• Басты
  • Қазақстанда еңбек ресурстарын ұлттық болжамдау жүйесі құрылады
28 Мамыр, 2019 11:19

Қазақстанда еңбек ресурстарын ұлттық болжамдау жүйесі құрылады

Технологиялық жаңалықтар жылдар бойы қалыптасқан еңбек нарығының келбетін күрт өзгертуде. Әр экономикалық кезең білім саласының алдына өз талаптарын қояды. Техникалық және кәсіптік білім жүйесі өнеркәсіптің тікелей қатысуымен нарықтың сұранысына орай маман даярлауы керек. Осы орайда Ұлттық біліктілік жүйесі экономикадағы нәтижелі жұмыспен қамту мәселесінде өзіндік көпір бола алады. Аталған жүйенің тиімділігі мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық ассоциациялар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен жұмысына байланысты болады. Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беру талқыланды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Қазақстанда  еңбек ресурстарын ұлттық болжамдау жүйесі құрылады

ҚР Білім және ғылым министрі Күлаш Шәмшідинова жалпы кадрларға, оның ішінде болашақ кәсіптерге деген қажеттіліктің нақты болжамының, барлық салалар бойынша кәсіби стандарттардың толық болмауы, контингенті аз, материалдық-техникалық базасы төмен колледждердің жағдайы мамандардың дайындық сапасына әсер ететіні белгілі екенін айтты.

 «Нәтежесінде, жұмыс берушілердің мамандар сапасына көңілі толмайды. Жастарымыз заман талабына сай білім алып, біліктілігін арттыру үшін ең алдымен жұмыс берушілерді техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тарту керек. Сапалы маман дайындауда дуалды оқыту жүйесінің ролі зор екені белгілі. Ал бізде осы жүйе бойынша қамтылған оқушылардың үлесі 19,8 пайызды ғана құрайды. Жұмыс берушілердің пікірінше оның дамуын практиканы ұйымдастырудағы кәсіпорын шығынының өтелмеуі, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері тежеп отыр», - деді К. Шәмшідинова.

Сондай-ақ, министр   дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеуді ұсынды.

«Сонымен қатар, барлық студенттерге қауіпсіздік техникасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік курстарын ұйымдастырумен қатар, олардың өндіріс талабына сай сынақ тапсырып кәсіпорындарда практикадан өтуге рұқсат алуын да қамтамасыз ету қажет. Өнеркәсіпті ынталандырудың басқа жолдарын да қарастыру маңызды.Осыған орай, біз «Алтын сапа» шарасында «Дуалды оқыту жүйесін енгізген үздік кәсіпорын", «Үздік тәлімгер» және «Техникалық кадрларды дайындайтын Үздік колледж» номинацияларын қарастыруды ұсынамыз», - деді К.Шәмшідинова. 

Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесін кеңейтумен қатар сатып алу құқынсыз колледждерді сенімді басқаруға беруді де дамытқан жөн. 

«Колледждердің ұйымдастыру-құқықтық нысаны, ескірген материалдық-техникалық базасы, қолданыстағы оқу бағдарламалары осы процесті тежеуі мүмкін. Сондықтан біздің Министірлік экономика мен еңбек нарығының талабына сай оқу мазмұнының практикамен тығыз байланыстылығын, орта білім және арнайы пәндерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін икемді оқу бағдарламаларын қарастыратын болады. Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе бар. Біз жаңа технологиялардың өте жылдам пайда болып, өндіріске шапшаң енгізіліп отырғанының куәсіміз. Осындай жағдайда адамның маман ретінде қалыптасуында білім мен қатар зерделеу, жинақтау, нәтижелі шешім қабылдай алу құзіреттілігінің де атқаратын рөлі зор», - деді министр.

Министр осы орайда Арменияның тәжірибесін мысалға келтірді.

«Мысалы, Арменияда балаларға арналған IT технологияларын меңгеруге бағытталған TUMO орталығы бар. Біздің бизнесмендеріміз де осындай бір жағынан қызықты, екінші жағынан пайдалы мектептен тыс мекемелер ашатын болса, білім саласына үлкен қолдау көрсетер еді. Сонымен қатар, оқытудың мазмұнын анықтауда біз WorldSkills талаптарын да ескеретін боламыз. Биыл ұлттық командамыз тамызда Қазан қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа 31 құзіреттілік бойынша қатысады», - деді ол.

Сондай-ақ,  Білім және ғылым министрі К.Шәмшідинова айтып өткендей,  сенімгерлікке берудің ауқымын кеңейту үшін кәсіпорындар мен мекемелерді ынталандыру компонентін анықтауды ұсынды.

«Сенімгерлік басқаруға экономиканың әр салаларындағы 150-ден астам өндіріс лидерлері, техникалық, технологиялық бағыттағы жоғары оқу орындары, үздік колледждер қатысуға ынта білдіріп отыр. Бұл оқу жоспарларын еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіруге, жаңа технологиялар негізінде жабдықталған өндірісте студенттердің практикасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қай заманда да ынтымақтастық, серіктестік бірлік пен берекеге апаратын жол екені бәрімізге белгілі», - деді министр.

Сонымен қатар, сенімгерлік басқарудың ынталандыру компонентінің мөлшерін 19,8 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде анықтау ұсынылды.

«Бүгінде Павлодар, Алматы облыстарында 5 колледжді кәсіпорындар сенімгерлік басқаруға алған. Солардың ішінде «Агродаму» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тәжірибесін атап өтуге болады. Өздеріңізге белгілі APEC PETROTECHNIC колледжі Атырау облысындағы мұнай-газ саласындағы 2 колледжді сенімгерлік басқаруға алуға ниет білдіріп отыр. Бұл оқу орны NCER (энсисиар), OPITO (опито), IIW, Кембридж университетінің халықаралық стандарттарымен жұмыс істейді. Теңізшевройл, "СCC", "Аджип", FIRCROFT (фиркрофт), Halliburton (хеллибертен) сияқты компаниялар аталған колледжге үлкен сенім білдіріп, өз оқу орталықтарын жапты. Осы колледжге өз қызметкерлерін біліктілігін арттыру және қайта даярлау үшін жіберіп отырады», - деді министр.


Сондай-ақ,  министр  техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне кәсіпорындарды тартуды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдап отырғанын айтты.

«Олардың базасында жобалық офис құрылады, мониторинг жүргізіліп отырады.Кәсіпкерлер кәсіпорындар үшін ынталандыруды, әсіресе, жеңілдетілген кредит, салық мәселелерін шешуді ұсынады», - деді ол.

Осы орайда К.Шәмшідинова  колледждерді сенімгерлік басқаруға беру үшін ұйымдастырылатын тендерге қатысуға төленетін кепілдік жарна мөлшерін қайта қарастыруды, сенімгерлік басқарушыларды іріктеу критерийлерін анықтауға қатысты ережеге толықтырулар енгізуді  сұрады.

«Еліміздегі колледждер жүйесін жетілдіріп отыру қажеттілігі бәрімізге де белгілі. Жергілікті атқарушы органдар осы мәселеге байланысты жұмыс атқаруда. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы коллеждердің бейіндеріне байланысты 3 колледжді ірілендірді. Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 41 колледжді жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні кадрларды даярлау үшін жеке меншік колледждер де қатысып отыр. Оларға мемлекеттік тапсырыс жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы беріледі. Оның жеке меншік колледждердегі үлесі 21 пайызды құрайды. Жеке меншік колледждерге беріліп отырған мемлекеттік тапсырыстың көлемі 5 жыл ішінде 1,6 есеге көбейді», - деді Білім және ғылым министрі.

Жоғары сұранысқа ие сапалы мамандар даярлау үшін мүдделі мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс атқаруы керек.

Осы орайда К.Шәмшідинова  келесі шараларды іске асыруға қолдау көрсетуіңізді сұрады:

- Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері жөніндегі бірыңғай ведомствоаралық орталық құру;

- еңбек нарығының кадрларға қажеттілік болжамын анықтау, болашақ кәсіптердің тізімін қалыптастыру;

- кәсіби стандарттарды әзірлеуді аяқтау, әрбір сала бойынша біліктілік шеңберін анықтау; 

- біліктілікті растаудың тәуелсіз салалық орталықтарын құру; 

- қаржылық дербестікке және басқарудың алқалық түрлеріне мүмкіндік беретін колледждердің ұйымдық-құқықтық нысандарының өзгеруін қамтамасыз ету;

- өңірлер экономикасының дамуын ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты бөлуді алдағы уақытта қайта қарауды жүзеге асыру;

- сенімгерлікке берілетін колледждерде әрбір студент үшін ынталандыру компонентін қарастыру;

«Өз кезегінде біздің министірлік білім бағдарламаларын интеграциялауды қамтамасыз етеді, оқу әдебиеттері мен оқу-әдістемелік кешендер сапасын арттыру, педагогикалық кадрларды және өндірістік оқыту шеберлерін даярлау, олардың біліктілігін арттыру жұмыстарын жалғастырады.Өндіріс пен білім саласының кадрлар даярлаудағы әріптестігі нәтижесінде оқу орындарын кәсіптік салалық ортаға тартуға, оқытушалар мен өндірістік оқыту шеберілерін тағлымдамадан өткізуге, колледж менеджменті мен маркетингінің жаңа форматын қалыптастыруға, кәсіпорындар жұмыскерлерін тәлімгерлікке тартуға қол жеткіземіз. Сонымен қатар бітірушілердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады», - деді министр.
 

Жалпы ұсынылып отырған шаралар еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, кадрларды даярлау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ағымдағы жылғы 17 мамырда Үкіметтің алдына мемлекеттің жұмыспен қамту саясатын іске асыру бойынша жеті негізгі міндеттер қойғанын жеткізді.

«Міндеттердің біреуі елдің экономикасын құзіреттілік пен ұтқырлықтың жоғары деңгейін меңгерген білікті мамандармен қамтамасыз ету болып табылады. 2025 жылы халық саны 19,8 млн.-ға дейін ұлғаяды деп болжануда, ал жұмыс күші 9,8 млн.адамды құрайтын болады. Еңбек нарығында жұмыс күшінің келуі мен кетуі бойынша айрықша өзгерістер болады», - деді министр.

Министр атағандай, 2025 жылға дейін зейнет жасына жетуіне байланысты 680 мыңнан астам азаматтың кетуі күтілуде. Жыл сайын орташа есеппен декреттік демалысқа шамамен 200 мың адам шығады және 100 мыңға жуық адам зейнеткерлікке шығады.

« Еңбек нарығына келетін жастар үлесі артуда, жылына орта есеппен 180 мыңға жуық техникалық және кәсіби білім мен жоғарғы оқу орындарының түлектері. Оларды сұранысқа ие дағдылармен және бастапқы жұмыс орындарының жеткілікті санымен қамтамасыз ету қажет.2025 жылға қарай бірінші кезекте орта біліктілігі бар кадрлар тапшылығымен байланысты құрылымдық теңгерімсіздіктер болуы мүмкін, төмен білікті еңбекке сұраныс қысқарады, ал жұмыс күшіне талаптар артады», - деді Б.Сапарбаев.

Министр  алдын-ала болжам бойынша кадрларға қосымша қажеттілік 573 мыңнан астам адамды құрайды, орта және жоғары білікті жұмыс орындары қатарының артуы күтіліп отырғанын айтты.

« Салалар бөлінісінде жалдамалы жұмыскерлерге негізгі қажеттілік  сауда және білім саласында күтілуде, ал электр, электрмен қамту және өзге жеке қызмет салаларында елеусіз қысқартылу болады. Өңірлер бөлінісінде жалдамалы жұмыскерлерге негізгі қажеттілік Түркістан облысында, Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында күтілуде», - деді Б.Сапарбаев.

 Кәсіби білімі бар жұмыспен қамтылғандардың саны 38%-ға өсті және 6,5 млн адамды құрайды, техникалық-кәсіби білімі бар 3,2 млн. адамға  дейін 40%-ға, жоғары білімі бар 3,4 млн.адамға дейін 38%-ға өсті.

«2025 жылға қарай орташа білікті кадрлар тапшылығымен байланысты құрылымдық теңгерімсіздік болуы мүмкін, төмен білікті еңбекке сұраныс қысқартылып, жұмыс күшіне талаптар арттырылады. Бүгінгі күні ірі және орташа жұмыс берушілердің 28% өз жұмыскерлеріне біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұсынады, нәтижесінде жалдамалы жұмыскерлердің 3,4% ғана жұмыс орнында қайта оқыту бағдарламасынан өтеді немесе біліктілігін арттырады», - деді министр.

Б.Сапарбаев кейбір өзекті бағыттарға тоқтап өтті.

«2019 жылдың соңына дейін еңбек нарығында кадрларға қажеттілік болжамын шешу үшін Еңбек ресурстарын ұлттық болжамдау жүйесі құрылатын болады.Оның негізгі міндеті – еңбек нарығында еңбек ресурстарының ұсыныстарын болжамдау және экономика үшін қажет кадрларға сұранысты қалыптастыру», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық болжамдау жүйесі 2050 жылға дейінгі демографиялық модель, еңбек нарығының 2025 жылға дейінгі макроэкономикалық моделі және алдағы екі жылға қысқа мерзімді болжам  негізінде  үш деңгейлі әдістемеде құрылады.

«Бүгінгі күні барлық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібі, бірыңғай қағидалар арқылы есептеу  алгоритмдері мен әдістемелері айқындалған, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп қысқа мерзімді болжамды қалыптастырған кезде нәтижелерді пайдалану үшін жұмыс берушілерге сауалнама жүргізу жоспарланып отыр», - деді министр.

Жалпы, ұлттық болжамдау жүйесінің нәтижелері техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде қысқа мерзімді даярлау және қайта даярлау ұйымдарында пайдаланатын болады,

«Ұлттық біліктілік жүйесін дамытудың екінші бағыты еңбек ресурстарының біліктілігін еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сәйкестігін қамтамасыз етеді.Бүгінгі күні Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу бойынша қажетті нормативтік база жасалды.Еуропалық біліктілік шеңбері негізінде 8 біліктілік деңгейін айқындайтын Ұлттық біліктілік шеңбері қабылданды.2018 жылғы қаңтардан бастап жан-жақты толықтырылған жаңа кәсіптер классификаторы қолданысқа енгізілді, онда 12 мың кәсіп пен лауазым қамтылған», - деді Б.Сапарбаев.

Министр  қазіргі уақытта 106 кәсіптік стандарт әзірленді  оларда жұмыс берушілер жұмыскерлердің біліміне, дағдылары мен құзыретіне қоятын талаптары көрсетілгенін айтты.

«Ағымдағы жылы 12 басым сала бойынша 480 кәсіптік стандарт пен 38 салалық шеңберді әзірлеу және бекіту жоспарланып отыр.Сонымен қатар, аталған жұмыс барысында әзірленіп жатқан құжаттардың жеткіліксіз сапасы, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың формальды қатысуы, сондай-ақ білікті сарапшылардың жоқтығы сияқты проблемалар анықталды.Салалық жұмыс берушілерді кәсіптік стандарттар әзірлеуге тарту мақсатында салалық Министрліктер басшыларының қатарынан Жобалық топ құрылды», - деді Б.Саапарбаев.

Министр атап өткендей, жобалық топтың күш-жігері биылғы жылдың аяғына дейін сұранысқа ие 100 сервистік және индустриалдық кәсіпті міндетті түрде қамтитын 480 кәсіптік стандартты әзірлеуге және олардың негізінде білім беру бағдарламаларын дайындауға бағытталады.

«Біліктілік жүйесін одан әрі дамыту үшін Министрлік халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуде, ол екінші жартыжылдықта қабылданады.Сертификаттау және біліктілікті танудың бірыңғай жүйесіне өту үшін басқарудың 3 сатылы моделін енгізу жоспарланып отыр: Біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес – Ұлттық біліктілік органы – салалық кеңестер», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, сертификаттау және біліктілікті тану жүйесінің жұмыс істеуі үшін жауапкершілік Ұлттық біліктілік органына жүктелетін болады.

«Министрлік қойылған мақсатқа жыл соңына дейін жету үшін мемлекеттік органдармен және Ұлттық палатамен бірге кәсіптік біліктілік жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасын әзірлейді. Жалпы, біліктілік деңгейі мен жұмысқа орналастыру осы бағытта негізгі индикаторларға айналуға тиіс.Сондықтан мемлекеттік органдарға ағымдағы жылдың аяғына дейін кәсіптік стандарттарды әзірлеу және бекіту мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсыруды сұраймын», - деді Б.Сапарбаев.

Өз кезегінде Премьер-Министр Асқар Мамин министрліктер ұсынып отырған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

«Бүгін Білім министрі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізді. Оларды қолдаймыз. Осы жүйені жаңғыртуда әлеуметтік-экономикалық факторларды, сонымен қатар аумақтық қолжетімділікті, оқыту мекемелерінің көпбейінділігі мен тиімділігін, түлектердің сұранысқа ие болуын ескеру керек. Сондықтан біріншіден, бұл мәселеге бизнес пен жоғары оқу орындары қызығушылық танытуда», - деді А.Мамин.  

Сондай-ақ, Үкімет басшысы қазіргі таңда экономика және энергетика көшбасшы компаниялары өз сенімділік басқаруына шамамен 150  колледжді алуды жоспарлап отырса, университеттер шамамен 50 колледжі алуға дайын екенін айтты. 

«Біз осы бастамаларды қолдап, әріптестіктің нақты шарттарын әзірлеуіміз керек. Білім және ғылым министрлігіне "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, жобалық кеңсе құруды тапсырамын. Екіншіден, дуалды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту керек. Кәсіпорындар колледждер базасында орталықтар ашулары қажет. Бұл колледждер жұмысын жұмыс берушінің сапасына жақындатып, түлектердің жұмысқа орналасуына кепілдік бола алады. Осындай орталықтардың колледждердің базасында құрудың табысты тәжірибесі бар», -  деп атап өтті

Үкімет басшысы.  Сонымен қатар, А.Мамин Еңбек министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарына жылдың соңына дейін 480 кәсіптік стандартты әзірлеуді аяқтауды, кәсіби біліктілік процесін заманауи реттеу бойынша ұсыныстарды енгізуді тапсырды.

 ҚР Үкіметінің басшысы атап өткендей, дуальды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту мақсатында кәсіпорындар колледж базасында орталықтар аша алады. Бұл колледждердің жұмысын жұмыс берушінің сұранысына жақындатып, түлектерге жұмысқа орналасуға кепілдік бола алады. Бұл бағытта табысты тәжірибелер бар, «Қазақмыс» корпорациясы Сәтпаев қаласындағы тау ісі технологиялық колледжінде, Балқаш қаласындағы политехникалық колледжінде осындай орталықтар ашты.

«Елбасының неғұрлым талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орындарын  жаңғырту және мамандар дайындаудың халықаралық тәжірибесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру қажет», - деп атап өтті А. Мамин. 

ҚР Үкіметінің басшысы облыс әкімдіктерінің назарын WorldSkills халықаралық жобасына қатысу және жұмыстық құзыреттерін дамыту үшін өңірлерде осы қозғалысқа қатысу үшін барлық жағдайларды жасау қажеттігіне аударды. Қосымша тетік мектептен тыс ұйымдар бола алады, онда қазіргі талаптарды ескерумен мысалы, бағдарламалауда, мобильді қосымшалар мен өз жобаларын жасауда балалардың дағдылары қалыптастырылады.

Мәселені қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин кадрларға қажеттілікті болжамдау, колледждер мен білім беру бағдарламаларын жаңғырту, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруды жетілдіру бойынша шараларды әзірлеуді тапсырды.

«Әрбір адам өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болуы керек», - деді А. Мамин.

 

Аягөз Құрмаш 

Фото: Ашық дереккөз 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды