• Басты
  • Құқық қорғау жүйесін реформалау қалай жүзеге асырылуда?
20 Маусым, 2019 11:42

Құқық қорғау жүйесін реформалау қалай жүзеге асырылуда?

Осы жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде: «Сот және құқық қорғау жүйесін реформалауды маңызды бағыттарға жатқызып, оған баса мән беруіміз керек» деген. Президент «құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу» деп белгілеген.
Құқық қорғау жүйесін реформалау қалай жүзеге асырылуда?

Жалпы, құқық қорғау органдарының қоғам мен адам өмірінде, тәуелсіздігіміздің тарихында алатын орны ерекше. Ол мемлекет пен қоғамның негізгі институттарының бірі, ұлттық құқық жүйесінің бөлігі.

Тәуелсіздік жылдары конституциялық заңдылық пен ішкі тұрақтылықты нығайтуға, елімізде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге құқық қорғау органдарымен ерекше назар аударылды. Соның арқасында елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейі сақталуда.

Дегенмен, құқық қорғау саласын реформалау еліміз енді ғана егемендік алған кезде үкіметтің басты міндеттеріне айналды.

Өздеріңіз білесіз 90 жылдары экономикамыз құлдырап, жұмыс та, айлық та, зейнетақы да болмай, жұрт қатты қиналды. Қылмыстылық та күрт өсіп кетті. Мұндай қиыншылықтарға тек Қазақстан емес, ТМД елдерінің барлығы тап болды.

Сонда Елбасы құқық қорғау қызметін өз қолына алды. Басты міндет криминалды тоқтату, жас мемлекетті сақтап қалу болды. Сол кезден жағдай жақсара бастады. Соңғы 20 жылда мемлекетіміздің жағдайы қалыпқа келді. Ішкі де, сыртқы да саясатымыз дұрыс жолға қойылды. Соның ішінде құқық қорғау саласында да.

Қысқа уақытта Қазақстан ғасыр жүгін арқалаған тарихи жолды өтті. Ол туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы дала ұлағаттары» деген еңбегінен таныспыз.

Бір сөзбен айтсақ, қазақстандықтардың өмірі қауіпсіздік жағынан жыл сайын жақсарып келеді.

90-шы жылдарды айтпағанда, КСРО-ның ең керемет деген 80-ші жылдарымен салыстырсақ та қылмыс біраз төмен. Кісі өлтіру 2 есе, түрмедегілер 3 есе кеміді. Бүгін – 32 мың. Әлемдік рейтингте 3-ші орыннан 82-ші позицияға көтерілдік. 8 колония жаптық.

Әрине, барлығы жақсы, ойдағыдай деп айту қиын. «Көш жүре түзеледі» демекші, әліміз келмей немесе тәжірибеміз жетпей жатқан мәселелер баршылық.

Мәселен, құқық қорғау органдарында, бір ескі ауруы болған. Олар өздерін қылмыстық істің қожайыны деп санаған. Қылмыстық процес орбитасына түскен адамның тағдыры қолдарында. Бұл Кеңес Одағынан келе жатқан көзқарас, қанға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет. Сосын ғой адамдарда органдар десе, сенім емес, алдымен, қорқыныш пайда болады.

Сол себептен, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау саласын кешенді реформалауды тапсырды. Реформалар шеңберінде дамыған елдердің озық тәжірибесін алып, оны жан-жақты зерделеп, өзімізге бейімдеп, енгізуді талап еткен.

Мақсат – елдегі құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтарымыздың қауіпсіздігін одан сайын жақсарту. Сөйтіп, әділетті, мықты, ашық, адам құқығына ерекше мән беретін демократиялық мемлекет құру.

Сол 2010 жылдан бері Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ішкі істер және әділет министрліктерімен бірқатар жобалар іске асырылды. Төрт жаңа кодекстер және «Құқық қорғау қызметі туралы» мен «Прокуратура туралы» заңдар қабылданды. 5-институционалды реформа басталды.

«100 нақты қадамдағы» екінші реформа - әділ сот төрелігі және құқық қорғау жүйесі адамдардың құқығы мен бостандығын қорғауды, құқықтық тәртіпті нығайтып, заңдардың мүлтіксіз орындалуын көздейді деп Елбасы шегелеп айтты.

Бірақ, осы оң өзгерістерге сенбейтіндер бар. Қоғам болған соң пікір де көп. Амнистия жиі болып кеткен жоқ па? Сондай-ақ қылмыс азайды ма? Түрмедегілерді жаппай ерте босатсақ ертең өзімізге қауіп болмай ма? деушілер аз емес.

Оларға бұрын тыныш болған сияқты. Өйткені, ол кезде ақпарат жабық болды. Халық көп нәрсені білмейтін. Қазір бәрі ашық. Ақпарат құралын ашып қалсаң тек криминал. Біреуді өлтіріпті, зорлапты, парамен ұстапты. Басқа жаңалық жоқтай. Әрбір қылмыс Интернетте тез тарап, оны бүкіл ел болып талқылаймыз. Содан соң жұрт жағдай жылдан-жылға нашарлап бара жатыр екен деп ойлайды.

Шын мәнінде, адамға қарсы ауыр қылмыстар азайып, қауіпсіздігіміз жылдан-жылға жақсаруда. Сол үшін соңғы жылдары гуманизация жасап, жазаларды жұмсартып жатырмыз. Жалпы, қызметті жетілдіру - тоқтамайтын процесс. Оны таразылап, кезең-кезеңімен жасаған дұрыс.

Дегенмен, шешілмеген проблемалар әлі көп. Алда тұрған жұмыс ұшан-теңіз. Президент жариялаған «Мәңгілік ел» болу үшін тек 25 жыл емес, жүздеген жылдар керек шығар. Оны жүзеге асырудың ең мықты механизмі – сауатты заң мен күшті мемлекет. Заңның қорғаушысы – құқық қорғау органдары.

Алайда, біздің құқықтық сала консервативтік сипатта. Елбасымыз терең реформаларды жүргізу жайлы бірнеше рет талап қойса да құқық қорғау органдары кезінде қарсылық пен қаламаушылық танытқан. Қылмыстық процесс әлі күнге дейін кеңестік кезеңнің кемшіліктеріне ие. Себеп – ведомстволық мүдденің басымдығы.

Нәтижесінде халықтың, соның ішінде инвесторлардың құқық қорғау органдарына сенімсіздігі. Бізде қандай елеулі кемшіліктер бар?

Біріншісі. Функциялардың  қайталануы.

Бізде полиция тергеушісі қылмысты тергейді, дәлелдемелер жинайды, 3 тәулікке қамауға алады, тінтуге, алып қоюға, активтерге, банк шоттарына тыйым салуға тыңдауға және т.б. амалдарды жүргізеді. Бірден күдіктіні белгілейді және оның әрекетін саралайды. Яғни өз дәлелдемелеріне өзі баға береді. Нәтижесінде дайын айыптаумен прокурорға жібереді немесе істі тоқтатады.

Оған қоса тергеушінің бастығы, процестік тәуелсіз тұлға ретінде шешім қабылдаудың күшін жоюдан басқа прокурордың барлық функциясына ие. 

Прокурор, әрине, тергеушінің шешімінің күшін жоюға құқылы. Алайда, ол өзін жауаптымын деп сезінбейді, өйткені терегеуші процестік тұрғыда тәуелсіз, өзінің тергеу сапасына өзі жауап береді. Прокурор, негізінен, тергеуге шағым келіп түскенде немесе полиция негізді түрде барлығын шешкенде, қылмыс нұсқасын таңдап, өз материалдары негізінде кімді жауаптылыққа тартатыны шешілгеннен кейін ден қояды.

 Екінші. Статистикалық көрсеткіштер.

Полицияның ең басты көрсеткіші – ашылған қылмыстар мен сотқа жолданған істер саны. Барлық істер емес. Тек қана ауыр және аса ауыр қылмыстар.

Жедел қызметкер үшін – ашу. Тергеуші үшін – істі сотқа жіберу.

Біріншісі де, екіншісі де бір басшыға бағынады. Ол қылмыстардың барынша ашылуына және сотқа жолдануына жеке мүдделі. Тап осы көрсеткіштер бойынша басшыға баға беріледі.

Нәтижесінде азаматтардың құқықтарын және мүдделерін қорғаудың орнына полиция қызметкерлері статистикалық көрсеткіштерді басшылыққа алған.

Осындай ведомстволық көрсеткіштерге негізделген полицияның жұмысы сотқа дейінгі тергеу сапасын, соның ішінде адам құқығын кейінге ысырып тастайды.

Бұл мүмкіндікті құқық қорғау органдары шексіз пайдаланды. Қылмыстық орбитаға тартылғандар оған тек амалсыз көнетін. Оларда билік көп - аңдиды, жасырын тыңдайды, тінту жасайды, адамның жүріс-тұрысын шектейді, қамайды, мүлкіне тыйым салады. Сөйтіп, қылмысты ашамыз деп артық кетуіміз мүмкін.

Полиция азаптады, қорлады деген айыптар кез-келген қылмыстық істерде кездеседі. Ал оның көбісі расталмайды. Қысым көрсеткен жедел қызметкерлер жауапқа тартылмайды.

Бірақ, халықтың барлығы осындай айтылған сөздерге сенеді. Себебі, полициямен кездескен адамдар, әсіресе күдіктілер, көбісі полицияны мақтамайды.

Үшінші. Айыптау бейімділігі.

Бұрынғы КСРО елдерінде қылмыстық процестің тарихына үңілер болсақ, ол қайтсе де қылмысты ашу және қатаң жазалау керек деген қағидамен құрылған. Бұл қағидаттар сталиндік респрессия кезінде одан сайын тамырлана түсті. Сол жылдары кінәні мойындау дәлелдемелердің патшайымы болатын және ол кез-келген тәсілмен алынатын.

60-шы жылдары құқықтанушы ғалымдар – жаңа Қылмыстық процестік кодекстің авторлары, құқық қорғау органдарының репрессияланған тәртібін өзгерту мақсатында – тежемелік және тепе-теңдік жүйесінің элементтері –  ведомстволық бақылауды және прокурорлық қадағалауды енгізді.

Милиция тергеушісі өз бастығынан рұқсат алуы тиіс, ал бастығы одан жоғары тұрған басшыдан  рұқсат алады. Содан  кейін прокурорға санкция алу үшін барады. Прокурор да өзінің аудандық басшысынан, сосын облыстық басшыдан рұқсат алады.

Осындай көп сатылы тергеу озбырлықты тоқтата алды және органдар тәртібін өзгертті. Алайда, кейін процесс шектен тыс бюрократталды, ұзақ және экономикалық тиімсіз бола түсті. Жемқорлық тамыр жая бастады.

Бізде әр органның іс әрекеті ведомстволық көрсеткішпен айқындалады.

Полиция үшін – қылмысты ашудың жоғары пайызы және прокурорға жіберген істің саны маңызды. Прокурор үшін айыпталушыны соттың ақтамағаны маңызды. Сот болса өз шешімінің күшінің жойылуына жол бермеуге тырысады.

Осының барлығы біздің қылмыстық процесті айыптаушы етеді.

Төртінші. Тергеу сапасы үшін жауапкершіліктің «сұйықтығы».

Ақтау үкімін шығарған кезде полиция мен прокуратура арасында талас басталады – істің қирауына кім кінәлі. Прокурор тергеушіге нұсқайды, себебі дайын істі алып келген сол. Прокурордың пікірінше, тергеуші процессуалдық жағынан тәуелсіз тұлға және қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешімдерді өз бетінше қабылдай алады. Прокурор оның шешімдерінің тек заңдылығын тексереді.

Тергеуші болса прокурорға сілтейді, себебі айыптау актісін бекіткен және істі сотқа жолдаған прокурор.

Бірақ, прокурор істің мән-жайына терең үңілмеген. Шын мәнінде, ол тергеуші мен судья арасындағы буын.

Нәтижесінде полицияға шағымдану тиылмай тұр. Тек тергеу бойынша жылына 100 мыңнан астам.

Адвокаттарға қорғауындағы адамның мүддесіне материал жинау құқығы берілді – экспертиза жасау жөнінде ұсыныс беру, техникалық құралды пайдаланып, сұрау жүргізу. Мұның барлығы іске тігілуі тиіс. Алайда, тергеуші адвокаттың бұл өтінішін қабылдамайды. Сондықтан ол қорғауындағы адамның мүддесі үшін судьяға жүгінуге мәжбүр. Жатқан бюрократия. Сөйтіп, қылмыстық іс қорқытып-үркітіп, қарызды қайтару құралына айналып кеткен.

Бесінші. Дәлелдемелерге баға беру. Оларды бұрмалау.

Есірткі заттарды, қаруды, оқтарды немесе тыйым салынған діни әдебиетті жасанды салып қою. Осындай дәлелдер негізінде істі бұрмалау фактілері ТМД елдеріне тән тәжірибе.

Жақында ғана, Ресейде полиция қызметкерлері белгілі журналист Иван Голуновқа есірткі заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деп айыптаған. Оны тек қана журналистердің көмегімен аман сау алып қалған. Ал, басқа ресейлік азаматтар тиісті қорғаусыз қалған. Осы қылмыстық істің салдарынан полицияны реформалау мәселесі көтерілуде.

Бұдан басқа, 2-3 ұсталған адам тергеу органымен мәмілеге келіп, кінәні басшысына аударады. Сол үшін олар жауаптылықтан құтылады. Ал, осы көрсетімнен басқа басшының қылмысын дәлелдейтін өзге айғақ жоқ. Бұл айыптау үкімін шығаруға жеткілікті ме? Жала жабу болмай ма?

Жазалар бойынша. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды жасаған күдіктілер жауапкершіліктен босатылып, қайтадан заңсыз кәсібімен айналысуға мүмкіншілік алған.

Қылмыстардың тең жартысы - ұрлық. Мысалы, 7 рет сотталған Жәлеков Алматыда бір жыл ішінде 12 ұрлық жасап, мүлік иелерімен татуласқан. Бұл кәсіби ұрыларға жауаптан құтылуға мүмкіндік ашады.

Қылмыстардың алдын алу жұмыстарының әлсіздігі. Ең бастысы, құқық қорғау органдарынан әрбір ұсақ құқық бұзушылықпен аямай күресіңдер деп Елбасы ылғи талап етеді. Нью-Йорк мэрының жұмысын да айтқан. Осындай майда-шүйдеге жол берсек, ауыр қылмыстар көбейеді деп ескерткен.

Ондай қылмыстардың алдын алмауы қандай ауыр жағдайларға әкеп соғатынын өткен жылы Денис Тенмен болған оқиғадан кейін көрдік.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстармен күресті жәбірленушілердің өздеріне жүктелді. Неге? Себебі, мұндай қылмысқа полиция араласа алмайды. Жеке айыптау ісі болғаннан кейін дәлелдемелерді жәбір көрген адам өзі жинауы тиіс.

Құқық қорғау саласы - биліктің адам құқықтары мен бостандықтары көбірек бұзылатын жоғары қауіпті аймағы. Дәл осы жерде мемлекеттік мәжбүрлеу аппаратының барлық күші жұмыла түседі. Адамдарды еркіне қарсы тінтуге, оқшаулауға, ұзақ қамауға ала алады. Кәсіпкердің шотына тоқтам салады, активтерін бұғаттайды, бизнесіне қауіп төндіреді. Осының барлығы соттың шешімінсіз жасалады.

Қылмысты ашу көрсеткішін өсіруде азаптау мүмкіндіктері артады. Жабық орындарда керекті айғақтарды алу үшін  адамның ерік-жігерін, арын таптау әрекеттеріне дейін бару қаупі жоғары. Бұл күдікті үшін үлкен стресс, жәбірленушіге де, олардың жақындарына да аса ауыр соққы.

Сондықтан адамдар полиция мен прокурорлардан қорқып өмір сүретін болса, олар сот әділдігіне күдікті болса, өз мемлекеттеріне сенбейді және елінің дамуына үлес қоспайды.

Осындай түсінікті негізге ала отырып, құқық қорғау және сот органдары жұмысын реформалау келесі ұстанымдарды негізге алу тиіс.

Біріншісі – қоғамдық мүдде мен адам құқығын қорғау арасындағы теңгерім. Күдіктінің, жәберленушінің, куәгердің құқығын таптай отырып, қоғамды қылмыстылықтан қорғауға болмайды.

Екіншісі - тепе-теңдік пен тежемелілік жүйесі. Биліктің басынушылығына жол берілмейді. Бір органның әрбір құзіретіне келесі бір органның тиімді шектеуі болуы.

Үшіншісі - сапалы және уақытылы сот төрелігі. Саяси өзгерістер құқықтық мемлекеттің іргетасы - адамның құқығы мен бостандықтарын шайқалтпауы, озбырлыққа жол бермеуі тиіс.

Төртіншісі – белсенді қоғамдық бақылау жүйесі. Ол полицияның ағымдағы қызметіне араласуы емес. Бірақ қазір орын алған Қоғамдық кеңестің отырыстары емес. Ол полиция қызметін транспарентігі.

Сонда ғана құқық қорғау органдары заманға сай дереу өзгеріп тұрады, әрқашан халықтың көңілінен шығады.

Қазір бүкіл әлем цифрлық технологияларға көшіп жатыр. Бұл тиімді әрі тез. Осыны сот төрелігінде қолданып, электронды қылмыстық істерді жүргізудің уақыты келді.

Ең бастысы, цифрлық іс адам қорғалуын күшейтеді. Бүкіл процесс прокурорға, сотқа алақандағыдай көрініп тұрады. Бақылау артады. Істің қожайыны мен, тағдырың менің қолымда деген аурудан құтылып, коррупция азаяды. Сөйтіп, талай қызметкерді сүрінуден қорғаймыз.

Жалпы бұл өзгерістер құқық қорғау жүйесін реформалауды тереңдету үшін, олардың жұмысын жаңа форматқа көшіру үшін өте қажет.

Қоғамның бұл реформадан үміті зор. Құқық қорғау жүйесінде тәртіп орнатып, полиция қызметкерлерінің санасын жаңғыртып, жұмыстың сапасы көтеріледі деген сенім бар. Ең бастысы, бұл полицияның кезекті нысанды киімді ауыстырумен аяқталмағаны жөн.

Қайсар Ноғаев 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды