Сараптама

Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру - борыш жүктемесін азайту

2019 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 Жарлығына қол қойды.Бұл бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім. Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру ісінің жалғасы.
Нұр-Сұлтан27 Маусым , 11:31

Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру. Оны қолданудың бірнеше шарттары бар.

Біріншісі. Әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар).

Екіншісі. Олар өмірлік қиын жағдайға тап болып, өз атына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Үшіншісі. Жалпы берешегі 3 миллион теңгеден аспайды (биылғы 1 маусымға дейінгі жағдай).

Төртіншісі. Бір қарыз алушыға бөлінетін көмек 300 мың теңгеден аспайды. Осы сомадан негізгі қарызын және оған есептелген сыйақыны өтейді.

Бесіншісі. Берешегі кепілсіз тұтынушылық қарыздарға жату керек.

Экономистердің болжауы бойынша осы әлеуметтік қолдау акциясына 500 мың азаматтар қол жеткізеді. Олардың 255 мың адам үшін берешегі толықтай өшіріледі (55%). Ал, қалған 245 мың азаматтардың және олардың отбасыларының борыш жүктемесі елеулі азая түседі (45%). Бұл олардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және борыш жүктемесін азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді.

Жалпы алғанда, бөлінетін қаржы сомасы 150 млрд. теңге. Бірақ оған қоса банктер және микроқаржы ұйымдар осындай несиелер бойынша есептелген  айыппұлдар мен  өсімпұлдарды есептен шығарады.

Бұл бір жолғы акция. Тұтыну кредиттеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Бұл – Президенттің ұстанымы. Келешекте азаматтар осылай қарызға батпау үшін Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту мақсатында Ұлттық Банкке табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беру және мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұлдар, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық Банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс.

Осы проблеманы шешуге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бағытталған.

Оның негізгі мақсаттары - қаржы секторын реттейтін тәуелсіз орган құру және тұтынушылық кредиттеу нарығындағы реттеушілік төрелікті және жүйелік проблемаларды жою.

Заң жобасы Парламент депуттарының қолдауын тапты. Президент қол қойғаннан кейін қолданысқа енгізіледі.

Қазіргі уақытта тұтынушылық кредиттер бойынша банктердің несие портфелі 4 трлн. теңгеден асты. Банктерден, микроқаржы ұйымдарынан басқа, кредиттеу нарығында қызметін ешкім реттемейтін субъектілер – онлайн-кредиттеу компаниялары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар және басқа да ұйымдар бар.

Банктік емес ұйымдардың несие портфелі жоғары қарқынмен өсіп, 430 млрд теңгеге жетті. Тұтынушылық кредиттері бар қарыз алушылардың жалпы саны 5 млн адамнан асты, олардың әрқайсысына орташа есеппен 914 мың теңгеден астам берешек келеді. Кредиттердің 86%-ынан астамының мөлшері 1 млн. теңгеден аспайды. Берешектің орташа мөлшері – шамамен 300 мың теңге.

Кез келген заңды тұлғаның халыққа қарыз беру мүмкіндігі Азаматтық кодексінде көзделген. Алайда, қарыздар беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға бірыңғай тәсілдердің болмауы реттеушілік төрелікке әкеп соқты.

Банктер және микроқаржы ұйымдары белгіленген заңнамалық пруденциялық талаптарды (капиталдың жеткіліктілігі, бір қарыз алушыға тәуекелдің мөлшері, өтімділік) және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Сөйтіп, олар реттелмейтін кредиторлармен тең емес жағдайға түскен.

Халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдалана отырып, реттелмейтін кредиторлар азаматтарға жоғары мөлшерлемелермен, әртүрлі комиссиялармен және айыппұлдармен кредиттер береді. Бұл азаматтардың шамадан тыс кредиттелу және қарыздар бойынша міндеттемелерді орындай алмау тәуекелдерін күшейтеді.

Нәтижесінде, көптеген азаматтардың борыш жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз кредиттерін өтеудің жолын таба алмай отыр. Азаматтардың борыштық жүктемесі туралы толық және дәйекті ақпарат жоқ. Кредиттік бюроға ұсынылмайды. Оның болмауы кредит беру тәуекелдерін жете бағаламауға ықпал ететін қосымша фактор.

Бақылау мен қадағалау болмаған кезде ақшамен және өзге мүлікпен операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру тәуекелдерін арттырады.

Аталған проблемаларды шешу үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік органның реттеу аясына барлық кредиттеу субъектілерін қосып, оның өкілеттігі кеңейтіледі.

Банктік емес кредиттік ұйымдар микроқаржы ұйымдары туралы қолданыстағы заңнама негізінде реттеудің ортақ «аясына» біріктіріледі.

Енді реттелмейтін кредиторлар Ұлттық Банкте есептік тіркеуден өтуге міндетті болады және қадағалауға алынады.

Заңнамаға қандай түзетулер енгізіледі?

Біріншіден, заңды және жеке тұлғаларға кәсіпкерлік қызмет ретінде қарыз беруіне тыйым салуды енгізу. Әрине бұл банктік қарыздар мен микрокредиттер түрінде ақша беру жағдайларына қолданылмайды. Оған қоса, заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаға, жеке тұлғаның басқа жеке немесе заңды тұлғаға қарыз түрінде ақша беруде кірмейді.

Осылайша, бұл тұтынушылардың құқықтар мен заңды мүдделерін тиісінше қорғауды қамтамасыз етеді.

Екіншіден, «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым» – микрокредиттерді беруді жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард деген ұғым енгізіледі.

Үшіншіден, қызметтің нақты түріне қарай банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеудің сараланған жүйесін «тәуекел қаншалықты жоғары болса – реттеу талаптары соншалықты жоғары» қағидаты бойынша енгізу.

Микроқаржылық қызметтің әрбір түрінде қойылатын өзге талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілері деңгейінде белгіленеді. Олардың ішінде – қарыз алушының борыш жүктемесінің жалпы коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалар.

Төртіншіден, «жалақыға дейін қарыз беру» практикасы ескеріле отырып, осындай микрокредиттерге қатысты артық төлеудің шекті рұқсат етілген мөлшері көзделеді.

Бесіншіден, уәкілетті органға микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Өкілеттіктерде пруденциялық нормативтерді және сақтауға міндетті нормалар мен лимиттерді белгілеу, қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібін және шекті мәнін айқындау талаптарының сақталуын бақылау қамтылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев жоғарыда аталған шаралар әлеуметтік мәселелерді шешуге және Елбасы Стратегиясында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді.

Қайсар Ноғаев

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика