• Басты
  • ҰБТ – 2019: Талапкерлерге көмек болатын бес жеңілдік
18 Маусым, 2019 12:05

ҰБТ – 2019: Талапкерлерге көмек болатын бес жеңілдік

Ұлттық бірыңғай тестілеу он алты жыл бойы өткізіліп келеді. Оған осы уақытқа дейін 1 млн. 800 мыңға жуық адам қатысты. 2019 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалмақ, яғни тапсыратын пәндер, сұрақтар, ұпай саны, уақыты бұрынғы форматта. Биыл ҰБТ 20-сыншы 30-ыншы маусым аралығында барлығы 169 тапсыру пунктінде өтеді. ҰБТ-ға қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. Соның ішінде 96 мыңнан астамы осы жылғы мектеп түлектері немесе жалпы мектеп бітірушілердің 72 пайызы болса, 20 мыңнан астамы биылғы және өткен жылдары колледж бен шетелдік білім беру ұйымдарының бітірушілері.
ҰБТ – 2019: Талапкерлерге көмек болатын бес жеңілдік | Strategy2050.kz

ҚР Үкімет отырысында ҰБТ-ға дайындық барысы туралы ақпарат берген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  2019 жылы тест тапсыруға 117 242 өтініш келіп түскенін айтты. Оның ішінде 88 277 немесе 75,3 %-ы қазақ тілінде, 28784 немесе 24,6%-ы – орыс тілінде, 181 немесе 0,1%-ы ағылшын тілінде тест тапсырады.

«Енді ҰБТ-ны ұйымдастыру барысы бойынша айтар болсам, тестілеу өткізуді қамтамасыз ету және бақылау үшін өңірлерге Министрліктің өкілдері жіберілді. Қазіргі уақытта тестілеу материалдары құпия режимде өңірлерге толығымен жеткізілді. ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу үшін құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұратын мемлекеттік комиссиялар құрылды. Республикалық деңгейде және әрбір ҰБТ өткізу пунктінде апелляциялық комиссия жұмыс істейтін болады. Барлық аудиториялар 100 пайыз (1188) ұялы телефон сигналдарын өшіретін құралдармен және бақылау бейнекамералармен жабдықталды. Сондай-ақ жедел ақпарат алмасу үшін министрліктің  және Ұлттық тестілеу орталығының call-центрлары тұрақты түрде жұмыс істейді», - деген мәлімет берді ҚР БҒМ Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Асхат Қанатұлы 2019 жылы талапкерлерге көмек ретінде бірқатар жеңілдіктер енгізілгенін атап өтті.

Бірінші жеңілдік

2019 жылдың қаңтар айынан бастап ұлттық бірыңғай тест жылына 4 рет қаңтар, наурыз, маусым және тамызда өткізілетін болады. Осы уақытқа дейін тест тек 3 рет болатын: маусымда, тамызда және қаңтарда.

«Биылдан бастап ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Бұл - оқушыларға психологиялық қысымды төмендетуге және маусым айында өтетін ҰБТ-ға дайындалуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мысалы бұрын, бітірушілер тестілеуді тек маусым айынан бастап  ғана тапсырса, биыл түлектер  қаңтар айында, наурыз айында ҰБТ-ны тапсырды. Сондықтан, осы тестілеуге  оқушыларымыз жақсы психологиялық  дайындықпен келіп отыр деп айта аламыз. Қаңтардағы тестілеуге 35 мыңға жуық, ал наурызда 80 мыңдай оқушы қатысты. Осы екі ҰБТ-да жалпы мектеп бітірушілердің 78%-ы қамтылды. Олардың 70 пайызы кәзірдің өзінде ақылы негізде оқуға түсе алады. Енді осы оқушылардың грантқа түсем дегендері маусым айында тестілеуге қатысып, өз білімдерін сынауға мүмкіндіктері бар», - дед Асхат Аймағамбетов.

Екінші жеңілдік

Колледж түлектеріне де женілдіктер жасалды. Олар бітірген мамандығы бойынша ЖОО-ға ақылы негізде оқуға түсем десе, ҰБТдан босатылып, тек емтихан тапсырады.

Үшінші жеңілдік

Айлтс халықаралық сертификаттары бар түлектер «Шет тілі» пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға пән бойынша максималды балл (40 балл) автоматты түрде беріледі. ҰБТ-ға қатысушылардың арасында мұндай балалар саны – 708.

Төртінші жеңілдік

Әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ берілетін болады. Онда мамандықтар тізімі, оған сәйкес бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының нәтижелері, яғни өту балы көрсетіледі. Бұл талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс және алған балл деңгейіне сәйкес таңдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Бесінші жеңілдік

Ағымдағы жылы гранттар білім бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. Грантқа құжат тапсырғанда, талапкер білім бағдарламаларының тобы  бойынша өтініш береді, ал грант жеңіп алғаннан кейін оқу орнын және сол топтың ішіндегі нақты бағдарламаны тандайды.

«Мысалы, Ақпараттық технологиялар» тобының ішінде «Информатика», «Ақпараттық жүйелер», «Биг дейта» және т.б. нақты білім беру бағдарламасын таңдай алады. Бұл – өте ыңғайлы», - деді ҚР БҒМ Асхат Аймағамбетов.

ҰБТ-2019 нәтижелері бойынша рейтинг жасалмайды

Үкімет отырысында Асхат Қанатүлы жергілікті әкімдіктегі әріптестерінен тест нәтижелері бойынша облыстардың, қалалардың, мектептердің рейтингісін жасамауды сұрады.

«ҰБТ-ның жоғары деңгейде өтуі үшін жергілікті әкімдіктердегі әріптестерден ҰБТ өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен ҰБТ өткізу пункттерін медициналық персоналмен қамтамасыз етуді. ҰБТ нәтижелері бойынша облыстардың, қалалардың, мектептердің рейтингісін жасамауды,  бітірушілер мен олардың ата-аналарына қолайлы жағдай жасау және балаларды тасымалдауды ұйымдастыруды (ауыз су, кондиционерлер, дәрігерлік-психологиялық көмек, қауіпсіздік, оның ішінде өрт қауіпсіздігі) сұраймын. Жалпы,  ҰБТ өткізуге даярлық жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Биылғы жылғы тестілеу өткізуге дайынбыз», - деді министр.

Талапкер – 2019 назарына!

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде 2019 жылғы маусым-шілде айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. Тестілеуге қатысуға өтінім беру үшін тұрғылықты тіркелген жері бойынша ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ өткізу пунктеріне жүгінесіз.

Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Пәндердің саны бұрынғыдай бесеу және тест тапсырмаларының саны – 120, ең жоғары ұпай да бұрынғысынша 140 болады.

Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер – ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет. Ақылы тестілеу құны – 2242 теңге.

Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге сертификатпен ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне түсуге құқық береді, ал тестіге қатысу ақылы болады.
Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша басқа үлгідегі сертификаттар беріледі және олар грант алуға жарамайды. Егер талапкер мемлекеттік грант алғысы келсе, онда ол міндетті түрде маусымда ҰБТ тапсырып, тек соның қорытындысы бойынша грант байқауына қатыса алады және жоғары балл жинаған кезде ғана бюджет есебінен білім ала алады.

Ақылы бөлімге түсу үшін талапкерлерге 4 ҰБТ-ның біріне қатысып, шекті балл жинау жеткілікті. Мысалы, талапкер қаңтардағы ҰБТ-ға қатысып, 120 балл жинайды – енді ол 1 ақпанда ЖОО-ның қабылдау комиссиясына барып, бірден шартты түрде ақылы бөлімге тіркеле алады, ал егер грант алғысы келіп, маусымда ҰБТ-дан 50 балл жинаса, онда ол қаңтардағы 120 балл жинаған сертификатын көрсетіп, гранттан үміттене алмайды. Грант үшін ҰБТ-ның маусымдағы нәтижесі ғана жарамды, сондықтан ол ақылы түрде оқуға түсе алады.

2019 жылдан бастап мамандарды даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізіліп отыр. Бүгінгі күнге дейін еліміздің жоғары оқу орындарында мамандықтардың тізімі нақты көрсетілген классификатор пайдаланылған болатын. Ендігі кезекте мамандарды даярлау бағыты көрсетіледі. Сәйкесінше, еліміздің жоғары оқу орындары дербес білім беру бағдарламаларын әзірлейді.

Осыған орай, мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Мәселен, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика» мамандықтары кіреді. Ал, «Ақпараттық технологиялар» тобына — «Информатика», «Ақпараттық жүйелер» және т.б. Яғни, білім беру гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандықтар бойынша емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылатын болады. Грант ұтып алған соң оқуға түсуші (талапкер) ЖОО-ға таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша тіркеліп, ЖОО-ға құжаттарын тапсыру кезінде таңдап алған мамандығы бойынша білім алатын болады.

Мысалы, “Ақпараттық технологиялар” тобының құрамына “Информатика”, “Ақпараттық жүйелер”, “Блокчейн”, “Биг дата” және тағы басқа ақпараттық бағдарламалар енеді. Бұл топқа 1 000 грант бөлінді делік, бұл гранттарға байқау осы топты көрсеткен үміткерлер арасында өтеді. Үміткер осы топ бойынша грант алған соң ол университетке қабылданады және осы топ ішіндегі нақты бағдарламаны өзі таңдайды, яғни егер үміткер “Ақпараттық технологиялар” бойынша грант ұтып алса, кейін “Биг дата” немесе осы топ ішіндегі басқа да бағдарламаны таңдай алады.

Шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер екі салалық пән бойынша емтихан тапсыруы керек. Себебі олар шығармашылық мамандықтарға оқуға түскенде салалық пәндер бойынша тест тапсырмаған, сондықтан бұл мамандықтардан ауысу кезінде осы айырмашылықты өтеуі тиіс.

Қаңтардағы ҰБТ-ға 11 немесе 12-сыныптардың оқушылары, қыркүйекте оқу орнына шартты түрде оқуға түскендер және шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысып жатқан студенттер қатыса алады. Ал наурыздағы ҰБТ-ға тек 11 немесе 12-сынып оқушылары тапсырады. Маусымда кез-келген грантқа үміткер тест тапсыра алады. Тамызда ақылы бөлімге түсетіндер және осыған дейін қажетті балл жинай алмағандардың барлығы тест тапсыруына мүмкіндігі бар.

Айдана Абдрахманова

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды