• Басты
  • Газ тарту, бензиннің бағасы мен мұнай өндіру -Қанат Бозымбаев халыққа есеп берді
20 Маусым, 2019 18:08

Газ тарту, бензиннің бағасы мен мұнай өндіру -Қанат Бозымбаев халыққа есеп берді

Энергетика министрлігі мұнай-газ және мұнай-газхимиялық, электрэнергетика, атом пайдалану салаларына және қоршаған ортаның сапасын жақсарту бағыттары бойынша жауапты функцияларды атқарған болатын. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензиннің бағасы мен тарифтер, мұнай өндіру туралы халық алдында есеп берді. Энергетика саласында қандай жұмыстар атқарылғаны туралы келесі материалдан оқи аласыздар.

Газ тарту, бензиннің бағасы мен мұнай өндіру -Қанат Бозымбаев халыққа есеп берді | Strategy2050.kz

«Биыл Қазақстан 90 млн тоннаға жуық мұнай өндірмек. Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде 36,5 млн тонна мұнай өндірілді. Яғни, жоспар 101% орындалды. Үш ірі жоба бойынша 21,7 млн тонна мұнай өндірілді. Қашағанда - 4,24 млн тонна, Теңізде - 12,48 млн тонна Қарашығанақта - 4,97 млн тонна өндірілді. Биыл мұнай өндіру көлемі 89 млн тонна болады», - дейді Қанат Бозымбаев.

Энергетика министрі Қашағандағы жөндеу жұмыстары мұнай өндіру бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік бергенін айтады.

 «Қашағанда жөндеу жұмыстары мерзімінен 10 күн бұрын аяқталды. Ағымдағы жылдың 14 сәуір мен 19 мамыр аралығында өндіріс толық тоқтатылған болатын. Теңіз және жерүсті құрылыстарында техникалық жұмыстар жүргізілді. Жөндеу аяқталған соң өндіру көлемі тәулігіне 400 мың баррельге жетті. Бұл - рекордты көрсеткіш. Негізі бұл межеге  жылдың соңында жетеміз деп жопарлаған болатынбыз», - деді  Қ.Бозымбаев.

Сондай-ақ, Энергетика  министрлігі  Қазақстан АИ-92 бензинін 60-70 мың тонна,  Аи-95 бензинін 10-15 мың тонна көлемінде экспорттау жоспарланып отырғанын айтты.

«Үш бірдей мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғандықтан ішкі нарықтың бензин, дизель және керосинге деген сұранысы отандық өндіріс есебінен 100% қамтылып отыр. Бес айдың қорытындысы бойынша, өндіру деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама артты. Мәселен, бензин 13,8%, дизель отыны 13,2%, әуе керосині  298,6 % артық өндірілді», - деді Қ. Бозымбаев.

Министр атап өткендей,  отандық Аи-92 және Аи-95 бензиндері 20-30% артығымен өндіріліп жатыр. 

«Соның арқасында АИ-92 бензиніне бөлшек сауда бағасы бір жыл ішінде 6,9 пайызға төмендеді. Яғни бір литрі үшін 147,6 теңге болып тұр. АИ-95 және Аи-96 бензиндерінің бағасы да 3,8 % төмендеп, бір литрі үшін 168,6 теңге болды. Жазғы дизель отынының бағасы 1 %п айызға төмендеп, бір  литрі 191,8 теңгеге сатылып жатыр», - дейді Энергетика министрі.

Сондай-ақ,  Қанат Бозымбаев мұндай профицит мұнай өңдеу зауыттарының толып кетуіне алып келгенін жеткізді.  

«Осының арқасында мұнай өңдеу көлемі амалсыздан төмендеді. Ал ол дизель мен әуе керосинінің өндірісіне кері әсер етуі мүмкін еді. Сондықтан, ішкі нарықты бақыланбайтын экспорттан қорғау үшін ашық түсті мұнай өнімдеріне экспорттық кедендік баж төмендетілді. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тысқары жерлерге бензин экспорты ашылды. АИ-92 бензинін 60-70 мың тонна көлемінде, ал Аи-95 бензинін 10-15 мың тонна көлемінде экспорттауды жоспарлап отырмыз», - дейді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, министр Қазақстан бензинін экспорттау бойынша шетелдік өкілдермен келісімдер жүріп жатқанын атап өтті.

 «Біздің Еуразия экономикалық одағындағы әріптестеріміз де бензин экспорттауымызға қызығушылық танытып отыр. Біз олардың алдына нақты талаптар қойдық», - деді ол.

Сондай-ақ, министр  елордаға газ қашан келеді деп күтіп жүргендер көп екенін тілге тиек етті.

«Бұл жерде жергілікті әкімдіктің жұмысына көп нәрсе байланысты.  Барлық тораптарды кестеге сай іске қосып үлгерсе, 1 қаңтардан бастап газ тұтына бастауымыз мүмкін, - дейді министр Қ.Бозымбаев.

Сондай-ақ,  былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 әлеуметтік бастаманың» бірі ретінде Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру жобасындағы Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-ші кезеңін іске қосуға пәрмен берген болатын.

Министрдің айтуынша, газ құбыры Жезқазған қаласына жетіп қалған.

«Сарыарқа газ құбыры кестеге сәйкес салынып жатыр. Қазіргі уақытта Жезқазған қаласына жақын жерде дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 420 шақырым жерге құбыр тартылды. Бұл жоспарланған жұмыстың 35 %-ын құрайды. Орташа есеппен дәнекерлеу жұмыстарының тәулігіне қарқыны 7-8 шақырымды құрайды», - деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, «Сарыарқа» газ магистралінің аясында Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Қарағанды облысының 171 елдімекені газбен қамтылады.

«Елорданы газбен қамту жобасы жоспарға сай жүргізіліп келеді. Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек,  Қарағанды Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран, Шахтинск қалаларының 171 елді мекені газбен жабдықталады. Соның арқасында Орталық Қазақстандағы елді мекендердің 142 мың тұрғыны газға қол жеткізеді. Қазіргі кезде магистраль құрылысында 2 200 адам жұмыс істеп жатыр. 700-ге жуық арнайы техника бар», - дейді министр.

Бұған дейін кейбір ақпарат көздерінде «Балқаш көлі маңындағы Үлкен кенті атом электр станциясын салуға ыңғайлы жер ретінде қарастырылып отыр» деген ақпарат тараған болатын. Талдықорған қаласының тұрғыны осыған өзінің алаңдаушылығын білдірді.

«Елімізде ешқандай электрге тапшылық жоқ. Ондай қажеттілік 2025-2027 жылы болады деген болжам бар екені рас. Сол кезде оңтүстікпен орталықта профицит болуы мүмкін. Бұл аймаққа Балқаш көлі маңындағы Үлкен кентте кіреді. Алайда, бұл ол жерде АЭС салынады дегенді білдірмейді», - деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, министр   елімізде АЭС салынады деген қауесетті шетелдік ұйымдар таратып жатса, бұл олардың ниеті деп қабылдау керектігін айтты.
 

«Мәселе толық зерттелмей, ешқандай шешім қабылданбайды. Сол себепті одан қорқудың қажеті жоқ. Оның бәрі қауесет ғана. Егер мұндай ақпараттарды шетелдік ұйымдар мен компаниялар таратып жатса, солардың ниеті ғана деп қабылдау керек екенін ескертемін. Әлде саяси ойын ғана болуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге барған сапарында АЭС жайлы өз ұстанымын айтты.Президент мұндай мәселеде халықтың талап тілегі ескеріле отырып шешім қабылданатынын айтты. Яғни сауалнама жүргізу немесе референдум арқылы. Жаппай xалық қарсы болып жатса, ештеңе салынбайды. Оған алаңдауға себеп жоқ», - деді министр.

Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев электр энергетикасы секторы сенімді электрмен жабдықтау міндетін шешетінін айтты.

«Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істейді, жүйелі сенімділік қамтамасыз етілген, экономика мен халықтың электр энергиясына деген қажеттілігі толығымен қанағаттандырылады.Үздіксіз электрмен жабдықтауға бағытталған жобаларды іске асыру энергетиктер қызметінің басым бағыты болып табылады», - деді ол.

Сондай-ақ,  Ұлттық электр желілерінің ерекшеліктеріне байланысты, оңтүстік өңірде, әсіресе қысқы кезеңде, үнемі электр тапшылығы болып тұрды. Тапшылық Өзбекстан импорты арқылы шешілген болатын.

«2018 жылдың соңында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 500 кВ «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» өңіраралық желісі салынды.          Бұл Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы Ұлттық электр желісінің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының тұтынушылары үшін  электрмен жабдықтау сапасын ұлғайтты», - деді ол.

Министрдің айтуынша,  электр энергиясын өндіру нарығы бойынша нормативтік-құқықтық реттеу жүйесін және жаңа нарық құрылымын қалыптастыру аяқталды. Қаржы-есеп айырысу орталығының негізінде Бірыңғай сатып алушы құрылды.

«Жылдың басынан бастап электр энергиясын өндірушілер электр энергиясы нарығы және қуат нарығының қағидалары бойынша жұмыс істейді. Бұл электр энергиясына бағаның тұрақтылығын реттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте өз өндірісін жаңғырту немесе реконструкциялау үшін қуатқа тариф түріндегі инвестициялық бөлік сақталады», - деді министр.

Сондай-ақ, Ұлт жоспарының 51-ші қадамын іске асыру шеңберінде өңірлердегі энергия беруші ұйымдарды ірілендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні энергия беруші ұйымдар саны 162-ден 152-ге қысқарды. Оның ішінде 5 мемлекеттік кәсіпорын жойылды.

«2018 жылы иесіз желілер ұзындығы 2 350 километрден 1 336 километрге дейін қысқартылды. Ал 2019 жылы 1 336 километрден 742 километрге дейін, яғни 594 километрге қысқарды. Соның нәтижесінде, оң өзгерістер байқалады. Мысалы, соңғы тұтынушылар үшін тарифтердің төмендеуі, электр желісіндегі жазатайым оқиғалардың азаюы, монополистер көрсететін қызмет сапасының артуы. Жалпы, 2023 жылға қарай республика бойынша энергия беруші ұйымдар саны 110-ға дейін қысқарады. Ал иесіз желілер мен коммуналдық ұйымдар мүлде болмайды», - деді ол.

Министр  ҚР Энергетика министрлігінің есепті кездесуді дайындау барысында өңірлердегі Министрлік комитеттерінің аумақтық бөлімшелері тұрғындар үшін ашық есіктер күндерін өткізгенін атап өтті.

«Бұл халықтың көкейіндегі өзекті сұрақтарды топтастыруға  мүмкіндік берді. Осы орайда Ақтөбе, Алматы, Қостанай және Қызылорда облыстарының тұрғындары белсенділік танытты.Сұрақтардың көбі экологияға қатысты болып шықты. Атап айтқанда,  рұқсат етілмеген кездейсоқ қоқыс үйінділері, көбейіп жатқан тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және көму, полигондардың, қоқыс өңдейтін зауыттардың болмауы, ағаштарды заңсыз кесу, қатты отынмен жанатын қазандықтардың ластауы, кәріздік тазарту құрылыстарының болмауы», - деді ол.

Министр атап өткендей, экология саласындағы жұмысы барысында Министрлік қызметі аталған өзекті мәселелерді шешу үшін жүйелі шараларды қабылдауға бағытталды.

«Бүгінгі күні республикада 3 мыңнан астам полигон жұмыс істейді. Олардың 18% ғана (620) экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Полигондардың 82% (2901) заңдастырылмаған.Өткен жылы «Ғарыш сапарымен» бірлесіп, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне ғарыштық мониторинг жасалды. 2018 жылы 8 680 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 3,5 мыңы (3549) пысықталды, 810-ы кәдеге жаратылды», - деді ол.

Сондай-ақ, полигон, қоқыс үйінділері мәселелерін шешу үшін –тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салудың оңайлатылған Үлгілік жобаларын әзірлеу ұсынылды. Бұл жобалау және құрылыс мерзімін қысқартуға, бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.

«Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап пластмассаны, макулатураны, картонды және қағаз қалдықтарын, шыныны, сондай-ақ барлық тұрмыстық қатты қалдықтарды полигондарда алдын ала өңдеусіз көмуге тыйым салу күшіне енеді. Осы нормаларды енгізу - қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы шағын және орта бизнесті ынталандыруға және дамытуға мүмкіндік береді. Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесі өсіп келеді. 2016 жылы - 2,6 %,  2017 жылы – 9 %,  2018 жылы  – 11,5% . 2019 жылға жоспар – 14% құрайды», - деді ол.

Сонымен қатар,  кеңейтілген міндеттеме құралдарының арқасында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны көбейді. Олардың саны 2016 жылы 115 кәсіпорын болса, 2018 жылы 150 кәсіпорынға жетті. Кәсіпорындар қалдықтардан 20-дан астам өнім түрін шығарады.

«Бүгінгі күні республиканың 204 қаласы мен ауданының 51-інде бөлек жинау, ал 30 елді мекенінде сұрыптау процесі енгізілді. Сұрыптау кешендерінде мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2016 жылдан 2018 жылға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 2,6 % 11,5% дейін, ал өнеркәсіптік қалдықтардың үлесі 26,8% 32,2% дейін өсті. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері инвестициялық саясатына сәйкес 2016-2018  жылдары 158 млрд. теңге көзделген. Соның ішінде қалдықтарды өңдеу саласын дамытуға 127 млрд.теңге жұмсалды», - деді ол.

Сондай-ақ,  бүгінде сынап шамдарын жинауға арналған 2 мыңнан астам контейнер, бөлек жинауға арналған 9 мыңға жуық контейнер, электр жабдықтарына арналған 150 контейнер орнатылды.

«2018 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, органикалық (тағамдық) қалдықтарды қайта өңдеуді және кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаны іске асыруда. Пилоттық жобаның тәжірибесін басқа өңірлерге енгізу жоспарланып отыр.Ірі қалалар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ағынды суларын тазарту – шешімді талап ететін маңызды мәселелердің бірі болып табылады», - деді ол.

Елімізде 58 тазарту кешені жұмыс істейді. Оның 10-ы толығымен тозған (Ақтөбе, Қапшағай, Атырау, Семей, Абай, Сарань, Ақтау, Кентау, Арыс, Арқалық). Ал 26-сын жаңғырту және реконструкциялау қажет.

«Тараз, Атырау, Қостанай қалаларында қалалық ағынды сулар тазартусыз төгілуде.Мәселен, кешенді сот-экологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, Атырау облысының Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылу себебі – уыттылығы жоғары хлорды төгу болды.Осылайша, бүгінгі таңда экологиялық заңнаманы реформалау –  ең өзекті мәселе.Экологиялық ортаны жақсарту әрқашан Елбасы саясатының басым бағыты болды. Әрі бұл мәселе Мемлекет басшысының «Баршаға ортақ игілік» күн тәртібінде жалғасын тапты», - деді ол.

Есептік кездесуге барлық өңірлер онлайн режимде қосылып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Министр барлығының сұрақтарына жауап беруге тырысты, кездесу  2 сағаттан астам уақытқа дейін созылды.

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды