• Басты
  • Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдық белесі
24 Мамыр, 2019 09:53

Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдық белесі

Жаһандық геоэкономикалық және геосаяси турбуленеттілік, тұрақсыздық жағдайында халықаралық интеграциялық ұйымдар да жаңа сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Шығыстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы сынды аймақтық ықпалдастықтың жаңа моделі ұсынылып жатса, Батыстағы Еуропалық Одақта дезинтеграциялық кері үрдіс жүріп жатыр. Көптеген халықаралық саяси-экономикалық, қаржылық, экологиялық ұйымдар санкциялар мен сауда соғыстарын реттеуде қауқарсыздық танытуда. Әрине, Кеңес Одағы коллапсынан кейінгі посткеңестік кеңістіктегі өміршең интеграциялық ұйым ретінде Еуразиялық экономикалық одағын айтамыз. Көптеген сарапшылар Одақ Ресейдің геосаяси ықпалын нығайтуға қызмет ететінін айтқанымен, ол идеяны алғаш рет Н.Назарбаев ұсынып, қалыптастыруға, институционалдық дамытуға Қазақстанның елеулі үлес қосқанын ескеруіміз қажет. Алайда, 2019 жылы Н.Назарбаев өз президенттік өкілеттігін тоқтатқан соң, 2019 жылы 29 мамырда өтетін ЕЭО 5 жылдығының саммитінде Одақ жұмысын үйлестіру бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылдануы ықтимал.
Еуразиялық экономикалық одақтың  бес жылдық белесі | Strategy2050.kz

Экономикалық интеграция жаһандық, аймақтық және субаймақтық деңгейде экономикалық өсім мен дамудың маңызды факторы болып саналады. ЕЭО құрылуы посткеңестік кеңістіктегі ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы мен бәсекелік қабілетін нығайтудағы мүмкіндіктің бірі. Еуразия экономикалық одағын құру идеясын алғашқы рет Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1994 жылы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы ММУ оқытушы-профессорларының алдында «Мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құру туралы» Жобасы ретінде ұсынды. Аталған бастама Ресей және Беларусь басшыларының тарапынан қолдауға ие болып, идеяны практикалық тұрғыда орындауға жол ашты. Н.Назарбаев ұсынған практикалық неоеуразияшылдық моделі классикалық интеграциялық теорияға сәйкес 5 негізгі даму сатысынан өтті: еркін сауда аймағы, кедендік одақ, ортақ нарық, толыққанды экономикалық интеграция жүргізетін экономикалық одақ. 

Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан еуразияшылдық идеясын, өзара интеграцияны ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосып келеді. Осы ғасырдың басында Қазақстанда Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылып, бүгінге дейін Қазақстан, Беларусь, Ресей арасындағы Кеден Одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Қырғызстан мен Армения қосылып толыққанды ұйым деңгейіне жетті. Одақты құру туралы түбегейлі шешім де 2014 жылы 29 мамырда Астана қаласында қабылданған еді. 2015 жылдың қаңтарынан бастап ЕЭО өз жұмысына кірісті. Бес жылдық белесте әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс, Ресейге салынған санкциялар, Қытай мен АҚШ-тың сауда текетіресі жағдайында ЕЭО елдері ынтымақтастықтың жаңа жолдарын қарастырып келеді. Оның айтарлықтай жетістіктері мен сын-қатерлері де жоқ емес.

ЕЭО мүше-елдердің және бақылаушы-мемлекет Молдова басшылары 

Бүгінгі ЕЭО дегеніміз – сыртқы сауда айналымы 750 миллиард доллардан асатын, ортақ ЖІӨ екі триллион долларды құрайтын, халқының саны 180 миллионнан асатын үлкен нарық. Мүше-мемлекеттер қалыпты өсім динамикасын, сыртқы және өзара сауда көлемін ұлғайтуға, халықаралық ықпалдастыққа күш салып келеді.

Интеграциялық ұйымның Вьетнаммен еркін сауда аймағы туралы келісімі(2015 ж.), Иранмен уақытша келісімі(2018 ж.) бар. 2018 жылдан бастап Молдова ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде бекітілді. Бүгінде ЕЭО мен «Бір белдеу, бір жол» инициативасын байланыстыру күн тәртібінде тұр. Жалпы, ЕЭО-мен ықпалдастыққа әлемнің 40-тан астам мемлекеттері қызығушылық танытқан.( http://www.kisi.kz/images/files/_19.pdf)  

ЕЭО – экономикалық интеграция ұйымы болғандықтан ең алдымен сауда байланысына ерекше мән беріледі. Еркін сауда аймағын, Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудағы көп жылғы талпыныстар да мүше-мемлекеттердің сауда айналымын кеңейтуге бағытталған еді.  ЕЭО мүше-елдердің тауармен өзара сауда айналымы 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында 8,2 млрд. АҚШ долларын құрады, немесе 2018 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштің 91,4% құрайды.

 ЕЭО мүше елдердің 2019 жылғы наурыздағы өзара сауда көлемі 4 840,1 млн. АҚШ долл. құрады. 2018 жылдың наурыз айына қарағанда оның көлемі 6,7% немесе 347 млн. АҚШ долл., ал өткен аймен салыстырғанда – 8,7%-ға өсті немесе ол 387,7 млн. АҚШ долл. болды. Сауда динамикасына келесі кестеден көз жеткізуге болады.

ЕЭО елдерінің өзара саудасында тауардың басым бөлігін минералды өнімдер(өзара сауданың 30,4%). Сонымен қоса машина, қондырғы және көлік құралдары(18,4%), тұрмыстық тауарлар мен ауылшаруашылық шикізат(16%), металл мен металл өнімдері де (11,4%) салыстырмалы түрде басымдыққа ие.

 Қазақстанның жекелеген мемлекеттермен сауда айналымына назар аударатын болсақ, 2009-2010 жылғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыспен 2014 жж. АҚШ санкциялары елеулі әсер еткенін аңғарамыз. Алайда соңғы жылдары ЕЭО мүше мемлекеттердің өзара және сыртқы саудасы қалыпты динамикада дамып келеді.

Ал, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ұйымнан тыс елдермен сыртқы тауар айналымы 2019 жылы наурызда 60,9 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 38,8 млрд. АҚШ долл., импорт – 22,1 млрд. АҚШ долл. 2018 жылдың наурыз айымен салыстырғанда сауда айналымы  3,3%-ға немесе 2,1 млрд. АҚШ долл. төмендеген, экспорт – 3,7%-ға, яғни 1,5 млрд. АҚШ долл., импорт – 2,6%-ға немесе 596,3 млн. АҚШ долл. түсті. Сыртқы сауданың оң сальдосы 2019 жылы 16,7 млрд. АҚШ долл. болса, ол көрсеткіш 2018 жылы 17,6 млрд. АҚШ долл. болған еді.

Биылғы жылға келетін болсақ, 2019 жылы наурызда ЕЭО елдерінің одақтан тыс мемлекеттермен сыртқы сауда көлемі а.ж. ақпан айымен салыстырғанда  6,2%-ға, экспорт –1,5%-ға, импорт – 15,7%-ға артқан.

2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында ЕЭО елдерінің одақтан тыс елдермен сыртқы сауда көлемінің 83,6%-ы Ресейге тиесілі болды, Қазақстанға – 10,5%, Беларусь – 4,8%, Армения – 0,6% және Қырғызстан – 0,5%. ЕЭО елдерінің одақтан тыс елдермен сыртқы саудасында тауарлардың түрі бойынша минералды өнімдер басым келеді (жалпы экспорт көлемінен 68,8%-ды құрайды). Жалпы, 2019 жылдың қаңтар-наурыз аралығындағы Қазақстанның сыртқы саудасында ЕЭО елдері – 21,8 пайыз, ЕО – 34,8 пайыз, Азия – 30 пайыз үлес алып отыр.

Көріп отырғанымыздай, ЕЭО өзінен тысқары мемлекеттермен сауда байланысы оң динамикада дамып келеді. Тіпті, Қазақстанның ЕЭО мүшелеріне қарағанда одан сырт елдермен де сауда байланысы жақсы дамығанын аңғаруға болады. 2015 жылы 8 мамырда Мәскеуде Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Еуразия экономикалық одағын байланыстыру, яғни Еуразия құрлығындағы ортақ экономикалық кеңістікті құру туралы айтылды. Қазақстан басшылығы осы бастаманы қолдай отырып, өзінің ұлттық «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсынды.

Қытай ұлттар университеті Қаржылық зерттеу орталығының директоры Ван Вэннің пікірінше, ЕЭО мен «Белдеу мен жол» инициативасын байланыстыру экономикалық өсім үшін қолайлы және тұрақты халықаралық жағдай орнатып, Еуразиялық мемлекеттердің сауда-экономикалық мүмкіндіктерін ашады. Осы орайда Қазақстан өзін Азия, Еуропа, Таяу шығыс арасындағы транзисттік дәліз, аймақтық сауда орталығы ретінде таныта алады.

Интеграциялық ұйымдардың интеграциясы – уақыт талабы. Жетекші халықаралық ұйымдардың ықпалдасуынсыз саяси-экономикалық сын-қатерді еңсеру қиынға соғатыны белгілі. Н.Назарбаев биыл «Белдеу мен жол» форумында геосаяси ахуалды реттеудің «3 D» үлгісін ұсынды. Жаһандық сын-қатерге төтеп беру, сауда теке-тіресі мен санкциялық жағдайда «3 Диалогты» орнату – уақыт талабы.

Оның ішінде «үшінші диалог – бұл ЕЭО, ЕО, ШЫҰ және АСЕАН жүйелі экономикалық диалог». Диалогты орнату арқылы Үлкен Еуразия құрлығының жаһандық рөлін арттыруға мүмкіндік туындайды. Бұл бастаманы Қазақстан алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Н.Назарбаев «Жібек жолының» бірлескен стратегиялық үйлесімін дайындау және  «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру туралы да ұсынған еді. Осының барлығы сауда айналымын ұлғайту, транзиттік мүмкіндікті нығайту, экономиканы диверсификациялауға мультипликативті әсер ететіні сөзсіз. Транзиттік әлеуетті тиімді игеру үшін әкімшілік кедергілерді жою, ғылыми-зерттеу және технологиялар трансферті үнемі көтеріліп келеді.

Көптеген журналист-эксперттер ЕЭО-ның батыстағы ЕО мен Шығыстағы Қытайдың, оның қазіргі «Белдеу мен жол» инициативасының экономикалық ықпалы мен рыногына енуін шектейтін күш ретінде қарастырады. Сонымен қоса, ЕЭО Мәскеудің еуразиялық держава ретінде ықпалын күшейтуге арналған ұйым деп есептейді. Алайда, сарапшылар саясатқа қарағанда ЕЭО-ның экономикалық мүмкіндіктерін де естен шығармауы тиіс. Ол туралы Н.Назарбаев шегелеп тұрып айтқан еді: «Мен Еуразиялық Одақ тек еркіндік, тең құқықтылық, өзара тиімділік қағидаттары мен әр қатысушы елдің прагматикалық мүмкіндіктерін есепке алғанда ғана мүмкін деген ұстанымда болып келдім және соның берік жақтаушысы болып қала беремін. Бұл бастама қазір Еуразиялық интеграция деп аталып жүрген жаңа тарихи үдеріс үшін қадам басар нүктеге айналды.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы уақытында ЕЭО аясында еркін саудаға кедергілер ретінде өзара саудадағы көптеген барьерлерді, тауарлар транзитіндегі қиыншылықтар, ішкі рынокторға қолжетімділік, жекелеген тауарларға қойылатын «жариясыз тыйым», жергілікті басшылардың қоятын кедергілерді айтқан еді. Бұл мәселелер әлі күн тәртібінде тұр. 

Осыған орай, біздің пікірімізше ЕЭО табысты халықаралық ұйымға айналуы үшін келесі қағидаттарға мән беруі тиіс:   

Сыртқы әлемге ашықтық. ЕЭО басқа да аймақтық және жаһандық сауда-экономикалық ұйымдармен терең интеграицяланған жағдайда мүше-мемлекеттерге табыс әкеледі.
Сауда-экономикалық қатынасқа басымдық беру. Ауылшаруашылық, медицина, минералды өнімдердің айналымын кеңейту. Мемлекеттердің транзиттік әлеуетін кеңейту.  
Әкімшілік кедергілер мен парақорлықты жою, сауда айналымында әділеттілік пен транспарентілікті қамтамасыз ету.

Цифрлық ынтымақтастыққа көңіл аудару. Электрондық коммерция, ақылды қалалар мен азаматтарды тіркеу, жүйелі қозғалысын ұйымдастыру.

«Высшая школа экономики» ҒЗУ профессоры Д.Евстафьевтің пікірінше, Н.Назарбаевтың еуразиялық интеграцияның қозғаушы күші болған елдің басшысы қызметінен кетуі бір жағынан сигнал және  интеграциялық үрдістерді тежеуге себеп болуы мүмкін деді. (http://eurasia.expert/eaes-posle-nazarbaeva-kak-ne-poteryat-soyuz/) Ал, РФ Үкіметі аппарат басшысының орынбасары С.Приходько пікірінше ҚР Тұңғыш Президентінің беделі ЕЭО-ні халықаралық аренада ілгерілетуде маңызды болатынын айтты

Расында, Қазақстан көптеген аймақтық конфликтілерді шешу алаңына айналды. Елбасының батыс пен шығыстың диалогын орнатудағы қайраткерлік, бітімгерлік қызметі ЕЭО-ға беделін нығайтатыны белгілі. Әлемдік қаржылық тұрақсыздық, геосаяси қысымның азаймауы жағдайында кез-келген мемлекет жеке-дара дами алмайды. Сондықтан Қазақстан өз ұлттық мүдделерін ескере отырып ЕЭО сынды халықаралық экономикалық ұйым қызметіне үлес қосып келеді. 

Қазір ЕЭО цифрлық технологиялар экономиканың барлық секторлары мен әлеуметтік салаға іргелі әсер беретін кезең алдында тұр. Алдағы кезеңдерде цифрлық трансформация негізіндегі жоғары сауда-экономикалық өсім, жаһандық бәсекелік қабілет, жалпы азаматтардың әл-ауқаты бағаланатын болады. Қазақстанның ЕЭО-дағы бес жылдық белесі осыған дейінгі жетістіктерін саралап, жаңа мүмкіндіктерді қарастыратын кезең.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды