• Басты
  • Бүкіл Қазақстанды бойына сыйдырған бас қала
27 Маусым, 2019 12:42

Бүкіл Қазақстанды бойына сыйдырған бас қала

Биыл Қазақстанның Бас қаласына 21 жыл толады. Ширек ғасырға жуық кезеңде үлкен даму сатысынан өткен Елорда – еліміздің әкімшілік қана емес, қаржылық, мәдени және инновациялық орталығы. Астана алаңы аймақтық және халықаралық күрделі шиеленістердің, қаржылық дағдарыс пен экономикалық санкцияның шешу жолын іздестіретін, дәстүрлі діндер мен конфессиялардың, әлемдік ақыл орталықтарының, бизнес пен инновацияның диалог платформасы деңгейіне жетті. Халықаралық аренада Қазақстанның бас қаласы «Еуразияның жүрегіне», мемлекеттің брендіне айналғаны даусыз. Ал Елорданы көркейту қаншалықты маңызды болса, жыл санап артқан тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен отбасылардың әл-ауқаты соншалықты өзекті болып келеді.

Бүкіл Қазақстанды бойына сыйдырған бас қала | Strategy2050.kz

Елбасы Н. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Елорда «ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық», «ел дамуының алтын діңгегі», «саяси-символикалық идея» ретінде сипатталады. Әлемдік тәжірибеде мемлекеттердің астанасының ауысуына әскери жағдай, саяси және экономикалық дамуы, экологиялық мәселелер себеп болып отырады. Ақмоланы астана қылып бекітуге географиялық орналасуы,  демографиялық және ұлттық саясатты реттеу, экологиялық тазалығы мен  зілзаладан қауіпсіз аймақта орналасуы, жаңа имидждік жоба ретінде таныту, сонымен қатар тарихи-мәдени факторлар түрткі болды. Бұрынғы Кеңкеріс туралы ежелгі түркі ескерткіштерінен, Қараөткел, Ақмола, Сарыарқа жайында А.Янушкевич, Г.Потанин, Ә.Бөкейхан, Қ.Сәтбаевтың жазбаларынан кездестіруге болады. Сондықтан оның тарихи-мәдени мәні де жоғары еді.

Астананың Алатаудан Арқаға көшуі қай жағынан алса да ақталғанына бүгінде көз жеткізуге болады. Қазір қалада 1 млн. астам тұрғын бар, ол – ел халқының 5 пайызы. 1997 жылмен салыстырғанда тұрғындардың саны 3 есе өскен. ЖІӨ 190 есе, өндіріс 30 есе, шағын және орта бизнестен кіріс 4,3 трлн. теңгеге жеткен. Инвестиция көлемі 20 жыл ішінде 47 млрд доллардан асқан.() Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестицияның тартылуы, туристік әлеуетінің кеңеюі, өндірістің оң өзгерістері, білім мен инновация ошақтарының көбеюі, қаланың ғана емес, жақын аудандар мен облыстардың даму динамикасына септігін тигізді.  

«Астана қаласын орнықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына» сәйкес «Астананың миссиясы - Еуразия кеңістігінде үлгілі елорда болу, күллі Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін негіз болу» деп тұжырымдалған. Елорданың келбеті - қала тұрғындары мен туристер, кәсіпкерлер үшін тартымды, қоршаған ортасы таза қала деп айқындалған. Астана әлемдегі ең үздік бәсекеге қабілетті, ақылды және таза қалалардың қатарына енуді көздейді.

Халықаралық имидж маңызды болғанымен, қала ең алдымен тұрғындар үшін қолайлы болуы тиіс. Халық санының табиғи өсімі және ішкі миграция қарқыны әлеуметтік сала мәселелерін шешуді қажет етеді. Тұрғын үймен қоса оның инфрақұрылымы, балабақша мен мектеп, аурухана, қоғамдық көлік қажет болатындығы сөзсіз. Аулалардың абаттандырылуы, коммуналдық қызмет төлемі, ПИК жұмысы, мектеп пен балабақшаға орналасу қала мен оның шеткері аудандарында әлі де өзекті. 2018 жылдың есеп беру кездесуінде Б.Сұлтанов Елордада қордаланған бірнеше мәселе туралы тоқталып өтті:

Көпбалалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек. Сол уақытта қаладағы 10 мың отбасының тек 10 пайызы ғана көмекке қол жеткізген. Бұл жерде ең маңыздысы түсіндіру жұмыстары жүйелі болу керектігін аңғарамыз.

Баспана мәселесі. Пәтерге кезекте тұрған білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаты түрінде 1 млн теңгеден 100 субсидия бөлінген, 2019 жылы тағы 2 мың сертификат берілмек. Сонымен қоса, келешекте сатып алу құқығымен пәтерлерді жалға беру де қарастырылды.Проблемалы нысандар мен үлескерлер. Қаладағы құрылыстың қарқыны жоғары болғанымен, кейбір нысандардың аяқталмай қалғаны белгілі. Қазір 68 проблемалы нысан 29-ға дейін қысқарған. Бұл – 10 344 үлескер.

Одан бөлек Астанада 90 мыңға жуық студент тұрады дейтін болсақ, бар 32 жатақхана жеткіліксіз. Тағы 11 мың студент орналастыруды қажет етеді.

2019 жылғы 14 мамырдағы Үкімет сағатында Нұр-Сұлтандағы құрылыс, инвестиция және өндіріс көлемі төмендегені айтылды. Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы әкімі Б.Сұлтановтың баяндамасына сәйкес, 2019 жылдың алғашқы 4 айы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 40 процентке төмендеген. 2019 жыл бойынша Астанада 515 құрылыс нысаны болса, оның 274-і тұрғын үй екен. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 30 процентке төмендеген. Дегенмен, қала басшысының сөзінше құрылысқа берілетін рұқсаттар 199-дан 223-ке дейін көбейтілген әрі жыл соңына дейін құрылыс көлемі өткен жылдың деңгейінен асып, 500 млрд теңгеге жетуі тиіс. Республика бойынша Нұр-Сұлтан көрсеткішінің алда екендігіне көз жеткіземіз.

Осы және өзге де мәселелерді шешу жолдары 2019-2023 жылдарға арналған Елорданы дамытудың 5 жылдық кешенді жоспарында егжей-тегжейлі қарастырылған. Аралықтағы ауқымды жұмысқа 1,5 трлн теңге қаражат жұмсалғалы отыр. Оның ең алғашқысы – құрылыс саласы. Тұрғын үй құрылысының перспективалы аумақтары анықталып, аталған кезеңде 10 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Әкімдіктің жоспары бойынша межеленген мерзімде қалада 37 жаңа мектеп салынады, қосымша 63 мың оқушыға орын дайындалады. 6 балабақша құрылысына 6 млрд теңге қаражат қарастырылады. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегінше, республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласы пайдалануға берілген үй көлемі бойынша алда келеді(762 504 шаршы метр), ол жалпы көлемдегі үйлердің 16,6 пайызын құрайды

Көліктік және инженерлік инфрақұрылым. 2019-2023 жылдары қалада 121 шақырым жаңа жол, көпірлер мен тоннельдер, айналма жолдар салынады. Бұл шара қала ішіндегі көлік кептелісін едәуір азайтады. Аталған бағытқа су құбырын тарту, жылумен қамту, электр желісімен қамту және газ тартуды қосылады. Болжам бойынша, 2 жылдағы газ құбырын тарту нәтижесінде ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар 30 пайызға азаяды. Қала автомобиль, темір және әуе жолдарының торабына айналып келеді. Бір ғана әуе қатынасына келсек, соңғы бірнеше жылда Нұр-Сұлтан – Стамбул, Нұр-Сұлтан – Ұлан-Батыр, Нұр-Сұлтан – Киев, Нұр-Сұлтан – Гонконг, Пекин әуе рейстері іске қосылып, тұрғындар мен туристерге қолайлы болуда. (https://strategy2050.kz/news/53323)

Канализация желісі.  Жауын-шашын кезінде қала көшелерін су басып, көлік қозғалысы мен тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіреді. 2019 жылдың соңына дейін 17,3 мың гектар жердегі жиналатын су аумағында жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қала әкімінің пікірінше, 5 жылда жергілікті бюджеттің кірісі 43,7 пайызға, яғни 355 миллиард теңгеге артады. Осы кезеңде бас шаһардың дамуына 6 триллион теңге жеке инвестиция тартылады. Өңірлік ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің мөлшері 2018 жылы 50,5 пайыздан 2023 жылы 57 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы қосымша 300 мың жаңа жұмыс орны мен 3 млн жуық туристерді тартуға мүмкіндік ашады.(https://camonitor.kz/31602-pyatiletka-razvitiya-astana-2023-mosty-dorogi-shkoly-i-bolnicy.html ) Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласының өнеркәсіп өндірісі 2018 жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға артқан. Қалада алкогольсіз сусындар, пластмасса құбырлар, преформалар, тазартылған алтын және темір жол локомотивтері өндірісі жоғарылады (112,1%).

2019 жылы 23 наурызда ҚР Президенті Қ.Тоқаев Астана қаласын ҚР астана – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы қаулы қабылдады. ҚР Конституциясының 2-бабы 3 тармағына сәйкес, Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады. Ал, 3-1 тармағына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін. (http://www.akorda.kz/kz/official_documents/constitution) «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру арқылы Еуразия өңіріне ортақ қаржылық хаб болу мақсаты қойылды. Аталған орталық ЕЭО қаржылық ағымына жол ашатын, Еуропа мен Азия нарығына салынған қаржылық көпір деуге болады. Енді Нұр-Сұлтан қаласы жаңа сапалық даму кезеңіне өтуі қажет.

 Көріп отырғанымыздай, бүкіл Қазақстанды бойына сыйдырған қала белгіленген жоспарға сәйкес дамып келеді. Бойынша сыйдырған дейтініміз, Елордада елдің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шет елден азаматтар, әсіресе жастар өмір сүріп, қызмет етуде. Қала тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 млн-ға жетуі ықтимал. Астананың архитектурасы шығыс пен батыс өркениетін бойына сіңірген, ұлттық салт-дәстүр мен тарихқа да мән берілген. Ұлттық саяси-символикалық идея мен Еуразиялық дәстүр біте қайнасқан  бас қала ел дамуының драйвері деп есептеуге болады. Қала тұрғындарының көбеюіне байланысты әлеуметтік мәселелердің туындайтыны заңдылық. Тек қалаға көшіп келушілер, уақытша қонақтар мен тұрғындарға уақтылы тисті ақпарат беріліп, жергілікті атқарушы органның ашық диалог жүргізуі қажет екендігін көреміз. Нұр-Сұлтан әкімдігі ол бағытта жұмыс істеп келеді. Мәселен, жақында тағайындалған қала әкімі А.Көлгінов астаналықтардың үздік идеялары мен ұсыныстар жинау үшін www.ashyqalan.kz арнайы платформасын іске қосты.

Қалай болғанда, Елорда елдің сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Азаматтар ел астанасына бизнеспен айналысуға, білім алуға, мәдени ошақтармен танысуға, инновациялық идеялармен алмасуға келеді. Астанада жаңа мультимәдениет қалыптасуда, жаңа парктер мен скверлер, жаяу жүргіншілер, көшедегі ойын-сауық өзгеше қалалық стильді орнатып келеді.  Журналист Ирина Теннің пікірінше, соңғы 5-6 жылда қала айтарлықтай өзгерген. Жоғары технологиялардың барлығы елімізде ең бірінші болып елордада енгізіледі. Ел ішіндегі ең маңызды оқиғалар алдымен осында өтеді. Журналист ретінде сол қызықты оқиғалардың бел ортасында жүру үлкен бақыт дейді(https://elorda.info/kk/news/view/bas-kalany-baska-shaarga-ayyrbastagym-kelmeydi--irina-ten )

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды