комиссиялар мен басқа да төлемдерді есептеуге тыйым салынады.

Жарлықта Үкімет пен Ұлттық банкке бір жолғы акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылды. Тікелей атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттың әрбір қарыз алушысына мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарында негізгі борышы мен оған есептелген сыйақының жалпы 300 мың тг дейін қарызын жабады. Сонымен қатар, қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспайтын болуы керек. 

Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова халықтың нақты қандай топтарының несиелік борыштары өтелетіні туралы айтып берді.

 «Ең алдымен төрт немесе одан да көп балалары бар көпбалалы отбасылардың несиесі өтеледі. Қазақстандағы барлық осындай отбасылардың несиелік борыштары туралы ақпарат базадан қаралады. Одан кейін асыраушысынан айырылған отбасылардың қарызы. Дәл қазіргі жағдай бойынша біздің мемлекетте 600 мыңға жуық асыраушысынан айырылған отбасы бар.Үшіншісі, мүгедек балалары бар отбасылардың сондай-ақ 18-ден асқан, бала кезінен мүгедектігі бар балаларды асырап отырған отбасылар және әлеуметтік жағдай төмен, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған жанұялардың несиесі бар жоқтығы, несие тарихы базадан қаралатын болады», - деп түсіндірді ҚР Пемьер министрдің орынбасарассы Гүлшара Әбдіқалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасына сәйкес, Қазақстанда жоғарыда аталған санат ішіне кіретін көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар саны 933 мың адам. Олардың толық мәліметтер базада тіркелген. Сол бойынша министр өкілдері екінші деңгейлі банктермен бірлесіп кімнің несие алғанын немесе алмағанын анықтайды. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың сөзінше жоғарыдағы азаматтардың ішінде тұтынушылық несие алғандардың саны, алдын-ала мәлімет бойынша 443 мың  адамды құраған..

Қазақстан Республикасының Президенті азаматтар тарапынан, яғни, әлеуметтік жағдайы төмен топтағы азаматтар, көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, түрлі жағдайдалраға байланысты асыраушысынан айрылған отбасылар, кедейлікке байланысты атаулы әлеуметтік көмек алатын жандар, ата-анасыз қалған балалар тұрмыстағы қиын жағдайларына байланысты тұтынушылық, кепілсіз несиелерін өтей алмай көптеген арыз-шағым түсірген көрінеді. Бұл іс-шара осыған орай қолға алынып отыр.

«Аталған мәселе 500 мыңға жуық адамның басындағы қиын жағдай. Сондықтан да, Президент теңдессіз әлеуметтік қолдау көрсетуге шешім қабылдады, кеше тиісті Жарлыққа қол қойылды. Жарлықтың мақсаты — өмірлік қиын жағдайларға тап болған қазақстандықтарға жәрдемдесу, өз отбасыларының қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру», - дейді ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайлов.  

Айта кетейік, бұл бір рет қана болатын акция.  Үкімет пен Ұлттық банкке Жарлық бойынша бір жолғы акция ретінде мынадай шараларды қабылдау тапсырылды:

«Тікелей атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттың әрбір қарыз алушысына мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарында негізгі борышы мен оған есептелген сыйақының жалпы 300 мың тг дейін қарызын жабады. Сонымен қатар, қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспайтын болуы керек», - делінген.

 «Президенттің ұстанымы — тұтынушылық несиелерге қатысты орын алған жағдай қайталанбауы тиіс», — Ә. Смайылов.  

Сонымен қатар, Ұлттық банк қаржылық жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар азаматтарға қарыз беруге тыйым салады. Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық қарыздар беру кезінде қосымша реттеу шараларын қолға алады.

Жоғарыда Қазақстандықтардың несиелері бойынша бірқатар айыппұлдар мен өсімдерді алынатынын жаздық. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәліметінше бұл банктерге салмақ түсірмейді.

«Негізгі борыш мемлекет тарапынан өтеледі. Оған еспубликалық  бюджеттен 88 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде, тағы 17 млрд теңгені мемлекет тарапынан облигация шығарып тартамыз. Сонымен, 105 млрд теңге мемлекет тарапынан болады. Ал айыппұлдар мен өсімдер бойынша 75 пайызы расында да, қаржы ұйымдары тарапынан өтелмекші. Бұл жұмысты Ұлттық банк банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен бірге келісім бойынша жасай бастайды. Айыппұл - ол пайыз. Оны банктердің өздері қойған,осы процесс банктерге ешқандай салмақ түсірмейді», - деді ол.

Мемлекеттік органдар қазақстандықтардың несилер бойынша борышын мемлекет пен банктер есебінен жабу жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті. Екінші деңгейлі банктердегі тізімді айқындау, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының тізімімен салыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық санаттағы азаматтардың тізімін банк мекемелерінің мәліметтерімен салыстырып жатқан көрінеді.

«Шілде айында қарызды өтеуге байланысты қаражатты пысықтау жұмысы Парламентте қаралады. Біз қазіргі уақытта республикалық бюджеттен бөлінетін 88 млрд теңгеге қосымша 17 млрд теңге қосу үшін проблемалық несиелер қорының облигацияларын шығарғалы жатырмыз. Парламенттен өткеннен кейін айқындау, пысықтау жұмыстарын 10 шілдеде аяқтап, бірден несиені жабу бойынша жұмысты бастап кетеміз. Жалпы, жұмысты алдағы 2 айда бітіреміз», - деді Әлихан Смайылов.

Осы орайда, Strategy2050 тәуелсіз сарапшылардың да пікірін білуге тырысты. Экономист Мақсат Халық Жарлық туралы өз ойын айтты.

«Кешегі Президенттің несиеге байланысты Жарлығы бойынша пікірім оң. Алайда халықтың көбі мемлекет барлық қазақстандықтардың несиелік қарызын өтеп береді деп ойлап қалды. Экономист ретінде, мұндай жағдайдың мүмкін еместігін білемін. Өйткені мемлекеттің одан да басқа әлеуметтік сала, денсаулық сақтау шығындары мен басқа да қызметтеріне қаржы жетпей қалар еді. Және бұған мемлекеттің бір жылдық бюджеті түгел кетер еді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қажет, олардың ішінде қамқоршысынан айрылып қалғандар, көп балалы отбасылар да бар. Олардың ішінде алаяқтарға тап болғандар да жетерлік. Қазіргі микронесиелік ұйымдарды жалғыз Ұлттық банк реттей алмайды. Олардың көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бір құжатпен несие бере береді. Пайызы күн сайын өседі. Мемлекет осы ұйымдардың да жұмысын реттемекші, бұл қуантарлық жайт. Несие өтеу бойынша айта кетсем, ол бір реттік қана көмек және солай болуы да тиіс. Себебі ертең тағы несие алсам, тағы жауып береді деген түсінік қалыптасып қалуы мүмкін. Енді мемлекет бұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жағдай жасау керек. Халықтың қаржылық сауаттылығын жаппай арттыру үшін ұлттық бағдарламалар, шаралар қабылдауы керек. Жер-жерде әр өңірде қаржылық сауаттылықты арттыру үшін арнайы топ құру керек. Ол топтың ішінде білікті, сауатты мамандар, сарапшылар экономистер тартылуы керек», - деді экономист, сарапшы Мақсат Халық.

Сарапшы пайыздарды, оның ішінде 90 күннен асып кеткен несиелердің айыппұлдарын алып тастауға байланысты пікір айтты. Оның ойынша, қазіргі көптеген несиелік ұйымдар мерзімі асып кетсе, күніне 2 пайыздан айыппұл қояды ол 90 күнге айналғанда 180 пайызға өсіп кететінін, ал, егер ол бір жылға ұласса 700-800 пайызға дейін барып космостық цифрларды көрсететінін алға тартты.

Жарлыққа байланысты аталмыш шаралар 2 айдың ішінде аяқталмақ. Тиісті мемлекеттік органдардың жетекшілері мен тәуелсіз сарапшылар да бұл іс-қимылды оң қабылдайтынын айтты. 

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды