• Басты
  • ЕАЭО елдерінің интеллектуалдық меншік саласындағы ынтымақтастығы
30 Мамыр, 2019 10:07

ЕАЭО елдерінің интеллектуалдық меншік саласындағы ынтымақтастығы

Постиндустриалдық даму кезеңінде мемлекеттің инновациялық потенциалы экономиканы дамытудың және оның халықаралық қауымдастықтағы рөлін айқындайтын стратегиялық ресурсқа айналды. Осы орайда инновациялық экономикада интеллектуалдық меншікті қорғау маңызды орын алады. Интеллектуалдық меншік Азия мен Еуропа, оның интеграциялық ұйымдары арасындағы көліктік-логистикалық, экономикалық көпір ретінде орнаған ЕЭО елдері үшін өзекті болып саналады. 2019 жылы 29 мамырда Нұр-Сұлтанда Жоғары ЕЭК жиыны өтті. Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдық саммитінде ұйымның табыстары мен күрделі мәселелері талқыланды. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына 5 жыл толғанына қарамастан, Одақтың аумағында зияткерлік меншік құқығын қорғаудың құрылымдық және заңнамалық негіздері, патенттеу, тауарлық белгілер, ғылыми жаңалықтарды құқықтық қорғау салалары даму кезеңінен өтті. Қазіргі уақытта интеллектуалдық меншік құқығы бойынша ЕАЭО-ның ЕО, АСЕАН, ШЫҰ-мен ынтымақтастығының өзектілігі артып келеді.

ЕАЭО елдерінің интеллектуалдық меншік саласындағы ынтымақтастығы | Strategy2050.kz

ЕАЭО  мүше-мемлекеттердің экономикаларын тиімді интеграциялаудың маңызды шарты зияткерлік меншік нысандарын пайдаланудың кешенді механизмін құру болып табылады. Қазіргі уақытта ЕАЭО елдерінің интеллектуалдық потенциалы жоғары болғанымен, интеллектуалдық меншік нысандарын қолдану және коммерцияландыру үрдісі лайықты дәрежеде жүргізілмей отыр. Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі функциясын ескере отырып, осы мәселені кешенді және жалғасты түрде шешу қажет. Мәселен, 2019 жылы 29 мамырда өткен ЕАЭО саммитінде Н.Назарбаев тауарлар импорты, қайта өңдеу, нарықтық кеңейту мәселесіне тоқтала келіп, арнайы сараптама тобын құру керектігін айтты.  ҚХР мен АҚШ арасындағы сауда текетіресінен көріп отырғанымыздай, қазіргі кезеңде интеллектуалдық меншік құқығының да өзектілігі күн өткен сайын артып келеді. Бұл жұмысқа Еуразиялық экономикалық кеңістікте жіті мән берілетіні сөзсіз.  

2019 жылғы 29 мамырдағы ЖЕЭК отырысы

Бүгінге дейін Одақ елдерінің бірқатарында қабылданып, уәкілетті органдар іске асырып жатқан интеллектуалдық меншіктің ұлттық стратегиялары бар. Атап айтқанда, Арменияда – «Армения Республикасының интеллектуалдық меншік құқығын қорғау стратегиясы» (2011-2015 жж.); Беларусте — «Беларусь Республикасының интеллектуалдық меншік саласындағы 2012-2020 жж. арналған стратегиясы»; Қазақстанда — «Интеллектуалдық меншік құқығын қорғау концепциясы». Осы Концепцияны іске асыру мақсатында тиісті Бағдарлама қабылданған. Қырғызстанда — «Қырғыз Республикасындағы интеллектуалдық меншікті және инновацияларды дамытудың 2012-2016 жж. арналған ұлттық стратегиясы». Ал, Ресей Федерациясында 2012 жылы РФ Сауда-өнеркәсіптік палатасы интеллектуалдық меншік саласындағы мемлекеттік стратегияның жобасын  құрды. Сол жылы Интеллектуалдық меншікті қорғау бойынша үйлестіру кеңесі екінші концепцияны дайындады. Алайда осы уақытқа дейін аталған концепция жобалары тиісті дәрежеде бекітілмеген. Дегенмен, ЕЭО елдерінің интеллектуалдық меншікті қорғау және іске асыру бойынша белгілі тәжірибеге ие екеніне көз жеткіземіз

Қазіргі уақытта ЕАЭО шеңберіндегі интеллектуалдық меншік құқығын қорғау төмендегі халықаралық шарттарға сәйкес реттеледі:

-Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім, 2015 жыл 29 мамыр;

-Кедендік Одақтың Кедендік кодекс туралы келісімі, 2009 жыл, 27 қараша;

-Кедендік Одаққа мүше-елдердің интеллектуалдық меншік нысандарының бірыңғай кедендік реестрі туралы келісім, 2010 жыл 21 мамыр.

ЕАЭО туралы келісімде интеллектуалдық меншік мәселелері XXIII бөлім және «Интеллектуалдық меншік нысандарының құқығын қорғау және күзету туралы протокол» аталатын № 26 қосымшасында қарастырылған.  ЕАЭО туралы келісімнің 89 бабында ЕАЭО мүше-елдер интеллектуалдық меншік нысандарының құқығын қорғау бойынша ықпалдастық жүргізеді, өзінің территориясында халықаралық құқық нормалары, келісімдер мен актілерге, сонымен қоса Одақ елдерінің заңнамасына сәйкес интеллектуалдық меншік құқығын қорғауды іске асырады. Мұндай ынтымақтастық ұйым мүшелерінің заңнамасын бір-бірімен үйлестіру, интеллектуалдық меншік иелерін қолдауды көздейді.

ЕАЭО туралы келісімде интеллектуалдық меншік саласындағы ынтымақтастыққа нормативтік база болатын халықаралық келісімдердің тізімі анықталған. ЕАЭО келісімі аталған саладағы үш қосымша халықаралық келісімнің бекітілуін қарастырады:

-Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жердің атаулары туралы шарт.

-Ұжымдық негізде авторлық және аралас құқықты басқарудың бірыңғай тәртібі туралы келісім.

-Интеллектуалдық меншік нысандары құқығын қорғау іс-қимылын үйлестіру туралы келісім.   

Жоғарыдағы халықаралық және ұлттық келісімшарттар негізінде Одақ аумағында алғаш рет барлық мүше-елдер үшін келесі салаларда бірыңғай реттеу жүйесі бекітілді: Одақтың тауарлық белгілері (қызмет көрсету белгілері), Одақтағы тауардың шығарылған орнының атауы, географиялық аталымдар, селекциялық табыстар, интегралды микросызба топологиясы, өндірістік құпия (ноу-хау) бойынша ортақ құқықтық қорғау жүйесі қалыптасты. Ендігі кезекте құқықтық негіздердің қалыптасуы интеллектуалдық меншікті қолдану, коммерцияландыру, әрі қорғау бойынша тиімді практикалық механизмдердің құрылуын талап етеді.

Зияткерлік меншік жұмысын ұйымдастыру

ЕАЭО зияткерлік меншік қызметін ұйымдастыру бес жыл аралықта трансформациядан өтті. Осы саламен айналысатын органдар қалыптасты. Одақ аясындағы ұлттық деңгейден жоғары орган – Еуразиялық экономикалық комиссия Одақта тұрақты және тартымды экономикалық климат қалыптастыру мақсатында мүше-мемлекеттердің заңнамасын дамыту және үйлестірумен айналысады. Комиссия қызметінің басты бағыттарының бірі – зияткерлік меншік құқығы. Осы мақсаттарға жету үшін Комиссия алдында төмендегідей міндеттер қойылған:

1.Инвестициялық климатты жақсарту.

2.Заңнаманы үйлесімді қылу.

3.Зияткерлік меншік нарығының  жұмысын ұйымдастыру.

4.Интеграциялық үрдістерге ықпалдасу.

Көрсетілген жұмыстарды Комиссия шеңберінде құрылған арнайы департаменттер іске асырады. Зияткерлік меншікке байланысты сұрақтар Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментіне жүктелген. Департамент халықаралық келісімшарт жобаларын құру; зияткерлік меншік келісімдерінің орындалуын бақылау және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Комиссия Коллегиясының қасында Консультативтік комитет құрылған, оның басты қызметі – зияткерлік меншік мәселелері бойынша ұсыныстар дайындау, сонымен қоса мемлекеттік орган өкілдеріне кеңес беру қызметін көрсету. Консультативтік кеңестің мүшелері Одаққа мүше-мемлекеттердің өкілдерінен және қауымдастықтар, бірлестіктер сияқты бизнес-құрылымдардан тұрады. Мәселен, Консультативтік комитет құрамына «Атамекен» ҰКП өкілдері және РФ, Армения, Беларусь және Қырғызстаннан осындай ұйымдардың өкілдері кіреді. 

Өз қызметі барысында ЕЭК-да «Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікте зияткерлік меншік құқығын қорғауды дамыту концепциясы» дайындалды. Концепция инновацияны енгізудің негізгі бағыттарын бекітеді, ол өз кезегінде ұлттық экономикалардың бәсекелік қабілеттерін арттырады. Концепция бағдарламасы келесі қадамдардан тұрады:

1. ЕАЭО шеңберінде зияткерлік меншік құқығын қорғаудың біріздендірілген жүйесін сатылы құру.

2. Ұлттық деңгейден жоғары институттарды құру(сот органдары, дауларды сотқа дейін шешудің ұлт үстілік жүйесін енгізу).

3. ЕАЭО елдерінде инновацияны жобалауды қолдау және жоғары технологиялық өндірісті енгізу.                 

Аталған іс-қимылдар ЕАЭО елдеріндегі инвестициялық климатты жақсартуға, зияткерлік меншік құқығын қорғауда туындаған әкімшілік кедергілерді жеңілдетуге жол ашады. Комиссия заңнаманы біріздендіру және үйлестіруге ғана күш салып қоймайды. Құқық тәжірибесін сараптау арқылы интеграцияны тереңдету, Одақтағы шаруашылық нысандарға қолайлы бизнес-климат жасауға ұсыныстар дайындайды.

ЕАЭО елдерінің зияткерлік потенциалы

Ғылыми жаңалықтарды сараптау және тіркеу оларды тезірек мойындау, тарату және қолдануға, шығармашылық қызметте және импорт алмастыру практикасына ықпал етеді. Бұл ЕАЭО туралы келісімшарттың 29 бабында көрсетілген ғылыми және инновациялық дамуды қолдау жөніндегі ЕАЭО елдерінің зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық мақсатына жауап береді. Ғылыми жаңалықтарды тіркеу оның авторларын бюджет қаражаты негізінде материалдық ынталандыруға итермелеуі тиіс. Өйткені үздік зияткерлік қызметтің нәтижелері қоғамдық игілік, ұлттық және әлемдік байлықтың бір бөлігі болады. (Балишина И.Н. Законодательное регулирование правоотношений, связанных с научными открытиями // Нижегородские ведомости медицины. 2007г., № 5)

Беларусьтегі зияткерлік меншік стратегиясы бойынша 2020 жылға қарай келесі көрсеткіштерге жету көзделіп отыр:

• өнертабыстарға берілетін патентке өтінімдердің көлемін 30%-ға дейін арттыру. Ол мемлекеттің ғылыми-техникалық бағдарламасының іске асырылуын көрсетеді;

• өнертабыстарға берілетін патент өтінімдерінің үлесін жалпы көлемнің 25%-ына дейін жеткізу;

• Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Патенттік кооперация келісімі бойынша берілетін халықаралық патент өтінімдерінің көлемін 2 есе арттыру.

Арменияның осы бағыттағы бағдарламасы негізгі үш бағыт – заңнамалық реформа, институционалдық реформа және интеллектуалдық меншік саласында халықты ақпаратпен қамтудан тұрады.  Қырғызстан стратегиясында жастардың ғылыми жаңашылдығына, контрафактілік өнімнің қауіптілігіне, нақты индикаторлар арқылы мониторинг пен бағалауға мән берілген. Жалпы өнертабыстарға берілетін өтінімдердің ЕЭО мүше-елдеріндегі көрсеткіш динамикасын төмендегі диаграммалардан көруге болады.

 

ЕАЭО елдерінің ұлттық заңнамаларындағы ғылыми жаңалықтарды қорғау тетіктерін қарастыра отырып, алдыңғы қатардағы мемлекеттің бірі ретінде  Ресей Федерациясын айтуға болады. РФ-да Ресей жаратылыстану ғылымдарының академиясы жанында Ғылыми жаңалықтар мен туындылар авторларының халықаралық академиясы жұмыс істейді. Осы институттар шеңберінде ғылыми жаңалықтарды құқықтық тіркеу қарастырылған.

Ресейдегі П.Сорокин мен Н. Кондратьевтің Экономикалық стратегия институты және Халықаралық институттарының 2013 жылы ЕЭК келісімшарты туралы жұмыстарында ғылыми жаңалықтарды еуразиялық тіркеу туралы ұсыныс енгізіп, осындай тіркеу жөнінде келісімшарттың жобасын дайындады. Ғалымдар әсіресе дағдарыс кезеңдерінде ондаған мың жаңа ғылыми идеяларды ұсынады. Солардың негізінде мыңдаған ғылыми гипотезалар жасалады. Ғылыми жаңалықтардың белгілі бөлігі ғана жаңа ұрпақ пен техниканың қалыптасуында көптеген маңызды туындылардың қайнар көзі болуы ықтимал.

Қазақстандағы өнертабысқа патент алуға берілген өтінімдердің динамикасы

 

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бастап зияткерлік меншік, оның құқықтық реттелуі және жетілдірілуіне үлкен көңіл бөліп келеді. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Меморандумында Елбасы Н.Ә. Назарбаев үшінші мыңжылдық қарсаңында Қазақстан тек толыққанды реформаланған экономикасымен ғана емес, сонымен қоса қалыпты экономикалық дамуы, халық тұрмысы мен әл-ауқатының артуы, инфляцияның төмен деңгейі, жаңалықтарға ашық және еркін, белсенді экономикалық құрылыммен енуі қажет екендігін айтты.

Сонымен қоса «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі – қорғалған сауда таңбасы және зияткерлік меншік құқығы бар тауарларды өндіруге қолайлы жағдай жасау» деп ерекше айтты.  ЕАЭО елдерінің көрсеткішімен салыстырғанда Қазақстан динамикасы жоғары болғанымен, соңғы бес жылда ішкі патенттік өтінімдердің деңгейі төмендеп келеді. Зияткерлік меншік құқығының нормалары көптеген заңдарда, ҚР Президенті мен Үкіметінің актілерінде кездеседі, ол азаматтық құқықтың жеке дара саласы ретінде қалыптасқан. Бірақ заң шығарушылар «зияткерлік меншік» ұғымын қолдана бастаған уақыттан оның мән-мағынасын нақтылау жүруде. 

ЕАЭО ғылыми жаңалықты қорғау проблемасы

Әлемдік ғылыми-технологиялық кеңістік пен зияткерлік меншік нарығында еуразиялық мемлекеттердің көрсеткіші салыстырмалы түрде төмен. ЕАЭО-дағы зияткерлік меншік нарығы 2000-2014 жылдары шет елдік компаниялардың арқасында қарқынды дамып отырған: резидент еместерден туындыларға патент өтінімінің саны 79%-ға жеткен (резиденттерден бар-жоғы 3%-ға), резидент еместерден тауарлық таңбаларға өтінімдер 88%-ға жетті(резиденттерден 20%-ға), зияткерлік меншік пайдаланудан түскен кірістердің теріс сальдосы 7,7 млрд АҚШ долларға жеткен. ЕАЭО ғылыми-технологиялық мүмкіншілігі тиімді қолданылмайды: әлемдегі зерттеушілердің ішіндегі үлесі – 5 %, ғылымды қаржыландыру үлесі – 1,6%(әлемдік орташа көрсеткіштен 2 есе төмен) және резиденттерден туындыларға патент өтінімдерінің саны жағынан – 1,6 %, зияткерлік меншік қолданудан түсетін кіріс көлемі - 0,22%, жоғарғы технологиялық экспорт көлемі де өте төмен - 0,6%(2000 жылы 3,3 есе артқанына қарамастан). (Интеллектуальная собственность в рамках евразийской Интеграции // Под редакцией С. Б. Алиева. 2015. С -17)

Ғылыми ұйымдар мен ғалымдар еңбегінің нәтижесі ресейлік индекстелген және шет елдік мәліметтер базасына енетін (Scopus, Web of Science және т.б) ғылыми журналдарындағы мақалалардың санына(және оларға сілтеме келтірілуі) қарай бағаланады. Бірақ жаңа идеялар мен ғылыми жаңалықтар үлкен қиындықпен баспаға шығады. 2013 жылы әлемнің зерттеушілерінің 5 %-ы шоғырланған Еуразиялық экономикалық одақ үлесіне (Ресей – 35,5 мың, Қырғызстан – барлығы 60) ғылыми журналдарда жарияланған мақалалардың 1,74% тиген , ал Қытайдың үлесі – 18,4% (әлем зерттеушілерінің 16%), Жапония – 4,7% (7%), АҚШ – 19% (14%). (Растворцев Е.Е. Сравнительный анализ тенденций динамики евразийских стран // Международный научно-образовательный журнал «Партнерство цивилизаций», № 3–4, 2014. С. 348. (С. 408 в эл. версии)

Ғылыми теориялар, жаңалықтар мен математикалық әдістер мемлекеттік құқықтық қорғау қарастырылмаған. ЕАЭО деңгейінде зияткерлік меншік саласында ықпалдастық пен ынтымақтастық қамтамасыз етілуде(ғылыми-инновациялық даму саласында да), бірақ ғылыми жаңалықтарды құқықтық тіркеудің процедуралары толық қарастырылмаған. Ғылыми жаңалықтарды тіркеуге қайта оралып, оларды ғылыми зерттеулердің тиімділігін бағалауда негізге алу қажет.

Бұл қадам шынайы білімге басымдық беріп, осы саланың айтарлықтай жеке дара иемделуінен қорғайды.  Жоғарыда келтірілген аргументтерге сай ғылыми жаңалықтарды еуразиялық тіркеу стратегиясын ескеру қажет, ол үшін бағалау, іріктеу және ғылыми жаңалықтарды қолдану әдістемесін, осындай сараптау мен іріктеу өткізетін мамандарды дайындау жолдарын жасау керек.

Интеллектуалдық меншік саласындағы құқық бұзушылықтар, контрафактілер де ЕАЭО аумағында жиі кездеседі. Мысалы, 2014 жылы Қазақстанда 191 зияткерлік меншік нысанына әділет органдары тексеру жүргізген. Нәтижесінде зияткерлік меншік бойынша 109 заң бұзушылық фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 16 900 бірлік контрафактілік өнім тәркіленіп, оның көлемі 92 804 466 теңгені көрсеткен. ЕЭК Экономика және қаржылық саясат коллегиясы хатшылығының жетекшісі А.Кішкембаевтің пікірінше, контрафактілік өнімдер ЕАЭО елдерінің экономикасына ғана қыруар шығын келтірмейді, сонымен қатар азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.  Сондықтан құқық қорғау органдары, кеден ісі, әр елдің құқық иеленушілері құқық бұзушылықпен табанды түрде күресуі қажет.

Қорытынды

ЕАЭО мүше-мемлекеттер әлемдік ғылымның бөлшегі, бірақ олардың ЖІӨ қосатын үлесі мен әлемдік деңгейдегі үлес салмағы төмен. Зияткерлік меншік саласындағы стратегия ЕЭО-на мүше-мемлекеттердің ғылыми және шығармашылық потенциалын арттыруға, зияткерлік меншіктен түсетін кірістерді көбейтуге ықпал етеді. Н.Назарбаев ЕАЭО-ның 5 жылдық саммитінде Одақтың белсенді жұмыс істеуі үшін 4 ұсынысты  алға тартты. Ол бойынша ЕАЭО стратегиялық пішінін кеңейту, интеграция идеясын нығайту. ЕАЭО және Еуропалық одақ, ШЫҰ, АСЕАН-мен толыққанды экономикалық ынтымақтастық орнату мақсаты қойылды. Бұл жұмыс 2025 жылға дейінгі жол картасына сәйкес жүрмек.

Бұған Жібек Жолы экономикалық белдеуінің Ғылыми-техникалық дәлізі аясында ЕАЭО мен ҚХР зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық келісімі септігін тигізуі мүмкін.

ЕАЭО шеңберінде интеллектуалдық меншік бойынша қабылданған шаралар интеграциялық үрдісті жеделдетуге арналған. Интеллектуалдық меншіктің тиімді нарығын құру күрделі процесс болып табылады, ол халықаралық келісімшарттарға қол қоюмен ғана емес, ЕАЭО қатысушыларының белсенді қатысуы, мүше-мемлекеттердің бизнес-қауымдастықтарының араласуымен байланысты. Осылайша, ЕАЭО шеңберінде зияткерлік меншік жүйесін дамыту, құқығын қорғау тиімді құқықтық механизмін жасау арқылы мүдделі тараптардың тікелей ықпалдасуымен орындалады.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

ҰСЫНЫЛАДЫ
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды