• Басты
  • Рухани жаңғыру және жастар жылы
20 Маусым, 2019 14:45

Рухани жаңғыру және жастар жылы

Биыл «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының шыққанына 2 жыл толды. Ол 2017 жылы 12 сәуірде отандық басылымдарда жарияланып, қоғамда резонанс тудырған еді. Жоғарғы мінберден бастап, оқу орындарына дейін рухани жаңғырудың қазіргі жай-күйі мен алдағы бағыт-бағдары талқыланды. Жалпы, еліміздегі рухани жаңғыру – үздіксіз процесс болғандықтан, оған Тәуелсіздік жарияланған соң қолға алған барлық рухани-мәдени шаралар енеді. Алғашқы жылдардағы «Мәдени мұра» бағдарламасы, «Тарих толқынындағы халық», ҚР Президентінің Ұлытаудағы сұхбаты, кейінгі «Ұлы Даланың жеті қыры» осы үрдістің үзілмес бөліктері. Аталған іс-шаралар мен бағдарламалар көнеден келе жатқан рухани-мәдени қазынаны қайта қаузап, тарихи танымды кеңейтуді ғана емес, бүгінгі қоғамдық сананың трансформациясын көздейтін маңызды құжаттар. Ал, Қ.Тоқаевтың «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбаты осылардың заңды жалғасы деуге болады.
Рухани жаңғыру және жастар жылы

 «Рухани жаңғыру» алғашында мақала болып шыққанымен, бағдарлама ретінде қабылданып, 2017 жылдың 26 сәуірінде оның іске асуын үйлестіретін, қадағалайтын орган – ҚР Президентінің жанындағы ұлттық комиссия құрылды. Ол қазіргі уақытқа дейін өзінің тиісті функциясын атқарып келеді. Бүгінде Ұлттық комиссияға ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Тәжин жетекшілік етеді. Бағдарлама кейінгі Елбасы Жолдауларында да нақты көрініс тауып отырды. Мәселен, 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауда негізгі тақырып Төртінші өнеркәсіптік революция болғанымен, адами капитал – жаңғыру негізі екендігіне ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе, қазақ тілінің терминологиясын жүйелеу, 2025 жылға дейін латын графикасына көшу кестесін дайындау, ағылшын тілін меңгеру мен цифрлық білімді дамыту сөз болды.

«Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деді Президент. Ал, 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергені айтылды. Сонымен қоса, бұл бастаманың аясын жаңа мазмұнмен, бағыттармен толықтыру қажет деген міндет қойылды. Аталған Жолдауда алғашқы рет 2019 жылды «Жастар жылы» ретінде бекіту ұсынылды. Яғни, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастар жылында рухани жаңғыру бағдарламасымен үйлесімде ауқымды платформаны қалыптастыру қажет болды. Ол міндетті «Ұлы Даланың жеті қыры» аясындағы жастарға арналған жобалар да орындады деп санаймыз. Жоғарыда аталған Комиссия мақалада белгіленген 6 бағыттың іске асуын қамтамасыз етіп келеді. Атап айтқанда:

-Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық

-Туған жер

-Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі

-Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы

-Жаһандағы қазақстандық мәдениет

-Қазақстандағы 100 жаңа есім

Алғашқы бағыт бойынша 2017 жылға дейінгі аралықтың өзінде жоғары оқу орындарының ұсыныстары негізінде 800 алғашқы оқулықтар тізімі құрастырылды. Бұл жұмысқа 17 жұмыс тобы қатысып, жалпы саны 90-нан астам сала мамандары жұмылдырылған.  Әлемнің үздік деген еңбектерін қазақ тіліне аударуды бір орталықтан ұйымдастыратын «Ұлттық аударма бюросы» да құрылып, алғашқы нәтижелерін көрсетті. 2017 жылы әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық саладағы 18 кітап Елбасының қатысуымен тұсауы кесілсе, 2019 жылдың соңына дейін оның қатарына тағы 30 еңбек қосылады.

Соның нәтижесінде қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері гуманитарлық ғылымдар, экономика пәндерінен әлемнің үздік еңбектерін қазақша оқуға мүмкіндік алады. Бұл отандық аударма саласы үшін де үлкен серпіліс. Ал, жалпы оқырман қауым ортасында 100kitap.kz ресми сайты, kitap.kz жобалары айтарлықтай қызығушылыққа ие болды. «Nur Otan» партиясы стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Е.Кочетовтің пікірінше, бұл теңдессіз туындылар және мұндай мүмкіндікке кез-келген адам қол жеткізе алмайды. Мәселен, Друкердің маркетинг жайлы оқулығы, бизнесте жүрген белді тұлғалардың үстелінде тұрады. Қазір мұны біздің студенттер оқып жүр.

Қазақ тілі мен әдебиетінің популяризациясына арналған аударма жұмыстары «Жаһандағы қазақстандық мәдениет» бағыты аясында да іске асуда. Атап айтқанда, қазақ әдебиетінен 30 ақын мен 30 жазушының 500-ге жуық шығармасы әлемнің 6 тіліне аударылатын болады. Ол – ағылшын, испан, француз, қытай, орыс және араб сынды халықаралық кең таралған тілдер. Әзірге, Ұлыбританияның Cambridge University Press, Испанияның «Visor-Libros» және т.б елдердің баспаларымен келісімшарт жасалуда. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихында 3 миллиардтық аудиторияға таралатын ең масштабты жобалардың бірі.  

Әлемге танымал және қазақстандық қоғамда сұранысы бар телеөнімдерді қазақ тіліне аудару мен дубляждау да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде маңызды болмақ. 2018 жылы «Қазақстан» ТРК Төрағасы Е.Қарин «А» санатындағы Голливудтың 24 фильмі, 10 толықметражды Дисней мультфильмі, 779 анимациялық сериал қазақ тіліне дубляждалғанын мәлімдеген еді.  Әсіресе, жасөспірімдер мен жастарға арналған өнімдерді сапалы аударуда «Болашақ» қауымдастығы да белсенді жұмыс істеп жатқанын байқаймыз. Биылғы жылы шет елдік продюсерлік орталықтармен бірлескен жобалар саны артып келеді. Яғни, отандық телевизия саласы, фильм индустриясы мен қазақ тілінің мәртебесі қатар нығайып келе жатыр.   

2017 жылдың өзінде мемлекеттік тілді дамыту өзегі – латын графикасына көшу тақырыбы қоғамда терең талқыланды. Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің бірыңғай стандарты Мемлекет басшысының 2017 жылғы 9 қазандағы жұмыс тобының мүшелерімен кездесуінде ұсынылды. 2018 жылғы 19 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлығы шықты. Жаңа нұсқа бекітілді. Қазір 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшу жоспарға сай жүзеге асуда.(https://www.inform.kz/lenta/ruhani/kz/) Қазақстанның 19-ға жуық қаласында өткен жалпыхалықтық диктант азаматтардың жаңа әліпбиге деген қызығушылығын көрсетті. Бұл, «Рухани жаңғырудың» бір бағыты бойынша жеткен жетістіктерінің көрсеткіші.

«Туған жер» жобасының нәтижелері / www.inform.kz

2019 жылы 19 наурыз Тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи күн болды. Себебі, Елбасы Н.Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдады. ҚР Конституциясының 48 бабы 1 тармағына сәйкес, Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа көшті. 2019 жылы 9 маусымда қазақстандықтар өз таңдауын тағы бір растап, Қазақстанның жаңа Президентін сайлады. «Рухани жаңғыру» үрдісі Қ.Тоқаев қызметінде сабақтастық тауып келеді.  

Қ.Тоқаев өз қызметінде, яғни сөйлеген сөздері, мәлімдемелері, әлеуметтік желіде жазбаларында қоғамдық сананы жаңғырту және жастар тақырыбын алға қойып келеді. Мемлекет басшысының өз сапарын Түркістан жерінен бастауы, А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу туралы Жарлығы, тарих пен руханиятқа қатынасы халық тарапынан жылы қабылданды. Бізге белгілі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму және сананың ашықтығы қазіргі Қазақстан қоғамына қажетті құндылықтар ретінде көрсетілген. Қ.Тоқаевтың аймақтардағы кездесулерінде ашықтық, жемқорлыққа төзбеушілік, халық пен мемлекеттік органның диалогы жиі-жиі көтеріліп жүр. Мемлекеттік және жергілікті басқарушы органдардың әлеуметтік желілерде аккаунттар ашып, тұрғындармен ашық және жедел байланысқа шығуы да соның белгісі. Қ.Тоқаев Президент ретіндегі негізгі ұстанымы етіп сабақтастық, әділеттілік және дамуды айтты. Дала демократия­сына адал болу, әділетті және ашық қоғам құру, осы арқылы тұрақты дамуға қол жеткізу шын мәнінде қоғамдық сананың модернизациясына тікелей ықпал етеді.  

«Қазақстанның киелі жерлері» жобасының нәтижелері / www.inform.kz

Қ.Тоқаев отандық БАҚ өкілдеріне берген алғашқы сұхбатында санаға сіңіп кеткен керітартпа мінез-құлықтан арылудың маңыздылығына тоқталды. Президент өз сөзінде «Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты көтермейді» деп атап өтті. Сондықтан жоғары технологиялық, цифрлы кеңістікте жаһандық дамудан артта қалмауымыз қажет екендігі айдан анық. 

ҚР Президенті 2019 жылы 12 маусымдағы инаугурациясындағы сөзінде алдағы жұмысының Сегізінші бағыты ретінде «Рухани жаңғыру» құндылықтары басты рухани бағдарымыз болып қала беретінін атап өтті. «Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады» деді Мемлекет Басшысы. Бұл жұмысты атқаруда ендігі кезекте жастарға ерекше назар аударылатын болады

Н.Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпыұлттық дәрежедегі жоба екендігі сөзсіз. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын, өткені мен бүгінгі кезеңін, ұзақ және қысқамерзімді перспективадағы жан-жақты даму векторларын айқындайды. Бұл бағдарламаны қабылдау Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан бергі қоғамның қалыптасқан проблемалары, ішкі сұранысы және жаһандық жаңа бетбұрыстардан туындады. Сонымен қоса, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлыстардың, діндегі, көзқарастағы және жастағы, кәсіптегі азаматтардың ортақ құндылықтарын қалыптастыруда, жаңа қазақстандық қоғамды орнатуда маңызды деуге толық негіз бар. Әсіресе, жаңа қазақстандық патриотизмді насихаттау үшін өзекті.  

Жастар жылы шеңберіндегі «Жастар елі тірегі», «Жас кәсіпкер» жобалары жастардың бизнес-инициативаларын және әлеуметтік жобаларын қолдауға арналған. «Жол картасы» бойынша жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеу жүргізуіне 2019-2021 жж. аралығында жыл сайын 3 млрд теңге қаражат бөлінеді. «100 жаңа есім» жобасы Қазақстан жастарының маңдайалды жобасы деуге болады. Бұл жоба ендігі кезекте талантты жас қызметкерлерді қолдауға арналған «Президенттік кадрлық резервті» айтамыз «Президенттік жастар кадрлық резервімен» нақты жүзеге асқалы отыр. Дегенмен жастар саясаты мен тәр­бие­сінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керектігін Президент қайталап айтып келеді. Кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асыру ауадай қажет. Жақында құрылған Қоғамдық сенім комиссиясы аясында да осы сұрақтарға басымдық беріледі деп есептейміз.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды