• Басты
  • Жеңілдігі бар пәтерлердің берілуі, әуе билеттерінің арзандауы - ИИДМ есеп берді
14 Маусым, 2019 09:49

Жеңілдігі бар пәтерлердің берілуі, әуе билеттерінің арзандауы - ИИДМ есеп берді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 2018 жылды қорытындылап, 2019 жылдағы жоспарларымен бөлісті. Жалпы, министрлік – көпвекторлы мемлекеттік орган. Ол: көлік, құрылыс, әуе, автомобиль, темір жолдары мәселелері, елді индустриялық-инновациялық дамыту, тау-кен металлургия, елді-мекендерді сумен жабдықтау, тұрғын-үй коммуналдық кешен салаларын қамтиды.
Жеңілдігі бар пәтерлердің берілуі, әуе билеттерінің  арзандауы - ИИДМ есеп берді

Халық алдында селекторлық режимде есеп берген ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осы жылы 20 мың жаңа жұмыс орны 120 жобаны жүзеге асыру арқылы құрылатынын айтты.

Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру арқылы 102 жоба іске қосылған.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айларында 4 жоба іске қосылды, бұл жергілікті тұрғындарды 100 тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жиында көп балалы отбасылар мен мүгедек баланы асырап отырған отбасыларға берілетін пәтерлер туралы да айтылды.

«Бүгінде Қазақстанда 31 мың көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы баспана кезегінде тұр. Министрліктің жоспары бойынша, алдағы 7 жылда 42 000 жалға берілетін пәтер салынады. Сөйтіп 6 жыл ішінде кезекте тұрғандарды пәтермен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар. Онымен қоса «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жеңілдетілген несиемен көпбалалы отбасылар мен мүгедек баланы асырап отырған отбасылар үшін ипотека беру қарастырылған. Жергілікті әкімдікте кезекте тұрғандарға  тізім бойынша 10 пайыз алғашқы жарнамен 20 жылға 2 пайыздық ипотека беріледі. Егер алғашқы жарнаға ақша болмаса, жергілікті әкімдікке барып өтініш жазып, 1 млн теңгелік сертификат алуға мүмкіндігіңіз бар. Мысалы, алатын пәтеріңіз 10 млн теңге болса, оның алғашқы жарнасын төлеу үшін әкімдіктің 1 млн теңгелік сертификатын банкке барып ұсынасыз», - деді Роман Скляр.

Ағымдағы жылы 13 млн.шаршы метр  тұрғын үй салу жоспарлануда. Жыл басынан бері 4,6 млн. шаршы метр тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді. Көп балалы отбасылар үшін 7 жылға жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 350 млрд.теңге қарастырылған.

Осы кезең ішінде жыл сайын 6 мың жалға берілетін пәтердің құрылысы қамтамасыз етілетін болады. Ағымдағы жылдың мамыр айында әкімдіктер көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй бере бастады.

ҚР ИИДМ есеп беру жиынында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова  «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы айтты.

 ««Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы отбасыларға арзан пәтер берумен айналысады. Бұл бағдарлама Қазақстан бойынша шілде айының басында іске қосылады. Ол үшін алғашқы қаражат бөлінді. Жоба аясында Алматы  қаласының әкімдігі бізге 3 млрд теңге бөлген болатын. Бүгінге дейін 98 алматылық отбасы осы 2 пайыздық ипотекамен үй алды.  Бұған қоса жергілікті әкімдік 1 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттарын табыстады. Алматы қаласы бойынша тағы 233 өтініш түсті.  Ол өтініштің бәрі мақұлданды. Қаржы министрлігінен біздің банк есебіне қаржы түскенін күтіп отырмыз. Қаржы түскен күні-ақ басқа өңірлерде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана үлестіруді қолға аламыз. Әрі жобаның ашық болуын қадағалаймыз. Арнайы сайтта бағдарлама қатысушысының аты-жөні, өңірі секілді мәліметтер көрсетіліп тұрады. Осының арқасында қай облыста кімнің «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 2 пайыздық ипотека алғанын бәрі көре алады», - дейді банк төрағасы.

Сондай-ақ, министр Р. Скляр 2020 жылы ұлттық деректер банкі құрылатынын атап өтті. Екі жоба да онлайн-режимде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге және геологиялық ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Министрлік автожолдарды жөндеу мәселесін де қамтитынын атап өтті.

Жиында министр  ағымдағы жылы автожолдарды қайта жаңартумен 4,4 мың км қамтылатынын айтты. Қарағандыдан Алматыға дейін және Ақтөбеден Ресей Федерациясының шекарасына дейін (Астрахань қаласына) құрылыс жұмыстары басталды.

Жыл қорытындысы бойынша 641 км қайта жаңартылған жолға қозғалыс ашу жоспарлануда. Астана-Павлодар (441 км), Щучинск-Зеренді (80 км), Бейнеу-Ақжігіт (85 км), Таскескен-Бақты (20 км), Жетібай-Жаңаөзен (73 км) жобалары бойынша жұмыстар толық аяқталады.

Сондай-ақ, Р. Скляр қымбат күрделі жобалардан осы жылы суық ресайклинг әдісімен үнемді орташа жөндеуге көшудің маңыздылығын атап өтті.

Р. Скляр 2019 жылдың ІІ жарты жылдығында Нұр-сұлтан-Токио тікелей әуе рейсі ашылатынын ішкі рейстерді арзандату үшін бәсекелестікті қалыптастыру керектігін айтты.

«Министрлік Эйр Астана авиакомпаниясымен бірлесіп елорданың көліктік қолжетімділігін арттыру және Токиода, Нью-Йорк, Шанхай және әлемнің басқа да ірі қалаларына тікелей әуе рейстерін ашу жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде.Ағымдағы жылдың ІІ жарты жылдығында Нұр-сұлтан-Токио тікелей әуе рейсін ашу жоспарлануда. 2023 жылға қарай "Fly Arystan" авиакомпаниясының маршруттық желілер санын 54-ке дейін арттыру жоспарлануда. Енді осының арқасында ішкі қатынас бағасы арзандайды деп үміттенеміз. Бүгінгі күні ұшу тек 6 бағыт бойынша жүзеге асырылуда», - деп сөзін түйіндеді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Жиын соңында Елорда ігресінде орналасқан Қосшы ауылын сумен қамтамасыз ету мәселесі де айтылды. Соңғы 5 жылда Қосшы елді мекенінің халқы 2 есе көбейіп, 50 мыңға жеткендіктен ауылда су тапшылығы қатты сезілетіні, негізінде қажеттілік тәулігіне 10 мың текше метр су болса, ал бүгінгі таңда ауылға тәулік сайын 4,5 мың текше метр ғана су беріліп жатқандығы айтылды.

Енді бұл мәселені шешу үшін министрлік 2 млрд теңге бөлген. Ол ақшаға соңғы екі жылда 14 ұңғыма қазылып, 6 шақырым құбыр төселген. Сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрлігі де 513 млн теңге бөлген. Соның арқасында Қосшы елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі биыл шешілетіні айтылды.

Айдана Абдрахманова

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды