• Басты
  • Жастар жылы: Жас кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі
6 Маусым, 2019 11:15

Жастар жылы: Жас кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі

Елордада жас кәсіпкерлер, сонымен қатар кәсіп бастағысы келетін жастардың бас қосатын Аtameken FEST форумы өтті. Іс-шараның ең басты оқиғасы –кәсіпті енді бастаған және бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге арналған «Atameken Academy» бірегей платформасы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» білім беру жобасының іске қосылуы болды. Қазақстандағы жас кәсіпкерлер жетістікке қалай жеткені туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Жастар жылы: Жас кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан ҰКП Басқарма Төрасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев  жастарға арналған жобалармен бөлісті.  

Шілде айында іске қосылатын кезекті жоба – «Жас кәсіпкер» бағдарламасы. Бұл 29 жасқа дейінгі 100 мың студент пен жастарға кәсіпкерлікке оқу, мемлекеттік грант немесе тиімді несие алып, жеке кәсіп ашудың мүмкіндігі. Әзірге жоба Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысын бастайды.  

 «5-7 жылдан кейін кімнің тағдыры қалай болатынын ешкім де айта алмайтыны анық. Мектеп аяқтаған соң көп қыз-жігіттер жұмыс таба алмай, басым бөлігі қызмет түрін таңдай алмай жатады. «Атамекенді» осы мәселе алаңдатады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Оның айтуынша,  кім физик, химик болатынын, ал кім кәсіпкерлікке жақын екенін мектеп қабырғасынан білгені  абзал.

 Айта кетелік, 1 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық мектептерінде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады, ал келесі жылдан бастап бұл пәнді колледждерде, одан кейін жоғары оқу орындарында енгізу жоспарлануда.

 «Осы жұмыстың барлығы кәсіпкерліктің эко жүйесін құруға көмектеседі. Біз жас кәсіпкерлер  буынын қалыптастыруды өзімізге мақсат етіп қойдық.  Сондықтан осындай форматтағы фестивальді барлық өңірлерде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.

Өз кезегінде   «Қазақстан Халық банкі» АҚ Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова  табысқа жеткен өз тәжірибесімен бөлісіп, кез келген  адамның  жетістікке жетуі тек әркімнің өз қолында екенін айтты.

«Менің жас кезім Кеңес үкіметінің құлдырауымен тұспа тұс келді. Мұндай жағдайлар барлығымызға оңай тиген жоқ. Ол уақытта Мәскеуде білім алып жаттым, біз дұрыс бағыттамыз ба, жоқ па, ешкім айта алмады. Бірақ, сол кезде қол қусырып отырмай, отбасымның алдындағы жауапкершілікті өз қолыма алып,әрекет ету керектігін жақсы түсіндім», – деді Ү. Шаяхметова.

Ол айтып өткендей,  белсенділік пен еңбек – қатардағы маманнан басқарма төрағасының орынбасарлығына, орынбасардан басқарма төрағалығына жетелеген.

 «2009 жылы Қазақстанға дағдарыс келді. Баға күрт түсіп кетті: жылжымайтын мүлік, бидай, мұнайдың құны арзандады.Көп күмән болды. Осындай жаһандық дағдарыста әйел адам банкті басқара ала ма? Неге болмасқа? Егер қазір төрағалыққа ер адамды қойса, мен бәрібір бірінші орынбасары ретінде мәселелерді шешуге кірісемін. Әйел болуым кедергі емес. Иә, кенже балам небәрі 1 жаста еді, бірақ моральді тұрғыда білек сыбана жұмыс істеуге дайын болдым. Осылайша, қолымнан келмесе, қызметті босатамын деген шартпен жұмысқа кірістім», – деді Үміт Шаяхметова.

 Atameken FEST алаңында Үміт Шаяхметова жастарға арналған жаңа бағдарламаны таныстырды.

«Қазақстан Халық банкі» 30-жасқа дейінгі жастарға жылдық 5%-бен 1 млрд теңге бөлетіні жайлы мәлімдеді.

Сонымен қатар,  банкте әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында арнайы бағдарлама іске қосылған, шағын және орта кәсіпкерлікті, цифрландыру бағдарламасын белсенді қолдау жүріп жатыр.

 «Біз көмек пен демеушіліктен бөлек, сіздерді жұмысқа алуға дайынбыз», – деді Үміт Шаяхметова.

Қазақстанда өзінің тілдер курсын ашқан жас кәсіпкер Арслан Дәрімов осы сынды ауқымды фестивальдер жастарға шабыт сыйлатйтынын айтты.

«Елімізде мұндай ауқымды фестивальдің баламасы жоқ деп сеніммен айтуға болады. Бұл пайдалы таныстық, жеке өсу мен мақсатқа жету бойынша көп кеңестер мен лайфхақтарды бір күн ішінде алуға болатын жастардың керемет басқосуы», –  деді  «Rocket Study» білім беру орталықтары желісінің негізін қалаушы Арслан Дәрімов.

Іске қосылған онлайн-платформа арқылы қатысушылар спикерлерден пайдалы ақпаратты, сұрақтарға жауаптарды алып қана қоймай, сондай-ақ Академияның шеңберінде өзара тілдесу, бірге білімдерін жетілдіріп, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік алады. Арсланның өзі бизнеспен мектеп жасынан бастап айналысып келеді. Америкалық университетке грантпен оқуға түскен жас жігіт, шетелге кетуді емес, елде кәсіп ашуға бел буған.  

«Тестті тапсырмадым, көп жастардың арманы, Американың жоғары оқу орнына түсіп тұрып, оқуға барудан бас тарттым, қысқасы жағдайым қуантарлық болған жоқ. Бұл жағдайымды көрген  мектептегі ұстаздарым  әрі кетсе аула тазалаушы болар деген болжам да айтқан болатын», – деді Арслан Дәрімов.

 Мектепте оқып жүріп, ағылшын тілін үйретуден репетиторлықты қолға алған Арслан жеке кәсіпке бет бұрып, алғашқы кеңсесін ашқан.

 Бүгінде Арслан Дәрімов Қазақстан бойынша және Омбы қаласындағы оқу орталықты қосқанда 16 мектептің иесі.

Айта кетейік, аталған шараға мектеп оқушыларынан бастап жұмысшы жастарды қамтитын  2 мың жас қатысты.

«Атамекен Фестте сөз сөйлеген спикерлердің баяндамалары күш-қуат беріп, шабыт сыйлады. Өздерінің жастарына қарамастан үлкен табысқа, жетістікке жеткен адамдардың оқиғасы өте әсерлі болды. Залдың энергетикасы да ерекше. Енді өзіммен бір бағытқа қарайтын, пікірлес жандарды Атамекен Академиясының онлайн платформасынан таба аламын. Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, тұлғалық дамуымызға әсер ете аламыз деп ойлаймын», - деді шараға қатысушылардың бірі Арайлым.

Айта кетейік,  Аtameken FEST – жас және табысты кәсіпкерлер жиналатын бірегей алаң, онда бизнесмендер табыс тарихымен бөлісіп қана қоймай, нақты кейстер мен бірегей бизнес-кеңестермен бөлісті.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды