• Басты
  • Сенаторлар өңірлерге жұмыс бабымен сапарлады
22 Мамыр, 2019 10:20

Сенаторлар өңірлерге жұмыс бабымен сапарлады

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова бастаған жоғарғы Палатаның депутаттары Серік Бектұрғанов, Мұрат Бақтиярұлы, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Нариман Төрегалиев, Ерболат Мұқаев, Ғұмар Дүйсембаев Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Сондай-ақ, Сенат депутаты, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.
Сенаторлар өңірлерге  жұмыс бабымен сапарлады

Сапар аясында сенаторлар Ақжайық, Жаңақала және Бөкейорда аудандарының өрт қаупі бар аумақтарын аралап, «Айхан» шаруа қожалығына болды. Қазақстанның киелі картасына енген «Бөкей Ордасы» тарихи кешені бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұражайды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, облыстың туристік саласын дамыту үшін инфрақұрылым салуға қаржы бөлу мәселелері көтерілді.

 Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин «Дипломмен –ауылға» бағдарламасының орындалуына байланысты мәселелер туралы және бұл бағдарлама бойынша аудан тек 50 пайызға қаржыландырылып отырғанын хабардар етті.

Сенаторлар 20 мамырда еліміздің қорғаныс мекемелеріне арналған кемелер мен шағын кемелер шығаратын Оралдағы «Зенит» зауыты» акционерлік қоғамында болды, еңбек ұжымымен кездесті, зауыттың қызметімен танысты.

Жүздесу барысында кәсіпорынды жаңа тапсырыстармен және одан әрі қаржыландыруға байланысты маңызды мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

Сенаторлар сондай-ақ «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында да болды. Депутаттар зауыт өндіретін өнімдермен танысып, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті.

Жүздесулер барысында жұмысшылардың ауыр еңбек жағдайларын ескеріліп, кәсіпорын қызметкерлері үшін шипажайлық-курорттық ем беру қажеттілігі атап өтілді.

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, жастар мен оқушылар сарайы да депутаттардың назарында болды. Онда депутаттар жастардың өзін-өзі дамыту мен танытуға арналған «BASTAU» коворкинг орталығының жұмысымен танысты.

Бірғаным Әйтімова орталық басшылығына жастарды агроөнеркәсіп саласындағы шаруа қожалықтарына жұмысқа тарту мәселесін пысықтауды ұсынды.

Сенаторлар 21 мамыр күні Бөрлі колледжіне барды. Тозығы жеткен ғимарат моральдық тұрғыда ескірген және шұғыл күрделі жөндеуді қажет етеді. Депутаттар жөндеу-құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен қаражат бөлу қажеттігін атап өтті.

 Осы күні Орал қаласында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысы өтті, онда еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері қаралды. Комитет төрағасы Б. Әйтімова Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты. Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады» дегенсөзіне назар аудартты.

Отырыста Еңбек кодексіне ірі жеке кәсіпорындардың ұжымдық шартын міндетті түрде жасау туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ жұмыспен қамту бөлімі мен жұмыспен қамту орталығы бір-бірінің қызметінің қайталамауы ұсынылатын болды. 22 мамырда сенаторлар бірқатар әлеуметтік-мәдени, білім беру нысандарын аралайды.

Сонымен қатар, Сенат депутаты, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Түркістан облысында жұмыс бабындағы сапарда болды. С.Айтпаева сапар барысында облыс әкімінің орынбасары, қала және аудан әкімдері, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша отырыс өткізді.

С.Айтпаева соңғы кездері балалардың заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы, оның ішінде балаларға қатыгездікпен қарау және ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарау жағдайларының орын алғанын атап өтті.

«Отбасы мәселелері, әлеуметтік жетімдіктің, балалардың қараусыз қалу және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, балалар құқықтарының сақталуын және осы саладағы билік органдарының қызметін қадағалаудың тиімді жүйесін ұйымдастыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері бірлесіп шешім қабылдауды қажет ететін өзекті тақырып болып табылады», - деп атап өтті уәкіл.

С.Айтпаева өз сөзінде 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енгенін атап өтті.

Онда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға елеулі рөл бөлінген, ол мемлекеттік органдар мен мекемелердің кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.

Мұндай комиссиялардың жергілікті жерлердегі рөлі күшейтілді және олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түседі. Кездесу қорытындысы бойынша уәкіл отбасы тәрбиесі, ата-аналар мен балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, ата-аналардың балалар үшін жауапкершілігі (алимент, ажырасу, тұрғын үй, жұмысқа орналасу, лайықты білім беру), ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысушылардың назарын аударды.

Ол қоғамды, барлық мемлекеттік органдардың өкілдерін келісілген бірлескен іс-қимылдарды күшейтуге және баланың игілігі жолында белгіленген проблемаларды жою үшін белсенді шаралар қолдануға шақырды.
 

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды