• Басты
  • 2023 жылы халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету мәселесі шешіледі
4 Маусым, 2019 13:03

2023 жылы халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету мәселесі шешіледі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді сумен қамту және су бұру мәселелері қаралды. Бүгінгі күні 86 қалалық елді мекеннің 58-де ғана тазалау құрылғылары бар, олардың орташа тозуы 60% - ды құрайды. Олардың 26 қалада қайта жаңарту және 27 қалада құрылысын салу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл проблеманы шешу үшін алдын ала бағалау бойынша шамамен 330 млрд.теңге қажет. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
2023 жылы халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету мәселесі шешіледі | Strategy2050.kz

 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр  2018 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда 10 млн.адам орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

Министр атағандай, бұл қала халқының 94,5% құрайды. Қалаларда өмір сүру сапасын жақсарту үшін 2019 жылы бұл көрсеткішті 97% - ға дейін арттыру жоспарлануда.

Ауылдық жерлерде орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметтерімен 6,5 млн адам немесе 84% - дан астам адам қамтамасыз етілді. Бұл ретте, қалған ауылдарда ауыз су үшін жергілікті сумен жабдықтау көздері пайдаланылады. Министрлік 2019 жылы 88% көрсеткішке қол жеткізуді және 2023 жылы тиісті инфрақұрылыммен халықтың 100% - ын қамтуды жоспарлап отыр.

«Бүгінгі таңда біз ауылдарды кепілденген сапалы және көлемді сумен қамту қызметтерімен қамтамасыз ету жоспарын әзірледік. Халқы 200 адамнан аз шағын ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында санитарлық сапа нормаларына сәйкес келетін суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату орынды, бұл 1333 ауылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Халық саны 200-ден астам 1 274 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау қамтамасыз етіледі. Осылайша, 1,2 млн. адам тұратын 2 607 ауыл тұрғыны санитарлық нормаларға сәйкес келетін сумен қамтамасыз етіледі», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкіметте жасаған баяндамасында.

Сондай-ақ, ҚР ИИДМ басшысы ағымдағы жылдың сәуір айында Экологиялық мәселелер жөніндегі Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалалардағы кәріздік-тазарту құрылғыларын жаңғыртуды тапсырғанын еске салды. Бүгінгі күні 86 қалалық елді мекеннің 58-де ғана тазалау құрылғылары бар, олардың орташа тозуы 60% - ды құрайды. Олардың 26 қалада қайта жаңарту және 27 қалада құрылысын салу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл проблеманы шешу үшін алдын ала бағалау бойынша шамамен 330 млрд.теңге қажет.

«Осы міндетті орындау үшін Министрлік құрылысқа бюджеттен тыс қаражатты тарту тетігін әзірледі. Біз ағын суды тазалаудың нормасы бойынша Еуропалық стандарттарды әкелуді ұсынамыз, бұл сарапшылардың пікірінше, күрделі шығындарды 30% - ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Биогаз өндіру және тұнбаны қайта өңдеу мүмкіндігі арқылы энергиялық тиімді технологиялар енгізілетін болады. Сондай-ақ, МЖӘ жобаларын іске асыру кезінде халыққа жүктемені төмендету үшін тарифтерді субсидиялау қажет. Бұл 3 жыл ішінде қалалардағы КТҚ-ды (кәріздік-тазарту құрылғыларын) толығымен жаңғыртуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Роман Скляр.

Өз кезегінде  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан  Омаров  елді  мекендерді ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту туралы баяндап берді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге, оның ішінде топтық су құбырларын салу мен реконструкциялауға қатысады.Топтық су құбырларын пайдалану ведомстволық бағынысты кәсіпорын «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелген, ол сондай-ақ суаратын су беретін су шаруашылығы объектілерін пайдаланумен айналысады.Оның теңгерімінде 12 080 км ұзындықтағы 33 топтық су құбыры бар», - деді С.Омаров.

Сондай-ақ,  бүгінгі күні 6499 ауылдық елді мекеннің 546-сы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының топтық су құбырларынан, ал қалған ауылдық елді мекендер коммуналдық және басқа да меншіктегі  топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз сумен қамтамасыз етілген.

«2011-2018 жылдары 1035 км желі салынып, 1441 км желі реконструкцияланды, бұл 49 объектіні пайдалануға енгізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде халық саны 553,0 мың адамды құрайтын 268 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды. Жалпы 33 топтық су құбырындағы тозу деңгейі 75%-дан 56%-ға дейін қысқарды. Осы жұмыстардың жалпы шығыны 85 млрд. теңгені құрады», - деді министр.

Сонымен қатар, пайдалану мерзімінің өтуіне (1960-1970 жылдардан бері пайдаланылып келеді) және желілердің тозуына байланысты, 12080 км желінің 2 281 километрі реконструкциялауды қажет етеді.

«Ағымдағы жылы топтық су құбырлары бойынша 12 жобаны іске асыруға 14,6 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 185,0 км желі салынып, реконструкцияланып, жалпы халық саны 126,8 мың адамды құрайтын 68 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады.Қол жеткізілген нәтижелермен қатар, сумен жабдықтау мен су бұру секторында пысықтауды қажет ететін бірқатар проблемалы мәселелер бар», - деді С. Омаров.

Біріншіден, бұл – коммуналдық кәсіпорындар теңгерімдеріндегі сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерінің тиісінше пайдаланылып, күтіп ұсталмауы. Аталған проблема олардың жедел тозуына алып келеді.

«Қазіргі заманғы тәжірибе сумен жабдықтау мен су бұру секторына салынған инвестициялар халыққа көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығымен қамтамасыз етілуі тиіс екенін көрсетеді. Өз кезегінде, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін тек сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін реконструкциялау немесе жаңаларын салу жеткіліксіз, олардың тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет. Пайдаланушы ұйымдардың ұйымдастырушылық, басқарушылық, техникалық және қаржылықәлеуетін де ұлғайту керек», - деді АШМ басшысы.

Министрдің пікірінше,  «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының базасында кент ішіндегі желілерімен бірге барлық топтық су құбырларын пайдаланатын Бірыңғай оператордың жұмыс істеуі бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Ол үшін коммуналдық меншіктегі осы объектілерді кезең-кезеңмен Бірыңғай операторға беру қажет болады.

«Бірінші кезеңде әкімдіктердің теңгерімінде тұрған 323 ауылдағы республикалық топтық су құбырларына жалғасқан кент ішіндегі желілер беріледі.Екінші кезеңде 171 ауылдағы кент ішіндегі желілерімен бірге қалған 33 топтық су құбыры беріледі.Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, ауылдарда сумен жабдықтау мен су бұру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ осы сумен жабдықтау мен су бұру секторын дамытуға инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Бұдан басқа, қызметтер суды топтық су құбырларынан субсидияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін көрсетілетін болады.

«Субсидиялау қағидаларына сәйкес түпкілікті тұтынушы үшін 1 м3 ауыз су құны суды есепке алу аспаптары болса, 30 теңгеден, олар болмаса, 40 теңгеден аспауы тиіс.Сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін пайдалануды жергілікті атқарушы органдар мен жеке ұйымдардың (жауапкершілігі шектелген серіктестіктер, дербес кәсіпкерлер және т.б.) қарамағында қалдырған жөн», - деді ол.

Сондай-ақ, сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды оқшау жүйелерінің тізбесін бекітуді Ауыл шаруашылығы министрлігінен жергілікті атқарушы органдарға беру қажет, бұл аталған көздерді субсидиялау мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

«Екінші проблема, бұл – ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жобаларын іске асыруда кешенді тәсілдеменің жоқтығы. Сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін кешенді дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жобаларын кешенді іске асыру функцияларын беру қажет», - деді министр.

Сондай-ақ,  тапсырыс берушінің барлық топтық су құбырларын және олармен жалғасқан ауылдардағы кент ішіндегі желілерді салу мен реконструкциялау функциясын Бірыңғай операторға бекітіп беру қажет, себебі осы іске асыру схемасы өте оңтайлы болып табылады және оның мынадай артықшылықтары бар: 

- тиісті қызмет түріне арналған қажетті рұқсат беруші құжаттар және лицензия болған жағдайда, ол тапсырыс беруші мен мердігердің функциясын біріктіріп, өз күшімен құрылысты жүзеге асыра алады, бұл жобаларды іске асыру мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді;

- бірыңғай оператор әрі тапсырыс беруші, әрі пайдаланушы ұйым ретінде объект құрылысының сапалы жүргізілуіне мүдделі болады;

- объектілерді жобалау мен техникалық қадағалауды Бірыңғай оператордың аттестатталған мамандары жүзеге асырады, бұл бюджет қаражатын едәуір үнемдейді. 

«Сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін салуға және реконструкциялауға тапсырыс беруші жергілікті атқарушы орган болып қала бергені жөн.Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін дамыту мәселесін үйлестіру және бюджеттік бағдарламаларды әкімшілендіру функциясы бекітіліп беріледі», - деді министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2022 жылға қарай ауыл халқының ауыз суға қолжетімділігін 100%-ға қамтамасыз ету жөніндегі жоспарын жалпы қолдайды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді дамыту бойынша қызметтерді бізге өткізген жағдайда жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қажетті барлық күш-жігерін салатын болады.

Сондай-ақ, мәселені қарау барысында сумен жабдықтау және су тарту секторына белсенді түрде қатысатын ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Шымкент қаласындағы «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС жеке су арнасының қадағалаушы кеңесінің төрағасы А. Орман халықаралық қаржы ұйымдары салған инвестициялардың нәтижесінде азаматтарға ұсынылатын қызметтердің сапасы артқанын айтты.

2010 жылдан бастап 2 МВТ бойынша күн және су қуаты станциялары салынып, пайдалануға берілді, 947 шақырым сумен жабдықтау желісі және 67 шақырым кәріз желісі реконструкцияланды. Цифрлық технологияларды қолдану арқылы ауыз суды өндіру және тасымалдау тәсілдері жаңғыртылды. Бүгінде тазарту нысандары автоматты режимде басқарылады.

«Салынған инвестициялар тұтынушыларға дейін суды үздіксіз беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ, экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес ағын суларды толықтай тазартуға жол ашты. Нормативтік-техникалық шығындар 2,4 есеге қысқарды. 1 м² суды өндіруге жұмсалатын электр энергиясының шығындары 12 есеге қысқарды», — деді А. Орман. 

Өз кезегінде, Еуропа қайта құру және даму банкі өкілдігінің директоры Агрис Прейманис ТКШ секторы Қазақстандағы ЕҚҚДБ жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Еліміздің өңірлерінде іске асырылып жатқан сумен жабдықтау және су тарту секторына 30 млрд-тан астам теңге инвестицияланды.

Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде ауыз су сапасы жақсартылды, су беру көлемі ұлғайтылды, шығындар төмендетілді, жеткізілген суды есепке алу пайызы артты және т.б.

А. Прейменистің айтуынша, осыған ұқсас жұмыс сумен жабдықтау, су тарту, кәріздік тазарту нысандары салаларында қызмет көрсететін басқа компанияларда жүгізілуі мүмкін.

Қорытындылай келе, ҚР Үкіметінің басшысы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту және сумен жабдықтау мәселесінің маңыздылығын атап өтті, аталған мәселені шешу халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді.

«Қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету мәселесін шешуге жол ашады», — деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин. 

Алматы және Қызылорда облыстарында ауылдарды ауыз сумен қамтудың жоғары пайызы белгіленген. Өз кезегінде, Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдіктеріне аталған бағыттағы жұмысты жандандырып, ауылдарды сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету шараларын күшейту тапсырылды.

«Әкімдіктер жұмысының нәтижелігінің жаңа көрсеткішін анықтау қажет – бұл халықтың таза ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету», — деді А. Мамин.

ҚР Премьер-Министрі 2023 жылы қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтаумен жүз пайыз қамтамасыз ету мақсатында өңірлік жоспарларға түзетулер енгізіп, барлық сумен қамту нысандарын пайдалануға беру шараларын қабылдауды тапсырды.

Қалаларда кәріздік тазарту нысандарын салу және жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге жекелей көңіл бөлінді. Бұл бағытта КТН жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көптеген халықаралық қаржы институттары осыған ұқсас жобаларды қаржыландыруға қызығушылық танытып жатыр.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаржыландыру тетіктерін пысықтауды тапсырды.

«Елбасының Қауіпсіздік кеңесінің отырысында азаматтардың тұрмыс сапасын, қолайлылығын жақсарту, қала немесе ауылдық жер екеніне қарамастан, халықты сапалы ауыз сумен қамту және сумен жабдықтау бойынша алға қойған міндетін орындау қажет.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапарлары барысында беріліп жатқан, қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша ауқымды жұмыстарды атқаруымыз керек», — деді Асқар Мамин.

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды