• Басты
  • Кәсіптік, техникалық білім алған колледж түлектері қайда жұмысқа тұра алады
7 Маусым, 2019 16:13

Кәсіптік, техникалық білім алған колледж түлектері қайда жұмысқа тұра алады

Қазіргі таңда Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беретін 821 колледж бар. Онда 488,7 мың студент білім алады. Қазақстанда слесарь, электрик, техник-механик, жобалаушы, авиация, IT, 3D модельдеу сияқты кәсіптік, техникалық мамандар тапшылығы байқалғандықтан – ҚР БҒМ Елордадағы Политехникалық колледжде журналистерге баспасөз-турын ұйымдастырды. Кәсіптік, техникалық білім алған жас түлектердің алды ірі кәсіпорындарға қызметке тұрса, білім алып жатқан жоғары курс студенттеріне мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар көрінеді.
Кәсіптік, техникалық білім алған колледж түлектері қайда жұмысқа тұра алады | Strategy2050.kz

 Бұл баспасөз турының ерекшелігі негізінен сұрақтар студенттер мен түлектерге қойылды. Респонденттердің көпшілігі қарапайым көпбалалы отбасынан шыққандар. Жастығына қарамастан, сәл талпынса, қазір оқып жатқан сұранысқа ие кәсіптік мамандығымен болашақта жалақысы жоғары қызметке тұра алатынын түсінеді.

 «Менің жасым жиырмада, қазір Нұр-сұлтан қаласында тұрамын. Park inn халықаралық отелінде жұмыс істеймін. Бір жыл бұрын осында іс-тәжірибеден өтуге келіп, осындай керемет 5 жұлдызды отелде ресми түрде жұмысқа тұруға мүмкіндік алдым. Колледжде қонақ үй сервисінің менеджері мамандығы бойынша 3 жыл 6 ай оқыдым. Өзім копбалалы отбасынанмын, отбасымызда 5 бала бар. Бәрімізді анам жалғыз өзі асырады, әкем жоқ. Колледжге оқуға түсер кезде отбасымызбен Қостанайдан көшіп келдік. 9 сыныпта Елордаға келіп, №69 мектеп-гимназиясында оқуымды жалғастырдым. Оңай болған жоқ. Колледждің дайындық курсына түсу үшін, 16 жасымда сабақтан тыс уақытта жұмыс істеп, ақша жинай бастадым.  Кейін грантқа түстім, онымен қоса спортпен айналыстым және осыған байланысты колледже алған медальдарым бар», - деді ол Мадина Молдахметова.

Оның айтуынша,  бұл оқу – жақсы жұмыс табуға  көмектескен.

«Жұмысым мені медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді, осы сақтандыру арқылы тегін медициналық қызмет ала аламын.  Жалақым өзіме жетіп жатыр. Ең бастысы қызметтік өсу бар. Екі жылдан соң, осында менеджер, супервайзер сияқты жалақысы жоғары қызметке тұра аламын. Болашақта курорттық аймақта  отбасымен бірге уақыт өткізуге арналған қонақүй ашқым келеді. Ал қазірше осында тәжірибе жинақтап жүрмін», - дейді Политехникалық колледж түлегі Мадина Молдахметова.   

Түлектер мамандықтарын саналы түрде таңдап, жұмыс орындарына да қалауы бойынша барғанын және ол жерге орналасу үшін жүргізілген конкурстардың да қиын болғанын жасырмай айтты (Park Inn халықаралық отеліне жұмысқа тұру үшін 1 орынға 200 маман, ал BI Group корпорациясына 1 орынға 300 адам таласады). Олар өздерінің 20-23 жастарына сай жалақы алады.
BI Group корпорациясында жұмыс істейтін жас мамандардың алғашқы табысы 155-тен 245 мыңға дейін барады. Ал Park Inn қонақ үйінде жұмыс істейтін жас мамандар 100 мыңнан жоғары еңбекақы алады және мұндай компаниялардың қызметкерлері жұмыс берушісі тарапынан әлеуметтік, медициналық пакетпен қамтамасыз етіледі.

 «2014 жылы Политехникалық колледждің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны өткен жылы аяқтадым. Үшінші курстан бастап колледж мені кәсіпорындарға өндірістік іс-тәжірибеге жібере бастады. Оқуда өзімді жақсы көрсеткендіктен 4 курстан бастап колледж әкімшілігі сабаққа тұрақты қатыспай-ақ мамандығым бойынша жұмыс істеуіме мүмкіндік берді.  Нәтижесінде, сабақ пен оқуды қатар алып жүрдім. Тағылымдамадан өткен жерімде құрастырушы  қызметіне дейін көтерілдім. Содан кейін бос жұмыс орындары туралы HeadHunter сайтына кіріп, түйіндемемді жібере бастадым. Еліміздегі ең ірі «BI Group» құрылыс компаниясына әңгімелесуге шақырып, ол жерде техникалық әңгімелесуден, тесттен өтіп жұмысқа қабылдандым. Қазір «BIM» бөлімінде жұмыс істеп жатырмын, онда компьютерде плагин бағдарламаларын жасаймыз, құрылысты оңтайландыру жұмыстарын жүргіземіз.  Жұмысқа тұрғаныма 4-ақ ай болса да өте жақсы айлық аламын. Оның жартысын биткоин жүйесіне саламын, ал қалған жартысының өзі бір ай қамсыз өмір сүруіме жетеді», - деп сөзін түйіндеді колледж түлегі, жас маман Шайхин Асхат.

Айта кетсек, BIM – ғимараттарды ақпарттық модельдеу, инженерлік-құрылыс саласында пайдаланылатын, жобалаудың ең заманауи және жетілдірілген технологиясы. BIM технологиясының мәні: пайдаланушы ғимараттардың 3d өлшемді ақпараттық моделін жасайды. Ғимараттың ақпараттық моделінде қарапайым геометриялық өлшемдерден басқа, пайдаланылатын материалдардың құрылымы, олардың тығыздығы, жылу өткізгіштігі және өзге де физикалық қасиеттері туралы мәліметтер болуы мүмкін.

Студенттердің бірі – Бекарыс, егер мамандық бойынша қызметке тұрсаң, сабақта мәселе болмайтынын айтты.

«Қазір Политехникалық колледждің «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша «Бағдарламалау» бөлімінде 4 курста білім алып жатырмын. Онымен қоса биылдан бастап құрлыс компаниясында мамандығым бойынша бағдарламашы болып жұмыс істеймін. Осы жылы мұғалімдер маған еркіндік берді. Колледжге аптасына бір, екі рет келіп, тапсырма алып, сабағымды жауып кетіп отырамын. Жалақым қазіргі таңда 150 000 теңге. Болашақта диплом алып, біраз тәжірибе жинаған соң еңбекақым одан әрі өседі. Қазірдің өзінде дипломсыз жас маман үшін – бұл тәп-тәуір еңбекақы. Жалпы білікті, тәжірибелі бағдарламашылар жақсы табыс табады. Болашақта мақсатым – осы мамандық бойынша өсіп, өрлеу. Колледжден кейін, жоғары оқу орнына түссем деген жоспарым бар. Қай университетке оқуға тапсыратынымды ойластырып жүрмін», - дейді «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 4 курс студенті Бекарыс Сабырқұл.

Кәсіптік, техникалық білім беретін колледждерде «робототехника» үйірмесі болады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы колледжде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенті Санжар Ахмедов журналистерге қазіргі заманғы компьтерлердің аналогы болып табылатын микроконтроллер арқылы жұмыс істейтін кешенді әмбебап роботпен таныстырды.

 Ол робот әртүрлі бағытта жүре алады және ол камерасы арқылы нақты уақытта бейнені түсіріп, операторға тікелей жібереді. Оның бірінші қызметі – барлаушы болса, екінші қызметі – шахтада апатты жағдай болған уақытта шахта астында қалған адамдарға көмектесіп дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп, ондағы жағдайды камераға түсіріп, сырттағыларға жібере алады екен.

Студенттердің арасында мамандығы бойынша жобаларға интернет арқылы тапсырыс алып,  1 курстан бастап оқу мен жұмысты қатар алып жүргендер де бар екен.

«Сурет салуға деген қабілетім итермелеген шығар, 15 жасымнан бастап дизайн саласы қызықтырды. Содан кейін сызбаларға әуес болдым. 9 сыныпты бітірер кезде осы қабілеттеріме сай маман дайындайтын колледж іздей бастадым.   Таңдауым – Елордадағы Политехникалық колледжге түсті және қазір осында грантта оқып жатырмын. Өйткені мен осы қалада туып-өскенмін. Ата-анам да таңдауымды құптады. Отбасында жеті ағайындымыз. Бәріміздің мамандығымыз – дизайнер немесе бағдарламашы. Дизайнер-интерьер саласында оқып жатқаныма екі жыл болды әрі осы уақыт ішінде көп нәрсе үйрендім. Әрине бәрі тәжірибемен келеді. Мен оқу мен сабақты қатар алып жүрмін және оған мүмкіндік бар", - деді ол. 

Ол  теориялық білімді көбіне осы жерден алса, практикалық білімді жұмыста игергенін айтты.  

«Колледжде оқытқан біраз негізгі бағдарламалар жұмыста көмектесті. Бірінші курстан бастап мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Көбіне интернет арқылы қашықтан тапсырыс алып немесе бірнеше сағатқа офиске барып істеймін. Өзім бір іспен айналыспай, бос отыра алмаймын. Графикалық, жарнамалық, веб дизайнмен айналыстым. Ал, қазір интерьер дизайнымен айналысамын. Мұнда көбіне құрлысқа қатысты дағды, сызбаларды жақсы білу, құрлыстың техникалық жай-жапсарын білу қажет. Пәтердің интерьерін жасағанда компьютерде 3D модельдеуді қолданамыз», - дейді Политехникалық колледждің Азаматтық ғимараттардың реставрациясы, реконструкциясы және интерьерінің дизайны мамандығының 2 курс студенті Забава Попова.

Техник-механик, машина жасау, слесарь мамандықтарының студенттері Қарағанды, Ақмола облысындағы машина жасау өнеркәсібінде, Елордадағы көлікке техникалық қызмет көрсету орталықтары мен компанияларында тәжірибе алып, кейіннен қызметке тұруына мүмкіндігі бар екен. Техник-механик мамандығының студенті Ерболат – көліктің барлық түрімен жұмыс істей аламыз дейді.

«Студенттердің кез-келген көлікпен жұмыс істеп, техникалық қызмет көрсетуі үшін – колледжімізге Nissan-2013 электромобилін әкелген болатын. Электромобильдер – арнайы батарейкамен жұмыс істейді. Осы көлік кәдімгі 220 вольттық электр тоғынан қуат ала алады. Жақсы жері – электр қуатымен жұмыс істейді. Бұл көліктердің кәдімгі көліктерден айырмашылығы –қозғалтқышында және қуат алу көзінде. Сағатына 160 км жүреді, бұлар 5 сағат жұмыс істейді, 5 сағаттан кейін оларды қуаттау керек. Қуат көзін кәдімгі 220 вольттан 9 сағатта алады, егер 30 минут ішінде қуат көзін алғыңыз келсе 440 вольттық тоқ көзі керек. Дегенмен 440 вольттық тоқ көзін жиі пайдалану – көлікке зиян. Бұған кәдімгі көліктер сияқты сканер, компьютер арқылы диагностика жасап, қай жерінен қате кеткенін табуға болады. Өзім Түркістанда Дарын мектебінде оқығанмын, 9 сыныптан кейін колледжге түстім. Техник-механик мамандығында 2 курста оқимын. Оқу ұзақтығы – 3 жыл. Стипендиямыз – 16-20 мың теңге аралығында. Бірден жоғары оқу орнына ештеңе білмей барғанша, осында біраз білім жинақтағым келді. Мақсатым – инженер-энергетик болу. Осы бас қаладағы фирма, компанияларда энергетик болып қызмет істегім келеді. Оған дейін, алдымда университетке түсу немесе Германияда тағылымдамадан өтіп келу мақсаты тұр. Сол үшін қазір ағылшын тілін оқып жүрмін», - деп баяндады техник-механик мамандығының 2 курс студенті Ыдырыс Ерболат.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің Мазмұн және әдістеме басқармасының басшысы Қаламқас Алғазинова колледж түлектерін жұмыспен қамту мәселесі, кәсіптік және техникалық мамандықтарды дамыту жобасы туралы айтып берді. 

«Қазіргі таңда Қазақстанда 821 колледж бар, оның ішінде 479-ы – мемлекеттік. Ондағы сұранысқа ие мамандықтардың мониторингі жыл сайын жүргізіледі. Кәсіптік, қызмет көрсету, техникалық білім саласын оқыған түлектердің жұмыспен қамтылуы туралы да мониторинг жүргізіледі және жыл сайын колледжді 140 мыңнан астам түлек бітірсе, оның ішінде 72%  жұмысқа тұрады. Қазақстанда кәсіптік және техникалық білім тегін. Алдағы 10-15 жылда 278 мамандықтың 30-40 пайызы қысқарып, кейбірі бірігеді деген болжам жасадық. Бүгінгі таңда елімізде тігінгіші сияқты кәсіптік мамандықтар, робототехника, байланыс, электроникамен байланысты техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары», - деген мәлімет берді Қаламқас Алғазинова.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік бағдарламалар мен кадрлық қажеттілікті болжау негізінде 2025 жылға дейін сұранысқа ие 100 сервистік және индустриялық кәсіптер тізбесін әзірлеген. Оған жоғары білімді қажет ететін 35 сұранысқа ие мамандық және техникалық және кәсіптік білімді қажет ететін 65 мамандық енгізілді, оның ішінде 10 жаңа мамандық бар.

Олардың ішінде өзектісі: IT-мамандар, 3D модельдеу және толықтырылған нақтылық жөніндегі инженерлер, машинааралық оқыту жүйелері бойынша, жаңартылатын энергия көздері бойынша, өндірістің аддитивті технологиялары бойынша инженерлер, өндірісті автоматтандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды» қала құрылысы, пилотсыз авиациялық жүйелер инфрақұрылымының сәулетшілері мен жобалаушылары және графикалық және мультимедиялық дизайнерлер мамандықтары.

Айдана Абдрахманова 

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды