• Басты
  • Жазғы кезеңде балалардың демалысы қалай ұйымдастырылады?
21 Мамыр, 2019 15:48

Жазғы кезеңде балалардың демалысы қалай ұйымдастырылады?

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы жазғы кезеңде балалардың демалысын, сауықтыруды және іспен шұғылдануын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова биыл мектептердің жанынан 11 мың лагерь ашылып жатыр, 236 — қала сыртындағы, 1757 — шатырлы лагерьлер екенін атап өтті. Биыл балалар демалысы қалай ұйымдастырылатынын келесі материалдан оқи аласыздар.
Жазғы кезеңде  балалардың демалысы  қалай  ұйымдастырылады?

Білім және ғылым министрі  Күләш Шамшидинова  айтып өткендей,  лагерлердегі демалыспен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар   балаларының 80%-ын, айрықша білім қажеттілігіне мұқтаж балалардың 82%-ын және түрлі салада жетістікке жеткен, девиантты тәрбиедегі балалардың 90%-ын қамту көзделуде. 960 мың бала (33%) жазда құрылыс отрядтарына, орман шаруашылығына және көгалдандыру жұмыстарына тартылады.

«Бұдан бөлек, оқушылардың 61% түрлі олимпиадалық резерв жазғы мектептері мен тіл мектептеріне, активистер мен көшбасшылардың мектептеріне қабылданатын болады. Арнайы аула клубтарының жұмысы жақсартылуда. Елімізде жазда 1,5 мыңға жуық аула клубы жұмыс істейді», - деді К.Шәмшидинова.  

К. Шәмшидинова жазғы демалысты ұйымдастыруға қосымша демеушілер ресурсы да тартылатынын айтты.

«Былтыр экономиканың түрлі салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер осы шараға атсалысып, 504 млн теңгеге 4 324 баланың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Биыл да бұл шара жалғасын табады», — деді Білім және ғылым министрі.

Негізінен балалар жазғы демалыстарын өздерінің үйреншікті ортасында өткізеді. Балалардың 40%-ы өзінің тұрғылықты жерінен тысқары шығады. ҚР БҒМ олардың демалыс сапасын елімізде қалыптасқан инфрақұрылымды жан-жақты пайдалану арқылы жақсартуды ұсынады.

«Білім және ғылым министрлігі тарапынан туристік және санаторий-курорттық ұйымдарды жандандыру, қазақстандық жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу, балалардың «Менің Отаным – Қазақстан» атты мәдени, тарихи, археологиялық ескерткіштерін зерттеуге бағытталған тақырыптық жорықтарға көптеп қатысуын қамтамасыз ету, қала сыртындағы лагерьлер желісін дамыту ұсынылды», - деді К.Шәмшидинова.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек  Мұхамедиұлы жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, каникул кезінде жыл сайын тәрбиелік, патриоттық және эстетикалық сипаттағы әртүрлі іс-шаралар кешенін өткізіледі.

2017 жылдан бері ҚР МСМ бастамасымен каникул кезінде республикалық музейлерге, музей-қорықтар мен театрларға оқушыларды тегін кіргізу тәжірибесі енгізілген. Осы жобаның оң тәжірибесін ескере отырып, оны енгізуді жергілікті деңгейде де жалғастыру ұсынылды.

«Бүгінгі таңда балалар мен жастарды әлеуметтік өмірге белсенді тарту үшін барлық өңірлерде кітапханалар базасында коворкинг-орталықтар жұмыс істейді. Мұнда балалар мен жасөспірімдер оқу бағдарламалары аясында шығармашылық және креативті жобаларды іске асыра алады. Өңірлерде 208 коворкинг-орталық жұмыс істейді», — деді А. Мұхамедиұлы.

Елдің барлық кітапханаларында «әдеби ертеңгіліктер» өткізу, музейлер мен музей-қорықтарда белгілі қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, өлкетанушылар, археологтардың қатысуымен тегін тарихи-өлкетанулық және танымдық экскурсиялар, түрлі пленэрлер өткізу, қалалар мен облыс орталықтарында «BookCrossing» акциясын өткізу, ал барлық ауылдық округтерде «жылжымалы кітапханаларды» ұйымдастыру жоспарланған. 

Балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спорттың дамуы туралы баяндай отырып, А. Мұхамедиұлы дене шынықтырумен және спортпен мектеп жасындағы 1,8 млн бала, соның ішінде ауылдық жерлерден 816 мыңнан астам бала қамтылғанын жеткізді.

Тұрғылықты жерлері бойынша дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын қамтамамыз ету мақсатында мектеп жасындағы балалар арасында қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істеуде — 172 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтыған 570 балалар-жасөспірімдер клубтары, 87 балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубтары жұмыс жасайды. Барлық өңірлерде 80-ге жуық street workout арнайы спорт алаңдары ашылды.

«Балалар мен жасөспірімдер туризмінде ішкі көші-қон ағынының оң серпінін жасау үшін растайтын құжатты ұсынған жағдайда «1+2» схемасы бойынша (бір ата-ана үшін екі бала) «KIDS GO FREE» қағидаты бойынша балалардың тегін авиамаршруттарын субсидиялау жоспарлануда», - деді министр.

2020 жылдан бастап барлық өңірлерде тегін «Балалар туристік пойызын» іске қосу жоспарлануда. Басымдық әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға т.б. беріледі.

Жазда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар қолға алынатыны туралы ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев баяндады.

«Ең алдымен, балалардың жарақаттануының алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Осыған орай, жолдағы қауіпсіздік жөніндегі акция «Абайлаңыз, балалар!» секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Күн сайын балаларды тасымалдайтын автобустар тексеріледі, сондай-ақ, оларды патрульдік полиция көліктері сүйемелдейді. Биылғы маусым айында балаларды жұмысқа орналастыру науқандары өткізіледі. Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктері, әкімдіктермен бірлесіп, суға түсу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданады. Шомылу орындарында қажетті нұсқамалық өткізіледі. Соңғы қоңырауларды, ҰБТ, бітіру кештерін өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді», - деі ол.

Балаларды сауықтыру, лагерьлерде және басқа да демалыс орындарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша жоспарланған шаралар туралы Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ж. Бекшин баяндады.

«Биыл Денсаулық сақтау министрлігі балалар демалысының 219 қала сыртындағы нысанын бақылауға алды. Бүгінде олардың 48-і рұқсат құжаттарын алды», - деді Ж.Бекшин.

ҚР ДСМ ерекше бақылауында — балаларды тамақтандыру және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері. Жаппай тамақтан және судан улануға жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен және ҚР ІІМ бірлесіп, барлық маусым кезінде жазғы лагерьлерді қатаң тексеретін болады.

Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова балаларға түрлі мекемелер мен ұйымдарда Ашық есік күндерін өткізудің қажеттігін атап айтты.

Вице-Премьер балалардың қауіпсіздігі мәселелерін балалардың өздеріне түсіндіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша балалардың ұсыныстарын жинау қажет.

 Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова жергілікті атқарушы органдарды көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жетім балаларға ерекше көңіл бөлуге шақырды.

Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрі А. Мамин өңірлер әкімдеріне балалардың жазғы бос уақытын ұйымдастыруды ерекше бақылауға алуды тапсырды.

 «Балалардың демалысын ұйымдастыру – маңызды мәселе. Ол әр отбасыға қатысты», — деді ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин.

Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстарында балаларды демалыспен және іспен шұғылданумен толықтай дерлік қамту көзделген. ҚР Үкіметінің басшысы қалған өңірлерге жаз мезгілінде балалардың демалысы мен бос уақытын тиісті деңгейде ұйымдастыру шараларын дереу қабылдауды тапсырды.

«Балалар каникул кезінде музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге, спорт нысандарына тегін кіре алуы қажет. Тақырыптық кездесулер, іс-шаралар, сапарлар ұйымдастыру керек.Жазғы бос уақытты ұйымдастыру үшін меценаттарды белсендірек тарту қажет, өңірлерде жағымды мысалдар бар», — деді А. Мамин.

ҚР Премьер-Министрі жазғы демалыс шараларын ұйымдастыру аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып өтіп, ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау органдарына, өңірлердің әкімдіктеріне тиісті қызметтердің жұмысын жұмылдыруды тапсырды.

Балалардың денсаулығын нығайту және қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қоғамдық орындардағы тамақтану сапасына, тамақтану орындары мен бос уақытты өткізу орындарында санитарлық тазалыққа ерекше көңіл бөлу қажет.

«Барлық лагерлер медицина қызметкерлерімен және тиісті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілуі тиіс», — деді Асқар Мамин.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің келесі жылы лагерьлердің санын арттыру бойынша ұсыныстарына қолдау білдірілді.

«Санаторийлер мен туристік базалар, ұлттық саябақтар және жоғары оқу орындары жанында бір мыңға дейін жазғы сауықтыру орталықтарын ашу, жұмыс істемей тұрғандарын оңалту бойынша жұмыстарды жүргізу қажет. Бұл балаларды жазғы демалыспен толық қамтуға мүмкіндік береді», —  деді А. Мамин..

Аягөз Құрмаш 

Фото: ҚР Премьер-Министрдің ресми сайты 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды