• Басты
  • Нұр-Сұлтан қаласының жаңа әкімі қызметін қалай бастады?
17 Маусым, 2019 17:30

Нұр-Сұлтан қаласының жаңа әкімі қызметін қалай бастады?

13 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды. А.Көлгінов өзінің жаңа қызметіне білек сыбана кірісіп кеткенге ұқсайды. Жаңа әкім шаһардың бірқатар аудандарын аралап, қаланың инженерлік инфрақұрылымымен танысты. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан қаласының  жаңа әкімі қызметін қалай бастады? | Strategy2050.kz

Алтай Көлгінов Қабанбай батыр даңғылының қиылысында орналасқан халықаралық әуежай аумағындағы жобалық жолдың құрылыс барысымен танысты.

 Аралау барысында қала басшысына «оңтүстік-батыс айналма жолы» магистралі құрылысының аралық нәтижелері туралы баяндалды.

Қабанбай батыр даңғылынан халықаралық әуежайға дейінгі магистраль учаскесінің құрылысын осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланған. Елорда әкімінің нұсқауы бойынша әуежайдан кедергісіз өту жақын арада қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар,  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорданың шеткі аумақтарын аралады.

 Ол Пригородный, Көктал, ескі темір жол вокзалы маңындағы тұрғын алаптарда және бірқатар саяжай аумақтарында болды. Аралау барысында қала әкімі тұрғын үй аудандарының инженерлік желілерінің жай-күйіне, көшелерді жарықтандыруға, тротуарлар мен аумақты абаттандыруға ерекше назар аударды.

 «Елбасы елордамыздың дамуына үнемі ерекше көңіл аударады. Тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз болуын қамтамассыз етуді талап етеді. Жақында ғана қала активімен өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың инженерлік инфрақұрылымына және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жоғарылатуға көңіл аударуымды тапсырды», - деді Алтай Көлгінов.

Әкім сондай-ақ, бұдан өзге елордамыздың «Сарыарқа» ауданына қарасты жеке тұрғын үй секторы бойынша Ақсуат көшесіндегі жол құрылысымен танысты.

Ол  жаңа автожолдар салу бойынша жоспарланған  және қазір жасалынып жатқан барлық жөндеу жұмыстарды күннің жылысында бітіріп алу қажеттігін баса айтты.

Одан басқа, әкім  қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі іс-шараларды дер кезінде уақытылы жүзеге асыру үшін аудан әкімдіктеріне      салалық басқармалармен  өзара қарым-қатынасты жоғарылатуға тапсырма берді.

 Сондай-ақ, қала әкімі астанада Көктал тұрғын алабында салынып жатқан  атауы бір саябақтың аумағын аралап көрді. Алтай Көлгінов қаланың тұрғын алаптарында демалу және спортқа арналған қоғамдық орындарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. 

Сонымен қатар,   Алтай Көлгінов елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды нысандарды аралады.

«Біздің қала үнемі өсіп келеді, сонымен бірге оның электр, жылу, сумен қамтамасыз ету және басқа да маңызды бағыттардағы дамыған инфрақұрылымға деген қажеттілігі ұлғаюда. Сондықтан, қуаттылықты көбейту және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің сенімділігін арттыру бойынша белгіленген барлық жоспар маңызды», - деп атап өтті Алтай Көлгінов.  

Елорда әкімі «Астана-АЭК» акционерлік қоғамының энергия беру нысандарының жылыту маусымына дайындығы бойынша жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді.

Әкімге тарату және трансформаторлық қосалқы станцияларды күрделі жөндеу, электр жабдықтарының қосалқы бөлшектерін ауыстыру бойынша жұмыстардың жоспарын жүзеге асырудың аралық нәтижелері туралы баяндалды.

 Қазіргі уақытта жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде, жоспардан қалыс қалу жоқ.

Алтай Көлгінов іс-шаралар жоспарын мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, елорда әкімі трансформаторлық және тарату станцияларын, сондай-ақ электр желілерін бөгде ұйымдардың балансынан «Астана-АЭК» АҚ балансына тұрақты қызмет көрсету мен сенімді жұмысты қамтамасыз ету үшін беру жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, электрмен жабдықтау нысандарын тексеру барысында Алтай Көлгінов қаланың инженерлік инфрақұрылымының энергия тиімділігін арттыру мәселесіне назар аударды.

Сапар барысында ол «Астана су арнасы» МКК қалалық канализациялық тазарту ғимараттарының (КТҒ) жұмысын тексерді және Талдыкөл ағынды су жинағышын жою бойынша жобаның жүзеге асырылуымен танысты. Канализациялық тазарту ғимаратының ағымдағы жұмысы туралы есепті тыңдап, Алтай Көлгінов жыл соңына дейін шыныпластиктен жасалған негізгі кәріз коллекторларын сапалы материалдан жасалған құбырларға ауыстыру бойынша жұмыс жобаларын әзірлеуді тапсырды.

Бұл жүйенің сенімділігін арттыру үшін қажет. Елбасы тапсырмасымен Талдыкөл ағынды су жинағышынан жағымсыз иісті жоғалту жұмыстары орындалған. Ол көлден бұрын шыққан жағымсыз иісті жою бойынша тапсырма сәтті орындалғанын атап өтті.

Алтай Көлгінов КТҒ тұнбасын кәдеге жарату үшін жобалық шешім қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, жоба биогаз өндіру бойынша жасыл технологияны пайдалана отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Әкім су тазартуды жақсартатын КТҒ-2 жаңа тазарту құрылыстарын салу қажеттігін атап өтті.

 Алтай Көлгінов энергия көздерін жылыту маусымына дайындау мәселесіне ерекше назар аударды. Оған ЖЭО-2-де №6 жаңа турбинаның және №8 бу қазандығының монтажы жүргізіліп жатқаны баяндалды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіледі. Жабдықтар жылу беру маусымының басына дейін пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар,  әкім  қаланың тыныс-тіршілігіне жауап беретін нысандарды аралап шықты..

 Алтай Көлгінов ең алдымен ТЭЦ-2 жұмысы мен қаланың жарықтандыру сапасына мән берді. Қаланы жылу мен сумен қамтамасыз етуде ТЭЦ-тің маңызы ерекше зор. Әкімге нысанның қазіргі жағдайы мен алдағы жылыту маусымына дайындығы баяндалды. Алтай Көлгінов жылыту маусымына дайындықты алдын-ала жүргізу қажеттігін атап өтті.

  Бүгінде  ЖЭО-1, ЖЭО-2 бүгінде елордадағы 2513 көпқабатты үйді жылу энерго ресурстармен қамтамассыз етеді.

«Жылыту маусымы кезінде тұрғын үйлерге үздіксіз жылуды қамтамасыз ету үшін алдын-ала, осы бастан дайындалуымыз тиіс», -  деді әкім.

 Алтай Көлгінов нысандарды аралау барысында қала көшелерін жарықтандыруды тексерді. Елорданы жарықтандыру қала тұрғындарының түнгі уақыттағы қауіпсіздігінің кепілі.

Елбасының тапсырмасына сәйкес Smart City жобасы аясында елорда көшелерін жарықтандырудың тиімділігін қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Осы орайда, әкім аталған бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атады.

«Қалада  шамдар жанбай тұрған немесе мүлдем жарығы жоқ көшелер бар. Өйткені олар қала балансына алынбаған. Бұған жол беруге болмайды.  Оның үстіне әсіресе жаз уақытында балалар мен үлкен адамдардың жүруіне кедергі келтіреді. Қауіпсіздік мәселелері шұғыл әрекетті қажет ететінін түсінуіміз керек», - деп өз пікірін білдірді Алтай Көлгінов.

 Елорда әкімі нысандарды аралау барысында "Есіл" өзенінің жағалауын, "Жастар" шағын ауданын және "Нұрлы Жол" вокзалы аумақтарын абаттандыруды тексерді.

Айта кетейік, осыған дейін  Нұр-Сұлтан қаласы әкімі қызметін  9 ай атқарған Бақыт Сұлтанов  Президент жарлығымен  Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалды.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды