• Басты
  • Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басымдыққа ие міндеті – А.Мамин
11 Маусым, 2019 12:34

Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басымдыққа ие міндеті – А.Мамин

Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басымдыққа ие міндеті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2019 жылғы қаңтар-мамырдағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған отырыста мәлімдеді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы келесі материалдан оқи аласыздар.

Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басымдыққа ие  міндеті – А.Мамин | Strategy2050.kz

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан  Дәленов экономиканың басты көрсеткіштерін атап өтті.  

«Жалпы осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің оң серпіні сақталды. Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,0% құрады. Жылдық мәндегі инфляция деңгейі – 5,3% құрады. Бұл 4-6% инфляция дәлізінің шегінде.Инвестициялар серпіні жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан түседі. Өсу осы жылғы 4 айдағы 6,7% қарағанда 7,8%дейін үдеді. Инвестициялар ауыл шаруашылығында және құрылыста бір жарым есеге өсті. Өнеркәсіпте инвестициялар 17,5% өсті.Өткен аймен салыстырғанда халықаралық резервтер 0,4% өсті. Олардың көлемі 86,7 млрд. долларды құрады», - деді Р.Дәленов.

Министр айтқандай,  тұтастай алғанда жалпы ішкі өнім серпінінің үдеуі байқалып отыр.

ӨНЕРКӘСІП

«Осы жылғы қаңтар-мамырда кен өндіру өнеркәсібі 2,0% ұлғайды. Бұл ретте мұнай өндіру көлемі 3,2% қысқарды. Бұл жоспарлы жөндеу жұмыстарымен байланысты.Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде өсу 3,6% құрады. Бұл мұнай өндірудегі қысқарудың орнын толтырды.Өңдеу өнеркәсібінде екі таңбалы өсуге жеңіл өнеркәсіп (23,0%), сусындар өндірісі (18,9%), машина жасау (16,0%), пластмасса бұйымдары өндірісі (12,0%), сондай-ақ фармацевтика (11,6%) қол жеткізді», - деді Р.Дәленов.

Оның айтуынша, бұл ретте металлургия өнеркәсібінде өндіріс қалпына келді. Өндіріс шығарылымы өткен жылғы деңгейге жетті.

ҚҰРЫЛЫС

«Құрылыс қарқыны үдей түсті. 5 айда өсу 8,8% жетті.Өнеркәсіп объектілерінің, автомобиль жолдарының, газ құбырларының құрылысы бойынша жұмыстар артты. Сондай-ақ ірі зауыттарда құрылыс-монтаждау жұмыстары ұлғайды», - деді Р.Дәленов.

Сондай-ақ,  ауыл шаруашылығында орнықты өсу байқалып отыр. Өндіріс көлемі 3,7% артты. Өсу мал шаруашылығының 3,6%және өсімдік шаруашылығының 8,1% ұлғаюынының есебінен қамтамасыз етілді.

«Көрсетілетін қызметтер саласында үдеу байқалады. Есепті кезеңде осы сала қаңтар-сәуірдегі 4,2% қарағанда 4,7%өсті. Бұл сектордың барлық салаларында серпіннің үдеуі байқалып отыр.Көрсетілетін қызметтер сегментінде сауда ең жоғары өсуді көрсетіп отыр.5 айда сату көлемі 7,5% өсті. Бұл негізінен автокөлік құралдарын, автомобильдердің қосалқы бөлшектерін, мұнай өнімдерін сатудың ұлғаюымен байланысты.Көлік саласында 5,3% дейін үдеу тіркелді. Аталған салада әуе көлігінің жүк айналымы 81,3%, автомобиль көлігінің жүк айналымы 9,3% өсті», - деді Р.Дәленов.

СЫРТҚЫ САУДА

Сонымен қатар,  ағымдағы жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымы 28,7 млрд. долларды құрады. Экспорт көлемі 18,5 млрд.долларды құрады. Импорт 7,2 млрд. Долларды құрады.Сәйкесінше сауда балансының оң сальдосы 8,3 млрд. долларды құрады.

«Өнеркәсіп бойынша 6 өңір теріс мәнді көрсетіп отыр. Бұл Қызылорда, Павлодар,Батыс Қазақстан, Атырау,Маңғыстау және Қарағанды облыстары.Аталған өңірлерде мұнай (Атырау, Қызылорда, Маңғыстау), газ конденсатын өндіру (БҚО), мұнай өңдеу(Павлодар), жазық илек және легірленбеген болат (Қарағанды) өндірісі қысқарды.Ауыл шаруашылығы бойынша барлық өңірлерде өсу қамтамасыз етілді. Маңғыстау облысы енді оң өсуді көрсетіп отыр», - деді Р.Дәленов.

Министрдің айтуынша,  құрылыс бойынша жағдай жақсарып келеді. Енді Маңғыстау облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан басқа барлық өңірлерде өсу байқалады.

«Бұл ретте Шымкент қаласы және Ақмола облысы жағдайды түзетті.Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша төмендеу Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында сақталып отыр.Ақмола облысын атап өткім келеді. Осы өңірде 4 айда құрылыс және инвестициялар бойынша қысқару болған. Қазір олар өсуді көрсетіп отыр.Жалпы бірқатар өңірлер бірнеше көрсеткіштер бойынша жақсы серпінді көрсетуде. Бұл өнеркәсіп, өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру және инвестициялар», - деді Р.Дәленов.

Министр атағандай,  Қостанай облысында барлық 6 көрсеткіш, Павлодар облысында – 5 көрсеткіш, Атырау, Түркістан және Қарағанды облысында - 4 көрсеткіш және Шығыс Қазақстан облысында - 3 көрсеткіш жақсы өсуді көрсетеді.

«Маңғыстау облысы, Нұрсұлтан және Шымкент қалалары бойынша бірнеше көрсеткіштер бойынша төмендеу байқалады.Маңғыстау облысы бойынша – инвестициялар, құрылыс және өнеркәсіп, оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі салалары.Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – инвестициялар және тұрғын үйлерді пайдалануға беру салалары.Шымкент қаласы бойынша – инвестициялар кен өндіру өнеркәсібі және тұрғын үйлерді пайдалануға беру салалары», - деді Р.Дәленов.

Бұдан басқа, аталған өңірлерде инфляция деңгейі, оның ішінде азық-түлік тауарларына орташа республикалық мәннен жоғары тіркелген.

«Жалпы, осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша көптеген көрсеткіштер бойынша оң серпін сақталғаны байқалады.Ағымдағы үрдістерді ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға:Біріншіден, артта қалған көрсеткіштер бойынша экономика салаларында бақылауды арттыру.Екіншіден,инвестициялық жобалар шеңберінде инвестицияларды тарту бойынша жұмысты күшейту.Үшіншіден, «Экспортты ілгерілету жаңа жол картасын» іске қосу және оның іс-шараларын іске асыруды жандандыру.Төртіншіден, азық-түлік тауарларына, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың маусымдық төмендеуі кезеңінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бақылауды қамтамасыз ету.Бесіншіден,бюджет қаражатын тиімді игеруді жүзеге асыру қажет», - деді ол.

Өз кезегінде  Ұлттық банк төрағасы  Ерболат Досаев – Қазақстан Ұлттық Банкі экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету шараларын қабылдауда Ағымдағы жылғы мамырда айлық инфляция 0,6%-ды құрады, жылдық инфляция 5,3%-ға дейін өскенін айтты.

Ол 2019 жылғы мамырда азық-түлік тауарлары нарығында 7,9%-ға жеткен бағаның басым түрде өсуі инфляцияға негізгі үлес қосқанын, оның халықтың нақты ақшалай кірістерінің тез өсуі жағдайында орын алғанын атап өтті. Азық-түлікке жатпайтын тауарларға бағаның өсуі 6,1% болды, ақылы қызметтерге тарифтердің инфляцияға үлесі төмен болып қалуда.

«Қазақстан Ұлттық Банкі болжамдық раунд нәтижелері бойынша ағымдағы жылғы 3 маусымда базалық ставканы 9,00% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. Сыртқы талаптар және ішкі факторлар бойынша нақтыланған бағалау 2020 жылдың соңына дейін 4-6% нысаналы дәлізге жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ішкі және сыртқы сектордағы тәуекелдердің балансы базалық ставканың деңгейі туралы кейінгі шешімдерді жоғары траекториясына қарай апарады», - деп хабарлады ол.

Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы соңғы уақытта ішкі валюта нарығындағы ахуалдың мұнайдың әлемдік нарығының ықпалымен дамуда екендігін хабарлады.

«27 мамыр – 5 маусым аралығында әлемдік экономикадағы сауда талаптары қатаңдатылды. Нәтижесінде мұнай бағасы 13%-ға жуық 60,6 АҚШ долларына дейін төмендеді. Алайда өткен аптаның соңғы екі күнінде бір баррель үшін 63,3 АҚШ долларына дейін түзету болды. Бұл АҚШ-тың Мексикамен заңсыз миграцияға бақылауды қатаңдату туралы келісімге қол жеткізуімен байланысты. Сонымен бірге оған 2019 жылғы екінші жартыжылдықта ОПЕК+ келісімін ұзарту мүмкіндігіне қатысты мәлімдемелер оң әсер етті. Нәтижесінде, 27 мамыр - 5 маусым аралығында теңгенің әлсіреуі 1,3% болды», - деп түсініктеме берді Е. Досаев.

Ол соңғы күндері жағдай тұрақтанғанын атап өтті. Ұлттық валюта бағамы 5 - 10 маусым аралығында 0,3%-ға нығайды. 2019 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 383,04 теңге болды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы хабарлағандай, төлем балансында жағдайдың жақсаруы теңгеге қолдау көрсетуде.

«Ағымдағы шот 2 тоқсан бойы профицитпен қалыптасып отыр. Алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы 1-тоқсанда сауда балансы 14,4%-ға өсіп 7,1 млрд АҚШ долларын құрады, ал ағымдағы операциялар шотының профициті 0,8 млрд АҚШ доллары болды Тауарлар экспорты 9,9%-ға немесе 14,9 млрд АҚШ долларына дейін, ал тауарлар импорты 6,1%-ға немесе 7,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды», - деді Е. Досаев.

 Ол 2019 жылғы 1 маусымда алдын ала деректер бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің жалпы алтынвалюта резервтері мамыр айында 3,5%-ға немесе 948 млн АҚШ долларына ұлғайып, 28 млрд АҚШ долларын құрағанын қоса айтты. Қажетті минимум 3 ай болса, Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтерінің көлемі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады.

«Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылғы мамырдың соңында 58,6 млрд АҚШ доллары болды. Бір айда 1,1%-ға төмендеу бюджетке кепілдік берілген және нысаналы трансферттердің бөлінуімен байланысты», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.

Е. Досаевтың айтуынша, валюталық активтерді ел ішінде сақтауды ынталандыру үшін жаңа құрал ретінде банктердің Ұлттық Банктегі валюталық депозиттері 2019 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі. Мұндай депозиттердің мерзімі 1 ай, ставкасы жылдық 0,5% болады. Сонымен бірге ол Қазақстан Ұлттық Банкінің экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатқандығын еске салды.

«Біріншіден, ақша-кредит талаптарының біртіндеп жеңілдеуі кредиттердің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылғы сәуірде бизнес үшін берілген теңгедегі кредиттер бойынша ставка өткен жылғы сәуірдегі 12,3%-бен салыстырғанда 12%-ға, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша 11,9%-ға, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,2%-ға дейін төмендеді. Екіншіден, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған депозиттер бойынша ең жоғары ставкалар өзгерді. Халықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша ұсынылған ставканы 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 10,5%-дан 9,8%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Теңгедегі мерзімді және жинақ депозиттері бойынша ставкалар салымшылар үшін тартымды болып қалуда және тиісінше 12,5%-ға және 13,5%-ға жетті», - деді Е. Досаев.

Ол банктер үшін мұндай жағдайлар қорландыру базасының орнықтылығын арттыратынын, сондай-ақ 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 12 ай және одан жоғары мерзіммен шетел валютасындағы жинақ және мерзімді депозиттер бойынша ставка 2%-ға дейін көтерілгенін атап өтті. Бұл шара банктердің міндеттемелерін ұзартуға бағытталған.

Е. Досаевтың айтуынша, 2019 жылғы қаңтар-сәуірде банктер 4,1 трлн теңге сомаға жаңа кредиттер берді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға көп.

«Банктердің экономиканың басымдық берілген секторларын қаржыландыруы шеңберінде орналастырылған 112,7 млрд теңгеден 31,7 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданды. Бөлінетін ресурстарды игеруді жандандыру үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, банктердің қатысуымен бірқатар талқылау өткізілді, оның қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар енгізіледі», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.

Е. Досаев айтқандай, «7-20-25 бағдарламасының» талаптарын жақсарту шеңберінде 2019 жылғы 31 мамырда қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана құнының 20%-нан көп мөлшерде енгізу құқығын беру бөлігінде өзгерістер қабылданды.

Бұл ай сайынғы төлемдер мөлшерін төмендетуге және соның есебінен кірісі төмен азаматтарды көбірек қамтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы атап өткендей, Бағдарламаға қатысу үшін банктерге қойылатын талаптар төмендетілді: рейтинг бойынша – «В» – «В-» аралығы және нарықтағы үлесі бойынша – банк секторының жиынтық активтерінің 3% –1% аралығы.

 «2019 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде 93,3 млрд теңге сомаға 8 060 өтінім мақұлданды, 6 899 отбасы 80,7 млрд теңге сомаға қарыз алды. 2018 жылғы шілдеде іске қосылғаннан бері жалпы алғанда банктердің ипотекалық портфелі 21,8%-ға 1,4 трлн теңгеге дейін өсті», - деді сөзін қорытындылай келе Е. Досаев.

Ал, Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 5 айдың қорытындысы бойынша бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістердің өсуі байқалады: мемлекеттік бюджетте — 115%, республикалық бюджетте — 119% және жергілікті бюджетте — 106%.

Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 3,8 трлн теңге сомасында табыс түсті, бұл жоспардың 105,4% құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, бюджет табыстары 510 млрд теңгеге артты. Жоспар 2,7%-ға немесе 73 млрд теңгеге асыра орындалды.

«Асыра орындау негізінен салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Бұған келесі басты факторлар ықпал етті: экспорттық кеден салығының мөлшерлемесінің өсуі және бірқатар салаларда тауарлар мен қызметтер өндірісінің артуы», — деді Ә. Смайылов.

Табыстарды әкімшілендіруде негізгі назар бұзушылықтардың жоғарғы тәуекеліне ұшырайтын салық төлеушілерге аударылды. Бұл жұмыс тәуекелдерді басқару жүйесінде камералық бақылау аясында жүргізілді. Камералық бақылау нәтижелері бойынша хабарламалар саны 2 есеге артты. Соның нәтижесінде өтеудің үлес салмағы 86%-ға жетті немесе оның үлесі 7%-ға артты. Бюджетке қосымша 31 млрд теңге түсті.

Жергілікті бюджеттер табыстары бойынша жоспар 120 млрд теңгеге асыра орындалып, 1,2 трлн теңгені немесе 113,4% құрады.

2018 жылдың бес айымен салыстырғанда шығыстарды орындау жақсарды. Республикалық бюджет шығыстары 4,9 трлн теңгеге игерілді. Өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда шығыстар 1,2 трлн теңгеге артық жүргізілді.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов орталық және жергілікті органдар тарапынан мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.  

Сондай-ақ, Ә. Смайылов мемлекеттік аудит және камералық бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 5 айда 1 462 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 292 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 48 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды.

«Тауарларды жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орындау арқылы жалпы 39 млрд теңге сомасына қаражаттар өтелді. Аудит объектілеріне қызметті жетілдіру және тиімділікті арттыру бойынша 1 170 ұсыным берілді. Олардың 669-ы орындалды. Қалғаны бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Ә.Смайылов.

4,5 трлн теңге сомасына камералық бақылаумен 676 мың мемлекеттік сатып алулар қамтылды. Тексерулердің нәтижесінде 261 млрд теңге сомасына 13 593 рәсім бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар анықталған.

Аудит объектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 13 478 хабарлама жіберілді. Соның нәтижесінде, 215 млрд теңге сомасына бұзушылықтарға жол берілмеді. Олар конкурстардың қорытындыларының шешімдерін болдырмау және конкурс құжаттамасына өзгерістер енгізу арқылы шешілді.

Сондай-ақ,  Премьер-Министр Асқар Мамин ҚР Ұлттық банкі мен бірқатар өңірлердің әкімдерінің баяндамаларын тыңдады.

«Биылғы қаңтар–мамыр айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі өткен жылға қарағанда 4% құрады», — деп ҚР Үкіметінің басшысы, экономикалық даму қарқынын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Экономиканың негізгі қозғаушы күштері  құрылыстың 8,8%-ға, сауданың 7,5%-ға, көлік саласының 5,3%-ға, өңдеуші сектор, оның ішінде машина жасаудың 16%-ға, автоөнеркәсіптің  46,4%-ға өсуі болды.

Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму бойынша Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстарының оң жұмысы байқалды.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин өңірлер әкімдеріне құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру салаларында көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуді тапсырды.

Биылғы мамырда айлық инфляция 0,6% құрады.  Осылайша, жыл басынан бері инфляция 2,4% құрады. ҚР Үкіметінің басшысы белгіленген дәлізге (4–6%) сәйкестігіне қарамастан, бірқатар өңірлерде ауыл шаруашылығы тауарларына бағаның өсуі байқалғанын айтты.

«Қазір жеміс-жидек пен көкөністердің көп уақыты, сондықтан бағалар арзандауы керек. Әкімдер, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау бойынша нақты шаралар қабылдасын» , — деді Аскар Мамин.

Республикалық бюджеттің орындалуы бойынша конкурстық рәсімдерді уақытылы өткізу бойынша күшейтілген жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл бюджет қаражатын игеру бойынша тәуекелдерді жоюға мүмкіндік береді.

Мәселені қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарын және сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының толығымен жүзеге асырылуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Бұл экономиканың және инфрақұрылымның тұрақты дамуы, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау мәселесін жақсарту арқылы халықтың табысын және тұрмыс сапасын арттыру.

«Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басымдықты міндеті. Нәтижелі жұмыспен қамту мәселелері экономиканың дамуына, тұрғындардың табысын арттыруға, бәсекелі өндірістердің ашылуына тікелей байланысты. Барлық әкімдер және мемлекеттік органдардың басшылары инвестициялар тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына барынша көңіл бөлуі керек.  Бұл жұмысты үздіксіз жүргізу қажет», - деді  А. Мамин.

Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасының стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асырудың арқасында әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік жасалады.

Аягөз Құрмаш 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды