• Басты
  • Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді
12 Маусым, 2019 11:07

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Елорданың Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Салтанатты  ұлықтау рәсіміне Қазақстан Республикасының Туы мен Конституциясы әкелінді.

Заңға сәйкес, Республика Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев  Конституцияға қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деп халыққа ант берді.

ҚР Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа  Президент куәлігін табыстады. 

"Елімізде өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелович Тоқаев жеңіске жетті. Сайлау қорытындысы бойынша, сізге президент куәлігін табыс етуге рұқсат етіңіз", – деді Берік Имашев. 

Қ. Тоқаев өз сөзінде  сайлаудың демократия талаптарына сай өткенін атап өтті.

«Ең алдымен маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын. Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында наңыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс - халқымыздың жеңісі», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен қатар, Қ. Тоқаев Қазақстанның үшінші жаңғыруында мемлекеттің стратегиялық маңызды жұмыстарымен айналысатынын жеткізді.

«Сайлау кампаниясы кезінде мен еліміздің біршама өңірлерін араладым. Менің саяси платформам - біздің азаматтардың басты талаптарына жауап болады. Ең алдымен, мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағытында, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мен біздің мемлекеттің басқа да стратегиялық маңызды жұмыстарымен айналысамын. Басқа айтқанда, мен Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ,  Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекет дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амалдар мен шешімдер керектігін тілге тиек етті.

«Олардың барлығы жақында жарияланады. Екіншіден, өткір әлеуметтік мәселелермен, барынша мұқтаж жандарға көмектесу ісімен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке бұл салада үздік нәтижеге жету амалдары тапсырылды. Бізге әлеуметтік саясатты салмақты түрде жаңарту керек. Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау білдіремін. Инвестиция тарту мен оларды қорғау, іскерлік белсенділікті жігерлендіру, орта класты қалыптастыру көзделеді. Төртіншіден, менің мақсатым - қоғамның бірлігін қамтып, әрбір азаматтың құығын қорғау. Ең бастысы - әрдайым қайда болмасын Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын», - деді Президент.

Сонымен қатар, Қ. Тоқаев елдің  әр азаматының мүддесін қорғау – Президенттің  басты мақсаты екенін атап өтті.

«Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау - менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біз үшін ең маңызды міндет - заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!» , - деді Мемлекет басшысы.  

Президент айтып өткендей, Қазақстанды жаңа сынақтар мен тәуекелдер күтіп тұр.

«Көп жылдар бойы халықаралық саясатпен айналысып жүрген мен үшін  жаңа дәуірдің келгені сезіледі. Сауда соғыстары, халықаралық қарым-қатынастағы  даулы оқиғалар, бұрынғы қауіпсіздік  тетіктерінің бұзылуы,  өңірлік даулардың артуы – осының барлығы жаңа геосаяси шынайылық. Алдағы бірнеше жылда  басты мәселе шешіледі – дамуға қандай елдер қосылып, қай елдер әлемдік даму  шекарасынан шығып қалатыны белгілі болады. Экономикалық,  әлеуметтік және саяси прогресс -  қазіргі заманның сынақтарына беретін ең дұрыс жауап», - деді Қ. Тоқаев.

Қ. Тоқаев прогрессті  адамдардың әл-ауқатын арттыратын қолайлы өзгерістер ретінде түсінетінін жеткізді.  Оған қоса, билік  адамдардың ұсыныстарын қабылдап,  проблемаларды орынында  шешіп, халық алдында есеп беруі  керек.  

«Сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек.  Бұл ұстанымды Үкімет пен әкімдердің барлығы ұстануы тиіс. Маған Президент ретінде ең маңыздысы  - экономикалық дамудың ортақ сандары емес,  барлық азаматтарымыздың  әл-ауқаты, жағдайы», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдағанда көпшіліктің позициясы ескерілетінін атап өтті.

«Біздің мемлекеттік билік формуласы – күш-жігері мықты өкілетті президент, ықпалды, қабілетті Парламет, халыққа есеп беретін Үкімет. Дәл осындай саяси жүйе аса ауыр саяси шындық кезіндегі біздің мемлекетіміздің қажеттіліктерін толық сәйкес келеді.

Содан соң мемлекет басшысы «Бірге» акциясына қатысып, азаматтық позициясын білдіргендерге алғыс айтты. Осы уақытқа дейін 540 мыңға жуық ұсыныс пен тілек түскен», - деді Қ. Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент халықты мазалап отырған  мәселелерді айтып өтті.

«Енді біз қоғамның өзекті проблемаларын нақты көріп тұрмыз, олардың шешімін білеміз. Азаматтар барлық жерде шындық болғанын, мемлекеттік органдардың әлеуметтік саясатынына бастап шын қызмет көрсетілгенін талап етеді. Халықты мазалап отырған басты сұрақ – табыс деңгейінің төмендігі. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсызданбауы, теңгенің құлдырауы тұрғындардың табысына кері әсер етті. 1 млн-нан астам азамат несие алуға мәжбүр», - деді Тоқаев.

Ол қоғамда азаматтардың жоғары және төмен табысындағы айырмашылық алаңдатып отырғанын атап өтті.

«Елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне жаңа серпін беретін жаңа экологиялық кодекс керек. Келесі өзекті мәселе – таза ауызсумен қамтамасыз ету. Ол әрбір үйде, әр отбасында болу керек. Сонымен қатар, тұрғындарды жол сапасы да алаңдатып отыр», - деді Президент.

Оның айтуынша, цифрландыру  экономиканың болашақ жаңа салаларынан бастап, қызмет көрсетуге дейін барлық салаларды қамтуы керек.  Саяси үрдісті қосқандағы елдің дамуы  тікелей цифрландырумен байланысты. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы  қарым-қатынастың мазмұнын өзгертеді.

«Біздің халықты билік пен қоғам арасындағы  диалог қатты мазалайды.  Мұндай диалог  пікірлердің алуындығынан құралуы керек.  Әртүрлі пікірлер, алайда бірыңғай халық – басты бағыт. Сондықтан да мен Қоғамдық сенім Ұлттық кеңесін құруды шештім. Кеңес құрамына жастарды қосқанда, қоғамның барлық мүшелері енеді. Кеңестің алғашқы отырысы биылғы  тамызда өтеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол айтып өткендей, билік хадық алдындағы уәделерін орындауы керек. Бұл олардың басы миссиясы. Президенттің айтуынша, оның алдын алу плтаформасы әзірленеді.

«Тек осылай ғана ұлттың бірлігін, елдегі тұрақтылықты сақтап қалуға болады. Сол себепті, менің сайлауалды платформам жоспарлы түрде жүзеге асыралады. Осы құжатқа халықтан түскен үздік идеялар мен ұсыныстар енгізіледі», - деді ол.

Өз сөзінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев алаңға шығып, ҚР   Қарулы күштерінің шеруіне   қатысты.  

Қ. Тоқаевты ұлықтау рәсіміне ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ​Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

Айта кетейік, Қазақстанда 9 маусым   өткен  кезектен тыс президенттік  сайлаудың  қорытындысы  бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96 процент дауысын алып, жеңіске жеткен болатын.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Жәмиля Мырзабекова

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды