• Басты
  • Біздің ЕК-пен өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін - Қ.Тоқаев
31 Мамыр, 2019 14:27

Біздің ЕК-пен өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін - Қ.Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Біздің ЕК-пен өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін - Қ.Тоқаев

Ақорда резиденциясында өткен ресми қарсы алу рәсімінен кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Тускпен келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес төрағасының сапары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін айтты.

« Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін. Екі тарап та көздеген мақсатқа жетуге мүдделі болғандықтан, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы жарқын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дональд Туск Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық білдірді.

« Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін көп рахмет. Біздің сіздермен тәжірибеміз бен өзара қарым-қатынастарымыздың тарихы ортақ. Географиялық арақашықтықтың үлкен болғанына қарамастан, Қазақстан біз үшін өңірлік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, жаһандық деңгейде де маңызды әрі тұрақты серіктес саналады», – деді Еуропалық кеңес басшысы.

Әңгімелесу барысында тараптар әртүрлі саладағы Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен жүргізген келіссөз қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Еуропалық кеңес төрағасына ризашылық білдіріп, сапардың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келгенінің символдық мәні барын айтты.

«Еуропалық кеңестің қабылдаған жаңа стратегиясы мен сіздің сапарыңыз Орталық Азия елдерінің саяси-экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуы үшін еуропалық тараптың мүдделі екенінің дәлелі», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональда Тусктің сапары Нұр-Сұлтан мен Брюссель арасындағы диалогқа тың серпін беретінін атап өтті.

« Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропалық одақпен «екінші буын» келісіміне қол қойған бірінші ел болды. Бұл біздің байланыстарымыздың берік екенін көрсетеді. Біз Еуропа елдерінің бәрімен стратегиялық, серіктестік қатынастарымызды нығайтуға белсенді атсалысамыз. Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы мен Еуропалық одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы әртүрлі саладағы табысты іс-қимылдарымыздың үлгісі болып табылады. Осы жетістіктерді ескере отырып, Еуропалық одақпен ынтымақтастығымыздың келешегі жақсы болатынына сенімдіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Дональд Туск жылы қабылдағаны және Нұр-Сұлтанға ресми сапармен алғаш келуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдірді.

«Еуропалық одақ Орталық Азиямен серіктестікті тереңдету үшін өз стратегиясын айқындады. Қазақстан – өңірдегі Еуропалық Одақтың негізгі серіктесі. Елдеріңіз Батыс пен Шығыстың, Ресей мен Оңтүстік Азияның арасындағы көпір болып саналады. Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Қазақстанмен серіктестікті және ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімді Еуропалық одақ елдері жуырда ратификациялайды. Біз оны жүзеге асыруды бастадық», – деді Еуропалық кеңестің төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск журналистерге келіссөз барысында жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде, сондай-ақ, энергетика, көлік және цифрлық коммуникация салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету туралы кең көлемде жемісті пікір алмасқанын айтты. 

 

 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды