• Басты
  • Тоқаев: «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастар үшін бірегей алаң
19 Маусым, 2019 15:07

Тоқаев: «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастар үшін бірегей алаң

Қазақстан Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы V «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Тоқаев: «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастар үшін бірегей алаң

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиынға қатысушыларды құттықтап, өткізіліп отырған іс-шараның ерекше маңызын атап өтті. Сондай-ақ, бұл жиынның еліміздің ең сенімді, жауапты, отаншыл әрі батыл жастарының басын қосып отырғанын айтты.

«Біз Тәуелсіз еліміздің лайықты жастарына зор үміт артамыз. Дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны Отанымыздың қорғаушысы болуға шақырылған жастар үшін бірегей алаң болып саналады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мемлекет тарапынан жастарды қолдауға және олардың әлеуеттерін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтіп, жастар дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі екеніне назар аударды. Сондықтан, Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп атағаны кездейсоқ еместігін айтты.

«Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуына және елімізді табысты жаңғыртуға септігін тигізуде. Елімізде Қазақстан жастарының бойында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінеді. Осыған орай, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Барлық өңірде бұл ұйымның бөлімшелері жасақталып, жұмыс істеп жатыр. «Жас сарбаздың» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны 6 мыңға жетіп, 174 мыңнан астам баланы қамтыды», – деді ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы.

Мемлекет басшысы жастарды әрқашан барлық азаматтарымызды біріктіретін ортақ құндылықтарға – жасампаз еңбекке, бейбітшілік пен келісімге, халықтың бірлігіне, Отанға деген мақтаныш сезімге және оның ұлы тағдырына алаңдаушылық білдіруге шақырды.

« Мен батыл ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп тұрмын. Сіздер заманауи Қазақстанның биік мұраттары негізінде тәрбие алдыңыздар. Өздеріңіздің білімдеріңізбен және қажырлы еңбектеріңізбен Отанымыздың – Мәңгілік еліміздің даңқын шығарасыздар. Сіздердің Тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтіндеріңізге, ел жетістіктерінің табысты эстафетасын абыроймен алып жүруді жалғастыратындарыңызға сенемін», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған сөзінде әр адамның өміріне қажетті қасиеттер туралы айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, ең алдымен, парасаттылық, білім, кәсібилік пен Отанға деген адалдық қажет.

« Сіздерде күш, энергия мен шығармашылық әлеуеті зор. Осының бәрін өмірдегі басты мақсаттарыңызға қол жеткізуге жұмсаңыздар. Еліміз әрқайсыңыздың табысты болғандарыңызға мүдделі. Себебі, сіздердің жетістіктеріңізден тұтас елдің жетістігі қалыптасады. Сіздердің ой-мақсаттарыңыздың жүзеге асуына шын жүректен тілекшімін», – деді Мемлекет басшысы.

ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы сөзінің соңында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын ашық деп жариялап, қатысушылардың оқуына сәттілік, мықты денсаулық пен табыс тіледі.

«Айбын» байрағын көтеру рәсімінен және жарыс пен концерттік бағдарламаны әділ өткізуге салтанатты ант бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылдың «Жас сарбаз» қозғалысына қатысушыларға арналған «уақыт капсуласын» қалауға қатысты.  

Қазақстан Президентіне қару-жарақ түрлері, құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері техникаларының мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы далалық лагерьмен танысып, қатысушылардың жатын орнын көрді, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен әңгімелесті. 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды