• Басты
  • Білім және медицина саласы қызметкерлеріне жарнасыз пәтер беріледі
6 Маусым, 2019 10:19

Білім және медицина саласы қызметкерлеріне жарнасыз пәтер беріледі

Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерге бастапқы жарнасыз берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында екі жыл ішінде 3 000-ға жуық дәрігерлер мен мұғалімдер пәтерлі болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ министрліктер мен ведомстволық ұйымдардың қызметкерлеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жалға беру туралы келісімге қол қойды. Белгілі болғандай, бағдарламаны қаржыландыруға шамамен 40 млрд. теңге бөлінеді және бұл қаражат мемлекеттік бюджеттен алынбайды.
Білім және медицина саласы қызметкерлеріне жарнасыз пәтер беріледі

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айутынша, алғашқы жылы республика бойынша 1500 медицина қызметкері пәтермен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта 15 мыңнан астам дәрігер меншікті тұрғын үйге мұқтаж.

«Денсаулық сақтау саласында 400 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында 170 мыңы мейірбике  және 60 мың дәрігер бар. Баспана тапшылығы мәселесі де бар. Аталған бағдарлама өте маңызды. Республика бойынша 1 жарым мың медициналық қызметкер  арендалық баспана алатын болады. Жалақысын көтерсек, тұрғын үймен қамтысақ, біздің медициналық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Бұл бағдарлама одан әрі де жалғасатын болады. Ал бұл тікелей медициналық қызметтің сапасының артуын шешуге арналған шаралар», - деді Елжан Біртанов.

Емханада жұмыс істейтін барлық қызметкерлер бағдарламаға қатыса алады

Бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болады. Бұдан басқа, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов министрліктің және ведомстволық бағынышты ұйымдардың қызметкерлеріне қойылатын талаптар туралы айтып берді.

«Талаптарға сәйкес, пәтерге үміткер бола алатындар: медицина саласының барлық қызметкерлері, дәрігерлер, емханаларда жұмыс істейтін басқа да мамандар, мысалы, бухгалтерлер, инженерлер. Мамандығы туралы ешқандай шектеулер жоқ. Олардың отбасыларында тұрғын үй болмауы керек. Сонымен қатар, лауазым бойынша басымдықтар да берілмейді. Еңбек өтілі, салаға сіңген еңбегі, отбасы құрамы  және т.б. талаптар болады. Ең бастысы пәтерге шын мұқтаж мамандарға беріледі», - деп атап өтті Біртанов.

Министрдің айтуынша, осы айдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша барлық медициналық қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға көтеріледі.

Осы бағдарлама қатысатын азаматтардың тізімін ҚР Білім және ғылым министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жасайды. Ал Қазақстанның ипотекалық компаниясы үміткерлердің төлем қабілеттілігін тексеріп, жалдау келісімшарттарын рәсімдейді. Жоспар бойынша алдағы екі жылда 3-4 класстағы жаңа 3 000 пәтер жалға беріледі.

Арендалық баспана 20 жылға беріледі

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма басшысы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, бағдарлама шарттарына сәйкес, әрбір пәтер 20 жылға жалға беріледі.  Кірістің көлемі жеткіліксіз болса, кепілгерлерді тартуға мүмкіндік бар.

 «Төлем қабілеттілігіне қандай пәтерге өтініш бергеніне байланысты болады. Елорда мен Алматы туралы айтатын болсақ, онда бір бөлмелі пәтер үшін орташа айлық төлем 55 мың теңгеге жуықтайды. Тиісінше, осындай ай сайынғы төлемге қызмет көрсету үшін біз отбасының табысына көз жеткіземіз, егер несие бар болса, басқа да төлемдер бар болса, біз осы соманы алып тастаймыз, егер рұқсат етілген сома болса, келісім жасаймыз. Бұдан басқа, бұл бағдарлама өте ыңғайлы. Егер талапкер мен оның отбасының төлем қабілеттілігі жетпей жатса, кепілгер тарту мүмкіндігі бар», - деді Әділ Мұхамеджанов.

Мерзімінен бұрын айыппұлсыз сатып алу мүмкіндігі бар

Бастапқы жарнасыз берілетін тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар. Тұрғын үйді рәсімдегені үшін төлемақының құны 1%. Мысалы, 13 миллион теңгелік пәтердің 1 пайызы – 130 000 теңге болады. Бұл ақша ипотекалық компанияның жұмысы үшін төленеді.  Ал жалпы жылдық мөлшерлеме 3 процентті құрайды. Оның себебін компания өкілдері пәтерлерді сатып алғанда ақшаны қарызға алатындықтарын, шығындарды өтеу керектігімен түсіндірді.

«Біз алдымен министрліктердің тізімін күтеміз. Одан кейін дайын пәтерлерді сатып аламыз да, тізім бойынша таратамыз. Пәтерлерді сатып алуға 40 миллиард теңгеміз бар. Бұл – бюджеттік қаражат емес. Бір пәтердің ауданы 80 шаршы метрден аспайды. Сосын Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір шаршы метрдің бағасы 260 000 теңгеден аспауы тиіс. Ал аймақтарда аталған көрсеткіш 220 000 теңгеден артық болмауы шарт», - дейді Мұхамеджанов.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев бағдарламаға қатысудың талаптары туралы толығырақ айтып берді. 

«Үміткерлердің соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі болмауы керек. Төлем қабілеттілігінің, табыс туралы мәлімдемесінің бар екендігі маңызды. Бір шаршы метрге 260.000 мың теңге болатын 50 шаршы метрлік арендалық пәтердің орташа бағасы 13 миллион теңге болса, 20 жылдың ішінде ай сайын 60-70 мың теңге төлеу керек. Егер 15 жылға келісім жасасақ, онда ай сайынғы төлем 80-90 мың теңге болады. Процедура төмендегідей: Қазақстан ипотекалық компаниясы сатып алу мүмкіндігі бар жалға берілетін тұрғын үйді ұсынады. Жалпы алғанда, білім беру саласына 2 жылда шамамен 1500 пәтер бөлінеді. ҚИК –  Білім және ғылым министрлігіне хабарландыру жібереді, пәтерлердің саны мен орналасқан жерін, техникалық сипаттамаларын: түрі, квадратурасы, қабаты көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қазақстан ипотекалық компаниясына кезектегілердің өтінім хатын жолдайды. Бұдан кейін компания қатысушылармен келісім жасасады», - деді Өрсариев.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының 15 000 және білім саласының 10 000 қызметкері пәтерге мұқтаж.

Айдана Абдрахманова 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды