Сараптама

Сот жүйесін жаңғырту қалай жүзеге асырылып жатыр?

Эксклюзив
2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына жолдауында Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру мақсатында сот жүйесін одан әрі жаңғыртуды тапсырды. Ол үшін үш басымдық белгіленген.
Нұр-Сұлтан24 Маусым , 12:31

Біріншіден, заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастыру.

Екіншіден, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек.

Үшіншіден, сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесін қалыптастыру.

Осыған байланысты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында маңызды жұмыс атқарылды. Президент Әкімшілігі, Жоғарғы Сот және Жоғары Сот Кеңесімен бірге 15 заң жобасы әзірленді. Оның 6 күшіне енді, 3 - Парламентте, 6 – Мәжіліске енгізілуде.

Өткен жылдың 19 қарашасында сот жүйесін жаңғыртуға  арналған кеңесте Елбасы сот жүйесі алдында 3 ірі міндет қойды:

Біріншісі – судьялық кадрлар құрамын жақсарту.

Екіншісі – сот процестерін жеңілдету;

Үшіншісі – судьяларды артық жүктемеден босату.

Бұл міндеттер проблемалардың көбісін, яғни 80%-ын шешуі тиіс.

Судьялық кадрлар бойынша. Осы кезге дейін  мықты заңгерлер судьялыққа ұмтылмайтын. Неге?

Өйткені, іріктеу мен карьералық өсу ашық емес,  жүктеме ауыр, әлеуметтік қамтылу әлсіз деген себептер  айтылатын. Мұның бәрі іс жүзінде шешілді.

Осы жылдың 21 ақпанында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы»  Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң қабылданды.

Онда судьялыққа үміткерлер үшін іріктеу  қатайтылды -олар кейстік тапсырмаларды шешеді, эссе жазады,Жоғарғы Сот судьяларымен әңгімелесуден өтеді, психотест тапсырады және т.б. Нәтижесі қандай?

Егер бұрын конкурстан әрбір төртінші кандидат өтсе, қазір тек әрбір жиырмасыншы ғана. «Кездейсоқ» заңгерлерге тосқауыл қойдық.

Енді конкурстарға мемлекеттік органдар мен бизнес саласынан мықты заңгерлер келе бастайды деген үміттеміз. Әсіресе, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, монополиялық заңнама, экология,қаржы, банк, салық салалары бойынша білікті мамандар.

Себебі, оларға тиісті біліктілігі болған жағдайда облыстық соттың судьясы болуына тікелей мүмкіндік туады. Мәселен, кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар жеке салалардағы заңгерлер.

Судьялардың жалақыларыда көтерілді. Бұрын 16 млрд. бөлінсе осы жылы бұл сома екі еске артқан. КСРО мемлекеттер арасында бұл 6 көрсеткіш (жылына 14644 euro). Бұрын 9 орында болған (6706 euro).

Осы және басқа да шаралардың нәтижесінде:

- судьялардың қызметтен өз еркімен кетуі тоқтады (2017 – 67 судья, осы жылдың 1 тоқсанында - 3);

- судья боламын деушілер саны 2 есе артып отыр (2018-де 70-тен 2019-да 130-ға дейін үміткерлер).

Жеке жауапкершілікті күшейтудеміз. Егер жыл сайын теріс себептермен 6-7 судьяны босатсақ, биылғы 5 айда - 20.

Бұрын судьяларға жылына орта есеппен бір, әрі кетсе екі қылмыстық іс қозғалса, 5 айдың ішінде – 7 іс.

Сот жюридің жұмысы қайта қарастырылды. Ол Жоғары Сот Кеңесінің жанында. Сот жюриі алты судьядан тұрады. Сот жюриіне кеңесші дауыс беру құқығы бар жұртшылық өкілдері және судьялардың қатарынан Жоғары Сот Кеңесінің бір мүшесі де кіреді.

Жоғары Сот Кеңесі Сот жюриінің құрамына Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысы ұсыным жасаған кандидатураларды  уәжді шешімімен қабылдамауға құқылы.

Төрағаны Сот жюриі құрамының өзі өз арасынан сайлайды.

Тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

1) тәртіптік жазаны қолдану туралы;

2) тәртiптiк iс жүргiзудi тоқтату туралы.

Қабылданған шешімді тек Жоғары Сот Кеңесі бұзады.

Мамыр айында Сапа жөніндегі комиссия құрылды. Ол «өсемін» деген судьялардың жеке және кәсіби қабілетін егжей-тегжейлі зерттейді. Комиссия биыл әрбір бесінші судьяны жаңа, «талапшыл» форматта бағаламақ. Жұмысында елеулі кемшіліктерге жол  берген судьяның бұл сыннан табысты өтуі екіталай,  ал, ол қызметтен босатуға әкеп соғуы мүмкін. 2019 жылы 470 судья кәсіби бағалаудан өткізіледі.

Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жеті мүшеден – облыстық  соттардың екі судьясынан, Жоғарғы Соттың екі судьясы мен отставкадағы үш судьядан тұрады. Комиссияны қалыптастыру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Ережеде айқындалады.

Комиссия қандай шешім қабылдай алады?

Судьялардың біліктілігін бағалау туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

1. атқаратын лауазымына сай деп тану;

2. жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным жасау;

3. жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне алуға ұсыным жасау;

4. басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы;

5. кәсіптік жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану;

6. жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту.

Олардың шешімдері ұсынымдық сипатта болады, ал соңғы шешімді Жоғарғы Сот Кеңесі қабылдайды.

Аудандық сот төрағасы, облыстық сот төрағасы, сот алқаларының төрағалары және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы және сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервін (бұдан әрі – кадр резерві) Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссия қалыптастырады.

Кадр резерві жөніндегі комиссияны қалыптастыру және кадр резервімен жұмысты ұйымдастыру тәртібін Жоғары Сот Кеңесі айқындайды.

Сөйтіп, Елбасының тапсырмасымен кадрлық мәселелердің бәрін Жоғары Соттан Жоғары Сот Кеңесіне берілді. Жоғары Сот Кеңесі жанында Сот жюриі және Кадр резерві жөніндегі комиссиясы, сондай-ақ Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссиясы жұмыс істейді.

Екінші міндет – сот процестерін түсінікті, қолайлы,жүйелі ету. Бұл орайда, сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, сондай-ақ азаматтардың талабын қанағаттандыруға баса мән берілуі керек. Бұл міндеттерді Президент Әкімшілігі және  Үкіметпен бірлесіп әзірленген 2 заң шешеді. Олардың мақсаты азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау.

Бірінші жоба азаматтық процестерді формализмнен  тазартады. Қарапайым істің шеңберінде судья 14-ке  дейінгі пайдасыз аралық шешімдерді (ұйғаруларды) шығаруға міндетті.

Судья ГПК қыспағынан шыға алмайды. Егер тараптар істің мән-жайын өздері айтпаса, судья оның ақиқатына көз жеткізуге құқығы жоқ.

Мұның бәрі адамдарды да, бизнесті де ашуландырады. Олар процестің қыр-сыры мен процессуалдық кедергілерін қайдан білсін.

Осы заң жобасы қабылданғаннан кейін судья талап арызда қойылған өтініштер шеңберінен шыға алады. Ол енді тек тыңдаушы емес, ол процесті жүргізіп, белсенділік танытады. Ұсынылмаған қосымша дәлелдемелерді сұратады.

Тағы бір мәселе. Әкімшілік юстиция. Оның мәні – мемлекеттік органның «кінәлілігінің презумпциясы».Талап арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік
орган өз шешімін не әрекетін негіздеп беруге міндетті.  Нәтижесінде мемлекеттік органдардың үстінен сот бақылауы күшейтіледі.

Әкімшілік юстиция мемлекеттік органдардың   адамдар мен бизнеске көзқарасын жақсартады. Ол   енгізілген елдерде мемлекеттік аппарат тәртіпке келген,
экономикалық ахуал сауыққан, инвестиция артқан.Осы екі заң жақында Мәжілістің қарауына енгізілді. Жалпы, судьялардың мүлдем басқа әдістерді талап ететін заманауи экономикалық жағдайларға әзірлігі және бейімделуі – маңызды мәселелердің бірі.  Есте шығар, былтыр «Жеті түйін», біраз жобалар  жайлы өте көп айтылып кетті деген сын болатын. Қазір ондай әңгіме қысқарды. Неге?

Себебі, көп нәрсе орындалу үстінде, ал заңдар мемлекеттік органдар мен Парламентте келісу үшін біраз күш-жігерді қажет  етеді.Одан бөлек Жоғарғы Сот шілдеде жарты жылдық кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Онда қандай уәде берілді, қайсысы орындалды,  егер орындалмаса, неге және қашан іске асады деген қорытынды шығарады.

Дегенмен, іске асырылған жобаларда қысқаша тоқтап кетейін. Елбасының тапсырмасы негізінде фронт-офистер 50 соттарда ашылды. Жылдың аяғына дейін тағы да 100 соттар қосылады. Келесі жылы қалған 276 соттарда ыңғайлы жағдай жасалады.

Сотсыз татуласу орталықтары бүгін 16  облыстық орталықтарда ашылды. Жалпы, республика бойынша 46 орталықтар ашылған. 1016 татуласу кабинеттері соттар жанында жұмыс істеп отыр.

Соттарда 93 татуластырушы-судьялар қызмет атқарады. Олар 55% істерді осында тәртіппен аяқтайды. Оған қоса 107 отбасылық судьялар істерді қарайды. Нәтижесінде ерлі-зайыптылардың 41% қайта қосылып, жанұя сақталды.

Түнгі соттар барлық 16 облыстық орталықтарда қызмет атқарады. Олар жол-көлік оқиғалар бойынша әкімшілік істерді үш күннің ішінде аяқтайды.

Басқа да жобалар сәтті іске асып отыр. Олардың ішінде судья көмекшісі, азаматтарды қабылдау орталықтары және т.б.

Бірақ, қазір үшінші міндет жайлы айтпақпыз. Ол судьяларды дауы жоқ істер мен материалдардан босатуға қатысты. Бұл соттарға күрделі істерді қарауға үлкен кедергі болып отыр.

Өздеріңізге белгілі, осы жылдың қантар айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Онда, азаматтық іс жүргізу процесіне бірқатар жетілдіретін нормалар енгізілді. Мәселен, бұйрық өндірісімен қаралатын істер кеңейтілген. Енді судья дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы өндіріп алушының арызы бойынша бұйрықты шығарады.

Оңайлатылған өндірістің бір бөлігі бұйрық өндірісіне берілді:

1) жеке тұлғалардан кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті, өсімпұлдарды, пайыздарды өндіріп алу;

2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы аударымдарын аудару;

3) сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді орындау;

4) нотариус куәландырған дауды реттеу туралы келісімдерді орындау;

5) адвокаттың немесе партисипативтік рәсім тәртібімен адвокаттар мен тараптардың қатысуымен жасалған дауларды реттеу туралы келісімдерді орындау;

6) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған кәсіпкерлік, инвестициялық қызметке байланысты даулар бойынша келісімдерді орындау;

7) сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған сақтандыру даулары және банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша келісімдерді орындау;

8) сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау;

9) сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау;

10) жалдау төлемдерінің жалдау шартында белгіленген, мемлекеттік орган мәлімдеген мерзімдерде төленбеуіне байланысты оларды өндіріп алу.

Сот бұйрығын шығару үшін 3 жаңа келісімдер қосылды:

1.  заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған неке-отбасылық қатынастар саласындағы даулар бойынша.

2. бұқаралық ақпарат құралында азаматтың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе iскерлiк беделiне және заңды тұлғаның іскерлік беделіне кір келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы даулар бойынша.

3. заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауларды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған өзге де келісімдерді орындау туралы талаптар бойынша шығарылады.

Сот орындаушыларының әрекетіне санкцияның бір бөлігінің күші жойылды немесе/және прокуратураға берілді.

Сотқа дейінгі дауларды реттеу үшін қосымша өкілеттік соттардан нотариустарға берілді. Нотариустың өкілеттігі кеңейтілді. Нотариустар атқарушылық жазба немесе тиісті қаулы негізінде бірқатар даусыз талаптар бойынша берешекті өндіріп алу жүргізеді. Тек қана нотариустар атқарушылық жазба негізінде тұрақсыздық айыптарын (өсімпұлдарды), пайыздарды өндіріп алу, егер бұлар тиесілі болса, жүргізілмейді.

Бұл қандай талаптар?

Мысалы, нотариат куәландырған мәмілеге негізінде, коммуналдық қызмет және мүлікті жалға беру, жалақы бойынша берешекті өндіру, лизинг шарттары, ломбардтардың кепіл нысанасын өндіріп алу.

Басқа да маңызды шаралар жүзеге асты, соның  ішінде жиі қаралатын істер бойынша бірыңғай сот  практикасына қатысты. Оған қоса «Татуласу: сотқа  дейін, сотта» жобасы шеңберінде дауларды соттан тыс  шешудің артықшылықтары кеңінен насихатталуда.Бұл өзгерістер енді ғана нәтиже бере бастады.Мамырда сәуір айымен салыстырғанда істер мен материалдардың жалпы саны 3,5 есеге, 551-ден 156  мыңға азайды:

- азаматтық – 4,5 есе, соның ішінде істер - 13%-ға;

- қылмыстық – 23%-ға;

- әкімшілік – 22%.

Сот орындаушыларының іс-әрекетіне санкциялар   азаматтық соттардан 9 есе аз сұралған.

Дегенмен, мамырда демалыс және мереке күндері көп, сол себептен адамдар сотқа аз жүгінді деп айтылуы мүмкін.

Жарайды, онда былтырғы мамырмен салыстырып көрейік. Осы мамырда істер мен материалдардың саны 2 есеге азайған: азаматтық – 2,3 есе, қылмыстық – 17%-ға. Әкімшілік – бұрынғы деңгейде.

Азайған тек материалдар емес, сонымен бірге нақты істер: азаматтық - 26%-ға, қылмыстық - 31%-ға. Яғни, азаю тек сот орындаушыларының санкциясы ғана емес, сондай-ақ сот істері есебінен болып отыр.

Жалпы, жүктеме 10 жыл бойы үздіксіз өсіп келді. Ал, судьялардың штаты өзгерген жоқ деуге болады.

Бұл соңғы 10 жыл ішіндегі алғаш рет төмендеу.

Осылайша, соттардан шектен тыс жүктемені алып тастадық және бұрын болжамдалған күрт өсуге жол берген жоқпыз (биыл істер мен материалдар саны 8 млн жетіп, кейбір соттардың жұмысына қауіп төндіреді деп күтілген болатын).

Ескеретін тағы бір мәселе, Мәжілісте талқыланып жатқан және жаңадан әзірленген түзетулер де даусыз істердің едәуір бөлігін азайтпақ.

Десек те, біз тергеу соттары, экономикалық, әкімшілік соттар бойынша әлде де жұмыс жасауымыз керек.

Соңғы мәселе. Қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жүйесін жаңғырта аламыз. Біздің түпкі мақсатымыз – тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі. Соттар статистикалық әдістермен ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы бағаланатын болады.

«Судьялардың қаншалықты адал қызмет етіп, сенімге ие болғанына байланысты бағаланатынын түсінуге тиіс. Заңнаманы қатаң сақтауға негізделген шұғыл әрі ашық сот төрелігі қоғамымыздың негізі мүддесі мен еліміздің стратегиялық даму бағытына сай келеді,» – деді Елбасы Н.Ә. Назарбаев.

Қайсар Ноғаев 

Барлық материалдарды   t.me/strategykz      telegram  аккаунтынан оқи аласыздар. 

 




Яндекс.Метрика