• Басты
  • Мал шаруашылығы: Аграрлық сала, ет және сүт өнімдерін өндіру қалай жүзеге асырылады?
24 Мамыр, 2019 14:46

Мал шаруашылығы: Аграрлық сала, ет және сүт өнімдерін өндіру қалай жүзеге асырылады?

Мәжілісте өткен парламенттік тыңдау барысында ауыл шаруашылығы жобаларын несиелендіруге банктердің құлықсыздығы, саладағы өңдеу кәсіпорындарының аздығы, ауыл шарашылығы бизнесі мен ғылымының байланысын арттыру мәселелері талқыланды. Мал шаруашылығына қатысты қандай тетіктер пайда болатыны туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Мал  шаруашылығы:  Аграрлық сала, ет және сүт өнімдерін өндіру қалай жүзеге асырылады?

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қайта өңдеуді дамыту, жаңа инновациялық технологияларды енгізу қажеттігін   айтты.

«Бүгінгі таңда  сүттің 31 пайызы, еттің тек 33 пайызы өңделеді. Өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 60% деңгейінде қалып отыр. Ал, Ресейде және Беларусьте бүгінгі күні кәсіпорындардың өндірістік қуатының жүктемесі 80%-дан асады. Қазақстанға импортталатын ресейлік және беларусьтік сүт өнімдері осыған дәлел. Статистикаға сүйенсек, еліміз жыл сайын жалпы сомасы 45 миллиард теңгеге 6 мың тоннадан астам сары май, 22 мың тоннаға жуық ірімшік пен сүзбе, 6 мың тоннадан астам ет консервісін импорттайтынына таңғаласың. Дәл осы өнімдерді отандық өңдеу зауыттары өндіре алады ғой, өндіруі тиіс те. Ауыл шаруашылық әлеуетіміз бар, өсім жоқ», - деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин  ет пен ет өнімдерінің импорты жылдан-жылға артып бара жатқанына алаңдайтынын, осы орайда өзімізді өзіміз қамтамасыз етіп қана қоймай, ірі экспорттаушыға айналуға мүмкіндік мол екендігін жеткізді.

«Құс еті импортының үлесі 51%-дан  асады. Былтыр ол 191 мың тоннадан асқан еді. Соңғы үш жылда жылқы еті импортының да көлемі артып барады. 2016 жылы 900 тонна жылқы еті импортталса, 2018 жылы 2,5 есеге өсіп, 2 мың тоннаға жетті. Ал бізде сыртқы нарықта ірі ет эспорттаушысына айналуға барлық жағдай жасалған», - деді Н.Нығматулин.

Ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерге байланысты банктердің аграрлық жобаларға несие беруге құлықсыздығы да сөз болды.

«Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кредиттік саясаттың төмен тиімділігі де алаңдаушылық тудырады. Банктер мұндай бизнесті жүргізудің тәуекелділігіне байланысты аграрлық жобаларға кредит беруді қаламайды. Кредиттердің 96%-ы ірі агроөнеркәсіптік нысандарға, ал шағын және орта шаруа қожалықтарына 4% ғана несие беріледі. Ауыл шаруашылығы өндірісі – шағын және орта шаруашылықтан құралатындығын ескерсек, ең алдымен бизнестің осы санаттарына қаржыландырудың қолжетімділігі мәселелерін шешу қажет», - деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде  Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Б. Оспанов  мал шаруашылығы   саласының алдына ауқымды міндеттер қоя отырып, олардың тікелей ауылда іске асырылатынын түсіну қажеттігін айтты.

«Ал бұған біздің еңбек ресурстарымыз жете ме? Осыған байланысты, ауылдық аумақтарды дамыту және ауыл тұрғындарының әлеуметтік өмір сүру жағдайларын өзгерту үшін Елбасының тапсырмасы бойынша «Ауыл - ел бесігі» деп аталатын арнайы жоба әзірленді. Әйтсе де, қазіргі таңда өңірлердің даму бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізілмеді және бұл жоба толықтай жұмыс істеп тұрған жоқ. Жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де өткір сипат алып отыр. «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бұл мәселені түбегейлі түрде шеше алмайды. Осыған байланысты «7-20-25» бағдарламасының күшін ауылдық елді мекендерге де қолдану қажет», - деді Б. Оспанов.

Ол айтып өткендей,  сала үшін мамандарды білімі бойынша сапалы түрде даярлау да үлкен маңызға ие.

«Оны білім беру бағдарламаларын әлемдік стандарттар мен заманауи агротехнологиялар негізінде жаңғырту жолымен жүзеге асыру қажет. Ол үшін аграрлық жоғары оқу орындары мен ауыл шаруашылығы ғылыми ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жаңартылуын қаржыландыруды қамтамасыз ету, оқытушылардың біліктілігін арттыру керек», - деді ол.

Сондай-ақ,  жергілікті атқарушы органдардың «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының талаптарын орындау жөніндегі жұмысы ерекше бақылауға алынып, оның көрсеткіштері әкімдер қызметінің рейтингіне енгізілу керек.

«Жоғары оқу орындары үшін ветеринариялық мамандықтар бойынша гранттар құны ұлттық университеттер деңгейіне жеткізілу қажет, бұл оларды даярлау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісінің сұранысына бағдарланған ғылыми зерттеулерге арналған шығыстарды қаржыландыруды да бірнеше есе көбейту керек», - деді Берік Оспанов.  

Ал, Н.Нығматулин   еліміздің экономикасы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайы үшін ауыл шаруашылығы саласының маңызы өте зор екенін айтты.

«Бұл еліміздің дамуының стратегиялық бағыттарының бірі. Елбасы Тәуелсіздік алған күннен бастап осы саланы дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде тиісті қаржы бөлініп, аталған бағыт жыл сайын серпінді дамып келе жатыр. Жолдауда аграрлық өнімнің экспортын екі жарым есеге дейін арттыру міндеті жүктелді. Ол не береді? Бұл табиғи таза өнімдер арқылы отандық экономикамызды күшейтумен қатар, әлемдік экспортты бағындыруға жол ашады», - деді Н. Нығматулин.

Аграрлық ғылымның ауыл шаруашылығы өндірісінен оқшау болуы маңызды мәселе болып келеді.

«Ғылымның рөлі артып келеді, және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда табысқа қол жеткізген барлық елдердің тәжірибесі ғылымды өндіріспен байланыстырмай, интеграцияламай саланың тиімділігін арттыру мүмкін емес екенін көрсетіп отыр», - деді  Н.Нығматулин.

Мәжіліс спикері атап өткендей, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер аграрлық университеттермен және ғылыми орталықтармен белсенді ынтымақтасып, бірге жұмыс жасауы тиіс.

Н.Нығматулин Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасының, бүкіл елге өзінің инновациялық тәсілдерімен, отандық аграрий-ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін енгізуімен және рекордтық өнім алған көрсеткіштерімен танымал Алматы облысындағы «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік холдингінің жұмысын мысал ретінде келтірді.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты Н.Нығматулин қабылданған шараларға назар аударды. Бұлардың қатарында Елбасының бастамасымен 2009 жылдан бері іске асырылып келе жатқан ауқымды «Дипломмен - ауылға!» жобасы да, орындалуы аясында ауылдық инфрақұрылымды қолдау және дамыту үшін жыл сайын 90 млрд теңге бөлінетін, жастарды ауылға тарту мақсатындағы «Ауыл ел бесігі» атты арнайы жоба да бар.

Парламенттік тыңдауға Сенат және Мәжіліс депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, салалық қоғамдық ұйым мүшелері, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер, шетелдік және отандық сарапшылар қатысты.
 

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды